Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалықтар неге жарықсыз қалды?

08.12.2020, 18:40 713

Апта басында қаланың біршама бөлігінде жарық өшіп қалып, салдарынан онсызда сын көтермейтін жылу мен ауызсу жүйелері істен шыққан. Сөйтіп, бір сәтте қала тұрғындарының көпшілігі жарық, жылу мен ауызсудан қағылып, қытымыр қыстың аязында «қырау» басып қалды. Үйін тоқ пешпен әзер жылытып отырған тұрғындарды әбігерге түсірген бұл оқиғаның жай-жапсарын сейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов түсіндіріп, басқа да мәселелер жайында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазір жағдай қалыпты болса да, подстанциялардың ескілігінен ақау қайта шығуы әбден мүмкін.

– Ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында жергілікті уақыт 18:25 шамасында 220 киловольтті №202 линияда «Байқоңыр Энерго» Ресей Федерациясына қарасты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның теңгеріміндегі электр желілерінде ақау болды. Нәтижесінде, «КРЭК» акционерлік қоғамының және «Қызылорда жылу электр орталығының», «КазТрансГаз», «Қызылорда су жүйесі» мекемесіндегі бүкіл электр қондырғылары істен шықты. Салдарынан қаламыздың 30 пайыздан астам тұрғыны электр жарығынсыз қалды. Бұл ақаудың зияны тұрғындарға беріліп жатқан ауызсу мен газге де тиді. Жылу желілерінің 6 учаскесінде ақау шығып, 330 тоннадан астам су далаға кетті. Бұны қайта қалпына келтіру үшін скважиналардан мұздай су қайта жылу желілеріне айдалып, жылудағы температура түсіп кетті. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі мен Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне болған оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін хат жолдадық,- деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Аймырзаұлы.

Ресейлік компанияның Қызылордадағы қосалқы станциясында болған апатты ағытылудың басты себебі электр кернеуінің өз деңгейінен 25%-ға түсіп кеткендігінен болған. Мамандардың айтуынша, оны 5%-дан артық түсіруге болмайды екен. Ақау алып келген мәселе бұл ғана емес. Қашықтан оқыту кезінде болған оқиғаның кесірінен көптеген тұрғындардың компьютерлері мен басқа да тұрмыстық техникалары істен шыққан. Тұрғындарға келтірілген шығын саны әлі де белгісіз. Дегенмен, ол шығынды өндіріп алуға әбден болады екен.

– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң бар. Соған байланысты кез келген тұтынушы сапалы қызмет алуға толықтай құқылы. ҚР Азаматтық кодекснің 486-бабына сәйкес, энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясының сапасын ұлттық нормативтерге сай етіп беруі тиіс. Тұтынушыға залал келтірілген жағдайда ол дереу тиісті мекемелерге хабар беруі қажет. Сонымен қатар, істен шыққан құралды бейнежазбаға түсіріп алған жөн. Тиісті мекеме сіз берген хабарға байланысты құрылғының істен шығуына не себеп болғанын анықтайды. Іс сотқа дейін жетуі мүмкін. Келтірілген залал расталса, мекеме шығынды толықтай өтеуге тиісті,- деді Қызылорда облысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Жайбергенұлы.

Апатты оқиға кезінде Қызылорда қаласын электрмен қамтамасыз ететін 5 әуе желісінің 3-еуі істен шыққан. Жалпы, Қызылорда электр тарату компаниясының құрамында 12 мыңнан астам электр желілері мен 2000-ға жуық подстанциялар бар. Олардың 60%-дан астамының тозығы жеткен екен. Басқарма басшысының айтуынша, барлығын бірдей жаңарту мүмкін емес. Оған қыруар қаржы керек. «Жылына 4-5-еуден жаңартып жатырмыз» деген ол 1 подстанцияны жаңарту үшін қуаттылығына байланысты 500 миллион мен 1,5 миллиард теңгенің аралығында қаражат керек екенін айтады.

Бір қызығы, Руслан Аймырзаұлы тұрғындарға UPS құрылғысын сатып алуға кеңес береді. Бұл сөзімен басқарма басшысы мұндай апат әлі де болатынын жеткізгісі келді ме, әлде бұл құрылғының құнынан бейхабар ма білмедік, әйтеуір, тұтынушылардың істен шыққан техникасы жайлы қойылған сұрақты осылай қысқа қайырды.

Қазіргі уақытта жағдай реттелген. Ескі, апатты жағдайдағы подстанцияларға тексеріс жұмыстарын міндетті түрде жүргіземіз дейді. Басқарма басшысының айтуынша, апат болған аумақта бұрын-соңды тексеріс жүргізілмеген секілді. Не болса да, даулы апаттың түйінін алдағы уақытта білетін боламыз. Шыны керек, қаламызда жарықты ескертусіз өшіру жиі болады. Бірінде апат деп ақталса, бірінде «ремонт» деп дүрсе қояды. «Қашан «жұртқа» ұқсап, «қараңғы» заманда жарық үйде отырады екенбіз» деген қара халықтың уайымы әзір шешілмейтін тәрізді. Әйтпесе, басқарма басшысы қойылған сұрақтарға «ескі», «қиын», «ауыр» деген жауаптармен құтылар ма еді?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: