Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Смартфон ұрлаған балалық

25.03.2022, 10:00 478

Біреулер  Құдайдан  бала  тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді.  Осыдан басқасы бар ма?

Абай  Құнанбайұлы

(10-шы қара сөзінен үзінді)

Қазіргі кезде баланы қолында смарт­фонсыз елестету қиын. Тіпті тілі шығып үлгер­меген бала да өзіне керектісін тез тауып алатын кезге жеттік. Әрине, технологияның қар­қынды дамуы өз әсерін тигізген шығар. Бірақ смартфоннан бой алмаған бала­ның денсаулығына да мән беру керек-ақ. Себебі смартфон бүгін­де баланы жұбату­дың басты құралына айналды. Жұмысқа кедергі жаса­масын деп қолына ұстатып, мультфильм немесе ойын қосып береміз. Оған үйренген балада тәуелділік туындап, смартфонсыз ұйықтамайды, тіпті  жұбанбайды  да.

Смартфонға деген тәуелділік – тек қана балалар арасында емес, ересектер арасында да қарқын алып келе жатқан ахуал. Одан денсаулық пен ой-санамызға келетін зиянның мөлшеріне мән бере бермейміз. Үлкен­дер тәуелді болып, жүйкелері сыр беріп жатқанда, өмірін енді бастап келе жатқан балалардың  психикасына  не  болмақ?

– Балалардың смартфон мен планшетке тым жақын болуына ата-ананың өзі кінәлі. Өйткені олардың баласына уақыты жоқ, оның орнына гаджет беріп құтылады. Екіншіден, кішкентай балалардың бос уақыты көп, бірақ олар не істеу керектігін білмейді. Сонымен қатар, олар ересектердің іс-қимы­лын қайталайды. Ал ата-ана кешке жұмыс­тан келіп, уақытын телефонмен өткізетін болса, онда балалар мұны қалыпты жағдай деп санап, соған тез бейімделеді, – дейді психолог Дина  Махашева.

Сонымен қатар маман мұндай жағ­дайда отбасындағы ішкі тәрбиеге мән берген  жөн  деп  санайды.

Ал балалар және ересектер психо­логі, ойын те­ра­пия­сы, травмотерапия маманы  Ақгүл Құсайын «EL.KZ» ақпараттық таным­дық портал­ына берген сұхбатында бұл  проблеманы  былай  түсіндіреді.

– Бұл мәселе, әсіресе, карантин кезінде қатты белең алды. Пандемияға байланысты балалар үйден шықпай өзімен-өзі отыруға мәжбүр болды. Бұл тек қазақ қоғамына ғана тән емес, бүкіл әлемге тән кезең болды. Әсіресе, жасөспірімдер карантин кезінде смартфонға тәуелді болып қалды. Керісінше, бұлар нағыз ата-анаға тәуелсіз болатын, өзін жеке тұлға ретінде сезінетін, достарымен көбірек уақыт  өткізіп, басқа бір  топқа  тиесілі болу­ға ұмтылатын, сол топтың ішінде өзінің рөлін анықтап, өзінің кім екенін, өмірдегі мақсатын айқындайтын маңызды кезеңде жасөспірімдердің төрт қабырғаға қамалуы смартфонға тәуелділікке әкелді. Жалпы, бұл мәселе – карантиннен бұрын да бар проблема. Әсіресе көпбалалы отбасыларда ата-аналары балаларына жеткілікті деңгейде көңіл бөле алмай жатады. Жұмыс, күйбің тірлік, тіршілік  қамы  деп  тізбектей  берсек болады. Әр бала әр бұрышта өз ісімен шұғылданып, елеусіз  қалып  қоятын отбасылар бар. Мұның кері әсері көп. Смартфонға тәуелділік проб­лемасының астарында ата-анамен байла­ныстың  үзілуі   жатыр. Біздің орталыққа қанша­ма  ата-ана  келеді. Смартфонға тәуел­ді  балаларды  қалай жөнге саламыз, не істесек  болады деген сұрақпен, көмек сұрап келеді. Баламен шешіліп сөйлесіп, ойын терапиясы арқылы немесе өзге де әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, мәселенің түкпіріне үңілгенімізде көбінесе жалғыздық себепші болып жатады. Бала осы бір шынайы әлемде қарым-қатынас­қа  түсетін  адам жоқ болғандықтан осындай  проблемамен  бетпе-бет  келеді…, – дейді  ол.

Бірер  жыл  бұрын АҚШ  ғалымдары  2-3 жас аралығындағы 47 баланың миына арнайы зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде күніне бір сағаттан артық смартфонда отырған баланың миындағы сөйлеу және жазу қабілетіне жауап беретін талшық­тың қызметі бұзылғанын анықтайды. Ал бұл қабілеттен мақұрым қалған бала қоғам былай тұрсын, ең аяғы ата-анасымен сөйлесуден қалады екен. Мұны қазір біздің дәрігерлер де растап отыр. Психологтер күніне 75 минутын  телефонға  арнаған адамда  автоматты  түрде  тәуел­ділік  пайда  болатынын  айтады.

Бірақ ең сорақысы, баланы смартфонға тәуелді ететін ересектердің өзі. Қонақта болсын, үйде болсын мазасы кетіп жылаған баланың қолына телефон ұстата қоятын ата-ана көп. Бүгінгі баланың «күтушісі» де, «тәрбиешісі» де, «мұғалімі» де, сырлас, мұңдасы  да – смартфон.

Қу дүниенің соңынан қуамыз деп ұрпа­ғымыздың тәрбиесін ұмытпайық. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме?  Жоғарыда  хакім Абайдың айтқанына да бір сәт ой жүгір­тіп  көрейік.

Дамир  СЕИЛХАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: