Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ІЗДЕУ» немесе заң мен кодекс талаптарына бойсұнбайтын басшылар

03.03.2022, 10:00 521

Қазақстан билігінің 30 жылдан бері басынан бастап шірігендігін, халыққа деген адалдық борышын жылдар бойы таныта алмағандығын кешегі «қаңтар қасіреті» анық көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтарда отандық кәсіпкерлермен кездескен кезінде: «Билік халықтың сөзін ести алатындығын көрсетті; Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, халыққа көмектесетін уақыт келді; 50 мың теңгеге күнін әрең көріп отырған халықтың жайы отыз жылдан бері билікті неге толғандырмады?» деген  болатын.

Президенттің осы сөзі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитеті, Қызылорда облыстық департаменті Қызылорда қалалық басқарма басшысына арнап айтылғандай. Өйткені Қызылорда облысында 2009 жылдан бастап өз міндеттеріне селқос қараған әрекетсіздіктерінің салдарынан жемқорлыққа құныққан облыстық департаменттің бастығы мен екі орынбасары, қалалық, аудандық басқарманың басшылары темір торға қамалып, солардың шылауына іліккен жауапты мамандары да жұмысынан қуылған болатын. Департаменттің басына үйірілген «қайғылы қаралы күндері» алдағы уақытта қайталанбасын деген үмітпен СЭС мамандарының абыройын ойлағандықтан, 2018 жылдың 1 және 8 наурызында «Халық» газетіне «Санитарлық қағидаға селқос қарауға болмайды немесе халықтың декреттелген тобындағы адамдардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтары бекітілген нормативтік-құқықтық актілермен қорғала ма?» деген тақырыппен мақала жарияладым. Оны Қазақстан Республикасы Бас прокурорына, денсаулық сақтау министріне және облыс әкімі, департамент пен денсаулық сақтау және білім басқармалары басшыларына жолдағанмын. Бірақ та бұқаралық ақпарат құралында жарияланған мақаланы оқыған, жеке кәсіпкердің өтініш хатына назар аударған билік басында басшылар болмады.

2009 жылы 18 қыркүйекте Үкіметтің қабылдаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс баптарына сәйкес денсаулық сақтау министрінің бұйрықтарымен санитарлық қағидалар бекітілген болатын. Осы дерективалық құжаттарда өндірістік кәсіпорында «қауіпті, аса зиянды» факторлармен жұмыс істейтін, әлеуметтік нысандарда халыққа қызмет көрсететін «халықтың декреттелген тобындағы адамдардың» денсаулығын сақтауға, әлеуметтік жағдайы мен құқықтарын қорғауға тиісті талаптар бекітілген. Санитарлық қағида талаптарының орындалуына қадағалау жүргізу – қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы мен мамандарының міндеттері. Бірақ Қызылорда қалалық басқарма басшысы Е.Ұзақбаев тарапынан санитарлық қағидалардың талаптарына уақытылы бақылау жүргізілмей қалды. Соның салдарынан денсаулық сақтау және білім басқармасы субъектісінде заңбұзушылық фактілері бүгінгі күнге дейн  жалғасып келеді. Себебі сол, Қызылорда қалалық басқарма басшысы мен оның жауапты мамандары Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында жазылған «Ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы» деген бапты оқып көрмегендігі.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі 11 жылдан бері талаптары орындалмаған кодекс баптарын қайта көшіріп жазып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 7 шілдеде    №360-У1 КРЗ қаулысы мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексін қайта бекітіп отыр. Осы кодекстің баптарына сәйкес денсаулық сақтау министрі бұйрықтарымен жаңадан санитарлық қағидалар бекітілген:

1. 2020 жылғы 10 қазандағы ҚР ДСМ №131/2020 «Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу туралы»;

2. 2020 жылғы ҚР ДСМ №195/2020 «Халықтың декреттелген тобындағы адамдарға гигиеналық оқу жүргізу туралы»;

3. 2020 жылғы 16 қарашадағы ҚР ДСМ №196/2020 «Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу, жүргізу туралы»;

4. 2020 жылғы 11 тамыздағы ҚР ДСМ №96/2020 «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын  санитариялық – эпидемиологиялық талаптар»;

5. 2021 жылғы 09.07.2021 ҚР ДСМ №59 «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»;

6. 2020 жылғы 28 тамыздағы ҚР ДСМ №98/2020 «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық- эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары.

Міне, осы директивалық құжаттарда әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, мектеп, балабақша, аурухана мен емхана, қонақүй мен жатақханалар, колледж және жоғарғы оқу орындары, коммуналдық нысандар, қоғамдық  тамақтану орнында жұмыс істейтін «халықтың декреттелген тобындағы адамдардың» жұмыс орындарын гигиеналық нормаға сәйкес жабдықтау, әжетхана ішіне әйелдердің гигиеналық кабинасын орнату, ауысымдық арнайы киіммен қамтамасыз ету, медициналық тексеріп-қараудан өтуге және гигиеналық білімін уақтылы жетілдіру – жұмыс берушінің міндеті» деп анық жазылғандығына қарамастан ол талаптар орындалмай отыр. Субъект басшылары бекітілген санитарлық қағидалардың талаптарына бойсұнбай отырғаны қалалық басқарма басшысы тарапынан нысандарда  бақылаудың жүргізілмегендігін  көрсетеді.

Жаңадан қабылданған кодекстің 9-бабында: «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құзыреті» бойынша «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құзыретіне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты, бекітілген нормативтік-құқықтық актілермен қатар өзге де заңнамалық актілерде белгіленген талаптардың сақталуын қадағалауды іске асыратын орган» деп жазылғандығын басқарма басшысы оқып көрмегендіктен, қолданыстағы кодекстің негізгі талаптарынан хабарсыз, министрдің бұйрығына бойсұнуды білмей отырғанын байқатады.

Санитарлық қағидалардың талаптарының орындалуына бақылау жүргізу міндеті екендігін сезінбейтін Қызылорда қалалық басқарма басшысы мен жауапты мамандарының өз міндеттеріне селқос қарауынан 2020 жылы бекітілген санитарлық қағидалар талаптарының орындалмай, қағаз күйінде қалып жатқаны өкінішті.

Елімізде «Жаңа Қазақстан» дәуірінің басталғаны туралы Президентіміз отандық кәсіпкерлермен кездескен кезінде (21.01.2022 ж.): «Үкіметтің мүддесі мен халықтың әлеуметтік жағдайы маған бәрінен қымбат. Сол үшін қандай шешім болса да оны қабылдаймын» деген ұлағатты шешімді сөзін тыңдаған қалалық басқарма басшысының ойланатын сәті келген болар деген ойдамын. Сол үшін «Халық» газеті арқылы Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Ұзақбаевтың мемлекеттік қызметшінiң ар-намыс кодексін оқып, оның міндеттері мен құқықтарына бойсұнып, жеке кәсіпкердің өтініш хатындағы жазылған заңбұзушылық фактілерді тексеріп, жағдайы аз қамтылған адамдардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік жағдайын жасқсарту үшін бекітілген санитарлық қағидалардың талаптарының орындалуына бақылау жүргізудің  уақыты келгендігін есіне салып өткенді жөн көріп отырмын.

Қазақстан Республикасының  «Халық денсаулығы  және  денсаулық сақтау  жүйесі  туралы» кодексі – бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесінің бас құжаты. Кодекстің  бабына сәйкес бекітілген санитарлық қағидалардың талаптарын орындау – денсаулық сақтау және білім басқармалары басшыларының міндеті. Ал, қағида талаптарының орындалуына бақылау жүргізу комитет, департамент пен басқарма басшыларына жүктелген. Денсаулық сақтау министрінің бұйрықтарымен бекітілген қолданыстағы санитарлық қағидалардың талаптарының субъектілерде уақытылы орындалуы бойынша бақылау жүргізуге қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы міндетті.

1. Әлеуметтік нысандарда, яғни мектеп, балабақша, аурухана, емхана, коммуналдық нысандар мен қоғамдық тамақтану орындары және сауда дүкендері, базарлар, т.б. жұмыс істейтін халықтың декреттелген тобындағы адамдардың 98 пайызы – әйелдер. Осыған орай әрбір жұмыс беруші міндетті түрде:

а) нысанда жұмыс істейтін халықтың декреттелген тобындағы адамдардың жұмыс орындарын гигиеналық норма талаптарына сәйкес жасақтау: 

б) халықтың декреттелген тобындағы адамдардың сыртқы киімін шешіп және арнайы киімдерін киінуге арналған гардеробтар орнату;

в) тамақтанатын және демалатын орындарын толық жабдықтауды қамтамасыз ету;

г) дәретхана ішінде «Әйелдердің гигиенасы» қабинасын орнатуды жүзеге асыру;

д) медициналық тексеріп қарау мен гигиеналық біліктілігін жетілдірудің сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету;

е) жұмыс орнына киетін арнайы киімдері мен медициналық тексеріп-қараудан өтуге және гигиеналық біліктілігін жетілдіруге тиісті төлемақыны жұмыс беруші есебінен жүргізуді қамтамасыз ету керек.

Басқарма басшысына айтарым, санитарлық қағидада анық жазылған жоғарыдағы міндетіңізді ұмытып, жеке кәсіпкердің өтініш хатын оқымай, субъектілердегі заңбұзушылық туралы жазылған фактілерді тексеріп көрместен өтініш хатқа «жалған» ақпарат беруге бейімдескен әрекетіңізді тоқтататын кез келді. Халықтың денсаулығы мен тағдырына көз жұмып отырмай, заң мен кодекстің талаптарына бойсұнып, «Жаңа Қазақстан» дәуірінің азаматы болуға талпынатын уақыт орнағанын ұмытпаңыз. Сіздің қазіргі ойыңыз бен бойыңызға сіңген адам тағдырын ойламайтын әрекетсіздігіңіз 30 жылдық шіріген биліктің санаңызға сіңірген аманаты болар деп ойлаймын. Ол билік енді қайта келмеске кетті. «Халық қоғам үшін қажет. Халықсыз қоғамның қажеті жоқ». Осыны санаңызға сіңіріңіз!

Комитеттің «білікті» мамандары дайындаған Денсаулық сақтау министрінің бұйрықтарымен бекітілген жарамсыз санитарлық қағида талаптарын орындауға қажетті қаржыны қайдан алу керектігі жазылмағандықтан, Үкіметтің бекіткен Заңнамалық құжаттарын оқып көрмегендіктен, санитарлық қағидалардың талаптарын орындау үшін қажетті қаржыны табу тетіктерін білмегендіктен, санитарлық қағида талаптарын орындауға денсаулық және білім басқармаларының жылдық бюджетіне қаржының бекітілмегендігінен хабарсыз басқарма басшысы «Санитарлық қағида талаптары орындалды» деп жалған ақпарат беріп, министрлікті, жеке кәсіпкерді жылдар бойы алдап отырған. Себебі, департамент пен аталмыш басқарма басшылары, қалалық білім бөлімі басшысы мен заңгерлері  кодекс  бабына сәйкес бекітілген санитарлық қағидалар талаптарынан бейхабар. Е.Ұзақбаев тарапынан аталған басқарма мен қалалық білім бөлімі басшыларына нақты нұсқаулар берілмеген. Егер де қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы кодекс баптары мен санитарлық қағидалар талаптарын оқып, ондағы жазылған мекемелер мен салааралық қатынасты жүргізу тәсілін түсінген кезде, Қызылорда қалалық білім бөлімі басшысымен меморандум жасап, санитарлық қағидалар талаптарын орындау бойынша іс-шаралар бекітіп, оны орындауға қаржы бөлу туралы Қызылорда қалалық мәслихатына ұсыныс жасаған кезінде барлық мәселе толық шешімін табар еді.

Әрекетсіздік салдарынан Қызылорда қаласындағы мектептер мен балабақшадағы жұмыс істейтін халықтың декреттелген тобындағы адамдар әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып отыр. Облыс орталығындағы субъектілерде жұмыс істейтін халықтың декреттелген тобындағы адамдардың құқықтары толық шектеліп отырғандықтан, олар басшыларына өтініш жасауға, әлеуметтік жағдайы бойынша талап етуге қауқарсыз. Себебі халықтың декреттелген тобындағы адамдар бекітілген санитарлық қағидалардағы жазылған құқықтарынан мүлдем хабарсыз. Гигиеналық біліктілігі бекітілген оқыту бағдарламасына сәйкес білімдері жетілдірілмеген.

«Сыныққа сылтау керек» деп қазақ бекер айтпаған. Бекітілген  санитарлық  қағида талаптарының орындалуына бақылау жасаудың орнына басқарма басшысының әр нәрсені сылтау қылып, өз міндетін нормативтік-құқықтық актілердің талаптарының орындалуына бақылау жүргізуден қашып отырғандығының негізгі себептеріне тоқталатын болсақ, ол өзінің  әрекетсіздігін  былайша  жазып отыр:  1. «Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы жарлығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін халықтың өмірі мен денсаулығына жаппай қатер төндіретін бұзушылықтарды болғызбауға немесе жоюға бағытталған тексерулерді қоспағанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер жүргізу тоқтатылады» дейді. Түсінген адамға бұл – өте дұрыс қабылданған жарлық.

Экономикалық дамудың дара жолы – бизнес. Сол бизнесті жүргізетін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар. Олардың субъектілеріне барып орынсыз тексеріп, қажетсіз нәрселерді талап етіп қорқытып-үркітудің орнына жарлықтағы жазылған «халықтың өмірі мен денсаулығына жаппай қатер төндіретін бұзушылықтарды болғызбауға немесе жоюға бағытталған тексерулерді қоспағанда» деген сөздің мазмұнын басқарма басшысы түсінбей отыр. Қызылорда қаласында орналасқан өндірістік кәсіпорын басшылары «Зиянды, аса қауіпті» фактормен жұмыс істейтін адамдарға Қызылорда қалалық емханалардың басшыларымен келісімшарт жасап, әр жылы медициналық тексеріп қарау жүргізіп отырады. Сол медициналық тексеріп қарауды жүргізетін дәрігерлер «Кәсіби аурулар» бойынша «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығында» біліктілігін жетілдіріп, сертификат алуға міндетті. Бірақ та дәрігерлер біліктілігін жетілдірмеген, сертификаттары жоқ. Медициналық тексеріп қарау қорытындысында бірде-бір «Кәсіптік» ауру соңғы бес жылда анықталмаған. Емхананың жауапты дәрігері «Кәсіптік» ауруды анықтауды білмесе, бұл заңбұзушылық емес пе? «Халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін» осы фактінің қауіпті фактілерге  жататынын басқарма басшысының түсінбей отырғаны – оның осы күнге дейін 2020 жылғы 10 қазандағы №ҚР ДСМ 131/2020 «Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу туралы» санитарлық қағиданы оқымағандығы.

Жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы азаматтары болғандықтан Үкіметтің бекіткен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы мен 2015 жылғы 29 қазандағы «Кәсіпкерлік Кодексі» талаптарына негізделіп жұмыс жүргізуге міндетті. Сол себепті жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан Үкіметтің Заңнамалық  құжаттарына сәйкес санитарлық  қағидалар талаптарының орындалуын талап етуге құқылы екендігін қалалық басқарма басшысы есінен шығармауы керек!

Сабет  ДАРИБАЕВ,

жеке  кәсіпкер,

ССРО және Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау жүйесінің үздігі»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: