Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді?

31.03.2026, 11:10 47

Сәуір айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Олардың қатарында мобильді аударымдарды қадағалау, жанармай мен коммуналдық тарифтерге қойылған шектеудің аяқталуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа тәртібі бар.

Бұл туралы halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мобильді аударымдар: Кімдер салықшылардың назарына ілігеді?

Банктердің бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы алғашқы мәліметтерді салық органдарына бере бастайды.

Алайда бақылауға бәрі бірдей ілікпейді. Салықшылар тек бір адам үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам әртүрлі тұлғадан ақша алса және осы кезеңдегі жалпы сома 1 020 000 мың теңгеден асса ғана тексеру жүргізуі мүмкін. Егер бұл шарттардың бірі орындалмаса, аударымдарға ешқандай шектеу қойылмайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті шоттардың бірден бұғатталмайтынын, ал жеке мақсаттағы аударымдарды азаматтар кез келген уақытта дәлелдей алатынын айтады.

Жанармай мен коммуналдық қызмет: Баға шектеуі аяқталды

1 сәуірден бастап АИ-92 бензиніне, дизель отынына және коммуналдық қызмет тарифтеріне қойылған мораторий аяқталады. 

Бұл шектеу өткен жылдың күзінен бері жұмыс істеп келген болатын.

Енді екінші тоқсаннан бастап баға мен тарифтердің өзгеруіне жол ашылады. Үкімет бұл процестің нарыққа сай әрі теңгерімді болатынын айтып отыр.

Мемлекеттік қызмет: Іріктеу толық цифрланды

Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі жеңілдеді. 1 сәуірден бастап әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс eqyzmet порталы арқылы толықтай цифрлық форматқа көшеді. Іріктеу мерзімі бес-жеті жұмыс күніне дейін қысқартылып, кезеңдер саны азаяды.

Келесі кезеңге ең жоғары балл жинаған бес үміткер ғана өткізіледі. Бұл ретте іріктеу талаптары лауазым деңгейіне қарай ерекшеленбек. Басшылық лауазымға келген үміткерлер эссе жазу және сұхбаттасу міндеттеледі. Ал орындаушы лауазымдар үшін практикалық тапсырмалар мен психометриялық тестілеу (IQ, EQ, SQ) енгізіледі. Бұл тестер үміткердің логикалық ойлауын, сондай-ақ эмоционалдық және әлеуметтік интеллектін бағалау үшін жасалған.

Бұдан бөлек, үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау енді конкурстан тыс жүргізілетін болады.

Жүргізуші куәлігін онлайн жаңарту

Қазақстандықтар мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыра алады. 2026 жылдың сәуірінен бастап қазақстандықтар жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кетсе де, оны eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы жаңарту мүмкіндігіне ие болады. Бұл жаңашылдық құжаттың барлық санатына қатысты.

Бұған дейін онлайн қызмет тек қолданыстағы куәліктерді ауыстыру, құжатты жоғалтып алу, ұрлату немесе аты-жөнін өзгерту кезінде ғана қолжетімді болатын.

Егер куәліктің мерзімі өтіп кеткен болса, міндетті түрде медициналық тексерістен өту қажет. Дәрігерлердің қорытындысы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізілген соң, өтінім беру кезінде ол мәліметтер автоматты түрде жүктеледі.

Ал құжатты мерзімі аяқталғанға дейін ауыстырсаңыз, медициналық анықтама талап етілмейді. Қызмет көрсету уақыты небары 60 минутты құрайды.

Цифрландыру және жасанды интеллект министрлігі сәуірден бастап өтінімдерді онлайн қабылдауға басымдық берілетінін атап өтті. Алдағы уақытта ХҚКО-лардағы кезекті азайту үшін куәлік ауыстыруды толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр.

Қару айналымына қойылатын талаптар күшейтіледі

2026 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда қару айналымы мен күзет қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енеді.

Енді азаматтық және қызметтік ойықты қару иелері міндетті түрде бақылау мақсатында оқ атудан өтуі тиіс. Егер белгіленген мерзім бұзылса, Ішкі істер министрлігі қару ұстауға берілген рұқсат қағазының қолданысын тоқтата алады.

Заңды тұлғаларға қатысты да талап қатайды: егер мекеменің қызметі уақытша тоқтатылса, олар иелігіндегі қару-жарақ пен оқ-дәріні ішкі істер органдарына өткізуге міндетті. Сондай-ақ жеке күзет ұйымдары үшін талаптар күшейіп, есеп беру тәртібі күрделене түспек.

Азық-түліктің ең төменгі бағалары бекітілді

2026 жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінетін және отандық өнімдердің кейбір түрлеріне ең төменгі баға деңгейі белгіленеді.

Реттеуге ілінген негізгі тауарлардың шекті бағалары мынадай:

Сүзбе: кг 1 822 теңгеден бастап;
Балқытылған ірімшік: 2 985 теңгеден жоғары;
Жұмыртқа: данасы 41 теңгеден бастап;
Көкеністер: картоп 90 тг/кг, қырыққабат 72 тг/кг, сәбіз 106 тг/кг;
Басқа да өнімдер: алма 175 тг/кг, ұн 175 тг/кг, күнбағыс майы 451 тг/литр және макарон өнімдері 248 тг/кг.
Бұл бағалар нарық пен маусымдық өзгерістерге байланысты әр тоқсан сайын қайта қаралып отырады.

Сыра өнімдерін таңбалаудың жаңа ережелері күшіне енеді

2026 жылдың 25 сәуірінен бастап Қазақстанда сыра және сыра сусындарын таңбалау мен қадағалаудың жаңа тәртібі енгізіледі.

Енді өндірушілер мен импорттаушылар өнімді сатылымға шығармас бұрын оған міндетті түрде сәйкестендіру құралдарын басуы тиіс.

Арнайы таңбалар тұтынушыға арналған қаптамаға, топтық қаптамаға, бөшкелерге немесе олардың қақпақтарына қойылады. Таңбалау процесі үшін кәсіпкерлер тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесіне қосылған арнайы аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдалануы қажет.

Бұл жүйеге тауар, оны өндіруші және өнімнің сипаттамалары туралы барлық мәліметтер енгізіледі.

Ал жаңа ережелер енгізілгенге дейін өндірілген, бірақ таңбаланбаған өнімдерді бір жыл ішінде сатып тауысуға рұқсат беріледі.

Астана әуежайындағы рейстер кестесі өзгереді

2026 жылдың 15 сәуірі мен 31 мамыры аралығында ұшу-қону жолағын жөндеуге байланысты Астана әуежайындағы рейстер уақыты уақытша өзгереді. Жөндеу жұмыстарына орай әуежай күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабық болады.

Air Astana компаниясының мәлімдеуінше, бұл өзгерістер ішкі және халықаралық бағыттарға әсер етеді. Атап айтқанда, Астанадан Алматы, Қостанай, Өскемен, Атырау және Ақтөбеге қатынайтын рейстер, сондай-ақ, Сеул, Франкфурт, Бейжің, Ташкент, Дубай, Фукуок, Нячанг және Ыстамбұл бағыттары бойынша ұшу кестесі түзетіледі.

Астана – Талдықорған бағытында тікелей теміржол қатынасы ашылады

2026 жылдың 9 сәуірінен бастап «Астана – Ақтоғай – Талдықорған» бағыты бойынша тікелей қатынайтын вагондар жүре бастайды.

«Арай Транс KZ» ЖШС тасымалдаушысына тиесілі №122/121 «Астана – Семей – Астана» пойызының құрамына бір купе және бір плацкарт вагоны қосылады.

Бұл вагондар Ақтоғай станциясына жеткен соң, жеке пойыз құрамында Талдықорғанға қарай жолын жалғастырады. Пойыз күнара қатынайды деп жоспарланған.

Фото: Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: