Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы перинаталдық орталықта жас аналарды құттықтады

06.03.2026, 17:20 30

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығына барып, жас аналар мен медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы ананың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, ұлт тәрбиесінде ананың рөлі айрықша екенін айтты.

– «Халқымызда “Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді” деген даналық сөз бар. Ананың ақ сүтімен дарыған мейірім мен мейман көңіл – ұлт рухының өзегі, елдіктің тірегі. Аяулы жанның жүрегінен бастау алған ізгілік қоғамды ізгілендіріп, адамзатты биік мұраттарға жетелейді. Ана – тіршіліктің шуағы, өмірдің тұтқасы. Оның бір ауыз жылы сөзі – жанға дауа, жанары – балаға бағдар, алақаны тиген жерге береке қонады, батасы дарыған ұрпақтың бағы жанады.

Адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Сондықтан да ананы ардақтау – адамдықтың асыл өлшемі, ананы құрметтеу – перзенттік парыз. Әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы болған аналарымызға құрметіміз қашанда шексіз.
Сіздер – мейірім мен махаббаттың, сабыр мен төзімнің символысыздар. Дүниеге сәби әкелу – үлкен ерлік, ұлы жауапкершілік. Сәбидің шат күлкісі мен алаңсыз балалығы – ең алдымен ананың ақ жүрегі мен адал еңбегінің жемісі. Сіздердің әрқайсыларыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сәбилеріңізге жарқын болашақ тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Кездесу барысында мереке қарсаңында сәбилі болған аналар мен медицина қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс орталығында құны 36 млрд 400 млн теңге болатын, бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар құны 45 млрд 800 млн теңге болатын 200 төсек-орындық жаңа перинаталдық орталықтың, 14 млрд 700 млн теңгеге 500 келушіге арналған емхананың және 9 млрд 800 млн теңгеге Титов кентінде ауысымына 400 адам қабылдайтын №5 қалалық емхананың құрылыстары басталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: