Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Телефонға тәуелділік: дерт пе, әдет пе?

07.01.2025, 10:20 109

Бүгінде әрбір адам смартфонға ие. Тіпті жасөспірімдерден бастап қарттарға дейін күн ұзақ гаджетке телміреді. Сөзсіз, қызмет көрсетудің барлық саласын біріктірген электронды технологиясыз күніміз қараң, ісіміз өнімсіз, уақыт мәнсіз сезіледі. Өмірімізге телефонның енгені сонша, ХХІ ғасырдың адамын смартфонсыз елестете алмаймыз. Есесіне адамдарда телефонға тәуелділік күшейіп, психологтар «номофобия» деп аталатын дертке шарасыздық танытуда. Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «цифрлы зомбилердің» қоғамға келтіретін қауіп-қатеріне алаңдаушылық білдірді.

Адамдар рухани қарым-қатынасқа қарағанда виртуалды байланысқа басымдық береді. Тіпті, виртуалды махаббатқа сенетіндер көбейді. Енді бірде-бір адам смартфонсыз және интернетсіз өмір сүре алмайтын «цифрлы құлдарға» айналды. Фантаст жазушылардың шығармашылығындағы «зомби апокалипсис» келді.

ТЕЛЕФОНҒА  ТӘУЕЛДІСІЗ  БЕ?

Расында, технологиялық прогресс пен жаһандық цифрландырудың дамуымен электронды гаджеттер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, онсыз өмір сүру қиындап, «номофоб» термині қолданысқа енді. Қазір әрбір адам минут сайын мессенджерді тексеруге, әлеуметтік желідегі жаңалықтар таспасын айналдыруды әдетке айналдырды. Смартфон байланыс құралы ғана емес, біздің қолымызды ұзартатын, тіпті  ісімізді  сапалы  ететін  болды.

Номофобия – смартфонға әдеттен тыс тәуелділік. Қазір миллиондаған адам гаджет болмаса өзін жайсыз сезініп, алаңдаушылық білдіреді. Бұл – «номофобияның» бір көрінісі. Мұндай белгіні смартфон ұстаған кез келген адамнан көруге болады. Өйткені, алғашқы «ұялы телефондар» байланыс құралы болса, қазіргі смартфондар өмір сүру сапасын арттыратын бір құралға айналды. Онда денсаулықты бақылау, білім беру компоненті, қаржы табу амалы және ойын-сауық мазмұнын қамтитын тұтас  әлем  шоғырланды.

– Мойындау керек, «смартфонға тәуелдімін». Өйткені уақытымның көп бөлігі телефонда өтеді. Гаджетсіз  бір  күнді  елестету қиын және онсыз  өмір сүру мүмкін емес. Адамдар смартфон арқылы үйден шықпай-ақ қажетті затын алдырады. Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Теле­фонымды бір сағатқа жоғалтып алып, бойымда үлкен үрей пайда болды, – деді елордалық Айкерім Бейсенбаева.

Мұндай мысал өте көп. Адамның барлық жас санаты – жасөспірімі де, қарты да бір проблемаға тап бола­ды, ол телефонсыз өмір сүруден үрейленеді. Яғни таңертең ұйқыдан оянғанда алдымен смартфонды тексеріп, содан кейін ғана жаңа күнін бастайды.

– Шыны керек, электронды құрылғылар адамның өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Мәселен, телефондағы калькулятормен күрделі есептерді алып-қосуға, қараңғы кезде жарығын жағып, жол табуға болады. Меніңше, адамдар гаджет­тердің көмегімен стресті жеңіл еңсереді. Қалай десеңіз, әлеуметтік желіге бастан кешірген оқиғасын баяндап, пікірлестерімен ой алмасып, эмоциясын шығарып, жеңілдеп қалады. Сондықтан смартфонның адамға ықпалын біржақты бағалауға болмай­ды, – дейді психолог Айзат Ибрагимова.

Смартфонның пайдасы көп бол­ғанмен, оған тәуелділіктің теріс әсері адам өмірінде айтарлықтай көрінеді. Біріншіден, адам миы шама­дан тыс жүк алады. Яғни, тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн адам миы қажетті-қажетсіз деректерді қабылдап, психикалық денсаулығына кері әсер етеді. Екіншіден, психикалық жалқаулықты тудырады. Қазір оқу­шылар мен студенттер  қажетті дерек­ті кітаптан емес, Google, Яндекс арқылы іздейді. Үшіншіден, ұйықтар алдында смартфон немесе планшет пайдалану ұйқыны бұзады. Мелатонин – «ұйқы уақыты келді» деп сигнал беретін гормон. Құрылғы экранындағы көк жарық мелатонин деңгейін төмендетіп, ұйқы-­ояну циклін бұзады. Төртіншіден, адам­дар арасындағы қарым-қатынасты әлсіретеді. Желі белсенділерінің Facebook-та 5000 досы немесе Instag­ram-да 1500 ізбасары бар, бірақ қиын кезде сырласып, сөйлесетін шынайы досы аз. Бесіншіден, виртуалды және шынайы өмірдегі іс-әрекетті үйлес­тіре  алмай, күйзеліске түседі.

– Гаджеттің  адамдарға  теріс  әсері – зейін  төмендейді,  есте сақтау  және қабылдау нашарлайды, өзін-өзі тануы мен уақыттың маңызын түсінбейді. Гаджеттерді шамадан тыс пайдаланған жеткіншектердің ойлауы мен сөйлеуі бұзылады. Смартфонның физиологиялық зиян-зардабын, адамдар белсенді қозғалысты азайтады. Бұл ұйқы мен тәбеттің бұзылуына, шынайы өмірмен байла­нысын әлсіретуге әсер етеді, – деді А.Ибрагимова.

СМАРТФОНҒА  ШЕКТЕУ  БОЛА  МА?

Телефон талай жастың балалық шағын ұрлап, мақсатсыз, сенімсіз, жігерсіз болып қалыптасуына ықпал етуде. Осындай проблемамен бетпе-­бет келген елдер білім беретін орындарда телефон ұстауды шектеуде. ЮНЕСКО әлем елдеріне мектептерде смартфон пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Франция, Грекия, Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан мектептерінде электронды құрылғыны пайдалануға тыйым қойылды. Канаданың кейбір штатындағы білім беру ұйымдары смартфон қолдануға шектеу қояды. Қытайдың Білім министр­лігі бастауыш пен орта буын оқу­шыларына мектепке ұялы теле­фон алып келуге тыйым салды. Ресей­дегі заңға сәйкес, оқушылар немесе педа­гогтардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда ғана мобильді құрылғыны пайдалануға рұқсат етіледі. Теле­фондарды оқу іс-шарасынан тыс, мысалы, үзіліс кезінде пайдалануға шектеу қоймайды. Қажет болса, мектеп гаджеттері жеке емес, білім беру  мақсатында  пайдаланылады.

Біздің елдегі білім беретін ұйым­дарда оқу процесі кезінде оқушының телефон қолдануы қалай реттеледі? Шектеу бар ма, болса қандай заңдармен қаралады? Бұл сұраққа Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбеков жауап  берді.

– Білім беру туралы заңның 47-бабында білім алушылардың құқығы, міндеті мен жауапкершілігі айқындалды. Осы баптың 10-тармағында «Білім алушы мен тәрбиеленушілерді оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді» деп көрсетілді. Ал 10-тармақтың 1-тармақшасында «оқу мақсатында қысқамерзімді оқу жоспарында көзделген жағдайды қоспағанда, орта білім беру ұйым­дарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануына жол берілмейді» делінді. Міне, мектептер осы заңның құзырымен сабақ үстінде оқушылардың телефон қолдануын шектейді, – деп түсіндірді салаға жауапты басшы Серік Әділбеков.

Мектепке және оның аумағына әкелуге тыйым салынған заттарды үшке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, қару­лар, қаруға сыртқы ұқсастығы бар заттар, электрошок құрылғылары, радиоактивті заттар, жебелер және басқасы. Екіншісі, шанышқылы, кескіш, шапқыш қару және өткір заттар, өнеркәсіптік құрал-саймандар, пышақ түрлері. Үшіншісі, оқ-дәрілер, снарядтар, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, химиялық және улы заттар, аэрозольді бояулар, жарық беретін зымырандар және басқа да пиротехникалық құралдар, құрамында улы және мия тамыры бар, көзден жас ағызатын, бұрыш, газ баллондары, алкоголь, есірткі, психотроптық заттар, темекі, темекі қоспалары және басқа да қауіпті заттар  жатады.

Білім беру – қызмет көрсету. Тиісінше, тұтынушылар құқығын қорғау заңымен де реттеледі. Заңда тұтынушылардың видео және фототүсірілімге құқығы бар деп жазылды. Баласының қауіпсіздігіне алаңдап, мектепке смартфон ұстап баруға мүдде танытатын ата-ана көп.

Қытай билігі оқушылардың көру қабілетін сақтап, сабаққа деген зейі­нін ашып, оқу процесі кезінде интер­нетте отырып, ойын ойнамауы үшін, физикалық және психикалық дамуын күшейту үшін арнайы заң қабылдап, тіпті мектепке телефон алып  келуге  шектеу  қойды.

– Оқу процесі кезінде бір оқушының телефон қолдануы өзіне ғана емес, сыныптастарына да әсер етіп, оқуға деген ынтасын төмендетеді. Сондықтан ата-аналарға түсіндірме жұмысын жүргізіп, білім алушылардың сабақта телефон қолдануын шектейміз, – деді  №74 мектеп директоры  Еркінжан  Бөкейхан.

ВИРТУАЛДЫ  ШЫНДЫҚТАН  ШЫҒУ

Әлеуметтанушылар мен психологтардың зерттеуінше, телефонға тәуелді адамдар шынайы өмір мен виртуалды кеңістік арасындағы айыр­машылықты ажырата алмай, жүйке  жүйесіне  салмақ  түседі.

Цифрлық тәуелділіктен қалай қорғауға және гаджеттердің құлы болмауға болады? Бұл сұраққа психо­лог Айзат Ибрагимова жауап берді.

– Қазір балалар арасын­да ғана емес, ересек адам­дарда да смартфонға тәуелділік байқала­ды. Үлкендер «жұмыс бабымен теле­фон қолда­намыз» деп ақталғанмен, ұзақ уақыт қажетсіз видеоларды көріп отырады. Әлі түсінік-танымы толық қалыптас­паған жасөспірімдердің телефонға тәуелділігін үлкен трагедия деу керек. Әрине, қазіргі балаларды гаджеттерден мүлдем шектеуге де болмайды. Дұрысы, электронды құрылғыны бірнеше сағаттан артық қолданудың зиянын түсіндіріп, виртуалды әлемде уақыт өткізудің шекарасын көрсету маңызды. Бастысы, жеткіншектерді спортқа, өнерге қызықтырып, бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастырып, жауапкершілігін арттыру қажет. Ересектер психолог­қа жүгінуден қорықпай, смартфонда көп уақыт өткізуге итермелейтін мәселені жан-жақты зерттеп, шындыққа тура қарағаны дұрыс. Смартфонды қойып, далаға шығып, таза ауамен тыныстап, серуендеу адамды рухани тұрғыда сергітіп, өмірге деген құлшынысын арттырады. Осының мән-маңызын түсіну керек. Онсыз қандай психологқа барғанмен, телефон­ға  тәуелділіктен арылу қиын болады, – деді  психолог.

Телефонға тәуелді адамдар деп­рес­сияға тез түсіп, көп нәрсеге көңілі толмай, ашушаң болады, өзіне деген сенімі төмендейді, бастысы, ұйқысы бұзылады. Ондай адамдар жеке  кездесуден гөрі интернетте сөйлесуді жөн  көреді.  Ғалымдар әлем  бойын­ша гаджетке жұмсайтын   уақыттың    20 пайызға  артқанын анықтап, смартфонды бейберекет қолдану  сал­дарынан  балалардың ойлау қабілеті шектеліп, өзін-өзі бақылау әрекеті төмендейтінін, тіпті жүйке шалдығу дертінің белгілері көрініс беретінін дәйектейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы телефонға тәуелділіктің кесірінен  бұрын-соңды  болмаған жаңа дерттің түрі табылғанын мәлімдеді. Ал Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ смартфонға әуестік салдарынан ақыл-есі кемістікке ұшыраған  балаларды  сауық­тыратын  орталықтар   ашты.

Америкалық өнертапқыш, Apple корпорациясының негізін қалаушы Стив Джобс өзінің отбасы мүшелеріне үй ішінде смартфон қолдануға тыйым салып, бос уақытында кітап оқып, өз-өзін дамытуды қадағалайды  екен.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист,

Астана  қаласы

P.S: Адамдар арасында цифрлы технологияға тәуелділік бар. Бұл – ақиқат. Смартфон  жасөспірімдердің ойлау  жүйесіне, эмоционалды дамуына  кері  әсер  етеді. Ғалымдар  «цифрлы  зомби» бағдарламасы  қоғамды тобырға  айналдырады деп  дабыл  қағуда.  Өйткені электронды  қондырғыға телмірген  адамдар айналасында  не  болып жатқанын  білмей,  мақсатсыз, бағдарсыз өмір сүреді. Мемлекет  басшысының «цифрлы  зомби» туралы айтып,  алаңдаушылық білдіріп  отырғаны  да сондықтан.

Фото: kaz.tengrinews.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: