Судың мәселесі, дарияның мәселесі қанша айтылса да, еліміздің су саясатын күшейтпейінше, түк шықпайды. Әлімсақтан арқырап аққан Сыр суы қазір Әмударияның кейпін киюге жақын.
Бар мәселе, әсіресе, Өзбекстанның ортақ суды пайдаланудағы өктемдігінде. Олар өздерінің БАҚ беттерінде Өзбекстанның суға зәру екенін үзбей жариялап отырады. Су бағытында құрылған үкіметтік емес ұйымдары (НПО) тек шетел гранттарымен жұмыс істеп, шартарапқа Өзбекстанның су тапшылығынан зардап шегіп отырғанын насихаттайды.
Әлемнің су тақсіретін тартып отырған 164 елдің ішінде Өзбекстан ең су жағдайы мүшкіл 25 елдің бірі боп саналады. «Аянышты». Солай бола тұра арқыраған Сырдың бастауынан қалағанынша, қажетті суынан да артық көлем алып отырған ел.
Сөйтіп, Өзбекстан Республикасы 2013 жылы Азия-Тынық мұхиты су саммитіне (Азиатско-Тихоокеанский водный саммит) қатысып, су тапшылығын аса қатты сезініп отырған елдердің қатарынан тағы бір көрініп, су қауіпсіздігі ахуалын анықтайтын 5 компоненттің санатына кіріп алды.
Бұл деген сөз суға зәру елдердің су қауіпсіздігі сол 5 компонент бойынша қорғалатын болады.
1. Үй шаруашылығына қажетті су (қазақша аяқ су).
2. Экономикаға қажетті судың қауіпсіздігі (агро сала, мал шаруашылығы, өндіріс орындары).
3. Қалаларды сумен қамту қауіпсіздігі (халықтың тұтынатын суы, елді мекендердің су жүйелері).
4. Экожүйеге қажетті судың қауіпсіздігі (табиғи су балансын сақтау).
5. Судан келетін табиғи және техногенді апаттарға төтеп беру.
Міне, Өзбекстанның су саясаты. Бұл 5 бағытын сараласақ, өз-ағамызда трансшекаралық су деген ұғым жоқ сияқты. Соған қарағанда Сырдарияны өздерінше меншіктеп алғанға ұқсайды.
Осы суды басқарудың 5 бағытын анықтап, белгілеп алған Өзбекстан Су ресурстарын басқаруды ҰЛТТЫҚ СУ ҚАУІПСІЗДІГІ деңгейіне көтеріп алды. Сосын олар комитет деңгейінде бозда ойнағандай боп жүрген қазақ сушыларын менсінсін бе?
Өзбектер барлық суға қатысты тірліктерін әлемнің топ жарған ұйымдарының қолдауымен, атақты әлемдік ұйымдардың халықаралық самиттеріне қатысып, мәселелерін кешенді қолға алып отыр. Суға белшесінен батып отырса да, суды Ұлттық қауіпсіздік деңгейде қорғап, бүгінгі 32 млн., болашақтағы 40 млн халқының ауызсуын да, аяқ суын да шешіп қойды. Жалпы, су ресурстарын одан сайын байытып, ұрпағына су қорын жинап алып отырған өркенді ел. Сөйтіп олар 2030 жылдары Өзбекстан халқының саны 40 млн-ға баратынын алдын ала ескеріп, су ресурстарын дайындап алып жатыр. Оны Қазақ Елі білмей отырған жоқ.
Апыр-ай, қазақ сонда да бейқам. Қырғыз бен өзбекке халықаралық деңгейде қабақ танытудың орнына, жалынышты боп, мөнтеңдегеніне 30 жыл.
Солай бола тұра Аралдың қасіретін қазақ емес, өзбек тартып отырғандай даңғыраларының дауысы жер жарады. Негізі Аралдың улы шаң-тозаңын жұтып отырған – қарақалпақтар. Қарақалпақтар соңғы 30 жылда судың зардабымен қоса, экономикалық-әлеуметтік те қиыншылықты бастан кешуде. Ал өз-ағамыздың суға келгенде ұпайы түгел. Сондықтан да бұл көршіміз Аралдың кепкен ұлтанын өзге мақсатқа дайындауды сол 90-жылдары-ақ басты мұрат етті. Ол мақсаттың негізін СССР құрып бергені жасырын емес.
Өзбекстан қай заманнан жасыл желек жамылып, шалқыған көлдеріне үйрек ұшып, қаз қонып, табиғи балансында зәредей де ауытқушылық болған жоқ. Есесіне елдеріне шетелдің гранттары құйылып, басқа да халықаралық қаржы көздерінен қайтарымсыз миллиардтаған доллар тартылуда.
