Мазасыз мүйіс
Қоғамдық көліктен көрген «қорлық» аз емес. Иә, қай кезде болмасын, қаламыздағы автобустардың саны да, сапасы да сын көтермей, көпшілікті қамықтырып қоятыны бар. Тіпті кейбір бағыттар мүлдем жүрмей, көлік арасындағы интерваль тым ұзап кететінін де көріп жүрміз. Осы сарындас мәселелер көп жерде айтылып та, жазылып та келеді. Алайда бұл мәселе өзектілігін жоғалтқан емес. Оның үстіне жолаушылардың жолақысына жауап беретін кондукторларды алып тастап, олардың жұмысын бірі – елгезек, бірі – безбүйрек келетін жүргізушілердің мойнына артып қойғаны тағы бар. Десе де, бұның барлығы халық үшін жасалған жұмыстар дейді жауаптылар. Одан бөлек, жолаушылар жұмысын жеңілдететін өзгерістері көп екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
– Қазіргі таңда қаламызда 32 бағытта 636 автобус қызмет етіп жүр. Оның 125-і – үлкен сыйымдылықтағы автобус. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қалаішілік қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін орнату бойынша «Alempay» ЖШС-мен 4 жақты келісімшартқа отырып, 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қалаішілік қоғамдық көліктерде электрондық билеттік жүйе толық пайдалануға берілді. Электрондық билет жүйесін енгізу жайында халықты тасымалдайтын жеке кәсіпкерлерге ұсыныс тасталған болатын. Дегенмен, оны олар қолдамады. Қала көшелеріндегі орналасқан автобус аялдамаларына ақпараттық таблоның 26 данасы орнатылды. Бұл жұмыстармен мердігер мекеме «Ақнұр Авто» ЖШС айналысты. Ақпараттық тақтаны іске қосу үшін Қызылорда қаласындағы барлық қалаішілік қоғамдық көліктерге арнайы GPS құрылғысы қосылатын болады, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабайұлы.
Жақын арада жолаушыларға арналған «SMSBUS Жолаушы» қосымшасы іске қосылады. Яғни, электронды терминал орнатылған автобустардың қай жерге қанша уақытта келетінін анықтай аламыз. Қазіргі таңда «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС теңгеріміндегі 103 автобусқа орнатылған GPS құрылғыларды ақпараттық таблоға қосу үшін «Alempay» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта «енесін іздеген төлдей елікпей», керек бағыттағы көліктің қайда келе жатқанын ұялы телефонмен бақылай аласыздар. Онымен қоса, қоғамдық көлік қызметкерлерінің «көлеңкелі кәсіптері» ешкімге жасырын емес. Бір тиынды оң қалтаға, екіншісін «сол» қалтаға тығатындарды тыю мүмкін болмай тұр. Осы себепті қоғамдық көліктен кондуктор қызметі алынып тасталған көрінеді. Сол үшін бүгінде жолақысын төлеудің ең оңай жолы – көлік картасы арқылы төлем жасау. Бағасы ересектерге – 400 теңге, ал балаларға 350 теңгені құрайды. Жауаптылардың айтуынша, бұл баға картаның өз бағасынан да арзан көрінеді. Сондай-ақ, картамен төлесеңіз, жолақы құны да арзандайды. Қызылорда қаласы әкімдігінің 2020 жылдың 9 желтоқсандағы №16879 қаулысына сәйкес, қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере келе, жол жүру төлемін қолма-қол 90 теңге, электронды төлем түрін пайдаланған жағдайда 85 теңге болып сараланған тариф енгізілген. Бұған дейін, қолма-қол төлеген жағдайда жолақы бағасын 120 теңгеге өсіру жоспарда болған еді. Алайда тұрғындардың наразылығын ескере отырып, шешімді өзгертуге мәжбүр болған.
Өткен жылғы есеп бойынша 103 автобусқа электронды төлем жүйесінің құрылғысы қойылып, 55 мыңнан аса жолаушы ұялы телефон қосымшасымен және 90 мыңға жуық адам қолма-қол чек жүйесі бойынша төлеген.
– Біз жолаушыларға электронды төлем жасау түріне көшуге кеңес береміз. Бұл арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады. Тиісінше, электронды жүйені қолдану арқылы төлемнің тиесілі орынға түсуіне септігін тигізе аласыздар. Сондай-ақ, қанша жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланғандығын есептеуге мүмкіндік туады. Біздің мақсатымыз – қызмет сапасын арттыру. Сол үшін электронды төлем жасаудың барлық жолын қарастырудамыз. Бастапқы жүйеден бөлек көптеген өзгерістер енгіздік. Енді электронды төлем жасау үшін арнайы карта сатып алу міндетті емес. Кез келген банк картасын терминалға тигізу арқылы төлей аласыздар. Сонымен қатар, kaspi.kz қосымшасына арнайы «Alempay» сілтемесін орнаттық. Енді сол арқылы төлемді тиісті орынға бірден төлеуге мүмкіндік туды. Төлемді оңтайландыру үшін істелген жұмыстар өте көп, – деді Қызылорда қаласындағы «Alempay» ЖШС-нің филиал директорының орынбасары Абат Бахытбекұлы.
Шыны керек, қаламыздың шеткі аудандарында қоғамдық көліктердің ізі де байқалмайды. Жылдан-жылға ұзарып келе жатқан облыс орталығында аялдамаға жету үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келеді. Көптеген тұрғындарға қазіргі бағыттың тиімсіздігін ескере отырып, жергілікті бюджеттен бағыт картасының сызбасын қайта сызу жұмыстары жүріп жатыр екен. Жұмысты ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтауды жоспарлап отыр. Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың аяқталу мерзімі де осы сызбаға байланысты.
Қазіргі таңда қала тұрғындарын тасымалдауға жетіспейтін көліктер саны – 150. Қоғамдық көліктер арасындағы интерваль ұзақтығының басты себебі де – осы. Дегенмен, жаңа сызба дайын болған кезден бастап бұл жұмыстар оңтайландырылады деп күтілуде. Әліптің артын бағайық!
Коллажды жасаған Айнұр Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!