Шынын айтқанда, осындай сауал бәрімізді алаңдатады. Жыл сайын Үкімет республикалық бюджеттің «жыртығын» жамауға Ұлттық қордан қыруар қаражат алады. Бұл ақшаның көлемін «азайтамыз» дегені құр сөз жүзінде қалады. Дағдарыс дендеген жылдары мемлекет Ұлттық қордың есебінен банктерді, тұрғын үй нарығын, ұлттық экономиканың түрлі салаларын «сауықтыруға» ақша бөлді. Бүгінгі таңда әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындарды Ұлттық қордың ақшасымен жауып отырмыз. Ал құзырлы мемлекеттік органдар қоғамға жас ұрпақтың келешегі үшін жиналған қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын ашық айтпайды.
ҚОРДА ҚАНША ҚАРАЖАТ БАР?
2001 жылы Ұлттық қорда 1 млрд АҚШ доллары көлемінде ғана ақша болғанын білеміз. Ал 2014 жылы тамыз айында оның көлемі 77, 2 млрд АҚШ долларына жетті. Бірақ… бұдан кейінгі жылдарда қордың ақшасы азая бастады. Ұлттық банктің есебі бойынша соңғы тоғыз жылда бұл қаражат 23 млрд долларға кеміген. Яғни, Үкімет Ұлттық қордың ақшасына оңды-солды қол салғаны анық. Ал инвестициялық кіріс бар-жоғы 8 млрд АҚШ долларын құрады.
15 қарашада Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Вагапов Ұлттық қордың активтері 2023 жылдың басынан бері 1,1 пайызға өсіп, 56,2 млрд АҚШ долларын құрағанын мәлімдеді. 1,1 пайыздық өсім 3,3 пайыздық (1,83 млрд АҚШ доллары) инвестициялық кіріс есебінен қалыптасқан. Енді осы жерде мынадай цифрларды салыстырып көрейік. Былтыр сәуір айының соңында Ұлттық қорда 58,7 млрд доллар болса, ал қарашаның соңында ол 56,2 млрд долларға кеміген. Яғни, 7 айда 2,5 млрд доллар жұмсалып кеткен.
ҚАРАЖАТ ҚАЛАЙ ЖИНАЛАДЫ және ЖҰМСАЛАДЫ?
Қаржы министрлігі жыл аяғында Ұлттық қорға жиналатын және одан жұмсалатын ақшаның ашық есебін жариялады. Құзырлы ведомствоның мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі ахуал бойынша Ұлттық қор активтері 28 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері активтер өсімі небәрі 1,19 трлн теңгеге ұлғайғанын дәлелдейді. Ұлттық қорға ақша негізінен мұнай секторындағы тікелей салық есебінен түседі. Сондай-ақ, мемлекет меншігін жекешелендіру, ұлттық басқарушы компаниялар активтерін бәсекелестік ортаға беруден және тағы басқа қаражат көздерінен жиналады. Құзырлы министрлік мәліметі бойынша соңғы 8 айда Ұлттық қорға мұнай секторынан тікелей салық түрінде 3,24 трлн теңге түскен. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың 8 айындағы түсімнен 29 пайызға кем. Сонымен қатар, мұнай секторындағы ұйымдарға айыппұл, өсімпұл, санкциялар мен алымдар салынған кезде де жиналған қаражат Ұлттық қорға аударылады. 8 айда мұндай операциялардан 2,4 млрд теңге түсіпті, бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 200 млн теңгеге аз.
Республикалық меншікті жекешелендіруден Ұлттық қорға түскен қаржының көлемі – 754,6 млн теңге. Жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсатына сатудан 37,9 мың теңге түскен. Ұлттық қорды басқарудағы инвестициялық кірістер түріндегі түсімдер көлемі 838,7 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 203,8 млрд теңгеге артық. Бұдан бөлек, еліміздің заңнамасымен тыйым салынбаған түсімдер мен кірістер көлемі 16 млн теңгені құраған. Яғни, осылардың барлығын бірге есептегенде 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Ұлттық қорға 4,1 трлн теңге жиналыпты.
2023 жылдың 8 айында Ұлттық қордың қаражатынан Үкімет 2,9 трлн теңге (2022 жылы 3,35 трлн теңге) жұмсаған. Соның ішінде, кепілдік берілген трансферттер түрінде 1,59 трлн теңге, мақсатты трансферттер түрінде 1,29 трлн теңге, Қорды басқарумен байланысты шығындарды жабуға 38 млрд теңге жұмсалған.
7 ЖЫЛДА 100 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЖЕТЕМІЗ МЕ?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылы 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Бірақ қаржыгер-сарапшылар, аудитор-депутаттар Үкіметтің ол межеге қол жеткізе алмайтынын ашық айтуда. Қаржыгер Расул Рысмамбетов Ұлттық банктің 100 млрд долларға қатысты тұжырымдамасын «нағыз утопия» деп атап, сынға алды. «Өйткені себебі, 7-8 жыл былай тұрсын, 1 жылдан кейін не болатынын, жағдай қалай өзгеретінін ешкім нақты білмейді. Ұлттық банк пен Үкімет 100 млрд долларды қалай жинайды? Бәлкім, бір өте бай адам өзінің ақшасын Ұлттық қорға берер. Бірақ 20 млн адамның жартысы кедейлік шегінде өмір сүретін елде мұндай нәрсе мүмкін емес. Сондықтан, мұнай бағасы мен әр тоқсандағы қаржылық операцияларға дәлме-дәл есеп керек. Өкінішке қарай, ондай есеп жасай алмайды» дейді қаржыгер.
Қаржылық сарапшы Андрей Маслов бұл межеге жету көптеген факторға байланысты екенін айтады. Ол Ресей-Украина жанжалы жаһандық дағдарыс сияқты аяқталып, капитал нарықтарының өсімі айтарлықтай деңгейге жеткен кезде Ұлттық қордағы қаражат та 100 млрд долларға жетеді деген пікірде. «Меніңше, бұл аталған факторларды ескермей 100 миллиардтық межеге жетеміз деу қиын. 8 жылда активтердің өсімі шамамен 4-5 пайызды құраса, Ұлттық қордың ақшасы 80-90 млрд долларға жақындауы мүмкін. Бұл жердегі мәселе қандай активтер таңдап алынады және оның табыстылығы қандай дегенге байланысты. Жоғары өсім болуы үшін барынша тәуекелшіл активтер керек. Оларды мемлекет инвестиция ретінде сала алмайды. Ескеретін нәрсе, дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңінде табысы төмен активтердің өзіне қауіп төнеді» дейді ол.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Амрин Ұлттық қордың тұрақтылығын нығайтуға бағытталған іс-шаралар 7 жылда өзінің нәтижесін беретініне сенімді. «2021 жылы біз тікелей циклдық екі ереже енгіздік. Соның бірі, кепілдік берілген трансферт көлемі түсімдерден көп болмауы тиіс. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, қаржыны бөлу ережесі өзгереді. Соңғы 15 жылдағы тоқсан сайынғы орташа баға есепке алынады. Жоғары 15 пайызы мен төменгі 15 пайызы қыршылып, орташа бір баға шығарылады. 2024 жылғы осындай баға – 42,3 доллар. Егер біз бюджетте 85 доллар деп болжайтын болсақ, онда 42,3 долларға дейінгі қаражаттың бәрі кепілдік берілген трансфертке аударылады. Осы бағадан жоғарының бәрі Ұлттық қорда қалады. Осылайша, Ұлттық қордың жинақтағыш қызметі күшейе түседі. Бұдан бөлек, трансфеттер көлемі жыл сайын қысқарып келеді. Егер мұнай секторынан түсетін салықтарды біріктіріп, бүгінгі таңдағы 60 млрд долларға қоссақ, онда 2028 жылға қарай Ұлттық қорда 93 млрд доллар ақша жиналады. Яғни, арғы жағындағы екі жылда 100 миллиардтық межеге оңай жетеміз» дейді ол.
ҚОЛ СҰҒУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК
Биыл әлемдік нарықтағы мұнай бағасы айтарлықтай төмендеп, Ұлттық қорға аз ақша түсті. Ал Үкімет бюджеттің шығыстарын үздіксіз көтеріп, онымен қоймай шығындардың барлығын жабу үшін Ұлттық қордан трансферт тартуға дәнігіп алған. Өткен жылғы профицитпен салыстырғанда, қазір мұнайсыз тапшылық көлемі бірден 60 пайызға өсіп отыр.
Жақында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та Ұлттық қордың ақшасының жыл сайын азайып бара жатқанына алаңдап, Үкіметке батыл сауалдар жолдады. Халық қалаулысы Ұлттық қордан болашақта қаражат алуды тоқтатуымыз керек және оның тиімділігін арттыруымыз керек деп санайды. «Ұлттық қор – халық және болашақ ұрпаққа қызмет ететін қор. Президент Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд болатын болса, қазір ол бар-жоғы 60 млрд болып отыр. Қордың қаражаты азайған» деді депутат Мәжілістің отырысында.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайтынын Үкімет басшысының есіне салған Н.Сабильянов қаражатты басқара алмаған Үкіметтегі шенеуніктерді сынға алды. «Бұған қатысты Парламент тиісті заң қабылдады. Сондықтан да халықтың Ұлттық қорға деген, оның қаражатына деген назары ерекше болады. Өйткені әр ата-ана өз балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтетіні анық. Сол себептен Ұлттық қордан болашақта қаражат алуды тоқтатуымыз керек және оның тиімділігін арттыруымыз керек. Тиімділік демекші, бұл Ұлттық қорды пайдалану бізде тиімсіз. 2022 жылдың өзінде 1 трлн 300 млрд-тан аса шығынға батыпты. Енді дайын қаражатты басқара алмау да дұрыс емес қой. Ал енді осы заң жобасын республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін істеп отырмыз. Республикалық бюджеттің тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуы керек. Осы мәселені түпкілікті шешу үшін Үкімет қандай іс-шараларды жүзеге асырады?» деп сұрады депутат Үкімет басшысынан Нұртай Сабильянов.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ұлттық қордан тартылатын трансферттер, нысаналы қаражат жылдан-жылға төмендейді деген құрғақ уәдесін берді. Оның айтуынша, 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттердің көлемі 1,6 трлн теңгені құрайды. Олар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. «Алдағы жылдары Ұлттық қордан тартылатын трансферттер, нысаналы қаражат азаяды. Оның орнын республикалық бюджеттің өз кірістерімен толтырамыз. Ол үшін біз ең әуелі тиісті инвестициялар тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселелерін шешеміз. Қазіргі таңда 32 трлн теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны іске асырудамыз. Олар – 500 млн теңгеден асатын шикізаттық емес сектордағы жобалар, соның 400-і 4,6 трлн теңгеге келесі жылы іске асырылады» деп жауап берді Премьер-Министр.
ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ӘР БАЛА ҚАНША АҚША АЛАДЫ?
2024 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтар да «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 1 ақпаннан кейін жиналған ақшасын алады. Қаржы министрінің орынбасары Дәурен Темірбеков 1 жастан 17 жасқа дейінгі әр балаға бірдей сома аударылатынын мәлім етті. Баланың ата-анасы ақшаны БЖЗҚ және eGov-тағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Енді әр балаға қанша ақша төленеді дегенге келейік. Құзырлы министрлік өкілі түсіндіргендей, әр бала 3,5 мың АҚШ доллары көлемінде алуы тиіс. Алайда, 18 жылдан кейін дәл осы соманы алады деп тап басып айту қиын. Бұл сома бұдан бірнеше есеге көп болуы мүмкін. Д.Темірбеков ол ақша әр баланың шотынан шешіліп алынғанға дейін Ұлттық қорда доллармен сақталатынын мәлім етті. Себебі, доллар – инвестиция жасауға, соның нәтижесінде жыл сайын Ұлттық қорға пайдасын тигізуге өте қолайлы әрі құнды валюта.
«Бұл ақша «тірі жүк» болып ол жерде жай жатпайды. Келесі жылы аударылатын қаражаттың барлығы инвестициялауға жұмсалады. Оларға да инвестициялық кіріс есептеледі. Және олар үнемі АҚШ долларымен сақталады. Ұлттық қордағы ақша әр бала 18 жасқа толғанда арнайы жеке шотына теңгемен аударылады» деп түсіндірді Дәурен Темірбеков. Ол бұл ақшаны алған әрбір бала оқуының ақысын төлеуге, тұрғын үйі жағдайын жақсартуға жұмсай алады. 2024 жылы 1 қаңтарда заңды күшіне енетін заңға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа толмаған еліміздегі балаларға теңдей бөлінеді. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл жастағы 7 млн-ға жуық бала бар. Осылайша, Ұлттық қор болашақ ұрпақтың мүддесіне жұмыс істей бастайды.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасын ұсынғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керектігін айтты. Сол кезде қазақстандықтар бұл ұсынысты Таяу Шығыс елдеріндегі балаларға көмек беру моделімен салыстыра бастады. Шетелдік БАҚ-тардан алынған деректерге сүйенсек, Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейтте 18 жасқа толған баланың жеке шотында 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақша болады. Ал Катарда кәмелет жасына толған әр азаматқа 500 мың доллар ақша беріледі. Әрине, үлкен айырмашылық бар. Оның көптеген себебі де бар. Біріншіден, бұл елдерде халық саны аз. Мысалы, Катарда – 3,2 млн, Кувейтте 4,4 млн адам тұрады. Біріккен Араб Әмірліктерінде жергілікті халықтың саны – 1,1 млн адам, қалған 8,5 миллионы – Оңтүстік Азия мен Филиппиннен қоныс аударғандар. Сол себептен БАӘ-де тек жергілікті арабтардың отбасына ғана қаражат беріледі. Қазақстанның халқы 20 млн адамға жетті. Жеріміздің аумағы ұлан-ғайыр, климатымыз алуан түрлі. Сондықтан мемлекет жолға, суға, жылуға, газға, электр қуатына қыруар ақша жұмсайды. Зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің өзіне бюджеттің жалпы шығындарының 45 пайызы жұмсалады. Тағы бір айырмашылық: БАӘ мен Кувейтте жыл сайын шамамен 100 мың бала туса, Қазақстанда 400 мың бала дүниеге келеді. Еліміздегі дәлелденген мұнайдың қоры да араб елдерінен аз.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист.
Коллаж ашық дереккөзден алынды.
Инфографиканы жасаған А.Үмбетова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!