ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің,
Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың,
Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешовтің назарына
Зілді үнмен қоңырау шалған оқырман: «Қазалыда мектеп – мұраға, балабақша – бәсіреге берілген бе, немене?! Олай болмаса, ротация неге жасалмайды?!» деп дүрсе қоя берді.
Мен ауыз ашамын дегенше тұтқаны тастай салды. Зың-зың, дың-дың еткен телефон иесінің ашулы екенін айғақтап тұрғандай. Әсілі, «ротация» деген сөздің көпшілікті елеңдетіп жүргенін несіне жасырамыз?! Арасында «ойбай, несін айтасың, ана директор немесе мына балабақша меңгерушісі ауысады екен, оның орнына пәленше келеді-мыс» деген қаңқу сөздер желдей еседі.
Оқырманның сауалына (бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туылған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. – ред.) жауап қайтаруды қазалылық құзыреттілерге қалдыра тұрып, айтар сөзімізді сабақтасақ.
Ротация демекші, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің: «Бізде ротация деген түсінік те, институт та болған жоқ. Ал қазір біз оны заңға енгіздік. Әрине, ол біздің барлық әріптесімізге бірдей ұнамайды. 10, 15, 20 жыл бір мектепте басшы болған адам басқа білім ордасына ауысқысы келмейді. Бірақ, бір адамның 15 жыл бір мектепте жұмыс істеуі тиімділік мәселесіне әсер етпей қоймайтынын түсіну керек. Биыл мыңнан астам мектеп директоры ротацияға ұшырайды. Қазір «Директордың еш тиімділігі болмаса, ол басқа барған мектебінің деңгейін түсіреді» деген пікір айтылып жатыр. Мұндайда қандай да бір сұрақ туындамайды. Егер директор тиімді болмаса, онда ол аттестация арқылы жұмыстан шығады. Мұндай тәжірибе дүниежүзінде бар. Мысалы, бізде де қазақ-түрік инновациялық білім лицейлерінің директорлары әр үш жыл сайын ауысып отырады. Бұл жұмыстың сапасын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық сынды мәселелердің алдын алады» деген сөзі көкейдегі сауалды тамыршыдай тап басты. (https://www.bugin.kz/23349-aymaghambetov-biyl-mynhnan…).
Жалпы, кез келген мәселе ел ағаларын бейжай қалдырмасы баршаға аян. Мақаланы жазу барысында біз де Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, өзге де көптеген марапат-мадақтаулардың иегері Ибадулла Тілепке жолығып, балабақша төңірегінде ой қозғаған едік. Қашанда тура сөйлеп, көкейдегі пікірін іркілмей жеткізетін азаматтың лебізін қаз-қалпында көпшілікке ұсынып отырмыз.
– 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен білім беру мекемелерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі бекітілгені, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары да қамтылғаны көзі қарақтыларға мәлім.
Біздің облыста осынау әдістеме 2020 жылы Қызылорда қаласында, ал өткен жылдан бастап облыс бойынша қолданыла бастады. Ал осы кездегі тәжірибе әдістемеде ескерілмеген бірқатар жайттар барын көрсетті.
Жобалық қуаты төмен балабақшаларға осы әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз. Нәтижесінде балабақшаларда еңбекақы мен коммуналдық қызметтерге берешектер қалыптасып, қызметкерлердің заңды ренішін тудыруда.
Балабақшалардағы штат құрылымы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» №77 қаулысына сәйкес болуы тиіс. Алайда, әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз болғандықтан нақты штат саны көптеген жағдайда тиістілікке сәйкес емес.
Мысалы, Ақсуат ауылындағы 90 орындық «Балауса» балабақшасында 9 штат бірлігіне қысқартылған 25,5 штаттың (№77 қаулыға сәйкес 34,5 штат болуы тиіс) еңбекақы қорына 63,2 млн теңге, басқа да шығындарға 14,7 млн теңге, барлығы 77,9 млн теңге қажет болса, есептелген қаржы 56,8 млн теңгені құрап, 21,1 млн теңге жетіспейді. Оның 11 млн теңгесі сұйық отынға қажет. Сондай-ақ, Әйтеке би кентіндегі 140 орындық «Шұғыла» балабақшасында штат 8,25 бірлікке қысқартылып, 41,25 болды. Тәрбиеленіп отырған 140 балаға 93,6 млн теңге есептелген. Штат қысқартылғанға қарамастан әлі де 4,3 млн теңге жетіспейді. Толық штатпен 28,6 млн теңге жетпейтін болады.
Министрліктің бұйрығымен бекітілген әдістеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын орындамауына әкелуде. Қызметкерлер толық штаттың орнына 0,5, 0,75 штат бірлігімен жұмыс істеп, олардың еңбек құқықтары бұзылуда.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 42-бабының 7-тармағына сәйкес «Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылу кезеңінде шығыстардың ұлғаюына және (немесе) кірістердің азаюына әкеп соғатын жоғары тұрған органдардың нормативтік құқықтық актілерді қабылдауынан туындайтын, төмен тұрған бюджеттердің шығындарын өтеу міндетті түрде жоғары тұрған бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы жүргізіледі» делінген.
Сондықтан, министрліктің қабылданған бұйрығы жергілікті бюджет шығыстарының ұлғаюына әкелуіне байланысты жетіспейтін қаржы республикалық бюджет есебінен өтелуі тиіс.
Алдағы уақытта мұндай жағдай болмау үшін әдістемеде жобалық қуаты төмен балабақшалардың нормативіне жоғарылату коэффициенті қолданылуы керек және жылуға қажетті қаржы әдістемеден тыс бөлек есептеліп, қаралуы керек деп санаймын.
Сонымен қатар, әдістемеде экологиялық коэффициент жалпы облыс бойынша ескерілген. Арал, Қазалы аудандарында облыстың басқа өңірлерімен салыстырғанда экологиялық төлем 20 пайызға жоғары болғандықтан аталған екі ауданға да түзету коэффициенті енгізілуі қажет.
Биылғы жылы келесі 2023-2025 жылдарға арналған облыс бюджеттерінің жобалары қалыптастырылады. Егер де, оған дейін аталған әдістемеге өзгерістер енгізілмесе, балабақшалардағы қаржы тапшылығы жыл сайын қайталанатын болады, – дейді облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп.
Қарақан басының қамын күйттемей, қабырғалы қауымның жоғын жоқтаған асыл азаматтың жанайқайы оңынан шешімін тапқай!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!