Бүкіл әлемнің назары – футболдан әлем чемпионатында. Төрт жылда бір келетін бұл аламан дода алғаш рет ислам дінін ұстанушы елде өткізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Азияның таяу шығысында орналасқан Катар мемлекетінде. Numbeo статистикасы бойынша бұл ел ең қауіпсіз болып саналады. Ал, Қазақстан мемлекеті қауіпсіздік рейтингінде қылмыс индексі 54,02 және қауіпсіздік индексі 45,98 болып 97-орында тұр. Жалпы, бұл зерттеу 130 елдің арасында өткізілген. Numbeo сарапшылары әлемнің әртүрлі елінде болу қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екенін бағалаған. Статистикаға қасақана кісі өлтіру, тонау, зорлық-зомбылық сияқты қылмыс түрлері енгізілген. Бұл ретте бағалаудың негізгі ақпарат көзі осы елдердің тұрғындары мен оларға келген туристердің кері байланысы арқылы жүргізіліпті. Десе де, мұндай рейтингте қазақ елі көштің соңында екені қынжылтады. Статистикаға қарап, Қазақстан да құл ұстаудан кенде емес сыңайлы. Өткен жылы 103 адам, ал осы жылдың алты айында 52 азамат адам саудасының құрбаны болыпты. Өз еліңде табаныңды тілсе де еркін жүре алмайтының өкінішті. Қазақ халқы өзін асыл тұқымды жылқыға теңейді. Шауып келе жатып, зорығып жығылған жылқының күйін қазақ қазаққа көрсетуде. Осы тұста Абай Құнанбайұлының жиырма төртінші қара сөзі еске түседі. «Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?». Бұлай деуіміздің себебін түсіндірейік.
Қызылорда облыстық полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен (әрі қарай – ҚР ҚК) адам саудасына қатысты бес жылдың көлемінде облысымызда мынадай мәліметтер тіркелген. Мәселен, пайдалану мақсатында адам ұрлау бойынша ҚР ҚК-нің 125-бабымен 2018 жылы – 0, 2019 жылы – 2, 2020-2021 жылдары – 1, 2022 жылы 2 қылмыстық іс Қызылорда облысының полиция департаментінде анықталған. Аталмыш департаменттің мәліметінше, пайдалану мақсатында бас бостандығынан айыру бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабымен 2018 жылы – 3, 2019-2020 жылдары – 1, 2021 жылы – 2, 2022 жылы – 1. Адам саудасы бойынша ҚР ҚК-нің 128-бабымен 2018 жылы 1 қылмыс тіркелсе, 2019-2022 жылдары мүлде анықталмаған. Кәмелетке толмағандарды саудаға салу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабымен 2019 жылы және 2021 жылы 1 реттен болған екен. Ал, жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша ҚР ҚК-нің 308-бабымен 2018 жылы 2 аталған қылмыс анықталса, одан кейін 4 жыл көлемінде «арсыз базармен» айналысушылар жоқ екен. Бірақ өңірде жеңгетайлық кезінде өршіп тұрған-ды. Бұлай деуіміздің себебі, жеңгетайлық және притондар ұстау бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабымен 2018 жылы – 14, 2019-2020 жылдары 3-еуден, 2021 жылы 2 қылмыс тіркелген. Биыл жеңгетайлық атымен жоғалыпты. Бір қуантарлығы, біздің өңірде соңғы бес жылда адам органдары мен тінін алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу, сондай-ақ кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары жоқ.
Дөп-дөңгелек ғаламның біз білмейтін сыры көп. Себебі бүгінгі күні сау адамның санасы жетпейтін істерді жасап жүргендер жетерлік. Содан төрт аяқты жануардан еш айырмашылығымыз жоқ болып қалатыны сөзсіз. Тек екі аяқты деп бөлінетін жағдайға жеттік. Қылмыстың арты жаза болса да, уыздай ұйыған қазақтың арасында жауыздық көбейді. Өзінің мүддесі үшін өзгені пайдаланатындарға жаза бар ма? Бұл жөнінде жауапты мамандар сөзімізді сабақтасын.
– Адам саудасы бағытында тұлғаның әрекетіне байланысты қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылады. Адамдар қылмыстық кодекстің төмендегідей баптары бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасаса: адам органдары мен тінін алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу (ҚР ҚК-нің 116-бабымен), адам ұрлау (ҚР ҚК-нің 125-бабымен) қылмыстың санатына байланысты қылмыстық жауапкершілік 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болса, жезөкшелікпен айналысуға тарту (ҚР ҚК-нің 308-бабымен), жеңгетайлық және притондар ұстау (ҚР ҚК-нің 309-бабымен) кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді Қызылорда облысының полиция департаментінің басқарма бастығы Т.Шонаев.
Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілік бойынша да бір-екі ауыз айта кетті. Оның айтуынша, қоғамдық орындарда тиісу (ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен) жеке тұлғаға ескерту жасауға не бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқса, ал жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну (ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабымен) қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін үш айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға және лауазымды адамдарға – бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бұрындары қалталы азаматтар адамды ашықтан-ашық құл етіп ұстаса, қазір өркениетке ұмтылған заман адамды құл қылуға мүмкіндік бермейді. Дей тұрғанымен, байшыкештер өзіне тиесілі еместі иемденіп, оны шетелге саудалап, пайда көруге дәнігіп алған. Республика көлемінде мұндай қылмыстар анықталған. Ал, Сыр бойында аталған қылмыс деректері анықталған жоқ, ол бағытта алдын алу және болған қылмыстарды анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Адам саудасымен айналысатын адамдар сақ жұмыс істеген соң ба, ұзақ уақыт көлемінде ұсталмайды. Көбі төрт-бес жыл айналысқаннан кейін барып анықталуда. Себебі құлдықта болған адамдар бір ай болдым деп емес, бірден жылдармен атайды. Мұның жайын жауапты маманнан ашық сұрадық.
– Ол жағынан келісуге де, келіспеуге де болады. Әр қылмыс дәлелдеу жолына байланысты, мысалы көпшілік өз келісімімен болса, кейбіреуі адам саудасының құрбаны болғанын айтқысы келмейді. Егерде әр азамат адам саудасы туралы мәліметті құзыретті органдарға уақытылы хабарласа, біздің тараптан әрдайым нақты жұмыстар атқарылып, кінәлі тұлға жасаған қылмыстық әрекетіне байланысты жауапкершілікке тартылады, – дейді Талғат Шонаев.
Басқарма бастығының айтуынша, адам саудасы мәселесі күрделене түсуде. Оның жасалу жолдары сан алуан болғаннан кейін оны анықтап, дәлелдеу мамандарға қиындық тудыруда. Сол себепті қазіргі таңда адам саудасы бойынша бөлім құрылып, алдағы уақытта осы мәселемен бір бөлім айналысады.
Қызылорда шағын облыс болса да, адам жоғалу дерегі жиі кездеседі. Құзырлы органдарға жүгінгенмен, 24 сағаттан кейін іздеуді бастайды деген түсінік қалыптасқан. Алайда жауаптылар мұнымен келіспейтінін жеткізді.
– Аталған жағдай бойынша мүлдем келіспеймін, себебі адам жоғалғаны туралы хабарлама арыз түскеннен бастап белгіленген тәртіппен жұмыс атқарылады. Бұл бағытта Ішкі істер органдарында іздеу бағытында мамандандырылған топ, бөлім жұмыс атқарады. Тергеу, іздестіру жұмыстары барысында адам саудасы құрбаны болуы мүмкін анықталған жағдайда біздің бөлім де қосымша жұмыс атқарады, – деді басқарма бастығы Талғат Шонаев.
«Азаматтық және саяси құқықтар туралы», «Адам құқығын қорғау туралы» заң қабылданып, Үкімет адам құқығын қорғауды қатаң бақылауға алуға кірісіп кетті. Демек, адам саудасы елімізде көп болғаннан кейін мемлекет тарапынан адам құқығын қорғау әлсіз болып тұрғаны ма? Бұған дапартаменттің басшысы «аталған заңның, қаулының, ережелердің қабылдануы ол Үкіметтің әлсіздігі емес, әлемде адам саудасы, басқа да есірткі, қару сату қылмыстардың өршуін ескеріп, алдын алу бағытында қолданып жатқан іс-шара деп қабылдаймын» деп пікір білдірді.
Сонымен, мамандар адам саудасы өңірде бар екенін жасырмады. Бара-бара өршіп бара жатқанын да мәлімдеді. Оның алдын алу жұмыстары жүргізілгенмен, адам саудасын кәсіп қылғандардың айласы көбейіпті. Осы жылдың 2-тоқсанында әлеуметтік желіде Дубайға жұлдыз боламын деп барып, құлдықта болған қыздар жайында фильм танымалдылыққа ие болды. Өмірден алынған оқиға болғаннан кейін көпке ұнауы да заңдылық. Десе де, сату мен сатылуға қашан тоқтам болар екен? Адам құқын қорғауды заң жүзінде басты назарға алған жөн шығар.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!