Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақы контент, қайда барасың?

17.02.2022, 9:30 606

Бүгінде «Балапан» балалар арнасының тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болды. Қазақ тілінде хабар тарататын арнаның кішкентай балалар үшін бергені мен берері мол. Телеарнамен жас­ты жасөспірімдердің сөйлеу тілі ерте қалып­тасып үлгергенін де көрдік. Үйдегі жас өскін біздің «папа мен маманы» «әкешім, анашым» деп үйренді. Әрине, айтылғанның барлығы – ешкімнің үйретуінсіз, бағыт-бағдарынсыз болған дүниелер. Көзбен көріп, естігенді айтуы бәрімізге үлгі боларлықтай. «Балапанның» қазақ ертегілерін, батырлар жыры мен миф-әңгімелерін үйлесімді суреттемелер арқылы көрерменге ұсынып, кішкентай балдырғанды өз халқының тарихын біліп өсуге бағыттағаны көңіл қуантарлық іс. Алғашқыда «Балапаннан» көрерменге жол тарт­қан, «Ойлан, тап», «Кел, ойнайық», «Бауырсақ» – балақайдың дамуына айтарлықтай үлес қоса білген туындылар. Қазіргі 10-15 жас шамасындағы балалар «Балапаннан» бағыт алған. Яғни, ерекше ойлана білетін, өзіндік таным түсінігі қалыптасқан бүлдіршіндер.  Қазақша  сөйлеп, қазақы ұғыммен көгілдір экран арқылы қалыптасқанын  да  жоғарыда  айта  кеттік.

Ал қазір ше? Айтып ауыз шаршаған ұялы  телефон «Балапан»  салған бағытты өзгерткен десек келісесіз бе? Оған себеп бүгінде теледидарға телміріп отыр­ған бала көрмейсің. Тіпті, бесік­тегі сәбиді де бұрынғы «Бесік жырымен» емес, смартфонның музы­касымен әлдилейтін болғанбыз. Еңбектеп, ес жиған шағында тағы да құлағымыз­дың тыныштығын көздеп телефонмен алдаусыратқан болдық. Иә, құмға аунап, аунағанынан қалғанын шайнап өскен бала жоқ-ау қазір. «Киімі былғанбасынның» қамымен санасын былғап жатқанымызды әлі де байқамай келеміз. Әсірелегендік болмас, қазақ баласының тілі қазақша шықса қуанатындай күйге жақындадық. Олай дейтініміз, жұмысбасты ата-ананың қадағалауынсыз қалған бүлдіршіннің бар уақыты ұялы теле­фонмен өтуде. Сымсыз байланыс құралына жіпсіз байланып, таңнан қара кешке дейін мультфильм қарайды бәрі. Манағы айт­қан «Балапаннан» берілетін «Әли мен Ая», «Ғажайыпстанға саяхат» сынды үйретері мол мультфильм болса мейлі ғой. Атыс-шабыс, аниме, жағымсыз персонаждар – бала психологиясына кері әсер етуші фактор. Тағысын тағы-ақ, мұның барлығы орыс тілінде. Тілі шығып, сөйлеп үлгерместен балдырғандарға телефон ұсынамыз, не көріп не үйренерін байқауға тырыспаймыз да. Нәтижесінде былдырлаған баланың өзімізден асып орысша, кейде тіпті, ағылшынша сөйлеп жүргенін көреміз. «Балам орысша сөйледіге» салып, «алақайлап»  қуанамыз-ау  тағы.

Бұл  турасында 6  баланың анасы Фарида Ұзақбергенова: «Кешегі онлайн сабақ уақытында мектептегі 3 ба­ла­ма телефон алып бермеске болмады. Карантин аяқталып, оқу бұрынғыша өзгергенімен телефоннан ажырамаймыз әлі. Көздері ауыратынын өздері байқамайды ғой, бала емес пе!? Бірақ пайдасы да жоқ емес. Кезекті бір жиналыста 1-сыныпқа баратын қызымның көбінде орысша сөйлейтінін мұғалімі мақтап, қуанып қалдым. Негізі, үйде қазақ тілінде сөйлесеміз. Орысша сөйлеп, тілі жаттыға берсін деп ішім жылынып қалды. Себебі, алдынан қай кезде болмасын орыс тілі шығады емес пе!?»  – дейді.

Шындығына тура қарап «Ең сорақысы осы-ау» деп аяқ тартып, қорқатын жағдай емес пе!? Қылықты балақайдың айтқан әрбір сөзін қызық көріп, тоқтау да қоймаймыз. «Дегенім дұрыс екен» деп бүлдіршін тағы мәз. Осылайша өзге тілге бой үйретіп, өзге ұлтқа қызығушылығы артып, құмартады ғой. Тіл үйренгені жақсы әрине, бірақ, ана  тілі  не  болмақ?

Осы тұста алғашқы қазақтілді бала­лар арнасы «Балапанның» көмегі керек-ақ. Қазақы контенттің қайнар бұлағы болған арнаның бүгінгі ахуалы қалай? Қазірде арна эфирінде үйретер тағылымы мол бағдарламалар жоқтың қасы. Иә, алғашқысымен салыстырғанда «Балапан» бағдарламаларының да сапасы төмендегені рас. Мүмкін осыдан болар о бастағы асыға күтетін көрермені де аз. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» болған «YouTube»-тегі орысша мультфилмдер де бар. «Заманның талабы солай» деп арқамызды кеңге салып, кеудемсоқтық жасау қате. Баланы жасынан-ақ ана тілін біліп, құрметтеп өсуге баулу – ата-ананың алдындағы  салмақты міндет.

Заман талабына сай қадам жасап, қазақ балаларының қазақ боп қалып­тасуын ұран еткен «Ordagen.kz» бас­тамасы көңіл қуантарлық іс. Қазақ тіліндегі ертегіні аудио нұсқасымен бірге тұтынушыға ұсынған олар, ең көп тыңдалым жинаған ертегілерді мульт­фильм етіп шығарады. Ертегі жазып балаларға ұсынумен ғана шектелмей, жаңа технологияларға сай әрекет етіп, ұялы телефон арқылы балаларға  ойын  әзірлеп   жатқаны да нұр үстіне  нұр.

«…Аталғандардан бөлек көп қаралым жинаған мультфильм кейіп­керлерінің сапалы да көпшіліктің қалтасына қолайлы ойыншықтарын жасауды бастап  та  кеттік», – деді  жоба  авторы.

Бүгінде ордагендік ертегі құрас­тырушы  авторлар  саны 40-тан астам. «Ертексіз өскен бала – рухани мүге­дек бала» демекші, бала дамуына, өздігінен ойланып, дұрыс әрекет етуіне бірден-бір  бағыттаушы  ертегі  емес  пе?

Бұл  туралы жоба директоры Пара­сат Тәнен: «Бұған дейін де айта кеткенімдей, біздің ойымыз – орда бұза­тын емес, орда құратын ұрпақты тәрбиелеу. Қазіргі таңда бүлдіршіндеріміздің тілі таза қазақ тілінде емес, өзге тілдерде шығып  жатыр. Соны дұрыстайық деген мақсатта қазақ тілінде  ертегілер  кітабын шығардық», – дейді.

Ол өз сөзінде бүлдіршінді баулу бесіктен басталатынын және бесіктегі балаға ең керекті тәрбие бұлағы – ертегі екенін де алға тартты.  Ұйым өз жұмы­сын бастағалы бері Қазақстанның 7 қаласында тұсаукесер жасағанын және бұдан кейін де қазақы контентті насихаттай  беретіндігін  айтты.

Жалпы, қазірде таңмен таласа оянып жұмысқа жөнелетін ата-ананың баланы сеніп қалдырар орны – бала­бақша. Ал  қазақтілді  баланың қалып­тасуы  үшін балабақшаның рөлі  қандай? Қаламыздағы «Фарида» балабақшасының тәрбиешісі Мөлдір Әбдіқайыр: «Балабақшада  қазақ тілімен  қоса  орыс тілі де үйретіледі.  Қазіргі балалар орыс тілінде де сөйлей алады. Десек те, ең  алдымен ұлттық тілімізде ойын еркін  жеткізіп, нақты сөйлеуге  үйретеміз. Ұсынылатын  ертегілер, ойын  түрлері,  жаттығулар  мен тапсырмалар қазақша бағытта. Орысша  сөйлеп, орысша тәрбие алуына себеп болған үйдегі ұялы телефон емес пе? Көргенін қайталайтын ерме бүлдіршінге    балабақшаның  берері   мол», – дейді.

Расымен де, төрт қабырғаға қамалып, телефон тәуелділігінде қалмай, өзі қатарлы ұл-қызбен ойнап, көпшілдікке үйреніп, бауырмалдыққа бағыт алу балапандар үшін әлдеқайда дұрыс деген  ойдамыз.

Көңілге жұбаныш боларлық  тағы бір іс – «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы». Белгілі ақын, тіл зерттеушісі Байбота Қошым-Ноғайдың бастамасымен жарық көрген туынды 10 кітаптан тұрады. Аталмыш шығармалар жинағына Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлт зиялы­ларының еңбектері енген. Бала­лар әдебиеті бағытында қалам тербеген Еділбек Дүйсенов, Әдина Жүсіп сынды авторлардың өлеңдері мен әңгімелері, басқа да жұмбақтар мен жаңылтпаштар, түрлі хикаяттар «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясынан» орын  тапқан.

Баршамыз білетіндей, кеше адым­даған барыс жылын мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Аталғанына қарай біршама оң істер атқарылып та жүргенін көріп жүрміз. Балалар әдебиеті жаңарып, кітапхана сөрелерінің ұлғайғанын да байқадық. Осы орайда жаңа технологияны да жаңаша бағытынан дәріптеуіміз керек сияқты. Мемлекет тарапынан көрсеті­летін қолдау мен «ұлтым» дейтін ұл мен қыздың, білімді де тапқыр балдырғандардың  күші  біріксе, ол  күн де туар деген сенім мол. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұлт баласының ұлттық тілде қалыптасуына бірге әрекет ете­йік. Тілі жойылған жұрттың өзі де жо­ғалады емес пе? Демек, қазақ ұлтын сақтау – қазақ тілді ұрпақтың  қолында.

Жәмила ЕРМАХАН,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: