Платон Мелиоранский айтпақшы: «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тіл». Өзге елдің алыптары біздің тілімізді құрметтегенде, қазақ халқы өз ана тілін қадірлей ме?
Әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік тілді білу парыз болып саналады. Қазіргі таңда тіліміз туралы қаншама заң, қанша сөз қозғалса да, біз әлі күнге осы тақырыптың айналасынан шыға алмай жүрміз. Тіліміздің құлдырап бара жатқанын мойындаған дұрыс болар. Неліктен өз тіліңді үйрен деп, күш қолданатындай қазақ халқы соншалықты намысшыл болмағаны ма? Қазақстан елінде орыс тілінің емес, қазақ тілінің проблемасы неге бар? Алысқа бармай-ақ, қиыр шығыстың монстрлары Қытай, Корея, Жапония мемлекеттері ана тілді білу керек деп айтпайды да, себебі түгелдей дерлік халқы өз тілдерін жетік меңгерген. Қазіргі таңда осы мемлекеттер ағылшын тілінен қалыс қалмау үшін басқа мемлекеттерге біршама ақша құйып, өз тілдерін үйретіп қана қоймай сол мемлекеттің азаматтарына тегін білім алуға бірнеше грант бөлуде. Бұл тактика жақсы нәтижесін беріп жатқанын білеміз.
Қазақ тілінің дамуына қарсы шыққандардың шоғыры – көбінесе өзгенің құлы болғысы келетін жандар. Қарап отырсақ, көпшілігі – сауатты, жоғары білімі бар қазақстандық. Енді бұлар үшін қазақ тілі несімен жақпай қалды? Себептерінің бірі «ыңғайсыз» немесе «маған орыс тілінде сөйлеген тиімді, өйткені осы тілде сөйлесең жол ашық» деген пікірді ұстанатын жандар бар. Енді бірі: «Бізді түсінуге тырысыңдар, осы тілде сөйлеймін» деп ат құйрығын кесіп айтады. Түсінетін! Сенің түлкібұлаң сөзіңе түсіне қоятын мен емес! Бұл бағытпен ертең ұлтымыздың күлі де қалмасы анық. Өйткені тіл жоқ жерде ұлт жоқ. Осындай түкке тұрғысыз ұшқары тұжырымдардың әсерінен қазақ тілінде еркін сөйлеушілер бастарын бұғып, именшек болып бара жатыр. Халқымыздың тау тұлғасы Шерхан Мұртаза «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» деген. Бірақ балық деңгейінен де төмен түсіп кетпейтінімізге кім кепіл? Қазақ елінде қазақ тілінің мәселесі неге бар?
– Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде қызмет көрсетіп, елімізде өмір сүре аламыз ба деген мәселе бізде бар. Көптеген жерге барған уақытта қазақ тілін білмесең, жағдайың қиын. Ондай нәрсе Тәуелсіздікті алғаннан кейін болмауы керек, – дейді тіл жанашыры Дос Көшім.
Шыны керек, тіл мәселесі – жауыр болған әңгіме. Тәуелсіздігімізге 30 жыл болса да, нақты шешімге қол жеткізе алмай келеміз. Біздің жағдайымызда қазақ тілімен қатар басқа тілді қолдану емес, қазақшаны ұмыта отырып, өзге тілде сөйлеп жатыр. Қазақ тілі ақырындап «даланың» тіліне айналып бара жатыр ғой. Ұят та болса, тіл жанашыры Аман Абасилов ағамыздан қазақ тілінің қоғамдағы рөлі қандай екенін сұрадық.
– Қазақ тілі ешбір тілден кем емес. Бір тілді екінші тілмен фонетикалық жүйесі, лексикалық қоры, грамматикалық құрылысы жағынан салыстыруға болмайтын адамзаттық құндылық. Тіл сөйлеушілердің санымен салыстырылады. Сөйлеушісі көп тілдің қоғамдағы қызметі де үлкен болады. Сөйлеушілер ұлғайған сайын тіл де дами түседі. Қолданыс қажеттілігі артады. Қазақ тілінің қолданыстағы орнын күшейту үшін оның сөйлеушілерінің санын көбейту қажет. Әйтпесе қазақ тілінің грамматикасын зерттеп, оның фонетикасын баяғыда Ахмет Байтұрсынов жүйелеп кеткен, оның барлығы да орнында тұр. Тек қана қоғамдағы қажеттілігін арттырып, сөйлеушілердің санын көбейту керек. Қазір осы жағынан қазақ тілі кәдімгі өзге тілдерден кем қалып тұр. Сол себепті қоғамдағы орны төмен деп айта аламыз, – деді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәселесін шешудің төрт жолын атап көрсетті. Алайда осы төрт бағытпен жұмыс істеліп жатыр ма, әлде айтылған сөз айтылған жерде қалды ма? Қарап отырсақ, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз, өзге ұлт өкілдері қазақ қоғамын басқаруға келіп жатқанын жиі көруімізге болады. Бірақ ол азаматтар қазақ тілінде еркін өз ойларын анық жеткізе ала ма? Әлде тек ұлты басқа болғасын басымдықпен лауазымды қызметте отыр ма? Әрине, бізге білімді, білікті азаматтар керегі анық. Бірақ қазақ халқының көпшілігі қазақ тілінде сөйлейтін болғасын осы тілде сөйлегені дұрыс шығар. Бұл жерде басты мақсат ұлтаралық қақтығысты орнату емес, қазақ тіліне деген құрметті ұмытпай, тіліміздің жойылып кетпеуіне әсер еткіміз келеді. Себебі қазақ қоғамында тілі бұралғандар көбейіп келеді.
Ел ағалары осы ұлттың дамуының бірден-бір кепілі тіл мәселесіне назар аударып, тікесінен тік тұрып тірлік етсе дейміз. Әзірге тек төбелеске соңынан келіп кімді ұрарын білмей жүргендері сырттай байқалып, бәрі баз баяғы қалпында екенін аңғарамыз. Айтып қана қоймай, әрекет етуді неден бастаған жөн? Ең алдымен, қазақ тіліне деген жүректегі шексіз махаббатты ояту керек. Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына біршама өзгеріс енгізу қажет. Себебі мұнда әрбір қазақстандық азамат қоғамдық ортада өзі қалаған тілінде сөйлеуге рұқсат берілген. Бұл туралы тіл жанашыры не дейді?
– Иә, тіпті Дос Көшім ағамыз мемлекеттік тіл туралы заңның қажет екенін айтып, оның жобасын да жасап қойды. Арнайы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек. Ол мына заң секілді декларация құрмау керек, ол кәдімгі азаматтық құқықтық нормалары, қылмыстық құқықтық нормаларға байланысты сондай өзгерістер болу керек. Мына заңда дым жоқ, үндеу сияқты. Көптеген ұлттық мемлекеттерде бар мұндай заң, бізде жоқ. Халықтың соңғы сенері – заң, соңғы сүйенері – заңның күші. Қазақ тілін барлық ауыртпалықтан тек қана заң жолымен құтқара аламыз. Сондықтан Мемлекеттік тіл туралы заңның орындалуына тікелей жауап беретін, заңбұзушылықты үнемі бақылап отыратын арнайы заңдастырылған орган болмаса, ол заң қағаз жүзінде жай декларацияға айналуы мүмкін. Қазақ тілінің жағдайын жақсартып, дағдарыстан шығару – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресінде, егемен ел болғандағы алдымен қамқорлыққа алған мәселесі. Сондықтан оны жүзеге асыру үшін жаңа Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз қажет. Осы заңға қол жеткізуіміз керек, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов.
Тіл жанашырларының шырылдап қозғап жүрген заң жобаларының қандай екенін білген дұрыс болар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеген соң бір олқылық бар болуы мүмкін. Себебі ұлттың тағдырына алаңдайтын азаматтар әрбір кемшілікке қарайтыны қалыпты жағдай. Сол себепті де Дос Көшімнен өзінің заң жобасы жайлы бір ауыз пікір білуді ұйғардық.
– Иә, «Ұлт тағдыры» қозғалысы ҚР мемлекеттік тіл туралы заң жобасын дайындадық. Кейіннен басқа да ұлтшыл ұйымдарды қосып, тағы да үлкен бір ұжым құрып, жаңартулар енгіздік. Сол топтың жетекшісі болдым. Ол заң жобасын 2012 жылы «АҚ ЖОЛ» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевқа бердік. Ол ұсыныпты, жоғарыдағылар «әлі оның уақыты туған жоқ» деп кері қайтарған. Қысқасы, заң жобасы дайындалды, бірақ ең тамаша заң жобасы деп мақтанбаймын. Алайда, ол негіз бола алады. Соның маңында заң жобасын дайындауға болады, – деді.
Бұған қоса ҚР тіл туралы заңнамасында Қазақстан Республикасының әрбір азаматы қазақ тілін білу парыз болып саналады. Бұл дегеніміз – міндетті емес, әйтеуір парызым ғой деп үйренер деген сөз. Алайда, қазіргі буын парызын орындап жүр ме? Дос Көшім ағамыз қазіргі таңдағы болып жатқан ақпараттар легімен бөлісті.
– Биыл осы күзде заң жобасы жасалатын шығар деп отырмыз. «Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының қажеттілігі неде?» деген негіздемені үкіметке жібердік. Бірақ жауап жоқ. Сондықтан орыстілді билік қазақ тілін жарытпайды. Менің ойымша мемлекеттік тілді ұлтшылдар қолға алған уақытта бұл мәселе шешілетін шығар. Осы екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік заң жобасы кірмесе, біздер шындығында да орыстілді халық болып кетеміз бе деп қорқамын. Соңғы уақытта өзгеріс жаман болып жатыр, – деді.
Өтірік болса да, жіберілген хатқа жөнді жауап қайтарылмаса да, қойылған сұрақтың шешімі бар деп қағаз жүзінде де жауап қайтаруға шама-шарқымыз жетпей қалғаны қандай өкінішті. Сонда бұл мемлекеттік тіл туралы заң жобасының өзгерістері мен ерекшеліктері қандай?
– Негізгі өзгерістерді айтып өтейін. Бірінші мәселе – орыс тілі туралы бір ауыз сөз жоқ. Бір ғана жерде жаздық, мемлекеттік тілден басқа тілдердің бәрі бірдей. Орыс тіліне жеке бір статус жоқ. Орыс тілі – диаспора тілдерінің біреуі. Міне, осы бар. Екінші мүмкін ерекшелік мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттің басшылары ресми кездесулерде тек қана мемлекеттік тілде сөйлеуі керек деген сөз бар, – дейді Дос Көшім.
Енді сәлде болса тығылып жауап қатпай жүргендері түсінікті болды. Десе де тіл үйренуге қаншама қаржы бөлінуде. Өз тіліңді меңгеру өзге тілге қарағанда неғұрлым жеңіл болары сөзсіз. ТМД елдерінің арасында орташа жалақы жағынан көш бастап тұрсақ та, мемлекет тарапынан тілді үйренуге тегін мүмкіндік жасалған. Бірақ, бұл мүмкіндікті мемлекеттік қызметкерлердің қаншасы пайдалануда? Өткен жылы мен биыл Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығына қанша қаржы бөлінді? Тыңдаушылардың салалық контингенті бойынша мемлекеттік қызметшілер қай тілді үйренуге басымдық беруде?
– Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығына 2020 жылы 56 млн 682 мың теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілді. 2021 жылға бөлінген қаржы көлемі 60 млн 862 мың теңгені құрайды, 8 айда оның 37 млн 457 мың теңгесі игерілді. Ал енді, 2020 жылы мемлекеттік тіл курсына 341 мемлекеттік қызметші келсе, ағылшын тілі курсын 352-і үйренген. Орыс тілін 208-і оқыды, – дейді орталық директоры Ләззат Ортаева.
«Баяғы жартас – сол жартас» демекші, 2021 жылы сандардың орны өзгергенмен, басымдық ағылшын тіліне (364) берілсе, мемлекеттік тілге –356, орыс тілі бойынша 246 мемлекеттік қызметкер тілдерді оқыту орталығында білім көкжиектерін кеңейткен.
«Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы» Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тілдерді тегін үйретуден басқа біршама жұмыс атқарған. Атап айтар болсақ, сауаттылық айдарлар, қазақ тілінде дұрыс сөйлеуге, сөз мәдениетін жетілдіруге арналған қызықты ақпараттық-танымдық айдарларды әзірлеп, тұрақты түрде халыққа ұсынылуда. Бұдан бөлек қолжетімді интернет порталдары халық игілігіне жұмыс істеп отыр. Заманауи талапқа сай түрлі семинар-тренингтермен қатар челлендждер де тілдің дамуына еңбек етуде. Қаржы бөлініп, игеріліп те үлгеруде, бірақ сонда да мемлекеттік тілдің мәселесі адымдап баса алмай тұр. Демек, шешімнің жолы бөлінген қаржыда емес, тетігін дұрыс баспай тұрғанында…
Біз тәрбиесі солқылдақ мамандардың ықпалынан саясаттағы солқылдақтыққа еш өзгеріс әкеле алмасақ, жаһандық аренада кеңінен қолданылып келе жатқан мына бір әдісті қолданайық. Әлемнің озық мемлекетінде білім алу үшін IELTS, TOEFL немесе Оңтүстік Кореяда TOPIK сынды тіл білу деңгейін анықтайтын сынама арқылы үздік оқу орнының студенті, магистранты болуға мүмкіндік аласың. Біз де осы әдісті қолға ала отырып, алайда өзіміздің интерпретацияға әкеліп, өзге ұлт өкілдерінің құқығына қол сұқпай, ең алдымен барлық Қазақстан мемлекетінің мәжбүрлі азамат пен азаматшаларына көмегімізді тигізейік. Елде жоғары талап болса, менменшіл халық соған қарай ығысатыны даусыз. Мысалы, жоғары оқу орынға түсуге, мемлекеттік қызметке және өзге де мамандық аясында халыққа қызмет ету үшін қазақ тіл білімінің деңгейін көрсететін тест ойлап табуымыз міндетті. Міне, осының арқасында тіліміздің қадір-қасиетін сақтап қана қоймай, ұлылардың мекені ұрылар мекені болмас еді. Ешкім бізге сара жол салып бермейді, өзіміз талпынуымыз қажет.
«Біз өзіміздің ана тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтаймыз, бағалаймыз, дамытамыз, қолданамыз…» деген екен жазушы Шыңғыс Айтматов. Осындай рухы биік азаматтардың көмегімен тіл туралы мәселе судың жағасында қалмайтынына сенеміз. Көп ғасырлық тарихы бар іргелі жұрттың тілін еріккеннің ермегі етуге, жойып жіберуге жол бермейміз. «Өз тіліңде айтқан сөзге сөз, өз тіліңде салған әнге ән жетпейтінін» қазақ жастары, жалпы қалың жұртшылық қашан ұғынар екен?!
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!