Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанға «атом бомбасы» секілді қауіп төніп тұр

10.04.2025, 8:20 630

Халықаралық Kaspersky Lab компаниясының былтыр жүргізген сауалнамасындағы сұмдық статистикалық деректер дабыл қағуға толық жетерлік болып отыр. Балалар үшін әлеуметтік желіге шектеу қою бәрі қолдайтын, бірақ барлық ата-ана бірдей жүзеге асыра алмайтын шешім секілді көрінеді.

Бүгінгі тақырыбымыз жасөспірімдер мен жастардың әлеуметтік желісіне тосқауыл қою, телефонға телмірген балаларға бақылау жасау мәселесіне бағытталмақ.

«Бала жыламаса болды» деп телефонын беріп құтылатындар жетеді бүгінде. Әсіресе, мұны жас отбасылар арасында жиі байқаймыз. Журналистік қызметіміз болғандықтан, сұрақ та қоямыз. Уәжі бар, «ойыншықпен ойнамайды, тез жалығады» дейді. Жалпы, мамандар телефонға деген тәуелділіктен «емделу» мүмкін екенін, ол үшін арнайы психотерапиялық жұмыстан бөлек, отбасылық көмектің маңызы зор екенін айтады. Бұл не деген сөз? Яғни, ең әуелі отбасында телефонға қатысты режим, нақты талап пен бақылаудың болғаны дұрыс. Ал, балаңызға тек телефон ұсынбай, ойыншықтарын алмастырып беруді әдетке айналдырғанның пайдасы бар. Бұл лайфхак өз жемісін береді. Өйткені, баланың жап-жаңа ойыншықтан да тез жалығатынын жақсы білеміз» деп «Халық» газетінде бұған дейін жарияланған «Цифрлық аутизм» – қолдан жасалған қауіп» тақырыбындағы мақаламызда жазған болатынбыз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  БАЛАЛАРДЫҢ   88%-ында  ЖЕКЕ  СМАРТФОН БАР

Шынын айту керек, бұл термин соңғы жылдары қолданысқа енді. Тіпті, телефонға қатысты адам шо­шырлық мәліметтер мен статистикалық деректер айтыла, жазыла бастады.

Бұған дейін халық қалаулысы Жарқынбек Амантайұлы Премьер-­министрдің  бірінші  орынбасары  Роман  Склярға және Премьер-министр­дің орынбасары Ермек Көшер­баевқа жолдаған депутаттық сауалында бірқатар адам сенгісіз ақпаратпен  бөліскен  еді.

Оның сөзінше, әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жариялағанынан бейхабар. Сондықтан да, олардың 62 пайызы перзенттерінің уақытын бақылау үшін ешқандай шектеу қоймайды. Бұл дегеніңіз – нағыз ойлантарлық жағдай.

– Әлеуметтік желінің рухани-мәде­ни зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз. Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауал­намаға назар аудар­сақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні  белгілі  болды.

Жасөспірімдердің 74 пайызы – TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы Instagram-ды белсенді пайдаланады.

4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп ғана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті, – дейді Ж.Аманта­йұлы.

Шыны керек, телефонның зардабы, әлеуметтік желінің зияны барынша айтылып-ақ, жазылып-ақ жатыр. Смартфонның бала денсаулығына кері әсерін тізбектейтіндер де өз бала­сына тосқауыл қоя алмай отырған сыңайлы. «Олай емес» дейін десең, статистикалық деректер көп нәрсені  айғақтап  тұр.

БАЛА  ТЕЛЕФОН  ҰСТАСА  БОЛДЫ, ТЫНЫШТАЛА  ҚАЛАДЫ

Әлеуметтік желілерден пайдалы контентті де табуға болады. Оған дау жоқ. Бұл жерде басты мәселе – кішкентай балалардың телефон ұстаса, тыныштала қалуы, жасөспірімдердің «ауру ошағынан» бір елі ажырамауы.

Бұл жайт ақын, депутат Жанарбек Әшімжанды да бейжай қалдырмайды. Ол «Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелесек, атом бомбасынан кем  болмай  тұр» деп пікірін ашық айтып  отыр.

– Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ, опық  жейміз.

Бұл ретте, балалар мен жасөс­пірімдер арасында ТикТок кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 миллион қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің  негізгі тұтынушылары да – сол бесік­тен белі шықпаған балалар мен жас­тар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарын жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТок-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес. Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан, – деп  күйінішін  білдіреді  ол.

Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіптің «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деген сөзі сәтті шығып, қоғамда кеңінен  тараған  еді.

ҚАЛТАФОННЫҢ  ҚҰЛЫ  БОЛҒАН  ҰРПАҚ…

Негізінен, XXI ғасыр «пандемиясының» емі соншалықты қиын емес. Ол үшін  міндетті  түрде  балаға  бақылау, белгілі  бір  мөлшерде  шектеу керек.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Корея, Канада секілді елдер ондаған сауық­тыру орталығын ашып, заманауи гаджет­терге тәуелділерді емдеуді бастап кетті. Оның арасында балалардың көптігі алаңдатады. Әлеуметтік желіге Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Австралия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және тағы басқа елдер тыйым салып, елдің болашағы үшін барынша шаралар қабылдап, іс-әрекет  етіп  жатыр.

Мысалы,  Қытайда 2023 жылы кәмелетке  толма­ғандардың  мобиль­ді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы  ұсынылған. Яғни, балалар кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалана алмайды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон ұстауға тыйым салып, заңнамалық деңгейде  реттеуге  тырысты.

Алысқа бармай-ақ  көрші елдер­дің практикасына бір тоқталсақ. Әлемжелінің  ең танымалы саналатын Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы  контентке бақылауды кү­шей­туді Ресей, Қырғызстан, Өзбек­стан мен Тәжікстан да қолға алды. Қазір бұл кеселден келетін зардапты «құрықтау» оңайға соқпайтынын бәрі біледі. Сондықтан, халық қос қолын көтеріп қолдайтын заң биылдан қалмай  қабылданатын  да  сияқты.

Бұған дейін де «Халық» газетінің тілшісі Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахмет­жанұлын әңгімеге тартып, «Телеф­онға «шұқшиған» оқушы­ларды көріп шошимын» деген тақырып­та  көлемді  мақала  жазған еді.

Әрине, қалтафонның құлы болған ұрпақтың нендей қауіпке душар болғанын санап тауыса алмаймыз. Осы орайда, бір ғана деректі мысалға алып көрейік. Қазір жер-жаһанда көзі көрмейтін ұрпақ күрт көбейген. Офтальмолог дәрігерлер мұны растайды. Бұл – әлгі смартфоннан келген зиян-зардаптың адам баласының бетіне шығып, анық көрініп тұрғаны ғана. Әйтпесе, сананы улап, сан-саққа жүгірткен «цифрлық аутизм» атты термин нағыз аждаһаға айналып, рухани  апатқа  әкеліп  соғуда.

Рыскелді  ЖАХМАН

Коллаж: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: