Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүгенсіз жүйе, жұқарған жүйке

29.08.2024, 10:00 269

Теміржол төңірегіндегі түйткіл көп. Кем-кетік Кеңес дәуірінен қалған тоз-тозы шыққан техника немесе жүрдек пойыздың жадау-жүдеу кейпімен ғана шектелмейді. Билет алудың өзі бас қатыратын мәселеге айналды. Ал, оның бағасы енді шарықтамақ. Көлік министрлігі мұны вагондар паркін жаңарту, қызмет сапасын жақсарту және қызметкерлердің жалақысын көтеру қажеттілігімен байланысты дейді. 2025 жылдан бастап жыл сайын 200-ден астам вагон сатып алу жоспарланып отыр, ал 2030 жылға қарай бұл сан жылына 1200-ден асады. Парктің орташа жасы 13 жылға қысқаратыны да мәлім болған. Бірақ, бұл сервис сапасын жақсартып, рельстен шығып, апатты көбейткен жағдайды қаншалықты реттейтіні белгісіз. Мәселеге қатысты депутаттардың да дегбірі қашқаны рас. Күмән көп, сенім аз.

ОТЫЗ  ЖЫЛ  ОЛЖАҒА  КЕНЕЛТЕ  МЕ?

Жолаушылар шағымы көп-ақ. Тіпті тас қараңғыда түнеп, жаурағаннан сырт киіммен ұйық­тап, пойыз еденіне мұз қатқанын айтып мұң шаққандар болды. Билет құны қымбат, ал сапа сын көтермейді. Субсидия сарқылмаған сыңайлы, сонда бөлінген қаржының есебін кім береді? Әлде жыртық жамауға шама келмей жатқаны ма? Өткен жылы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев  жолаушылардың  мәселесін  көтерген  еді.

– «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания­сы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?! Кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі  нағыз  масқара  күтіп  тұрады, – деді  ол.

Елімізде 1 қазаннан  бастап пойызда жол жүру  ақысы  20  пайызға қымбаттайды. Тариф­тің өсуі  140  жолаушы  тасымалының 62 бағытына әсер етпек. Көлік министрлігінің баспасөз қызметі­нің мәліметінше, барлық стандартты облысаралық пойыздың орташа тарифі 6 377 теңге болса, 7 652 теңгеге көтеріледі. «Тальго» пойыздарымен жүрудің орташа құны 10 579 теңгені құраса, енді 12 695 теңге болады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушы тасымалдау  бағасы соңғы 10 жылда бірінші рет өскелі  отыр  екен.

– Бұл  өзгеріс  Ұлттық  тасымалдаушы  КТЖ, сонымен қатар жеке  тасымалдаушыларға  тіке­лей қатысты. Былтыр 118 вагон алынса, биыл 140 вагон сатып аламыз деген жоспарымыз бар. Бірінші жартыжылдық аясын­да оның 50 пайызы алынды. Қалғаны осы жылдың аяғына дейін келіп түседі де, рейс­ке шығарылады. Ал, келесі жылдан бастап 200 вагоннан қосылып тұрады. Яғни, алдағы уақытта осы вагондардың паркі жаңарған са­йын, теміржолдағы бірқатар  мәселе  шешіледі  деп күтілуде, – дейді ҚР  Көлік  министрліг­інің  ресми  өкілі  Ләззат  Стамғазиева.

Елде вагондар паркі 2 600-ден асады. Оның жартысы әбден тозған.  Тоз-тозы шыққан вагон­дар  жүйкені  жүндей түтіп жібергені рас. Діттеген  жеріне  діңкесі құрып жеткен соң да дау кө­бейіп отыр. Ал, ҚТЖ өкілдері пойыз вагон­дарының  жаңаратынын  айтып жар салды. Tengritravel.kz  редакциясына  берген жауабында Ұлттық тасымал­даушының вагон паркінде 2,1 мың бірлік бары айтыл­ған. Оның 1,3 мыңы – стандартты вагондар, 730-ы – Тальго және 100-ден астамы электро-дизель­дік пойыздардың вагоны. Олардың орташа жасы – 17  жыл. Парктің  орташа  тозу  деңгейі  –   44 пайыз. Алдағы уақытта жаңа вагонмен қамтамасыз етілмек. Ұлттық тасымалдаушы жылына орташа есеппен 13,5 миллион жолаушыны тасымалдайды. Қазақ­стандықтар арасында ең танымал бағыттар: Астана – Алматы, Астана – Шымкент,  Алматы – Шымкент, Астана – Семей және  Алматы – Семей.

«КЕШІКПЕЙ  КЕЛЕМ  ДЕП  ЕҢ…»

Жапонияда пойыз он минут кешіксе жолаушылар ашуланатын көрінеді. Содан болар 1 минут бөгелгеннің өзінде кешірім сұрайды екен. Ал дерекке сүйенсек, өткен жылы елімізде 11 және 17 тамыз аралы­ғында пойыздың 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркеліпті. Бәлкім, бұған етіміз үйреніп те кеткен шығар. Нақты себепті есепке алмағанда, жолаушының мазасы қашатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда, елімізде пойыз кешігуі жайлы хабар тарататын «Darmen» қосымшасы жайында естіп пе едіңіз? Ал, бұл 2021 жылы іске қосылған. Қосымшаны 400 мыңнан астам адам қолданып отыр. Ақпаратқа сәйкес, алғаш қосымшаға Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалы қосылса, бүгінде 19 вокзалды қамтып отыр. Бірақ Push-хабарламаның пайдасын көргендер сирек секілді. Әйтпесе, уақыт шығыны жайында шағым көбеймес еді ғой. Десек те, статистика  басқаша  сөйлейді.

– Біздің қосымша бірнеше бағыт бо­йынша қызмет көрсетеді. Соның бірі – пойыздардың кешігуі туралы хабарлама жіберу. Мәселен, 2022 жылы «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы 3496 рет хабарлама жіберілсе, 2023 жылы 7152 рет хабарлама жолданған. Өткен жылдың қараша айының соңындағы жағдай бо­йынша біздің қосымшаны 411 668 адам жүктеп алған, – дейді «Darmen» мобильді қосымшасының маркетинг бөлімінің үйлест­ірушісі  А. Гимранов.

Сондай-ақ, маркетинг бөлімінің қыз­меткері қаржыландыру болса қосымшаны  дамытуға  болатынын   да  айтты.

– «Darmen» мобильді қосымшасын дамыту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Пойыздың кешігетіні туралы алдын ала хабарлама жіберу жолаушылар үшін өте тиімді. Соған қарап адамдар уақытын текке өлтірмей, басқа істерін бітіріп алады. Әуежайда ұшақтың кешігуіне байла­нысты хабар жіберу бұрыннан жолға қойылған. Жолаушылар үнемі «пойыздың кешігетінін өз уақытында хабарлап айтпайсыздар немесе мүлдем хабарлама жібермейсіздер» деп көп шағым айтады. Кейбірі хабар жолдайтын «Darmen» мобиль­ді қосымшасы жайлы біле де бермейді, – дейді  ол.

ТҮЙІН. Билетке қатысты бітімге келу қиындау. Тіпті, табан асты таусылғанда тауы шағылған жұрттың алыпсатарларға күні түседі. Дәмеленген делдалдың қолы жүреді мұндайда. Бірақ, талай жолаушы билет тапшы болғанымен, бос  орынды  көріп  бас шайқаған. Әйтеуір, теміржолға келгенде толассыз мәселенің тіні тарқап, шағым да шегінен асады. Жемқорлық жайлаған жолаушылар тасымалын бір жүйеге келтіріп, құзырлы орындардың іске кірісу керегі жиі айтылып-ақ жүр. Нанымды  нәтиже  қане?

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: