Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерейімді өсірген марапат

06.11.2024, 8:55 290

HALYQLINE.KZ

Қабырғалы қауымды дүр сілкіндірген әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бабамыздың 250 жылдығы Қазалыда ауқымды түрде аталып өтті. Аталмыш іс-шара түрлі БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде кең көлемде насихатталды. Батыр бабамыздың мерейтойын жоғары деңгейде өткізу үшін ауданда арнайы құрылған ұйымдастыру комиссиясының төрағалығына Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы Шермағанбет, комиссия төрағасының бірінші орынбасары болып Қазалы ауданы және Қызылорда облысының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Самұрат Жұманұлы Имандосов ағамыз және комиссия орынбасарлары мен мүшелеріне елге белгілі азаматтар мен ел ағалары бекітілді.

Кеше күтпеген жерден қуанышты жайтты басымнан өткердім. Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, танымал кәсіпкер, Жанқожа батыр бабамыздың 250 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі комиссия мүшесі Өмірзақ Алтынбайұлы Түктібай маған Жанқожа бабамыздың өр бейнесі бейнеленген мерекелік медаль, баба туралы кітап, сувенир, тағы да құнды да киелі заттарды сыйға тартты. Ұйымдастыру комиссиясының шешімімен берілген бұл марапат менің төбемді көкке жеткізгендей әсерге бөледі. «Әулие әрі батыр бабамыздың тойынан теберік» деген Өмекең Самұрат Жұманұлының ағалық лебізін қоса жеткізді. Қашан көрсең де байсалды мінезінен танбайтын Өмірзақ Алтынбайұлымен аз-кем тілдесу сәтінде сонау алыста қалған бозбала шағым ойыма оралды.

1982 жылы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшар деп аталатын (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) ауылымыздың құрылыс бөліміне қоймашы болып жаңадан жұмысқа тұрған кезім еді (тура жиырма жастамын). Күн сайын аудан орталығы «Жаңа Қазалы» поселкесіне (Әйтеке би кенті) қатынап, әртүрлі мекемеден құрылыс заттарын алып ауылға әкелеміз. Әрине бәрі оңайға түспейді. Әсіресе Қазалы кірпіш зауытынан күйдірілген кірпіш алу – үлкен шаруа. Қырық шақырымдағы ауылдан ертелетіп шығып, кірпіш зауытына жүк көлігімен келіп кезекке тұрасың. Айтуға оңай. Тұтынушылардың көптігі соншалықты бәріне бірдей үлес тимейді. Кейде басың салбырап ауылыңа бос қайтуға тура келеді. Мұндайда басшыларыңнан мықтап тұрып сөз естисің. Бір күні дәл осындай көрініске душар болдым. Менің шарасыз халімді көрген бір адам зауыт басшыларына жолығып, өтініш айтуым қажет екендігін түсіндірді. Зауыттың екінші қабатындағы басшылардың кабинетін жағаладым. Директор іссапарда екенін білген соң, «Главный инженер» деген жазуы бар кабинеттің есігін қақтым. Кабинет иесі өзімнен жасы сәл ересектеу жігіт екен. Оған келген шаруамды айттым. Дауысым да, түрім де аянышты көрінсе керек, бас инженер үнсіз басын изеп, мені бухгалтерияға ертіп апарды. Өзіме мүлде бейтаныс бас инженердің көмегімен жұмысымды бітіріп, зауыттан қуанышым қойныма сыймай шықтым.

Сол күннен бастап бас инженер Өмекең, Өмірзақ Алтынбайұлымен жақын танысып кеттім. Келе-келе таныстығымыз ағалы-інілі жақсы сыйластыққа ұласты. Арада тура 42 жыл өтсе де Өмекеңмен сол сыйластығымыз әлі бәсеңдеген емес. Ағамыздың өмір жолына үңілсеңіз, ізденіске толы екендігін аңғарасыз. Институт бітіріп келген соң Қазалы кірпіш зауытына шебер болып қабылданды. Өзінің пісенттілігімен, елгезектігімен көзге іліккен жас маман аға шебер, инженер-механик, бас инженер сатыларынан өтті. Уақыт өте кірпіш зауыттың директорлығына конкурсқа түсті. Үш үміткердің арасынан дара шығып, директор лауазымына тағайындалды. Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметін де абыройлы атқарды. Бертініректе замана талабына сай кірпіш зауытын жекешелендіріп, кәсіпкерлікпен шұғылданды. Бөтен болған жоқ.

Бүгінгі таңда Өмірзақ Түктібай – өскен-өнген әулеттің тірегі, жастардың ақылшы ұстазы. Қоғамдық жұмыстардан да ешқашан қалыс қалмайды. Перзенттері де – ортасына сыйлы, өз кәсібінің білгір мамандары. «Әке көрген оқ жонар» деген – осы.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданының Құрметті азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: