Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың суы сирақтан…

14.05.2021, 12:00 559

Биыл көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері Сыр диқандары аяқсу мәселесінде тапшылық көріп отыр. Әрине, бұл әп-сәтте басталған су апаты емес. Бұрын су  тасқыны  деп  дабыра  болатын едік, ал қазір керісінше су тапшылығы деп  даурығып  жүргеніміз қуана­тын жайт емес. Сәуір айының соңында  Сыр елінің  салалық  ахуалын білмекке келген ҚР Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Соңғы   жылдары  Сырдария  өзеніндегі  судың  азаюы өңірдің ауылшаруашылық саласына айтарлықтай қиындық келтіруде. Облыстың негіз­гі шаруашылығы суды көп қажет ететін күріш егісі екенін жақсы білесіздер. Алайда біз жылдан-жылға күріш егісінің көлемін азайтып, ауылшаруашылық сала­сын әртараптандыруды бастадық. Осылайша суды үнемдеудің жолдарын қарастырып жатырмыз» деген еді. Облыстағы су тапшылығы мәселесі туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары  жан-жақты  айтып  берді.

– Жалпы алғанда, Сырдария өзені – трансшекаралық өзен болып табылады. Қазіргі уақытта вегетация­лық қызметтер басталуына байланысты жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, Сырдария бассейнінде су тапшылығы болып отырғанын білесіздер. Сырдария арнасына ең алдымен әсер ететін «Тоқтағұл» су қойма­сында қазіргі уақытта 9,3 млрд текше метр су бар. Ал «Шардара» су қоймасына бүгінде секундына 80,2 текше метр су түсіп жатыр, төменге тасталып жатқан су көлемі – секундына 250 текше метр. Қызыл­орда облысы шекарасына «Шардара» мен «Көксарай» су қоймасынан жалпы көлемі 495-496 шаршы метр су тасталуда. Егін науқанына байланысты суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ҚР АШМ Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейн­дік инспекциясы басшысы С.Нұрымбетов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен 2016-2025  жылдарға  арналған  егістікке берілетін судың лимиті 4,1 млрд текше метр болса, бүгінде бұл көлем су қоймаларындағы  судың  аздығына  байланысты 3,7 млрд  текше  метрді  құрап  отыр.

– 79848 гектар күріш болу керек деп ұсыныс айтылды. 2020 жылы облыс бойынша берілген судың көлемін салыстырғанда 1 млрд текше метр су берген болсақ, биыл 830 млн текше метр су беріліп отыр. Салыстырмалы түрде аз екені көрініп тұр. Мамыр, маусым, шілде, тамыз айында «Шардара» су қоймасына 2500 млрд текше метр су кететін болса, су едәуір азаяды деген сөз. Қазір кейбір каналдардың бойында су мәселесі өте өзекті болып тұр, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыс­тық филиалы директорының орын­басары  Жорабек  Ерназаров.

Аймақтың негізгі бағыты күріш шаруашылығы болғандықтан суармалы су тапшылығының болуы қызылордалықтар үшін үлкен экологиялық апат саналады. Сондай-ақ, облыс аумағында егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін суармалы сумен қамтамасыз етілуі негізінен Сыр­дария өзенінің жоғарыдан келетін су көлеміне тікелей тәуелді.

– Сырдария өзені бойынша келіп түсетін судың 70%-ы – қысқы кезеңге, 30%-ы жаз мезгілінде келеді. Су деңгейі­нің төмендеуі мен вегетациялық кезеңде суармалы судың тапшылығын ескере отырып, егін шаруашылығын одан әрі әртараптандыру бойынша шаралар қабыл­дануда. Атап айтқанда, су ресурс­тарын пайдалану тиімділігін арт­тыру мақсатында біз дәстүрлі суару түрлерін, сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жем-шөп, майлы бақша дақылдары мен көкөніс көлемдерін ұлғайтудамыз, – деп мәлімдеді облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасының  басшысы  Шахмардан Қойшыбаев.

Айта кетейік, әртараптандыру аймақтың экологиялық тепе-теңдік жағ­дайын тұрақтандыруға септігін тигізеді. Осы бағыт негізінде алдағы уақытта сыртқа экспортталатын өнімдердің басқа түрлерінің өндірісін ұлғайтуға жұмыстар  жүргізілетінін де атап  өтті.

Бүгінде облыстағы суармалы жер көлемі 251 мың гектарды құрайды, соның 178 мың гектары жүйеге келті­рілген. Суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша облыста үш жоба қолға алынған. Соның бірі – Жалағаш ауданында 2019 жылдан бастап ирригация және дренажды жүйелерді қалпына келтіру  жұмыстары.

– Қызылорда облысында төрт су тора­бы бар, олар – Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары. Өткен жылдан бастап Әйтек және Қызыл­орда су тораптарына жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Жалпы облыста 6 массив бар, Түгіскен, Жаңа­қорған-Шиелі, Қызылорданың оң жағасы, сол жағасы, Қазалы оң жаға және сол жаға массивтері. Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандығы қатты сезіледі. Биыл да су тапшылығы болады деген болжам бар. Айта кетейік, Сырдария өзеніне судың 70 пайызы қыс мезгілінде түседі, жаз мезгілінде төмен деңгейде келеді. Осы ретте облыста көлемі 2,3 млрд текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық табиғи ресурс­тар мен табиғат пайда­лануды реттеу басқармасының басшысы  Бауыржан  Серікұлы.

Соңғы бесжылдық бедерінде Сыр­дария өзенінің Қызылорда облысы аума­ғынан өтетін  аймағында судың азаюы анық сезіліп келе жатыр. Ал биыл… биыл дарияның ұлтаны құм суырып тұр. Әлбетте, бұл – сүйіншілеп емес, экологиялық апат, экономикалық зардап ретінде жарияға жар салып, жаһандық көмек сұрайтын мәселе. Сыр­дың жағасына ел қондырып, алабына егін егіп күн көріп отырған облыс тұрғындары үшін өкініш болып тұрған жайы  бар.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: