2022 жылдан бері елімізде сұйытылған мұнай газының (СМГ) тапшылығы әлсін-әлсін сезіліп келеді. Ел-жұрттың «Өз жерімізден шығатын газ қымбат болмауы керек!» деген сөзі көпшілікті бір қайрап алатын секілді. Жауаптылар автогаз тапшылығын елімізде газбен жүретін көліктердің күрт көбеюінен көреді. Әрі әр облысқа бөлінетін газдың шекті мөлшері бар. Қалай десек те, автогаз тапшылығы дәл осы күні сырбойылықтарды әбден сенделтіп жатыр. Бұл бірінші жағдай емес. Өткен жылдың қазан айында да қызылордалық көлік жүргізушілер СМГ жетіспеушілігін айтып әбден дабыл қаққан еді. Автогаздың талонмен берілуін, кейбір газ құю бекетінде таусылып қалғанын оны «қымбаттату үшін жасалып жатқан дүние» деп жорамалдағандар болды. Сол уақытта ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің тергеп-тексерулер бөлімі бағаның қымбатауына еш негіз жоқ екенін айтып бақты. Әрине, жыл соңына дейін ғана. Өйткені, биыл Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, елімізде 01.07.2024 жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттаған болатын.
Қызылорда облысында сұйытылған мұнай газ тапшылығы туындағалы бір ай өтті. Әдепкіде газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасып, көлік жүргізушілерінің ұнжырғасын түсірген еді. Бұл – шілде айы басталған уақыттағы жағдай. Артынша жұмыс жүйеленгендей болды, өйткені автогаз жетіспеушілігі айтарлықтай шешілген-ді. Бірақ, мәселе уақытша ғана шешім тапқан болып тұр. Жауаптылар жағдай тамыз айы басталғанда ғана қалыпқа келеді деп сендіруде. Себебі, облыстың газ пайдалану қажеттігі айтарлықтай көбейген.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің дерегінше, газбен жүретін автокөліктердің (тіркелгені – ред.) саны 2021 жылы 4528 болса, 2022 жылы 7290-ға жеткен. Ал 2023 жылы 30 мыңға (29828) жуықтаса, биылғы 6 айда 33908 болып отыр. Яғни, соңғы екі жылдан бері газбен жүретін көліктер 4,5 есеге артқан.
– Қазіргі таңда облыстың жазғы және күзгі мезгілдегі ай сайынғы газ қажеттілігі 9 мың тоннаны құрайды. Алайда осы жылдың шілде айына 7,4 мың тонна газ бөлінді. Оның ішінде жергілікті «ҚазГерМұнай» зауытынан – 6 мың тонна, қалған 1,4 мың тонна газ көлемі еліміздің басқа өңірлерінен бөлінді. Осы күні ҚР Энергетика министрлігімен өңірге қосымша газ көлемін бөлу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде облысқа 570 тонна қосымша газ көлемі бөлінетін болды.
Бүгінгі күнге облыс бойынша газ толтыру станциялары мен зауытта (ҚазГерМұнай) барлығы 1154 тонна газ қалдығы бар. Оны операторлар күнделікті бекітілген кестеге сәйкес тасымалдауда.
Өңірімізде болған жағдай тамыз айында қалпына келетін болады. Бұл мәселе облыс әкімінің тұрақты бақылауында, – деп жауап берді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
Бағдат есімді қала тұрғыны күніне 5-6 газ құятын орынға баратынын, әрқайсысында кемі 40-50 көліктен кезек күтіп тұратынын айтып ашынады.
– Газ тапшылығы ай басталар шақта да болған, бірақ дәл қазіргідей емес. Неше күннен бері қаланы шарқ ұрып айналып, көлігіме газ құя алмай жүрмін. Амалсыздан бензинмен жүруге тура келеді. Бұл қалай болғаны, жауаптылар әрекет етуі керек қой. Көпшілік жерде газ жоқ, жер жұтып қойды ма дерсің! Болған күннің өзінде ұзын-сонар кезек, әрі шамалы ғана беріледі, – дейді ол.
Бүгінде Қызылорда облысы бойынша 210 автогаз құю бекеті арқылы СМГ сататын 25 оператор тіркелген. Десе де, қазір олардың нақты нешеуі жұмыс істеп тұрғаны белгісіз. Белгілісі – бағасы.
– Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, 01.07.2024 жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттады.
Аймағымызда шекті бөлшек сауда бағасы 1 литрге – 70 теңгені, ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан аудандар үшін сауда бағасы 1 литр үшін 75 теңгені құрайды, – деген болатын «Ашық Қызылорда» ресми парақшасы.
Ал қызылордалық көлік жүргізушілері «автогаз тапшылығының соңы тағы да қымбаттауына әкеліп соқпай ма?» деп алаңдайды. Себебі, олар сұйытылған мұнай газын шарқ ұрып жер-көктен іздеуде. Осы орайда «Жерден шығатын автогазды жер жұтып қойған жоқ па?» деген сұрақ ғана жетіспей тұрған сыңайлы. Жергілікті билік мәселенің бақылауда екенін, жақын-жуықта шешімін табатынын айтып сендіреді. Ұзын-сонар кезекте тұрғандардың ұнжырғасы түсіп, «өз жерімізден шығатын газ…!».
Ш.ШАТҚАЛ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!