Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір топ журналист одаққа мүше болды

03.07.2024, 8:30 200

HALYQLINE.KZ

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында сырбойылық журналистер Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне және облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай олар одақтың куәлігі мен төсбелгісіне ие болды. Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша және «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры Бауыржан Елеусінов қатысты.

Биыл мүшелікке қабылданғандардың дені – жастар. Олардың қатарында өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Нұрай Ақжігіт, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жанат Жалиева, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай, «Qogam TV» телеарнасының редакторы Нұрбол Серікбай және дикторы Шапағат Торғаева бар. Сонымен қатар қоғам белсендісі, газет авторы Баймырза Қожамберлиев, Әлімжан Қияс, Шиелі аудандық «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшісі Ғазиза Рүстембек және Сандуғаш Рамберді одаққа мүше болды.

Сонымен бірге аталған іс-шарада аймақтың бірқатар журналисі Қазақстан Журналистер одағының марапатына ие болды.

Айтар болсақ, БАҚ қызметкерлері арасында өткізілген республикалық конкурста жеңіске жеткен «Kzvesti.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Мира Жакибаева Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. «Әлімсақ» және «Ұстаз мәртебесі» басылымдарының редакторы Нұрлан Көбегенұлы одақтың «Алтын медаль» иегері атанды. Бұл марапат биылдан бастап тұңғыш рет беріліп отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің жазуынша, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар БАҚ саласының қызметкері «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Олардың қатарында облыстық «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев, «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Айдана Жұмадинова, «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі Әкімжан Жолтаев, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің жауапты хатшысы Жанар Сыдық, «Ақпарат.KZ» газеті бас редакторының орынбасары Думанай Абдулпаттаева, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрарбек Бекмырзаев және «Жаңақорған тынысы» газетінің дизайнері Жасұлан Сейдеметов бар.

Айта кетейік, Түрік әлемінің ортақ үнін жұртшылыққа жеткізуде қосқан үлесі үшін «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шарада «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры Бауыржан Елеусінов пен қоғам белсендісі Баймырза Қожамберлиев журналистер қауымын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: