Тіл – әр ұлттың жаны, рухы, оның болмысын айшықтайтын асыл қазынасы. Ана тілін сақтап, оның құдіретін сезіну – тек жеке адамның емес, бүкіл елдің, ұлттың өмір сүруінің басты кепілі. Ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құдірет те осы тілде жатыр. Сондықтан тілді құрметтеу, оны көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың ұлы міндеті. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні осы құндылықтарды ұлықтайтын, елдің рухани бірлігін күшейтетін ерекше мереке.
Осы орайда Қызылорда облысында да бірқатар іс-шара жоспарланған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Алдажар Әбілов бұл мерекенің мән-маңызы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ойларын ортаға салды.
– Шын мәнінде тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Осы орайда, Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. 3 қыркүйек – қазақ тіл білімінің ғалымдары Әбдуали Қайдар мен Рабиға Сыздықтың туғандарына 100 жыл. Сонымен қатар, Шайсұлтан Шаяхметовке 85 жыл толуына орай қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, оқытушылары, сала мамандарының арасында «Ғылымдағы ғұмырлар» тақырыбында облыстық, республикалық деңгейдегі ғалымдардың дәріс сағаттарынан басталды.
5 қыркүйек күні тіл мерекесіне арналған «Тілі бірдің – тілегі бір» атты салтанатты іс-шара, «Тіл – тірегім, Қызылорда – жүрегім» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты дөңгелек үстел, пікірсайыс турнирі, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында мектеп және колледждерде пікірсайыс алаңдары, этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақшаңыз қалай?» байқауы және «Менің тілім – қазақ тілі» мәнерлеп оқу сайысы, жастар арасында «Этно Quiz» интеллектуалды сайысы өткізілетін болады. 6 қыркүйек күні «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты дөңгелек үстел, балабақшаларда «Тілді сүю – талбесіктен» атты акциясы, 7 қыркүйек күні балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында «Арбат» бойында аквагрим іс-шарасы, 10 қыркүйек күні Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық ділмар-шешендер байқауы өткізіледі. Сондай-ақ осы секілді сайыстар аудандарда да жалғасын таппақ, – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Тілдің құдіретін түсіну үшін оны жай ғана қарым-қатынас құралы деп қабылдаудан бас тартуымыз керек. Ол тек өткеннің мұрагері ғана емес, ол – сол өткеннен алынған нәрді қазіргі заманмен үндестіруге мүмкіндік беретін тірі организм. Егер біз тілімізді ұмытсақ немесе оған немқұрайды қарасақ, ұлттың өзін жоғалту қаупі туындайды. Бірақ тілдің маңыздылығын тек жоғалу қаупімен шектеп қою – тым қарапайым түсінік. Тіл – бұл ұлттың ойлау жүйесінің айнасы. Әрбір тілдің өзіндік логикасы, дүниетанымға деген көзқарасы бар, ол сол халықтың өмір сүру салты мен ойлау қабілетін айқындайды. Мысалы, қазақ тіліндегі бір сөздің бірнеше реңктерге ие болуы, бір ұғымның түрлі көрінісін бейнелеуі біздің халқымыздың бай дүниетанымын, ойлау икемділігін көрсетеді. Тілдің жоғалуы – осындай терең философиялық, танымдық байлықтың жоғалуы деген сөз.
Тілге немқұрайды қарау – ұлтты рухани жағынан жұтаңдату. Бұл – өзіміздің болмысымызға жасалған үлкен қиянат. Әдебиет, өнер, ғылым тілдің қолдауымен ғана өркендейді. Сондықтан тіл – ұлттың қантамыры, оны үзбей, жалғастыру – біздің ең ұлы парызымыз. Тіл саясатын насихаттауда табанды еңбек етіп жүрген ғалым осы оймақтай ойдың әр адам кеудесінде жаңғырып тұруы тиіс екенін айтады.
– Бұл – мерекелердің ішінде ең негізі деп қарайтын күн. Қазақтың ұлан-ғайыр жерін бұрында бабаларымыз қалай сақтап қалды деп кейде ойлаймыз. Ол ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы да шығар. Бірақ, негізінен алып қарасақ ол тілдің арқасында. Қазақ тілінде диалект жоқ. Әлем тілдерінің ішіндегі ең қуатты, ең көркем, ең музыкалық тіл – қазақ тілі. Кезінде орыс ұлтының өкілдері қазақ тілін естігенде түсінбесе де, «құлаққа сондай жағымды» деп баға берген. Облыс әкімдігінің жобасымен осы ана тіліміздің құдіретін арттыруға бағытталған екі кітап жарық көрді. Кез келген өзге елден келген адам бірінші асханаға барады ғой. Ал ондағы мәзірдің барлығы – орысша. Ал бұл кітап соларды қазақшалайтын құрал іспеттес. Бұдан бөлек те жұмыстар жасалып жатыр. Тіл мәселесіне келгенде шолақ ойламауымыз керек, – деді Алдажар Әбдірасуллеұлы.
Мереке аясында өткізілетін іс-шаралар еліміздің тіл саясатын нығайтуда және қазақ тілінің болашағын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Тіл – ұлттың болашағы, оның ең қастерлі мұрасы. Ұлттың рухани тұтастығы мен мәдени болмысы осы тілдің айналасында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырады. Сондықтан тіл елдің тарихи жадын, мәдени кодын сақтап қалудың ең қуатты құралы екенін атап өттік. Әрбір азамат үшін ана тілін құрметтеу – тек тілдік нормаларды сақтау емес, сонымен қатар, тілдің ішіндегі терең философияны, мәдениет пен ұлттық ерекшеліктерді түсіну және оны насихаттау.
Е.ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!