Байқоңыр қаласының 31 жастағы тұрғыны «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Айлин, Анель, Адель есімді сәбилерді дүниеге әкелді, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Әйгерім Әлімханованың бұл бірінші жүктілігі болатын. Шақалақтар 1180, 1200, 1400 грамм болып туылған. Балалар Байқоңыр қаласында туып, сол күні санитарлық авиация желісі арқылы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, орталық неонатологтарының ерекше күтімінде болды. Қазіргі таңда анасы мен балалардың денсаулық жағдайлары жақсы.
Өздеріңізге белгілі, 2021 жылдан бастап елімізде қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. 2021 жылы аймағымызға бөлінген 281 квота өткен жылдың қараша айына дейін толық игерілді. 2021 жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туылып, 3 отбасында егіз сәбилер дүниеге келген. Ал 2022 жылға «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 277 квота бөлініп, бүгінгі таңда 277-сі жолданып, орындалу үлес салмағы 100%-ды құрап отыр. 2023 жылға арнайы бағдарлама бойынша 274 квота беріліп, бүгінгі күні 92-сі игерілді. 182 квота ағымдағы жылдың қараша айына дейін игерілетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!