Ал бізде соңғы жылдары Аралды ойлап отырған кім бар? Осы жағдай жалғаса берсе, «Көкарал» бөгеті жобасымен толған Кіші Арал да алдағы 5-10 жылда тартылуы ғажап емес. Сондықтан да сексеуіл егу жобасына халықаралық маңыз беріліп жатқан сияқты. Бұл жобаға халықаралық деңгейде даңғыра қағуына қарағанда, алдағы уақытта «Кіші Арал кепсе…» деген болжамға дайындық болмасын.
Сексеуіл егіп, құм, тұз тоқтату бізде 1991 жылы басталды. Алғаш сексеуіл жобасы басталғанда тікұшақпен әуеден де, жерден де түсіргенбіз. Аралдың табанын, алабын аралағам. Көзіммен көргем. Фильм жасағам. Одан сексеуіл, сарсазан егу 2008 жылдары ДБ (дүниежүзілік банк. – ред.) қаражатымен одан әрі жалғасын тапты. Осылайша сексеуіл жобасы бізде бұрыннан бар болса да, оны өзбектер бастағандай, бүгінде қазақ өзбектің сол жобасын іліп әкеткендей саясат жүріп жатыр. Неге олай, түсінбедім?! Оған тереңдемей-ақ қояйын.
Халықаралық Аралды «құтқару» қорының тірлігі анау. Экоапат әкелетін Сода зауытымен мүдделесіп, былтыр сәуір айында меморандумға, ынтымақтастық келісімге отырды. АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫ ҚАЛАЙША СОДА ЗАУЫТЫМЕН МҮДДЕЛЕС БОЛАДЫ? Басым жетпейді. Миымның қорытқаны мынау: Аралды «құтқару» қоры биліктің маңайында болғандықтан, еліміздің Су басқару саясатының прогнозын біліп отыр. Тіпті Аралды «құтқару» қоры Сода зауытына Сырдария суы алдағы 30-40 жылға дейін азайған үстіне азаяды деген прогноз берген. Міне, Аралды «құтқарушысының» тірлігі.
Вице-министр Серік Қожаниязов судың проблемасын өте жақсы меңгерген. Оны мен жақсы білемін. Облыс әкімінің орынбасары болған тұсында «су майданында» елдік деңгейде күресе алатынына талай көзім жеткен. Бірақ вице-министр болса да, Ташкенттің билігі мен тісқаққан сушылары Қожаниязовты місе тұтады деп ойламаймын. Құр босқа шыр-пыры шығып, маңдайын тасқа да, тауға да соғып, көп болса, судың әр грамын жалынып, маусымдық мәселені ғана шешіп келер.
Бейшара Қазақ Қырғыздан суды бартермен тіленіп алады. Электр энергия қажет болмаса да, қазақ сатып алуға мәжбүр.
Өзбектің басынғаны соншалық, ортақ суды пайдалануды бізбен келіспей, 30 жылда 9 қойма салып алды. 2018 жылы Мирзиёев тағы 7 қойма салуға тапсырма берді.
Бұл халықаралық Су Конвенциясы нормаларына мүлдем қайшы.
Ал САРАТС-2 жобасының бірдеңгейлік нұсқасын Қырымбек Көшербаев қандай еңбекпен 2007 жылы Үкіметке өткізіп келгенде, Өзбекстан «біздің келісімізсіз, Сырдария арнасын реттемекші» деп ДБ-ке шағымданып, қаражатты тоқтатты. Шынтуайтында, Сырдың төменгі ағысының оларға ешбір қатысы жоқ.
Ал өздері Қазақстанның бар тіршілігі байланған Сырдың жоғарғы ағысын буып, қоймалар салғанда, бізден келісім сұрамайды. СУ КОНВЕНЦИЯСЫНА ПЫСҚЫРМАЙДЫ ДА. Міне, Өзбекстанның су саясаты. Міне, Өзбекстанның су басқарудағы өлермен позициясы.
Осы әрекеттердің бәрі елімізде СУ САЯСАТЫНЫҢ ӘЛСІЗДІГІНІҢ КӨРІНІСІ. ӨЗБЕКСТАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ СУҒА ДЕГЕН НЕМҚҰРАЙдЫ ПОЗИЦИЯСЫН судың КОМИТЕТ ДЕҢГЕЙІНДЕГІ басқарылуынан-ақ біліп отыр. Басынып отырғандығы да сондықтан. Бұл – шындық.
Өзбек пен Қырғыздың басынғаны соншалық, ортақ судың үстінде отырса да, Су Конвенциясын мойындамайды. Өз мүддесі жолында ештеңеден тайынбайды. Трансшекаралық су үстіндегі елдер халықаралық нормаларға сәйкес Су Конвенциясына кіруге әрі Конвенцияға бағынуға міндетті.
Қазақстан оны да талап ете алмайды. Осы Ортақ Су мәселесіне келгенде, бір бүгежектеген мүсәпір ел боп отырмыз.
Мен қаншама жазып жүрмін. Кім құлақ асып жатыр?
Тағы да айтам. Қожаниязов Ташкенге барғанмен, көп болса, облыстың бір маусымдық суын жетер-жетпес сұрап әкелер. Өйткені, өзбек Қазақ елінде Су басқару тетігінің әлсіз екенін өте жақсы біледі. Бізден әр жылда барып жүрген әртүрлі сушылар, әр министрліктің құрамында жүрген әртүрлі төрағалар өзімізге қажетті, тиесілі суды жанпида қорғап, талап етсе де өз позициясын, өз мүддесін қорғауға өзбектің алдында мысы жоқ. Осы уақытқа дейін бір маусымдық мәселені шешкендеріне мәз боп қайтып жүр. Міне, біздің елдің Су саясатының сиқы.
Егер елімізде Су басқару саясаты мықты болса, Су Комитеті боп, әр министрліктің босағасында жүрмес еді. Елімізде сол допша тебіліп жүрген Комитетте Су ресурстарын басқару кадрлары да қалыптаспаған.
Су басқару бағдарламасы өңірлерде канал аршып, гидроузелдер салудан артылмайды. Ол да керек әрине. Алайда су жоқ болса, олардан не пайда? Ал бүкіл тіршілігі трансшекаралық өзендерге байланған Қазақтың Ортақ Су мәселесін кім басқарады? Әр министрліктің қолдобына айналған Комитет пе, әлде әр жылдары ауысып, тұрақтамайтын КАДРЛАРЫ МА?
Мемлекетаралық Су проблемасы Қауіпсіздік Кеңесі немесе Ел Президенті Тоқаев деңгейінде шешілуі тиіс. Олай болмағанда Сырдария Әмударияның соңынан кетеді. Өлмейді. Рақатын өзбек көреді. Әмудің суын Қарақұм каналы қалай жұтса, өзбек те солай Сырды меншіктейді.
Неге олай? Өйткені, Өзбекстан Советтер тұсында Советтің су саясатымен 25 су қоймасын салса, соңғы 30 жылда 9 қоймасын салып алды. 2018 жылы Мирзиёев тағы 7 қойма құрылысына тапсырма берді. Алдыңғы 25 су қоймасы Арал теңізінің түбіне жетсе, соңғы 9 қойма Сырдың төменгі ағысын тартып жатыр. Ал енді қолға алынып жатқан 7 қойма Сырдың төменгі ағысын түбегейлі жұтады әрі Қызылорда облысын аграрлы аймақтан құмды, тұзды алапқа айналдырады.
Сосынғы болжам белгілі. Мұнайы да сорылып, түбі көрінген Алаштың Анасы – Қызылорда облысын екіге бөліп, Оңтүстігін Түркістан, Солтүстігін Ақтөбе облыстарына беретін болады. Сонымен бітті. Адамзат өркениетінің ізі қалған, Түркі өркениетің тамыры жатқан СЫР ЕЛІ тарих сахнасынан да, геокартасынан да ғайып болады.
Менің журналист ретіндегі бүкіл анализм тек осы болжамға әкеп тіреп тұр. Бұл болжамыма теңіздің бұрынғы акваториясын (су қорғанысына кіретін аумақ) әкімшілік аумаққа кіргізіп жіберіп, 502 гектар жерге шламқоймасын салғалы отырған Сода зауытымен ынтымақтастық келісімге отырған Халықаралық Аралды құтқару Қорының әрекеті түрткі болды.
Аралды «ҚҰТҚАРУ» қорының бұл әрекеті ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНЕ ҚАРАСТЫ СУ КОМИТЕТІНІҢ СУ САЯСАТЫНДАҒЫ ПОЗИЦИЯСЫН АЙҚЫНДАП ТҰР. БҰЛ ДЕГЕН СӨЗ ҮКІМЕТТІҢ ДЕ СУ БАСҚАРУ САЯСАТЫНДАҒЫ ҰСТАНЫМЫНЫҢ АЙНАСЫ ДЕСЕК БОЛАДЫ.
Қазақстан тек Сырдария өзенін пайдаланудан ғана ұтылып отырған жоқ. Қазақ жерінің тағдырын шешетін трансшекаралық 8 өзен бойынша да жағдай осындай. Неге?
Сондықтан тағы да қайталап айтамын, қайталай беремін. Өйткені, Өзбекстан Президенті Мирзиёев те, оған дейінгі Каримов те су қоймаларын өздері аралап, проблемасын тікелей өздері шешіп, әр су қоймасының жағдайын, әр тамшы суды тікелей өздері бақылайды.
Ал бізде ше?
Қызылорда облысында судың жағдайы өте күрделі. Алайда Су Комитетінің төрағасы Сыр халқының тіршілік нәрі – Сырдарияның ауыр ахуалын ең болмаса бір рет келіп, өз көзімен көруді жөн санамады.
Сондықтан Қазақстанның ортақ Суды пайдалану мен оның бөлінісі мәселесі ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, АРАЛДЫҢ ШЫН ЖАНАШЫРЫ ЕЛБАСЫ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ДЕҢГЕЙІНДЕ ШЕШІЛМЕЙІНШЕ, КІШІ АРАЛ ТҮГІЛІ СЫРДЫҢ СУЫ СИРАҚТАН ДА КЕЛМЕЙТІН БОЛАДЫ.
Вице-министр ҚОЖАНИЯЗОВТЫҢ БІР МАУСЫМНЫҢ СУЫН ГРАМДАП, СҰРАП КЕЛГЕНІН қанағат етіп ОТЫРА БЕРСЕК, БІР КҮНІ СИРАҚТАН КЕЛЕТІН СУҒА ЗАР БОП ҚАЛМАЙЫҚ.
ОСЫНДАЙ ШЫНДЫҚТЫ АЙТҚАНЫМ ҮШІН МИНИСТРЛЕР КЕЛГЕНДЕ БОЛАТЫН ТЫҢДАУ, ТАЛҚЫЛАУЛАРҒА БАСҚАРМА БАСШЫСЫ БАУЫРЖАН ШӘМЕНОВ МЕНІ ОЛ ОРТАҒА ҚОСПАЙДЫ.
ӨЙТКЕНІ, ОСЫ ШЫНДЫҚТЫ ШЫРҚЫРАТЫП АЙТАТЫНЫМДЫ БІЛЕДІ.
ОРТАҚ МҮДДЕДЕ БАСШЫЛАР МЕН СИЯҚТЫ ЖЫНДЫ ЖУРНАЛИСТІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ОРНЫНА, ҚАРАДАЙ ҚАШАДЫ.
АЛ МЕН БӘРІБІР АЙТА БЕРЕМІН.
Сонымен Ташкентке келісім столына Н.Назарбаев не Қ.Тоқаевпен бірге су үшін жанпида болатын Қыпшақбаев және Серік Қожаниязов сияқты суды жанкешті қорғап, қазақ позициясын табандап алып шығатын мықты, танк іспетті мамандар бару қажет.
ОДАН НӘТИЖЕ ШЫҚПАСА, ОРТАҚ ЖОЛ, ТЕМІРЖОЛ, ӘУЕ ЖОЛДАРЫ ОРТАҚ ДӘЛІЗДЕРДЕ ӨЗБЕКСТАНҒА ШАРТ ҚОЮ КЕРЕК.
Біз де өз мүддеміз үшін қысастыққа бара алатынымызды олар түсінгендері абзал.
Өз мүддемізді қорғау үшін мынадай да ұсыныс айтар едім. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКСПЕРТТЕРМЕН БІРГЕ МЫНА СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП ІЗДЕП, ОНЫҢ НӘТИЖЕСІ ӘЛЕМГЕ ТАРАУЫ ТИІС.
Өйткені, АРАЛ ТЕҢІЗІ НЕГЕ ЖОҒАЛДЫ, СЫРДАРИЯ, ҚАМБАШ НЕГЕ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР, АРАЛ ТЕҢІЗІН ҚҰТҚАРУҒА ӨЗБЕКСТАН НЕГЕ ҰМТЫЛМАДЫ ДЕГЕН СҰРАҚТАР төрткүл дүниені қызықтырары анық.
Арал теңізін ЭКОАПАТҚА ТІРЕГЕН СЕБЕПТЕРДІ АНЫҚТАУҒА БҰҰ ЭКСПЕРТТЕРІН ШАҚЫРЫП, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ШҰҒЫЛ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗУДІ ТАЛАП ЕТУ КЕРЕК.
ОЛ ЗЕРТЕУЛЕР НӘТИЖЕСІМЕН ӨЗБЕКТІҢ ЕҢ СОҢҒЫ СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ ЖАБЫЛАТЫНЫНА СЕНІМДІМІН.
БІРАҚ ОҒАН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНІҢ ЖҮРЕГІ ДАУАЛАСА?! Қалғаны – бос сөз.
Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА,
тәуелсіз сарапшы-журналист,
Арал-Сырдария бассейндік
Кеңесінің мүшесі,
Қызылорда облыстық Қоғамдық
Кеңес мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!