Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жастар карнавалы» жаңа леп берді

13.09.2022, 11:40 513

HALYQLINE.KZ

Туған  күніңмен,  Қызылорда!

Халқы дәстүрден жаңылмай, салтын санаға, ғұрпын ғұмырнамасына сіңірген қызылордалықтар үшін күз мезгілі думанды да берекелі болатыны белгілі. Бұл уақытта қамбасы күріш пен бидайға толған  жұртшылық қала күнін де дәл осы күз мезгілінде ерекше көңіл күймен қарсы алады. Биылғы қала күнін тойлау мерекесі өзгеше әрі көңілді, танымды іс-шаралармен бастау алды. Өткен аптаның жұма күні орталық алаңда дүйім жұрттың тамашалауымен алғашқы гала-концерті өтіп, бұл игі мереке әрі қарай бір ай көлемінде аталып өтетіні айтылды. Сонымен бірге, биылғы қала күнін тойлаудың ең ерекше әрі қызықты тұсы – «Жастар карнавалы» болды. Шаһардағы іргелі білім ордаларының белсенді 500-ден аса студенті «Қорқыт ата» ескерткішінен бастап, орталық алаңға дейін жаяу думанды шеру өткізіп, қала тұрғындарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлап үлгерді. Бұрын-соңды болмаған ескерткіштен басталған ерекше шеру кешкі сағат 19:00 шамасында орталық алаңға жетіп, топтық өнер көрсетумен жалғасын тапты. Қала әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен өткен мерекелік іс-шараға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Ән-күймен әуелете жеткен жаяу шеру түрлі бағыттағы билер топтамасымен көпшіліктің есінде қалғаны анық. Себебі мұнда күз мезгілін сипаттайтын дәнді-дақыл өнімін бейнелейтін костюмдер, бұйра толқынды сомдайтын көк түсті көйлектер, ғарышкер киімін киген жастар, дәстүрлі киінген қыз-жігіттер өнерін ортаға салып, кештің қызығын одан сайын арттыра түсті. Дәл осылай киінудің де өз заңы, ережесі бар. Өйткені іс-шараға жиналған қауымның көңілінен шыққан жастарға қала әкімінің арнайы дипломы табысталып, ақшалай жүлдесі дайындалған болатын.

Екі ғасырдан астам тарихы бар облыстың бас шаһары бүгінгі күні халықтың айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуеті артқан қаланың біріне айналды.  Тарихы бай, өндірісі өркендеген, өткен ғасыр басында ұлт зиялылары қызмет еткен рухани орда Қызылорда қаласының бейнесінде терең саяси, рухани мән жатыр. Бұл – тек жарқын заманауи облыс орталығы ғана емес, бұл біздің елімізге астана болған әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан алып шаһар. Қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, сонымен қатар, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын қала күні – барша қызылордалықтар асыға күтетін мереке. «Алаштың Ақмешіті» атанып, Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласының қала күні мерекесін тойлау – биылғы жылы қыркүйек айының тоғызыншы жұлдызынан бастап, бір ай бойы бектілген іс-шаралар бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Қашанда ел ертеңі жастар екені белгілі. Сондықтан біз қала күні мерекесіне жаңа леп беріп, жоғары нотада бастау үшін бүгінге «Қызылорда – жастар қаласы» деп атау бердік, – деді шаһар басшысы Асылбек Өмірбекұлы.  

Қала әкімі әрі қарай республикалық мобилографтар конкурсы мен «Жастар карнавалының» жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Нәтижесінде шаһардың көрікті жерлерін бейнекескінге түсіріп, жүлделі 3-орынды Ерсұлтан Темір атты қала тұрғыны иеленді. Ал 2-орын Дархан Әбілқасымға бұйырса, 1-орынды Нұртай Төреахмет жеңіп алды. «Жастар карнавалының» қортындысы бойынша «Креатив жастар» номинациясымен қалалық білім бөлімінің «Алдын дәні» марапатталды. Жүлделі 3-орынға Абылай хан атындағы жоғары колледжінің «Сыр маржаны» тобы, Исатай Әбдікәріов атындағы аграрлық колледжінің «Табиғи ғаз-мұнай» тобы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қызылорда» тобы ие болды. Ал 2-орынға қалалық спорт бөлімінің «Сыр спортшылары» тобы, «Орда» колледжінің «Сырдың сұлу қыздары» тобы жайғасса, 1-орынға Болашақ университетінің «Қызылорда – достық мекені» тобы үздік деп танылды. Ал М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің «Сырдария сарыны» тобы бас жүлдені иеленді. Ізін ала мерекелік кеште жайдарманшылар жұртшылықтың көңіл күйін еселеп, әншілер ән-шашу жолдады.

Суреттерді  түсірген  Нұрболат Нұржаубай.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: