Биылғы көктем есімізде ұзақ уақытқа сақталатындай болды. Мұндай орасан зор тасқын суды, әдетте «суға тапшы Қазақстан» бұрын-соңды бастан кешірмеген болар, сірә.
Иә, кешірмеген. Себебі, жылдар бойы өз арнасымен ағып жатқан өзендер көктемгі тасуда жылдағы құятын көлін толтырып, ойпаң жерлерді сумен-нәрмен қоректендіріп, жаз келе өз арнасына оралып, одан әрмен жайбарақат күйге көшетін…
Биыл олай болған жоқ. Биылғы тасқын әбден ашуына мінген, жан-жағына қаһарын шашқан, жолындағысын жайпап өтер күшке енген ерен қарқынмен келді. Оның да жөні бар: себебі, адамдар ондаған жылдар судың табиғи жолын бөгеді, табиғаттың табиғи реттілігін бұзды, өзенге де, көлге де, оның жағалауындағы жерге де жыртқыштық танытумен болды.
Екі не үш елді кесіп өтетін өзендердің табиғи ағысы осы елдер арасындағы астыртын саясаттың құрбандығына шалына бастады. Соның арқасында кейбір ел өз аумағындағы судан мейлінше пайда көруді ойлап, оның суын өзінің өндірістік аймақтарына қарай бұруды қолға алды. Мысалы, көрші Қытай мемлекеті өзінен өтетін Ертіс пен Іле өзендерін Қазақстанға суын сарқып жіберетін болып алды. Егер Қазақстаннан өте Қытайға енсеңіз, арғы жақтағы Іле өзенінің жағалауына тап боласыз. Сонда сіз ол жерде тіптен басқа өркениеттік ландшафты байқайсыз. Қытайлар Іле бойымен екі жағалауға жүздеген шақырымға ну терек еккен. Әр жерін өздерінің демалыс орындарына, парктерге, скверлерге айналдырып тастаған. Терек – суды мол алатын ағаш. Осыны ескерсек, ол жерлердің суару жүйесіне жарты Іле суы кетіп жатыр деп болжауға болады… Одан өзге кіл суармалы егістік жерлер де, ірілі-орта ауылдар да өзен жағалап өрлей береді… Сондықтан, біздің елде жыл сайын «Қапшағай» су қоймасына су жетіспейді. Кезінде суармалы егістікке арнап салынған Үлкен Алматы каналының аңқасы кепкен… Төменгі Іледе «су тасу» дегенді ұмытқалы қашан… Мәселен, бір кездері Бақанас маңында Іле тасығанда су жарға соғылатын. Біраз тұрып қайтатын. Ол жер жаз бойы көкпеңбек болып, ауыл малымен толатын. Шабындық шөптер де сол жерде еді… Енді ол көзден бұл-бұл ұшып барады… Балқаш көлі де деңгейі төмендеп, болашақ Аралдың күйін кешуге жақындап келеді. Баяғы «Балқаш балығы», «Іле балығы» дейтін бір тоқтыға татырлық балықтар да бұ күнде шабақтанып кеткен…
Есесіне, адамдар әлі де жанталасып, қуаты кете бастаған қарт Іледен «аларын алып қалуға» жанталасуда. Көп жерін «меншіктеп» алып, «жекеменшік балық аулау, аң ату фермаларына» айналдырып жіберген. Тек мұнда жер ғана жекеменшік болса, ал «ауланатын балық» пен «атылатын аң» түгелдей дерлік қоғам қазынасы есебінен жүреді… Бірақ оған шіміркеніп жатқан кім бар – «мұрның барда бір сіңбір», «қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деп, табиғатымызды аяусыз қанап жатыр тамыр-таныстық коррупцияның арқасында!
Мысалы, сол туристік аймақта қаптаған шағын және орта демалыс орындары салынған. Бұл, жалпы, мемлекетіміз үшін оңды құбылыс. Олар өз маңайындағы туристік инфрақұрылымдарды қалыптастыруда. (Әрине, әлемдегі ең қымбат баға болса да оны жаман дей алмаймыз).
Алайда, Іле табиғатынан соншалықты пайда тауып жатқан «пысықтардың» «жекеменшік» демалыс орындарының біреуінде Іле-Балқаштың әйгілі алабұға балығын қалпына келтіретін балық бассейндері бар ма екен? Жоқ! Олардың біреуінде қырғауылды, бөденені, үйрек-қазды өсіріп ұшыратын шағын құс фермасы бар ма екен? Жоқ! Олардың біреуінде қоянды көбейтетін ферма бар ма екен? Олардың қайсысы өз күштерімен орман-тоғай өсіріп, сексеуіл егіп, оны баптаған екен? Жоқ! Ендеше, олар – табиғаттан «барын алып жатқан» пайдакүнемдер. Яғни, ол «кәсіпкерлер» табиғаттан алатынын алады, бірақ, табиғатқа ештеңе де беріп жатқан жоқ дер едік. Ал, Қазақстанның барша табиғаты – халықтың байлығы. Онда әркімнің де үлесі болуы тиіс.
Сонымен қатар, тату көрші Қытай одан бөлек Ертіс суының 40 пайызын Қарамай кенішіне қарай бұрып алды деуге болады… Онда да үлкен проблемның басы қылтиып көрініп келеді…
Тура осы жағдай тек Іле-Балқаш не Ертіс аймағында ғана емес, Қазақстанның барлық өзен-көлі мол туристік өңірлерінде болып жатыр. Мысалы, бүгінде атышулы Бурабай көлі жаз ортасына таман сап-сары түске боялады… Ол жердегі «қожайындардың» біреуінде де суды фильтрден өткізіп, көлге қайта құятын қондырғы жоқ. Ол олардың түсіне де кірмейтін болса керек, сірә…
Әншейінде асаулығы жоқ Есіл де жыл сайын бір көтерілгені болмаса, ешкімге зияны жоқ әдемі өзен еді. Ол да биыл «мінез» көрсетті. Айта берсек, мұндай мысалдарды тізіп шығу мүмкін емес. Құдды бір, биыл Қазақстан суларының бәрі «өзара бірлесіп», табиғи бунт жасауға келісіп алған ба дерсің…
…Кезінде, Арал өзін қоршай орналасқан көрші мемлекеттердің Мәскеу алдында мәймөңкелеген жағымпаз саясатының құрбаны болды. Тәжіктер бірнеше ГРЭС-тер салып, өзеннің басын бекітті… Одан қалды Сыр мен Әмуді өзбектер, түркімендер «ноқталап», оған мақта еккізіп қойды. Қазақстан одан қалсын ба – шамаға қарай біз де көсілдік – «мақта, мақта» деп… Ақыр соңы Арал теңізі біраз «ыңырсып» жатты да, кенеттен күрт құлады… Қасіреттен астынан қала шықты!
Енді, міне, Жайықты он жыл бойы бітеген Ресей биыл бізді суға қарық қылып тастады. Осыдан қаншама жылдар бұрын «тұңғышымыз» ел қазынасын оңды-солды сата бастаған-ды. Сол кездері Қашаған кенішіне еуропалықтар келді. Ресей оған наразы еді. Сөйтіп, олар «Каспийді тұншықтыру» жобасын іске қосып, жоғарғы Орал өзенінен бірнеше су қоймасын салып тастады. Оның оларға керегі де жоқ еді. Бірақ, Ресей саясатында «Каспий төмендесе, шығыны артқан кеніштен шетелдік компаниялар қашады, сөйтіп, ол кенішке біз ие боламыз» деген ойдың ұшқыны бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Каспий, шынында да, осы ондаған жылда қатты төмендеді. Жайықты және оның Каспийге құяр сағасын қайраң басты. Арна тарылды… Бірақ, биыл табиғат қаһарына мініп, бөгеттерді бұзды. Жол-жөнекей бәрін қиратты, жұтты, жалмады… Табиғаттың да төзімі таусылса керек…
Ал, бұндай апатты жағдайға Қазақстан ұзақ жылдар «дайындалды» десе болады… Ең бастысы, суды ретімен қолданатын ауылдарды құртты. Онымен қоса канал-арықтар бітеліп қалды. Су «жеңгенің жетегінде» кетті. Ауылдағы, аудандағы, облыстағы гидролог су мамандарын (мұраптарды) дайындайтын КСРО-дағы екі институттың бірі – Жамбыл гидромелиоративтік институтын жапты. Мамандары шашырап, базардан қоңыз теріп кетті…
Міне, осының зардабын еліміз енді көріп отыр.
Енді не істейміз, қалай етеміз, қайдан бастаймыз… – мұның бәрі бүгін үлкен мемлекеттік мәселеге айналды. Дер кезінде «алысты болжамаған» көрсоқырлық бізді осыған алып келді. Жай келген жоқ, мемлекетті үлкен шығынға батыра келді…
Жаз келді жадырап. Енді құрылыс басталады. Сондықтан, мен жастарды жазда жұмыспен қамту үшін, оларды еңбекпен тәрбиелеу үшін бұрынғы «Студенттердің құрылыс отрядтарын» қалпына келтіруді ұсынамын. Жаз қысқа. Ал, зардап шеккен жұрт қоңыр күзде жылы үйлеріне бала-шағасымен кіруі керек! Осы ұсынысты қолдауға шақырамын.
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!