Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалының құрметті азаматы атағынан неге қағажу қалды?

26.01.2023, 10:40 341

Ардагерлер – ардақтымыз. Осындай санатты иемденген жандардың қоғамдағы алар орны бөлек. Ол кісілердің қашанда абыройы асқақ, мерейі үстем. Әсіресе иығына қару асынып, бейбіт күнді жақындатуға атсалысқан майдангерлерге қандай мақтау сөз айтып, қалай кұрмет  көрсетсек  те  артық  етпейді.

Жұмыр жер бетіндегі біраз елді от-жалын­ға ораған, екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғы­сының зардабы мен қасіреті аз болмады. Аталған алапаттың тақсыретін Кеңестік Социалис­тік Республикалар Одағының құрамына кіретін Қазақстан, оның ішінде Қазалы ауда­нының халқы да әбден тартқандығы тарих жылнамасында анық қатталған. Басқалардан қалыс қалмаған аумақ тұрғындары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұранына бір кісідей үн қосып, жанқиярлық пен табандылық  көрсете  білді.

Туған жердегі әскери комиссариат арқылы Отан қорғау жорығына он бір мыңдай адам алынып, оның бес мыңға жуығы жан алып, жан беріскен қанды шайқас алаңында қаза тап­ты. Мәңгілікке өшпейтін ерен ерлігімен даңқы шыққан Үрмәш Түктібаев, Геннадий Шляпин, Яков Михайлюк, Владимир Счастнов, Мақаш Балмағамбетов, Біліс Нұрпейісов есімді жер­лестеріміз  Кеңес  Одағының  Батыры  атанды.

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Биыл зобалаң өртінің өшіп, Жеңіс туының желбірегеніне 78-ші жыл. Ел мен жерді жау жендеттерінен қорғауға аттанып, кіндік кескен өңірге аман-есен оралған 6230-ға жете сарбаздың бұл күндері қатары мүлдем сиреп қалған. Біздің аудан мақтанышы, тірі тарих, тау тұлғаға баланған екі ардагердің ортамызда жүргеніне тәубе етеміз. Оның бірі – Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қабақ Смағұлов та, екіншісі – Әйтеке би кентінде тұратын Тілеуберген Тобабергенов.

Журналистік қызмет барысында жоғары­дағы аттары аталған қос майдангермен де жүздес­кенім бар. Олармен емен-жарқын әңгі­мелесіп, өмірі, еңбек және жауынгерлік жолы жайлы қалам тербеп, жұртшылыққа паш еткен­мін. Сонда алдыңғы толқын ағалардың көкөрім шағында қан кешіп, зіл батпан ауыртпашылыққа мойымай, ажалмен талай  рет  бетпе-бет келгендерін  анық  сезіндім.

Айта кетсек, Қабақ Смағұлов он тоғыз жасын­да оқ пен оты бораған майдан даласына барып, қолбасшы Рокоссовский басқарған ІІІ екпінді армия сапында неміс фашистеріне қарсы ұрысқа қатысқан. Станокты пулеметтің көздеушілігін меңгеріп, Тула, Орел тағы да басқа қалаларды азат етуге араласқан. Жауынгер­лік жорық үстінде ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға түседі. 1943 жылдың қарашасында медицина­лық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарам­сыз  деп  танылады.

Елге жеткен  соң  «Жаңа  басшылық», «Октяб­рь»  колхоздарында  есепші  болды. Бұдан кейін ауылдық кеңестің хатшысы, №24 орта мектебінің, №5 мектеп-интернаттың, аудан­дық оқу бөлімінің, аудандық мал сою пунктінің, Майдакөл ауылдық кеңесінің есепшісі қызметін де абыройлы атқарды. Қарт майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен,  «КСРО  Қарулы  Күштеріне – 70 жыл»,  «Маршал Г.Жуков  атындағы», сонымен бірге Ұлы Жеңістің әр  жылдардағы мерекелік медальдарын  төсіне  таққан.

Тілеуберген Тобабергенов те ажал оты шарпы­ған қарулы қақтығысқа оң-солын енді тани   бастаған бозбала кезеңде барған. Қару­лас­тарымен  бірге қиындықты бастан кеше жүріп, Польшаны,  Чехословакияны, Беларусь­ты, Кенигсберг, Калининград  қала­ларын  жау­дан  азат  етуде  жауынгерлік борыш­қа сай батыл  қимыл  көрсетеді.

Ес  біліп,  ер  жеткен ауылға 1947 жылғы тамыз айының аяғында келіп, бейбіт тірлікке араласады. Алғашында теміржолға қарасты Жол жөндеу  дистанциясында күзетшілікте істесе, бертінде ПМК-86 мекемесінде дәнекерлеуші мамандығын меңгерді. Ел дәулетін еселеп арттыру жолында аянбай тер төкті. Бұл соғыс солдатының да кеудесінде «Кенигсберг қаласын  азат  еткені  үшін», «Германияны жеңгені үшін» тағы да Жеңіс мерекесіне арналған  медальдары  жарқырайды.

«Жасымда бейнет бер, қартайған соң дәулет  бер» деген. Жастық дәуренін ел-жұртының тыныш­тығын қорғауға арнаған қос майдангер – бүгінде ұл-қыздары мен немере, шөберелерінің қызығына бөленген ардақты, абыз ақсақалдар. Бәрекелді дерміз, аудан, облыс әкімдігі атынан оларға жыл сайын Жеңіс, сондай-ақ Қарттар күні, Наурыз мерекесінде құттықтаулар жеткізіліп, сый-сияпат көрсетіліп жатады. Мұның  барлығы  да құптарлық, көңілге  жылу  ұялататын  жайт,  алайда…

Аудан әкімдігі жанындағы арнаулы комис­сияның сұрыптауы, аудандық мәслихаттың шешімі арқылы жылма-жыл түрлі салада қажырлы еңбек етіп, аумақтың өсіп-өркен­деуіне  лайықты үлесін қосқан, әлі де жұмыс­тан қол үзбей өнегелі ісімен көрінген азаматтарға «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» деген төсбелгі  мен  көгілдір лента тағылып, марапат­талып жатады. Әрине алдыңғы буынды кейінгі жас өскіндерге үлгі ету таптырмайтын тәлімді тәрбиенің ұтқыр да озық үрдісі екенін қос қолы­мызды көтере қолдаймыз.

Десек те осындай мақтау-марапаттан жүз жасты алқымдап, екі ғасырдың куәгері атанған соғыс сарбаздары Қабақ Смағұлов пен Тілеуберген  Тобабергенов  неге  қағажу  қалады?

Ештен кеш жақсы. Сондықтан да көзі тірі майдангерлерімізге аудан әкімі мен аудандық мәслихат, сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесі «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағын беруді кезектен тыс беру мәселесін шешу­дің  жолдарын қарастырғаны жөн. Лауа­зымды тұлғаларға арналып айтылған осы бір талап-тілегімізді аудан тұрғындарының жаппай  қолдайтындығы  дау-дамайсыз  шындық.

Сахи  ҚАПАР,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: