Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоқыс қайда кетеді?

08.07.2021, 11:30 1380

Қаладан шыққан қоқыс қайда кетеді? Бұл сұрақ кімді болса да қызықтырары анық. Қала орталығын қоқыстан арылта алмай отырғанымыз жасырын емес, қара халық пен жауаптылар жаға жыртысып, әлі күнге дейін бір мәмілеге келе алмауда. Оны былай қойсаң, көшеден алынып, шаһар сыртына шығарылған қоқыс­тың айналасында да мәселе  көп. Қаламызда күн сайын 200 тонна тұрмыстық қалдықтар шығады. Жаға ұстатар көрсеткіш. Ең қорқыныш­тысы  бұл  емес, осы қоқыстың өңделіп, сұрыптала­тыны   10 пайызға әзер жетеді. Демек, шаһардан  шыққан  қоқыс­тың басым бөлігі қара жерге көміліп жатыр. Олардың арасында ғасыр өтсе де «ерімейтін» қалдықтар көп. Жауаптылардың басқа амалы жоқ. Себебі, қалдықтарды өндейтін құрылғыларға ақша жоқ. Ал жер  астында жатқан шикізаттардың ертең қандай залал келтіретіні  белгісіз.

Экология мәселесі әлемді әбірге салып отыр. Өңірімізде де бұл тақырып өзекті. Қарапайым қоқыстың өзі түрлі мәселелерді үйіп-төгіп береді. Күні бүгінге дейін қоқыс тастау полигоны тұрғындардың сынына қалып жүрді. Будақтаған түтін мен жағымсыз иіс жақын маңда тұратын халықты сергелдеңге салатын еді. Қазірде жаңа полигон ашылып, бұл мәселе біршама шешіліп қалды. Десе де, бұл қаладағы қоқыс мәселесін түбе­гейлі жойған жоқ. Ел Президентінің 2013 жылы бекіткен №577 Жарлығына сәйкес, 2030 жылға қарай тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, өңдеу үлесін 40 па­йызға дейін жеткізу қажет. Оның үстіне соңғы жылдары қоқыстың жерге көмілуі де қатаң бақылауда. Бірақ, өңірімізде оны өңдейтін құрылғылар болмай тұр. Ал қоқыс полигоны болса мүмкіндігінен ары асып кете алмайды. Қолынан келгенше жарамсызды жаратуға тырысып жүр.

– Қызылорда қаласында орналасқан қалдықтарды сұрыптау полигонында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп сұрыптап, кәдеге жаратып жүрміз. Ал жарамсыздары болса көміледі. 20 гектар жер 8 картаға бөлінген. Жарамсыздарын сол жақа төгеміз. Жалпы, бұл 20 гектар жер 20 жылға дейін қызмет етеді. Ал жарам­дылары мүдделі кәсіпкерлерге сатылады. Күніне 5-10 тоннаға дейін сұрыптау жұмыс­тары жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 40 қызметкер жұмылдырылған, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің эко­логы  Жанарбек  Шаянбеков.

Бүгінде облыста 145 полигонға жер учаскелері белгіленсе, оның 7-еуі ғана экологиялық талаптарға сай. Одан бөлек, аймақта қалдықтарды сұрыптауды тұрақты түрде 3 кәсіпорын жүзеге асырып отыр. «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС-да шыны, автомашина, пластика, мата, құрылыс, тамақ қалдықтары сұрыпталса, «Smart Rubber» ЖШС жарамсыз шина­ларды өндеп, тамшылатып суаруға арналған түтіктер жасауда. Ал «Эко-Н Сервис» ЖШС құрамында сынабы бар шамдарды залалсыздандырумен айналысуда. Одан бөлек, 2018 жылдан бастап облыстық экология департаменті қоршаған ортаны электрон­ды қорғау шараларын қолға алған. Геопар­тал жүйесі бойынша космос­тық бейне-сурет­тер арқылы қала шетінде 100 рұқсатсыз қоқыс орындары анықталып, оны жою жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. Поли­гон жұмысына қатысты заң барын­ша күшейтілген. Десе де, арнайы жабдықтар алмайынша, бұл жұмыстарды бір  ізге  салу  мүмкіндігі  болмай  тұр.

– Бұл орын өткен жылдан бастап өз жұмысын бастады. Арнайы тәртіпке сәйкес, үлкен кешен орнатылды. Қалдықтар әбден сұрыпталып, бөлек-бөлек жиналады. Жаңа полигонның жағдайы бұрынғыға қара­ғанда жақсы. Күнде өртену, лас поли­гон қазір жоқ. Экологияға жақсы деп айта аламын. Бұл орынның ашылуы өңір эколо­гиясына көп пайдасын тигізеді. Әлі де қосымша құрылғылар алып, орынды кеңейтуге жұмыс атқарылып жатыр, – деді облыстық экология департаментінің бөлім бас  маманы  Сағындық  Ахметжанов.

Жақында ғана қала әкімі Ғанибек Қазан­таев полигон жағдайын білуге арнайы келген екен. Сол кезде де бұл мәселелер көтерілген. Әкім өз кезегінде шешуге болатынын айтып, жаңа құрылғыларға қатысты құжаттарды жинап, өткізуді тапсырған. Яғни, келесі жылы бұл жоба мақұлданса, қалдықтарды өңдеу деңгейі біршама артары сөзсіз. Бірақ, бұл істе еліміз кенжелеп келе жатқанын жасыра алмаймыз. Мәселен, Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды өртейді, ал одан алынған энергияны жылыту үшін қол­данады. Тұрмыс­тық техникаларды  да қайта бұзып өңдеуге жібереді. Әр үйде бірі пластмассаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттар үшін қойылған үш контейнер тұрады. Осылайша, қордаланған мәселені өз пайдаларына  тиімді  шешіп   отыр.

Әрине, бұл істе дамыған елдермен құйрық тістесіп, соңынан еру оңай шаруа емес. Десе де, өңдеу зауыттарын көбей­тіп, қалдықты қәдеге жаратудан қаражат аямаған жөн болар еді. Әйтпесе 2030 жылға қарай «жасыл экономикаға» бет бұрған Қазақстан бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырғанын ескерсек, мұндай қарқынмен 10 жыл ішінде діттеген мақсатымызға жетуіміз екіталай  секілді.

Бірақ, бар кінәні ақжағалыларға сілтеген де орынсыз. Тыныстайтын ауа мен табиғат тазалығы өз қолымызда екенінде ұмытпау қажет. Бейберекет тасталған қоқыс-қалдықтар экологияға орасан залалын тигізетінін түсінетін уақыт жетті. Әсіресе, ауыл мен қала тұрғындары қоқысты сұрыптап тастауға үйрену керек һәм соған лайық контейнерлер орнатылуы керек. Әйтпесе, табиғатты ая­лайық деп ұрандатқаннан еш пайда жоқ.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: