Сауысқандық петроглифтері – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Орталық Азиядағы ең үлкен және ең көне ескерткіш. Дәл осы баға жетпес байлығымыз бүгінде жойылуға шақ тұр. Оған жақын маңдағы ванадий элементінің жарылыс жасау арқылы өндірілуі себеп болып отыр. Осы күні кен орны алға жылжып, Сауысқандық шатқалына небәрі 1 шақырым ғана қалыпты.
Шиелілік журналист Нұрболат Пірімбет ванадий кен орны дәл осы қарқынын тоқтатпаса, бірнеше жылда еліміздегі ең көне петроглифтерді бүлдіріп тынатынын айтады. Сондай-ақ ол асфальт жолдан арасы екі-үш шақырымдай ғана болғандықтан, мұнда демалушылардың жиі баратынын, олардың арасында вандализмге жол беретіндердің көп екенін жеткізді.
– Қаратаудың Сауысқандық шатқалынан бұғының бүгінгі мекенжайы 2 мың шақырымға ауып кеткен. Яғни, бұғылар бұл мекеннен 2000 шақырымға Алтайға қарай қоныс аударған. Осыдан-ақ Сауысқандық шатқалының тарихи маңызын ұғына берсек болады. Ал, ванадий кен орны аталған шатқалдың етегін орай жарылыстар арқылы кен өндіріп жатқанына бірнеше жыл болды. Осы қарқыннан жаңылмаса, кеніш бірнеше жылда бұл жерді бүлдіріп тынатыны белгілі. Ванадий кен орны дәл осы Сауысқандыққа қарай келе жатыр. Арасы 1 шақырымдай ғана қалған сияқты. Бұлай жылжи берсе, бәрін бүлдіреді. Жарылыстан тастар қозғалып, құлай береді. Тастар биік жақпарлана біткен. Көбінің беткі қабаты сыдырылып етекке қарай құлап жатыр, – деді ол.
Жалпы, Шиелі ауданында экспортқа шығатын өнімдердің бірі – «Бала сауысқандық кешенінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы. Биылғы жылдың алты айында 190630 тонна өнім Ресей, Ұлыбритания, Австрия елдеріне жөнелтілген. Ал, былтыр жыл көлемінде 300712 тонна өнім экспортталыпты.
Тарихшылар мен жанашыр азаматтар «Сауысқандық шатқалындағы қайталанбас суреттер көзімізше жойылып барады» деп дабыл қағуда. Десе де, осы күні петроглифтердің қорғалу дәрежесі кішкентай тақтамен ғана шектеліп тұрғаны жасырын емес.
– Сауысқандық петроглифтерін алғаш анықтап, зерттеу, құжаттау, мерзімдеу мәселесінде, оның толық қорғау аймағын анықтау, т.б. мәселе бойынша көп жұмыстар атқарып, үлкен ғылыми еңбектер де жариялаған болатынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде кейбір суреттер көзімізше жойылып барады. Бұл – Орталық Азиядағы ең үлкен және ақпараттық құндылығы жағынан керемет нысан. Сақтап қалайық және тез арада сөзден іске көшу керек!
Қазіргі таңда қорғау аймағы жай ғана қағаз жүзінде бекітілгенімен, оның қорғалу дәрежесі 50х50 сантиметр болатын тақтамен ғана шектеліп тұр. Тез арада Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық ашу керек. Әзірше ең болмағанда оны қорғауды, қадағалауды сол жерде ванадий өндіріп жатқан мекемеге міндеттеп қою керек сияқты. Мен білетін Қаратаудың орталық бөлігіндегі 20-дан астам үлкенді-кішілі осындай петроглиф орындары «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» ашылып, соның қорғау аймағының ішінде қалғандықтан, бұрынғыдай бейберекет келушілер тарапынан бұзылуы тоқтаған деп айтуға болады, – дейді А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Археология ғылыми-зерттеу институтының» аға ғылыми қызметкері Сағынбай Мұрғабаев.
Негізі, Шиелі ауданы әкімдігінің тапсырмасымен қорғау аймағының тақталары орнатылған. Ванадий өндіретін мекемені былай қойғанда, тауға демалуға барғандар алып жартастарға есімін жазбай қайтпайтын болған. Вандализмнің кесірінен жартас суреттерін таппай қалу мүмкіндігі де жоғары көрінеді.
Бүгінгі күні Қызылорда облысына қарасты Қаратаудың солтүстік-батыс бөлігінде 30-дан астам петроглифтің орны бар. Соңғы зерттеулер барысында Қаратауда Қазақстан бойынша ең ежелгі (тас дәуіріне мезолит, энеолит) жартас суреттері анықталған. Мұндай ерекше ескерткіштерді қорғау, сақтау кезек күттірмейтін мәселеге айналуы керек. Әйтпесе, Сауысқандық секілді петроглифтердің ванадий өндірісі мен вандализм «өнерінен» соң сау тамтығы да қалмауы мүмкін.
Айтқандай, бұл туралы тарихшылар неше жылдан бері дабыл қағып келеді. Жақында ғана мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те әлеуметтік желіде мәселе көтерді. Депутат аталған жайт облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бақылауында екенін, тиісті жұмыстар атқарылатынын қоса кетті.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!