Қазалы ауданындағы Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің қатысуымен Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Елдік пен Бірлік жолында» атты салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік іс-шараға аудандағы барлық шақырылымдардың мәслихат хатшылары мен төрағалары, депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан басшысы жиналған қауымды Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Президентіміздің, Үкіметтің, аймақ басшысының қолдауымен Қазалы өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы аудан бюджеті 13,6 млрд теңгені құраса, биылғы жылдың 10 айының қорытындысымен 18,6 млрд теңгеге жетіп, аудан бюджеті 36,7 пайызға өсті. Әрбір салада аудан халқының игілігі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін жеткен әрбір жетістігіміз осы кезге дейінгі ауданда басқарған басшылар мен қызметкерлердің, мәслихат хатшылары мен төрағаларының, депутаттардың, елге жанашыр азаматтардың бірлесе атқарған жұмыстарының оң нәтижесі деп білемін, – деді аудан басшысы.
Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін бірқатар азаматр мен барлық шақырылымның мәслихат депутаттары аудан әкімінің мерекелік Құттықтауы және «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін «РЗА»АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов, аудандық мәслихаттың ең алғашқы және 2-3-ші шақырылымдарының хатшысы Бибайша Тілеубергенова, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов барша мәслихат депутаттарын мерекемен құттықтады.
Мерекелік салтанатты іс-шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!