Қызылорда – шаруашылығы суға қарап тұрған облыстың бірі. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығы ежелден суға тәуелді дақылдарға, соның ішінде күрішке арқа сүйейді. Кейінгі жылдары Сырдарияның суы азайып, жердің тұздануы күшейіп, суару жүйелерінің тиімсіздігі бұрынғыдан да күрделене түсті. Мемлекет басшысы өнімділікті екі есеге арттыру міндетін қойса, облыс әкімдігі су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жоспар жасап жатыр.
Сырдария өзеніндегі су тапшылығы – күрделі экологиялық және шаруашылық мәселе. Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің мәліметі бойынша Қазақстан Сырдариядан жылына кемінде 10 млрд текше шақырым су алуға тиіс болса, соңғы жылдары бұл меже жиі орындалмай келеді. Мәселен, 2021 жылы халықаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы сәуір-қыркүйек аралығында Қазақстанға 4 млрд м³ су келуі керек деп болжағанымен, іс жүзінде шамамен 2 млрд м³ ғана жеткен. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының 2020 жылғы деректеріне сүйенсек, Солтүстік Арал теңізіне құйылған су көлемі 1,6 млрд м³-ге дейін төмендеген, ал бұл көрсеткіш 2018 жылы 4,3 млрд м³, 2019 жылы 3,7 млрд м³ болған еді. Су деңгейінің ең күрт төмендеген кезеңі – 2019–2021 жылдар. Осы уақытта өзен арнасы кей тұста құрғап, дария түбінің ашық көрінгені тіркелген. Су көлемінің азаюынан 2021 жылдың күзінде Қызылорда облысына секундына небәрі 30 м³ су жеткен кездер болды. Салыстыру үшін айтсақ, қалыпты жылдары дарияның облысқа кіретін тұсынан секундына 160-200 м³ ағын өтеді. Ал су мол болған кезеңдерде, мысалы 2023 жылы, «Шардара» су қоймасынан төменге секундына 1000 м³ су жіберіліп, Қызылорда су торабы тұсынан күніне 45 миллион текше метрден астам су өткен. Бірақ мұндай жағдай тұрақты емес. Көбіне дария деңгейі суару маусымында күрт төмендеп, ауыл шаруашылығына қажетті судың тапшылығы байқалады. Сонымен қатар, облыс ішіндегі каналдар жүйесінен алынатын су көлемі кейде секундына 424 м³-ге дейін жетсе де, төменгі ағысқа босатылатын су 56 м³/сек деңгейінде шектеліп отырған. Бұл деректер «Қазгидромет», Су ресурстары комитеті мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының ресми есептерінде жарияланған. Барлық көрсеткіш Сырдарияның бұрынғы қуатынан айтарлықтай айырылғанын көрсетіп отыр. Демек, өңірде су тапшылығы – жай болжам емес, жыл сайын қайталанып отырған нақты дағдарыс.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ ҮШІН НЕ ІСТЕЛІП ЖАТЫР?
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес: инфрақұрылым әбден тозған, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейі төмен, ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы» деп, саланы жүйелі түрде реформалауға тапсырма берді. Президент Үкіметке Су кеңесінің жұмысын жандандыруды, жоғары білім беру жүйесінде су саласына қажетті маман даярлауды, үшжылдық кешенді даму жобасын жасауды міндеттеді.
Осы Жолдауда айтылған бағыттар Сыр өңірінде нақты іске аса бастады. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында: «Соңғы 12 жылда Аралға 7 млрд текше метр су кем түсті. Мен қызметке келгенде күріш көлемін 20 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланған екен. Бірақ біз тәуекелге барып, 20 емес, 5 мың гектарға дейін ғана қысқарттық. Себебі бұл – халықтың негізгі күнкөрісі. Жоғарғы ағыстағы мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, жоспардан артық су алдық. Сонымен қатар, Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, 156 дана сорғы, 50-ден астам ұңғыма алынды, гидротехникалық нысандар жөнделді» деді.
Сонымен бірге, өңірде суды үнемдеу бағытында күріштің суды аз қажет ететін сұрыптарын егу, жерді тегістеу, жоғары орналасқан егістік алқаптарға суды жеткізу үшін инфрақұрылым тарту сынды кешенді жұмыстар қолға алынған.
ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІ СУ ТАПШЫЛЫҒЫНАН ҚҰТҚАРА МА?
Су ресурсын аз да болсын сақтаудың балама жолы – су үнемдеу технологияларымен жұмыс істеу. Соның ішінде тамшылатып суару – қазіргі жағдайда ең үнемді тәсілдің бірі. Бұл әдісте су арнайы жүйе арқылы өсімдіктің тамырына біртіндеп беріледі. Нәтижесінде, судың ысырап болуы, булану мен жерге сіңіп кету шығыны едәуір азаяды.
Дүниежүзінің ауыл шаруашылығы тәжірибесінде бұл технология алғаш рет 1960 жылдары Израильде енгізілген. Шөлді климат пен су тапшылығы жағдайында егіншілікпен айналысуға мәжбүр ел осы тәсілді қолдану арқылы ауыл шаруашылығын дамытудың тың бағытын қалыптастырды. Қазір бұл әдіс Түркия, Қытай, Үндістан сияқты елдерде де кеңінен қолданылып, бірқатар аймақта өнім көлемін 20-30 пайызға дейін арттыруға ықпал етіп отыр.
Қызылорда облысында бұл әдістің қолданысы қандай? Егіншілік бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов:
– 2024 жылы өңірде 3 189 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. 2023 жылмен салыстырғанда, 5 есеге көп. Нақтырақ айтсақ, былтыр небәрі 872 гектар болса, биыл 4 400 гектарға дейін жетті, – дейді.
«Таң ЛТД» ЖШС қытайлық компаниямен бірлесіп, 3 мың гектар жерге жүгері егуді бастаған. Алдыңғы жылы осы әдіспен 800 гектарға жүгері егіп, 2800 тонна өнім алыпты. Дегенмен, жалпы облыс егістігі тұрғысынан алғанда, бұл аз. Тамшылатып суару жүйесін жаппай енгізу үшін фермерге ынта-ниетпен бірге, қаржылай мүмкіндік, инфрақұрылым және техникалық қолдау қажет.

– Су үнемдеу технологияларын қолданған шаруаларға мемлекеттен қолдау бар. Мәселен, инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында 2024 жылы 551,8 млн теңге бөлінді. Бұл жүйеге қажетті жабдықтар мен инфрақұрылымның 50 пайызы субсидияланады. Сонымен қатар, егістікке су жеткізіп беру құнының 60 пайызына дейін өтеледі, – дейді Асылжан Жарылқасынов.
Басқарма өкілінің айтуынша, облыс бұл бағыттағы жұмыс көлемін 2025 жылы 9,2 мың гектарға, ал 2030 жылға қарай 34,2 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіштерге жету үшін жүйелі жоспар, қаржыландыру және нақты мониторинг қажет.
Күрішті тамшылатып суару мүмкін емес. Бірақ бақша өнімдері, көкөніс, жүгері сияқты дақылдарды осы әдіспен игеру арқылы су жүктемесін азайтып, күрішке жететін ағын көлемін сақтап қалуға болады. Демек, тамшылатып суару – түпкілікті шешім болмаса да, су қауіпсіздігіне апарар маңызды қадамның бірі.
Тамшылатып суарудың игілігін көріп отырған агрокешеннің бірі – «Қызылорда AgroPlus» ЖШС. Шаруалар бірнеше жыл бұрын тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіру жобасын жүзеге асырды. Сынақ ретінде 2 гектар жерге қызанақтың 10 түрлі сорты отырғызылып, әр гектардан орташа 900 центнер өнім алынды.
Су үнемдеу идеясы негізінде «Жан-Арай» агрокешенінің кәсіпкерлері де арнайы тамшылатып суару қондырғылары арқылы бақша дақылдарын өсіріп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Тамшылатып суару әдісінің тиімділігін ескерген ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Кеңесбайқызы лимон мен банан өсіруді қолға алды. Ол бастапқыда құлпынай өсірумен тәжірибе жинақтап, кейіннен лимон ағаштарын отырғызды. Қазір банан ағаштарын жерсіндірумен айналысып жатыр. Ақерке Кеңесбайқызының бұл бастамасы аймақтағы жылыжай шаруашылығын дамытуға және экзотикалық жемістерді өсіруге жаңа мүмкіндік ашуда. Оның айтуынша, бұл кәсіпті кеңейтіп, қондырғылар мен құрылғылар алу үшін мемлекет арнайы грант беру және субсидия мәселесіне ден қоюы керек.
Жергілікті кәсіпкерлер тамшылатып суару жүйесін енгізу үшін қосымша қаржылай қолдау қажет дейді. Олар мемлекеттен арнайы гранттар мен субсидияларды ұлғайтуды, сондай-ақ қажетті жабдықтарды сатып алуда жеңілдіктер қарастыруды сұрайды. Сонымен қатар, бұл технологияны тиімді пайдалану үшін арнайы оқу бағдарламалары мен тренингтер ұйымдастырса дейді.
Ғалым, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов тамшылатып суару арқылы су үнемдеуді кең қолданатын мемлекеттер бар екенін атап өтті.
– Тамшылатып суару жүйесі – көптеген дақыл үшін тиімді әдіс. Алайда, күріш дақылына бұл әдісті қолдану белгілі бір қиындықтар туғызады. Күріш өсіру дәстүрлі түрде су басу әдісімен жүзеге асырылады. Дегенмен, кейбір елде, мысалы, Түркия мен Испанияда, күрішті тамшылатып суару әдісімен өсіру тәжірибесі бар екені белгілі. Біздің аймақта шамамен 80 мың гектар жерге күріш егілетінін ескерсек, бұл көлемде тамшылатып суару әдісін қолдану техникалық және экономикалық тұрғыдан қиындық тудырады. Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында шағын атыздарда күрішті тамшылатып суару бойынша тәжірибе жүргізілген. Бұл зерттеулер негізінен селекциялық жұмыстарға бағытталған, өйткені бұл әдіс арқылы суды кешіп өтпей-ақ, құрғақ жермен жүріп, дақылға күтім жасауға мүмкіндік бар, – деді С.Қосанов.

Сарапшы тамшылатып суару әдісі егін егу мүмкіндігін жоғарылататын бірден-бір шешім екенін де айтты.
– Тамшылатып суару әдісі Қызылорда облысының топырақ және климат жағдайына жақсы бейімделеді. Мұндай әдіс алғаш рет Израильде тұщы су қорының аздығына байланысты енгізілген. Қызылорда облысында бұл әдіс көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде тиімділігін көрсетіп отыр.
Жерасты суларының деңгейінің көтерілуі немесе топырақтың тұздануы сияқты мәселелер тамшылатып суару кезінде айтарлықтай байқалмайды, бұл әдістің өңір үшін қолайлы екенін көрсетеді, – деді ол.
ТҮЙІН. Тамшылатып суару жүйесі – суды үнемдеудің тиімді амалы. Бірақ ол қазіргіден әлдеқайда кең ауқымда қолданылуға тиіс. Зерттеу барысында көзіміз жеткен басты мәселе – бұл технологияны енгізуге ниетті шаруалар жеткілікті болғанымен, оларға қаржы және инфрақұрылым болмауы кедергі. Демек, бұл технология тек агрономиялық немесе техникалық емес, ең алдымен экономикалық мәселе болып отыр. Бір ғана сүзгі мен сорғы – қыруар шығын. Ал жоба-смета құжатынсыз субсидия берілмейді.
Нақты шешім – тамшылатып суару жүйесіне берілетін арнайы мемлекеттік субсидияны қайта қарап, оған қол жеткізу механизмдерін оңайлату. Соның ішінде шаруаларға жобалық құжаттарды дайындауда тегін немесе жеңілдетілген көмек көрсету, субсидия алу тәртібін цифрландыру, дайын үлгілік жобалар жасап беру арқылы жүйені қолжетімді ету керек. Сонымен қатар, бұл саланы толық игеру үшін шаруаларға арналған оқу курстарын, демонстрациялық алаңдар мен шеберлік сабақтарын көбейту, тамшылатып суарудың артықшылығын тәжірибе арқылы көрсету қажет.
Тағы бір маңызды ұсыныс – шетелдік тәжірибені зерттеу арқылы Қызылордаға бейімделген үлгі жасау. Түркия, Қытай, Израиль сияқты елдердің тәжірибесі бізге бағыт бола алады.
Тамшылатып суару – түбегейлі шешім емес, бірақ соған апарар негізгі жолдың бірі. Қазірден бастап бұл жолды дұрыс бағытта салмасақ, бірнеше жылдан соң суды үнемдеу емес, судың орнын толтыру жолын іздеуге тура келеді.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Кесте мен инфографиканы жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!