Суретті түсірген Б.Есжанов
Қоңыр күз келді. Ала жаздай өмір-дариямыздың қас-қабағын баққан диқан қайғысы кейін ығысып, ендігі бұйырған егін-терімін жинау жұмысына кірісті. Бұл күнге биыл Сырдариямыз өз жұртшылығын жылдағы ала шапқынсыз, біршама тыныш ауанда жеткізген сыңайлы. Хош!
Осы күні дарияда лықсыған азын-шұғын су енді өз арнасынан көп ауытқымай, Құдай қазған өз жолымен Аралына құйып жатыр. Төменгі жақта (Аманөткел тұсында) тарс бекітілген бұрмақұлақта ағыны тосылып, аспай деген табалдырықтан асқаны ғана құйып жатыр. Міне, осы жайтқа біршама тоқталу қажеттігі бар. Өткен бір-жар жылдықта Сырдария суының тым аз болғаны соншалық, егістік күйіп, оның ар жағында Қамбаш-Ақшатау көлдер жүйесі кеуіп, әупірімдеп көтерген Кіші Арал өз жиегінен кері кете бастады. Бұл жалпы Сыр аяғына келген нәубет іспетті болып, бір жағы жаз ортасында жұт деген жайтқа ұласты. Сол тұста ел басшылығына бізден от ұстаған жаушылардай талай хаттар жолданды. Ол жолдаулардың негізгі сарыны: «Сырдариядағы үлесті суымызды заңдастырып алайық; сол пропорцияда көктен Құдайдың берген азды-көпті суын әділетті түрде бөлісу болатын болсын; оңтүстік көршілерден қол жайып бір мезеттік су сұрай беру өркениетті іс емес, бірақ, су тапшы апатты жағдайда онан да қашуға болмас; бұл үшін Қазақстан Су шаруашылығы министрлігін құру қажет; тіпті, «есепті дос айырылыспас» принципімен БҰҰ-ның қадағалаушы миссиясын екі дария бойына шақырайық…» деген уәждерге қол артқан тілектер еді. Ел саясаты бұл ойлар ішіндегі «жілігі татитындарын» басшылыққа алып жатқан болар. Мәселенің екінші жағы: «өзіме де обал жоқ» дегендей, соңғы 30 жыл бедеріндегі имандылық сөзіміздің сыртында, Сыр алабындағы тек қана күріштік алабының өзінің 89,5 мың гектарға жеткен жағдайының «арты аймандай» ашылып қалды. «Табиғат, экология, туған жер» деген иман сөзінің өзін екіжүзділік осылай ішінен кеулеп кеткен болды. Қанқұйлы КСРО-да да бұл көлем 70 мың гектардан аспаған еді… Көлеңкелі (ұрлық) гектарлар жыры да, экологтар айтса, ертең бір күн жария болатын түрі бар…
Азат тарихымыз бедеріндегі кей моралдік ахуал – осы.
Еліміз әлемдік климат өзгерісі, экологиялық проблемалар қордасын жұрт қатарлы шешу жолындағы көп іс қатарында сусамыр дақылдар (мақта, күріштік) көлемін шектеу, табиғи ландшафттарды қалпына келтіру мәселелеріне аса салмақты мән беріп отыр. Бірақ осы бастамалардың біздің Сыр бойына қатысы жоқ сияқты ма?… Басшыдан қосшыға дейін, «күріштікті азайтсақ, күніміз қараң» деген сарыуайым айтқанда, сай-сүйегің сырқырайды. Мемлекет қолдауымен ел тірлігін әртараптандыру, тұрмыс-тірліктерді жаңа өмір үдерістеріне икемді бейімдеу бізді неге сонша әбіржітеді?! Бір ойды қайталасақ: сонау Іле, Қаратал, Лепсі бойына егейін десе, күріштікке қолайлы сан мыңдаған гектарлар жатыр. Бірақ күріш «қамыты» тек біздің Сыр бойына ғана кесіліп киілген сияқты… Сонша далиған сусамыр танаптар сыртында су ысырабы, аса төмен экологиялық мәдениет қордасы тағы қосыла созылып жатыр…
Сөз басындағы ойымыз да осымен тамырлас. Сондай жағдайда, кеуіп бара жатқан Қамбашты құтқарамыз деп, КСРО-ның кесірлі бір ісі – Аманөткел ауылы маңындағы «аспай» деген амалға қайта оралдық. Оның кесірлігі сонда: «Арал өшті, Арал енді жоқ, сондықтан қалған-құтқан сарқынды сумен көлдеріңді демдеп алыңдар да, жан бағып отыра беріңдер» деген дүмді саясат еді. Бұл кері оралуды бір белсенділер «жау түсірген» ерліктей дабыралатты келіп. Білгенге, бұл – Пушкиннің «жыртық легеніне» қайтып оралу сияқты, өткеннің кебін киген жағдай еді. Біріншіден, сол көлдер «күптілігі» себебінен, біз әлемге дабыралатқан Кіші Арал күні бүгінге дейін бір метрге жуық тереңдігін жоғалтып, шамамен 7 миллиард текше метр суынан айырылды. Өткен қыстың ортасында «Көкарал» басында сол теңіз сасып шіри бастады. О заман да, бұ заман, әрі, қыстыкүні теңіз шіріді дегенді қайдан есіттіңіздер?! Су жетімсіздігінен, сол қыста, «Қарашалаң» көлінде балық шабағы қырылды. «Тұщы» көлі де сондай кеп құшты. Қаратерең жақтан хабарым жоқ. Бәрі де сол аспайдан төмен жатқан жерлер жыры… Қамбаш үшін сондай құрбандық берілді. Сөйтіп, су мәселесіндегі алалау саясаты Аралдың өз басына жетті.
Екіншіден, қанадан асқан Қамбаш, Ақшатау көлдер жүйесі жағасындағы көптеген жерлерді басып, ел-жұрттың шаруашылық нысандарын қыруар шығынға ұшыратты. Көктемгі күр шабуылынан Қамбаштың демалыс аймақтары қирап бүлінген жағдайы бар. Басқа есепке алынбаған нысандар қаншама? Жауырды жаба тоқып, бұны да «әй, құрсыншымен», кейбірін ел қаржысына жаптырып, жылы жауып өте шықтық. Әлі де сейілмей тұрған Аманөткел ауылын су басу қаупі – қатердің үлкені. Аманөткелден Райымға қатынайтын дарияжағалық жол, Кәрібөгет маңындағы жолдар шалқыған су ортасында «қылкөпір» болып қалды.
Үшіншіден, кешегі жаз ортасына дейін қайтпаған су малдың жайылымын, әсіресе, халықтың қыстық шөп дайындайтын шабындығын босатпай, сол көлдер бойындағы жұртшылық әлі күнге дейін дағдарған жағдайда отыр. Мырзас биігінің батыс бетіндегі Суықкөл аумағынан ғана жылда әрқайсысы 700-1000 баудан пішен орып алатын жұртшылық, биыл 100 баудан ғана алып, алдағы қыста малына не берерін білмей отырған халде. Бұл ахуал су басқан жерлерге де, сусыз қалған өңірлерге де бірдей.
Мұндай «артық пайда» кімге керек еді? Ия, Қамбашты демеу керек, ол – Сыр алабындағы ең үлкен жалғыз табиғи көл. Ол Аралдың апатты жылдарында сол маң халқына балықшы кәсібін жоқтатпаған. Сондай бұл Қамбаш үшін бізден де көп сөз айтылған… «Экология» деген нәубеттің 50-60 жылында бұл жерлердің халқы да, суы да, жер тіршілігі де жағдайға біршама бейімделіп, сол ахуалда өз өмір үрдісін қалыптастырған еді. Кешегі 2020-21 жылдар ылғалы тым аз кезең болғаны рас. Мұндай жағдай сонау 80-жылдары да, 2000 жылы да болған. Бірақ «көппен көрген ұлы тойдағы» Қамбаш жайы сонша дабыра етілмеп еді. Бұл жолы біз сәл артықтау кеттік…
Кеше Қамбашты құтқару үшін көп жол іздеген облыстық, аудандық мамандар деңгейінде ойланатын мәселе бұл… Арал ауданы мамандары осы ретте біраз ой-ізденіс үстінде екен. Мысалы, негізгі дария арнасы – бұрмақұлақ бөгетін бұзбай, 150 т/м.сек. су асыра алатын аспай «түйіні» мүмкіндігін 250-300 т/м.сек. шейін жеткізуге болады. Бұл үшін Аманөткел беттегі оң жағалық шеткі арна – 15 т/м., бекітулі орта арна – 60-70 т/м., сол жағалық шеттегі «Ералы» каналы – 30-70 т/м. және аспай – 150 т/м. – барлығы 250-300 т/м.сек. су өткізу мүмкіндіктері бар. Сөйткенде, көп қауіп сейіліп, Қамбаш – Кіші Арал арасында біршама әділдік режімі орнайды. Бірақ мұның да инженерлік-техникалық шешім жолдары оңай емес.
Инженер-гидротехниктер нақтылар, әйтсе де, біздің қисын бойынша Қамбаштың ең толымды деңгейі 54 метрден (БЖ бойынша) көп аспағаны жөн. Сонда жоғарыда біз келтірген, бұлттай төнген көп қауіп сейіледі. Ал жаз ортасына қарай Сыр аяғындағы су айдындарының шегінуі (межень) – табиғи ырғақ. Онан ешнәрсе қапылып қалмайды. Қайта, мал жайылымы ашылады, пішен орағына жағдай туады, балық шабағын ертіп тереңге кетеді, құс балапанын ұшырып, ашыққа шығады. Жағажай (пляж) да сонша қурап қалмас.
Аралдағы жігіттер тағы бір реніш ойларын жасыра алмады: Қызылордадағы бір экобелсенді сол аспайдағы бар жұмысты бір өзі тындырғандай, көп дабыра көтеріп, бізді ыңғайсыз жағдайда қалдырып еді; сондықтан, аспай себебінен тағы бір қолайсыз жағдайлар туа қалғандай болса, енді бар зиянның құн-өтемін сонан сұрайтын болыңыздар…
«Мырзас» су реттегіші дарияға түскенінше көп уақыт бар. Жаңадан «РРВСАМ» аталған Солтүстік Аралды көтеру жобасынан бұл компонентті «жұлып алып» (бүйтуге жол беріле қояр ма екен?), оны бөлек жүзеге асырғанның өзінде де бірсыпыра уақыт керек болады. Ал «аспай» түйінінде ел-жерді әбігерге салған су проблемасы жедел түрде, осы бүгін реттелуі керек.
Ел үміті – Кіші Аралға, Сыр аяғына енді қиянат жасалмауы керек.
Өлмеген құлға тағы да қыс өтер, көктем келер. Дария өз пейілін Аралына исіндірер. Табиғат та, жұртшылық та биылғы көлдердің (арамға жататын) күптілігін енді қабылдай алмаса керек.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог,
қоғам қайраткері
P.S. Мақала біткен шамада Қамбаш жақтан бір суыт хабар жетті. Ел-жер жайына жіті көңіл азамат Нұрбай Жүсіп өзінің сөзін осыдан бірер жыл бұрын Сорбеткей ауылы жақтағы Қамбаштың Тоқбай пұшпағында қырылған балық дерегінен бастады. Бұл жайт республика көлемінде біраз жариялы әңгіме болғаны рас. Енді жақында ғана, жұрттың көз алдында, үлкен Қамбаштың өзінде сол жағдай тағы да болыпты. Және бұл – әлдебір табиғат себепті жайт емес, жүрген жері бүлдіргі пенделер ісі. Бірнеше жүрдек қайық біріге шерулетіп, судың белгілі бір аумағына шығып, у ма, газ-баллон ба – әйтеуір, бір қырып-жою «қаруын» қолданған. Сол жердегі балықтың тұқым-тұянағы қалмай ажал құшқан. Сонан сүзілген көп балық саудагерлер құлқынында кеткен. Ол да тез іріп-шіріп кететін, адамға да, басқаға да пайдасы шамалы улы дүние болып шыққан. Тіпті, сонан кейін балықшы торына ілінген тірі балықтың өзі лезде бұзылып сала беретін ауруға ұшыраған… Бір сөзбен, Қамбашта көзді бақырайтып қойып экологиялық қылмыс жасалған. Тоқбайдағы елді шулатқан түсініксіз қырғын себебі де сол, бір кездері Кіші Аралда да осындай қолдан жасалған нәубет болған екен.
Жергілікті табиғат қорғау мекемелері ғана емес, Ішкі істер министрлігі, тіпті, республика басшылығы бақылауына алынып, егжей-тегжейлі тексерілетін және болашақта қайталануына түбегейлі тосқауыл қойылатын төтенше жайт бұл.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!