Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың назарына
«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген. Арал ауданына қарасты Жаңақұрылыс ауылы мен Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылының аралығындағы 35 шақырым ойдым-ойдым жолдың әбден тозығы жетіп, жөндеу көрмегеніне 35 жыл болыпты-ау.
Әлқисса, сонымен жолдың тарихын басынан бастап айтайын.
Жаңақұрылыс елді мекені 1991 жылға дейін Қазалы ауданына қарап келген. 1986 жылы Бекарыстан би ауылынан (ол кездегі атауы Карл Маркс совхозы) Жаңақұрылыс ауылына дейін 35 шақырым тасжол жаңадан салынды. Сол жол бүгінгі күнге дейін 35 жыл ішінде бір оңды жөндеу көрмеген шұрық тесік.
Жаңақұрылыс ауылы 1991-1992 жылдар аралығында Қазалы ауданынан бөлініп, Арал ауданына қарады. Сол кезде 35 шақырым автожолдың 22 шақырымы Арал ауданының меншігінде болды. Ал 13 шақырым жол Қазалы ауданының қарауында қалды. Елдің, жүргіншілердің күнделікті жырлап жүргені – осы жолдың азабы.
Бұл жолдың маңыздылығы сол, аталған жолмен жалғыз Жаңақұрылыс тұрғындары жүрмейді. Онымен облыс тұрғындарымен қатар көрші облыс, аудан, ауыл жүргіншілері және түрлі мақсаттағы кәсіпкерлер жүреді. Жергілікті Жаңақұрылыс – Қаратерең, Тастақ, тіпті Көкарал бөгеті арқылы теңіздің арғы бетіндегі Ақбасты, Беларан елді мекендерінің тұрғындары кәсіптерін дамыту, сауда-саттықтарын жүргізу үшін осы аталған жолмен Қазалы ауданы арқылы ұлы жолға түседі. Елдің өсіп өркендеуі, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларының жақсаруы, адамдардың бір-бірімен байланысуы, ағайынмен араласуы аталған жолдардың сапасына байланысты. Қашықты жақындататын да, жақынды алыстататын да жол емес пе?!
«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, күнделікті Арал ауданына қатынайтын жол қатынасы ауыл тұрғындарына қуаңшылық аздай-ақ жолаушыларды әуре-сарсаңға салып қойды. Оған себеп Хан қалқымалы көпірінің тозығы жеткендігі және Сырдария өзенінде судың аздығына байланысты, аталған жерден көліктер өте алмай, 17 шақырымда баратын жерге шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай Қаратерең елді мекеніндегі «Ағлақ» су тоспасынан өтіп, Қарашалаң, Бөген елді мекендері арқылы, яғни 72 шақырым жол жүріп, Ханға келіп, жолға түседі. Есептей беріңіз, 55 шақырым арақашықтық. Онда да оңып тұрған жол болса, ауру адам түгіл сау адамның өзі жүруі қиынға соғады. Биыл жөнделеді деген көпір жөндеусіз қалды. Оған кім кінәлі?
Елдің тілеуі орындалды ма?! 2019 жылдың тамылжыған тамыз айында Жаңақұрылыс тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Көктен тілегені жерден болды дегендей, ауылға жол салатын ауыр техникалар келіп, автожолды тегістеп, асфальттай бастады. «Биыл 13 шақырым жолды асфальттаймыз, келер жылы 9 шақырым жолды асфальттап, халық игілігіне береміз» деп бізді қуантқан «НұрТехСервис» ЖШС өкілі Нұрлан Аманбаевқа ақ батамызды беріп, табыс тіледік, баспасөзге жаздық.
Бүгінгі таңға дейін не атқарылды? 2019 жылы 13 шақырымнан 9 шақырымға жуық жол асфальтталды. Ол да стандартқа сай емес. 2020 жылы бюджеттен жолға деп 100 миллионнан астам теңгеге 250-300 метр жерге асфальт төседі. Оған да шүкір. 2021 жылы бөлінген 216 миллион теңге осы күнге дейін ел игілігіне пайдаланылмай тұр. Себебі не?! Біз білмедік.
2021 жылдың 25 тамыз күнгі жаңалық. Аудан әкімі және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов ауыл ардагерлерімен ауылдың кіреберіс қақпасының жанында кездестік. Аудан әкімі Серік Сахитжанұлының айтуынша, Жаңақұрылыс – Бекарыстан би ауылы арасындағы ауданға қарасты 23 шақырым жол 3 жылдан бері жауапсыз мекеменің кесірінен әлі күнге дейін бітпей тоқтап тұр, тасжолдың жұмысына былтыр 100 миллион теңгенің үстінде қаржы қаралған. Ал биыл 216 миллион қаржы бөлінген. Алайда қолынан іс келмейтін мердігер мекеменің жауапсыздығынан жұмыс тағы тоқтап қалған. Бұл жұмысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдерін қанша шақырсақ та мың сылтау айтып, бұл кездесуге келмеді. Осы жол мәселесі туралы жай-жапсарды түсіндіруге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов арнайы келіп отырғанын айтты.
Мұрат Тлеумбетов не деді? Оның айтуынша, «Строй модул Астана» ЖШС жұмыс орындаушы мекеме ретінде жауапкершілікті мойнына алғанымен, әлі күнге кешеуілдеп келеді. «Былтыр осы жолға бөлінген қаржы игерілмегендіктен қазынаға кері қайтарылды. Биыл да солай болмасына кім кепіл? Егер солай болатын болса, бұл жолдың аяқталуы қиын болайын деп тұр» деген сөзі бізге ауыр тиіп, жолдан да, биліктен де күдер үзе бастадық. «Суға кеткен тал қармайды» деген. Әдейі осы жол үшін бізге жай-жапсарды түсіндіруге сонау Қызылордадан арнайы келген екен. Оған рақмет! Енді біз тым болмаса, асфальттауға тиісті жолдың ой-шұқырын бітеп, грейдермен тегістеп беруді сұрадық.
Жауап: «Бұл көтерген мәселелеріңіз дұрыс. Шешімі табылады. Ауыл тұрғындарына айтыңыздар. Жақын күндері Бекарыстан би ауылына дейінгі асфальтталуға тиісті жер толығымен грейдермен тегістеліп, су сеуіп, катокпен басып, жүргіншілердің жол азабын көрмейтіндей етіп береміз, оған толықтай мүмкіншілігіміз бар» деп ағынан жарылды. Сол жерде автожол салушы өкілдеріне де тиянақты тапсырма берді. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген. Біз жақсы хабарды елге айттық. Арада 20 күндей болды. Әлі басталған жұмыс жоқ. Басталатын да түрі жоқ. Ауа райына да сенім жоқ.
Сонда биліктегілер бізді алдағаны ма? Ауыл адамдары: «Ау, ақсақалдар, жолдарың қайда?» дегенде, «дендерің сау болса, жол да болар» дегеннен әрі аса алмаймыз. Өздері тұрмай, ауыл ақсақалдарының ел алдында еңсесін түсіргендері қалай? Бұған жауап бола ма?!
Құрметті Гүлшара Наушақызы! Осы жол туралы өткен жылы сіздің назарыңызға деп «Сыр бойы» (№152, 20 қазан) және «Халық» (№42, 22 қазан) газеттеріне жазғанмын. Материал газет бетіне шыққанымен, одан еш нәтиже бола қойған жоқ. Бұрынғы кезде газет бетіне шыққан сыни материалдар сұраусыз қалмайтын еді. Жауапты мекеме басшылары сыннан қорытынды шығаратын не қызметінен босайтын еді. Қазіргі кезде олай емес сияқты. Сонда газет бетіне шыққан халықтың өтініші жауапсыз қала ма?
2020 жылдың 17 қарашасында сіздің атыңызға осы жол туралы халықтың өтінішін жазғанмын. Хат «2020 жылы 3 желтоқсанда №ЖТ-Ш-2022» Қызылорда облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі арқылы Арал ауданының сол кездегі әкімі Мұхтар Оразбаевқа жолданғандығы туралы № ЖТ-Ш-2022. 04.12.2020 жылғы жауап хаты келді. Жауап тұшымсыз.
Өтініш хат сіздің алдыңызға бармаған деп ойлаймын. Егер барса, жауапты орындар бір-біріне сілтемей, ел тілегі назарыңызда болып, оң шешімін табар еді.
Жол жөндеуші мердігер «Нұртехсервис» ЖШС өкілі Нұрлан Аманбаев неге 3 жыл қатарынан осы жолды жөндеуге тендерден ұтады? Ал ұтса, соңғы 2020-2021 жылғы бөлінген бюджет қаржысын, яғни жалпы 316 миллион теңгені игермей, неге қаншама адамның көз жасына қалып отыр? Мақсаты не? Неге халық алдында кездесуден қашады? Неге облыстың автожол басшысы аудан әкімінің шақыртуына келмейді? Мүмкін жоғарыда халықтан қорғап қалатын сенімді адамы бар шығар. Қазіргі заман солай ғой. Халықтың ренішін емес, алғысын алуы керек емес пе?
Елбасымыздың, мемлекет басшысының әрбір жолдауларында айтылып келе жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының басталуы не орындалуы ауылдық жерлерге жетпей жатыр ма?
Құрметті Гүлшара Наушақызы! Жаңақұрылыс, Қаратерең ауылы тұрғындары қаншама жылдан бері зарыға күтіп жүрген «Қаратерең-Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» аралығындағы автожолдың биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесіне орай, ең болмаса, жай жөндеуден өткізуге күш-жігеріңіз жетеді деген сенімдеміз. Көпшілік жүретін жолды жөндеген және өзенге көпір салғандарға Алланның нұры жауады деген. Сізге Алланың нұры жауып, жұмысыңызға табыс, деніңізге саулық, басқарып отырған еліңізге береке-бірлік берсін деген тілекпен елдің өтінішін баспасөз арқылы жеткізуді жөн көрдім. Ел сізге сенеді.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы,
КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!