Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орыстілділердің он «білместігі» немене шындық деп қабылданатын жалған түсiніктер

05.11.2020, 11:30 658

Тіл мәселесінде көпшілігіміз көңіл бөле бермейтін, бірақ қазақ тіліне деген теріс көзқарас қалыптастыратын немесе қазақ тілін білмеуді, үйренбеуді ақтап алуға бағытталған, кейде қазақ тілінің қасиетін төмендетіп, оның мүмкіншілігін жоққа шығаруға тырысатын түрлі ұғымдар мен «аңыздар» бар. Олардың біздің өмірімізге кіріп, кірігіп кеткені соншалықты, көптеген адамдар үшін бұл ұғымдар мен «аңыздар» шындық ретінде қабылданады. Осы құбылыстарды біреулер «қазақ тілін үйренуге қарсы «мифтер» деп атаса, енді біреу­лер «стеротип» (белгілі бір мәселелерге қатысты­ халық арасында кеңінен қалыптасқан жалпы түсінік. Оның қате де болуы мүмкін) деп атайды.

Қазақ тіліне, қазіргі тіл саясатына, мемлекеттік тілдің дамуына белгілі деңгейде кері әсер ететін бұл стеротиптер, әсіресе, орыстілді қауымда кең таралып­, таптаурын болғаны соншалықты оның шындықтан алыс жатқанын түсіндіру, ұғындыру, көздерін жеткізу орасан еңбекті қажет етеді. Өкінішке  қарай, бұл  көзқарастар  қазақ қоғамында да кездеседі. Орыстілді қауым бұл стеротипті өздерінің  қазақ тіліне деген  салқын көзқарас­тарын ақтау үшін пайдаланса, қазақ азаматтары бұл ертегілерді қараңғылық пен надандықтың, ұлтсыздықтың салдарынан қайталайды. Өз басым, бұл көзқарастардан құтылудың жалғыз жолы түсіндіру, халықтың сауатын ашу деп білемін.

Қазақстанның Ақпарат және азаматтық қоғамды­  дамыту  министрлігінің  «Мемлекеттік  тіл – ел бірлігінің негізгі факторы» деп аталатын жобаны (аталмыш Жоба «Азаматтық бастама­лар­ды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамның мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырылған) бастады. Оның басты міндеттерінің бірі – орыстілді қауымға қазақ тілінің қазіргі жағдайын және болашағын түсіндіре отырып­, қоғамда қазақ тіліне деген позитивті көзқарасын қалыптастыру. Алдарыңыздағы сараптамалық мақаланы осы бағыттағы зерттеуден, орыстілді азаматтармен кездесуден, пікірлесу­ден туған тұжырым деп қабылдауға да болады. Мақала­ барлық азаматтарға ой салып, қазақ тілін дамыту мақсатында жұмыс істеп жүрген жандарға ақпа­рат­тық көмек береді деген үміттемін.

1. «Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген заң бар. Өтірік. Дөңгелек үстелдер мен кездесулерде орыстілді азаматтардың көпшілігі «Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген бап бар дегенд­і алдымызға тартудан жалықпайды. Заңнан хабары жоқ жұртшылықта осы жалған ақпараттың салдарынан «Қазақстан – қос тілді мемлекет» деген көзқарас қалыптасатын сияқты. Мойындауымыз керек, 1989 жылғы «Тілдер тура­лы» заңда бұндай бап (екінші бап) бар болатын. Бұл ешқандай сын көтермейтін, адам құқығына қарсы баптың бірі болатын. Екі ұлттың өкілі, екі адам бір-бірімен қай тілде қатынас жасағысы келеді, қай тілде сөйлеседі, оны өздері біледі. Бұл мәселе ешқашан, ешбір елде заңмен реттелмейді. Сондықтан да 1997 жылы «Тілдер туралы» заңнан­ бұл бап алынылып тасталды. Алайда орыстілділердің көпшілігі осы күнге дейін орыс тілін «ұлтаралық тіл» деп есептейді. Өкінішке қарай, бұл қате тұжырымды кейде мемлекеттік қызметкерлерден де естиміз. Бұл ұғым Қазақстанда орыс тіліне заңдық тұрғыдан ерекше рөл беретіндей пікір тудырады. «Ұлтаралық қатынас тілі» ұғымын орыстілділерге түсіндіре отырып, тілді қатынас құралы ретінде қолдануда ешқандай тілге заңдық тұрғыда артықшылық берілмейтіндігін түсіндіру қажет. Ұмытпасам, академик Д.А.Сахаровтың «Евразия елдерінің Конс­титуциясы» деген еңбегінде «ұлтаралық қатынас тілі заңмен реттелмейді» деген нақты бап та бар. 

Қысқасы, егер пікірталас кезінде «орыс тілі – заң жүзінде ұлтаралық тіл ғой» деген сөзді естісеңіздер, «бұл – барып тұрған өтірік» деп ашық айта  аласыздар.

2. «Орыс тілі – ресми тіл» ұғымы. Өтірік.  ҚР «Тілдер туралы» заңында кездесетін «Ресми тіл» деген ұғым да бүгінге дейін орыстілді қоғамда­ (өкінішке қарай, қазақтілді қоғамда да) қате қабылданып келеді. Заңдарды тағы бір қарап шығыңыздар, ешқандай құжаттан (Конституция, «Тіл туралы» заң) «орыс тілі – ресми тіл» деген сөзді таба алмайсыздар. Заңда «Мемлекет­тік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем кездеседі. Демек,­ екі жерде ғана «Ресми тіл ретінде», онда да қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады. Бұл сөз тіркесі орыс тіліне «ресми тіл» статусын бере алмайды.

Екіншіден, барлық өркениетті елдердің заңдары­нда «мемлекеттік тіл» мен «ресми тіл» деген­ – бір ұғым. Біреуі тілдің статусына берілген­ атау да, екіншісі – оның қолданылуы деңгейіне берілген атау. Википедияны қарап көрсеңіздер, «мемлекеттік тіл» деген сөздің қасында, жақшаның ішінде «ресми тіл» деген сөз тіркесі кездесе­ді. Әрине, заң шығарған заңгерлер осыны білмеді ме деген сұрақ туады. Меніңше, білді. Бірақ ол кездегі, кеңес жүйесі кезіндегі саяси, тілдік, ұлт­аралық жағдай мүлдем бөлек болатын. Сондықтан бір ұғымды екіге бөліп, қазақтілділерге – «мемлекеттік тілдің» статусын беріп, ал орыс­тілділерге «ресми түрде тең қолданылады» деген тіркесті құшақтатып, екі жағын да риза қылуға тырысқан сияқты. Қазір тілдік ахуал түбегейлі өзгерді. Демек, Қазақстанда заңдық негізде айрық­ша статусы бар бір ғана тіл бар екенін ашық айтуымыз керек. Ол – қазақ тілі. Орыс тілінде  ешқандай  статус  жоқ.

3. «Тілдік дискриминация» ұғымы. Орыстілді азаматтармен кездесу барысында азаматтардың көпшілігі «тілдік дискриминация» деген саяси-әлеуметтік терминді мүлдем түсінбейтіндерін не қате түсінетіндеріне көзіміз жетті. Олардың көп­шілігі өздеріне қазақша сөйлегендерді «біздің құқығымызды бұзып, орыс тілін шеттетіп тұр» деп ұғады екен. Бір ғана мысал: Қазақстаннан Ресейге көшіп жатқан азаматтардың 37 пайызы (2013 жылғы әлеуметтік зерттеудегі дерек) өзде­рінің Қазақстаннан кету себептерін – «орыс тілі­нің шектелуі (дискриминация)» деп түсіндіріпті. Алайда дөңгелек үстелдер мен кездесулерде менің «тілдік дискриминация» деген сөз тіркесін қалай түсінесіңдер?» деген сұрағыма ешқандай нақты жауап ала алмадым. Жауап бергендердің біреуі «мен дүкенге барып, орыс тілінде бір зат сұрасам, ал маған дүкенші қазақ тілінде жауап қайтарса, орыс тілінің дискриминация жасалуы деп түсінемін» десе, енді біреуі «егер мынадай қызметті атқарушылар мемлекеттік тілді білуі қажет деген талап заңда болса, орыс тілінің шеттетілуі деген сол болады» деп жауап берді. Демек, орыстілді тұрғындар бұрынғы Кеңес Одағы кезін­дей, «бізді түсіну үшін, бізбен сөйлесу үшін басқалар орыс тілін білу керек» деген ұстанымнан құтыла  алмай  жүр.

Белгілі бір тілдік топты (ұлтты) белгілі бір тілді білмегені үшін азаматтық не саяси құқықтан айыруды, немесе белгілі бір ұлттың не ұлттардың өзінің ана тілінде сөйлеулеріне, өз тілдерін қолдануларына заң жүзінде тыйым салынуы – тілдік дискриминация деп аталады. Құдайға шүкір, біздің заңдарымызда барлық ұлт өкілдерінің азамат­тық, саяси құқығы бірдей. Ал қызметке байланысты белгілі бір тілді, оның ішінде мемле­кеттік тілді білу талабы тілдік дискриминацияға жатпайды. Мысалы, транспорт саласында жолау­шылармен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметкерлердің қазақ тілін білуі – біздің елімізде заң арқылы белгіленген талап. Қазақ жерін­де, қазақ елінде, тұрғындардың басым көп­шілігі қазақтілді азаматтар болғанда оларға қалайша басқа тілде қызмет көрсетуге болады. Қысқасы, орыстілді азаматтардың көпшілігі қыз­мет­ке қатысты қазақ тілін білу талабын немесе­ өздерімен қазақ тілінде қарым-қатынас жасауды орыс тілінің шектелуі деп қабылдайды екен.

4. Мемлекеттік тілді білудің азаматтарға міндеттілігі. Іс-шара барысында көптеген азаматтар мемлекеттік тілді білудің сол елдің азамат­тарына міндеттілігі туралы мәселе қозғады. Олар­ға қарсы пікір айтушылар «тілді заң жүзінде міндеттеу демократияға жатпайды» деген сылтау­ды алға тартты. Меніңше, бұл жерде халық­аралық тәжірибе мен халықаралық заңдарды алға тартуымыз керек. Мысалы, Испанияның тілге қатысты заңында «Испания республикасының тілі – испан тілі (кастиль диалектісі). Испания азаматтарының мемлекеттік тілді білуі міндетті болып табылады» деген баптар бар. Осыған ұқсас баптар Балтық жағалауындағы елдерде, Израиль мемлекетінің заңдарында да кездеседі. Қазақстан заңдарында бұндай бап жоқ, бірақ осыдан он жыл бұрын қабылданған, республиканың ұлттық саясатының негізгі бағытын анықтайтын «Ұлт бірлігі доктринасында» мемлекеттік тілді білу әр азаматтың «парызы және міндеті» деген жолдар бар. Демек, келешекте мемлекеттік тілге қатысты­ жаңа заң қабылданатын болса, азаматтарға өздерінің мемлекеттік тілін білуді міндеттейтін баптың болуы әбден мүмкін. Бұл талап адам құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді.

Осы жерде тағы бір мәселені ескерте кеткен дұрыс сияқты. Қазақстанда орыс тілін білу міндетті емес. Мемлекеттік мекемелер немесе мемлекеттік қызметкерлер сіздерден қазақ тілімен қатар орыс тіліндегі сұрақнаманы тол­тыруды немесе құжаттың орыс тіліндегі мәтінін қоса тапсыруды талап ете алмайды. Бұл – нағыз заңсыз  талап.

5. «50/50 пайыз». Телехабарлар мен радио хабарла­ры туралы сөз болғанда, ондағы хабарлардың елу пайызы қазақ тілінде, елу пайызы орыс тілінде болуы шарт деген тұжырымды да жиі естиміз. Екі тіл тең дәрежеде талап етілетін сияқ­ты. Дұрыс емес. Шындығында, заң жүзінде «мемлек­еттік тілдегі хабарлар елу пайыздан кем болмау керек» деген талап бар. Демек, қазақ тіліндегі хабарлардың 99 пайыз болуы да мүмкін. 

6. «Қостілділік» ұғымы. Кеңес одағынан бері келе жатқан тағы бір «миф» бар. Бұл – «қостіл­ділік» деген ұғым. Кеңес кезінде «Қазақстан – «қостілді» республика» деген сөзді көп айтатын. Әлеуметтік лингвистика бойынша тұрғындардың барлығы да қос тілді меңгеріп, сөйлесу кезінде бір тілден екінші тілге еркін көше алатын бол­ғанда ғана, ондай елді «қостілді ел» деп атайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда тек қазақтілділер ғана қос тілді болды да, орыстілді қауым – бір тілді деңгейде қалды. Бұндай жағдайды әлеумет­тік лингвистикада «біржақты қостілділік» деп атайды және бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамдағы қайшылыққа алып келеді. Орыс­тілді азаматтардың «біз – қостілді елміз ғой» деген­ ұстанымының астарында «сендер орыс тілін білесіңдер ғой, онда біздер қазақ тілін үйреніп неге әуре боламыз. Біздер түсінісе аламыз­ ғой» деген ой жатыр. Бұл да – бұрынғы орыс тілі үстемдік құрып тұрған кезеңнен қал­ған  ұлыдержавалық  шовинизмнің  қалдығы.

7. «Қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды» деген сөздер – «ертегі». Орыстілді аудиторияның Құдайдай сенеті­н тағы бір стеротипі, ертегісі – қазақ тілінің мүмкіндік деңгейінің төмендігі. Бұл ертегіні орыстілді қазақтар да жиі қайталайды, сондықтан  болуы керек, орыстілді азаматтар «қазақтардың өздері де осы пікірді қолдайды ғой» деп «бұл­тартпас дәлел» келтіреді. Меніңше, бұл өздерінің ана тілін білмейтін адамдардың қазақ тілін төмендету арқылы өздерін ақтап алуға тырысуы сияқты. Көптеген кездесулерде орыстілді аудиторияда «қазақ тілі қанша дамығанмен отбасы­ ошақ қасының тілі болып қала береді, ғылым,  медицина, жаңа технологияның  тілі бола алмайды»  деген ойды ашық айтады. Ең қызығы, бұн­дай ойларды қазақ тілінен хабары жоқ, қазақ тілін білмейтін, түсінбейтін адамдар көп қайталайды екен… Оларды бұл пікірлерінен қайтару  да  оңай емес – өздері сенгісі келіп тұрған  жалған  тұжырым, олар үшін аксиома.

Өз басым, бұндай жағдайда Ресей мемлекеті­нің тарихынан мысал келтіремін. Он сегізінші ғасырдың ортасында Ресей елінде де тілдік ахуал­ күрделі болды. Бірде-бір жоғарғы оқу орын­дарында орыс тілі қолданылмады. Ресейдің ғылыми Академиясы тек француз тілін қолданды. Зиялы қауым француз тілінде сөйлесіп, француз тілінде шығармалар жазылды (Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының алғашқ­ы беттері әлі күнге дейін француз тілінде жазылған және француз тілінде жарық көреді). Кеңес одағы кезінде біздің тіліміз де француз тілінің көлеңкесінде қалған орыс тілінің күйін кешті. Орыс тілі үшін осы бір қиын жағдайда орыстың бір ғалымы «Орыс тілі де ғылым тілі болады!» деп бастама көтерді. Оған қандастары «ақымақ» деген атақ берді. Француз тіліне көшкендер «орыс тілі ешқашан ғылым тілі бола алмайды, ол – отбасы, ошақ қасы, мұжықтың тілі болып қалады» деп дес бермеген. Ол «ақымақ» М.Ломоносов болатын. Сол азаматтың бастамасымен, ұлтшыл орыс оқығандарының қолдауымен орыс тілі де ғылым тілі болды, жоғарғ­ы оқу орнының тіліне айналды. Ал қазақ тілінің мүмкіндігі орыс тілінен артық болмаса кем емес. Біздің Академия алғашқы күндерден бастап өзінің жұмысын екі тілде жүргізсе, жоғар­ғы­ оқу орындарындағы факультеттердің барлығында қазақ бөлімдері болғаны талассыз шындық. Демек­ біздің старттық мүмкіндігіміз – он сегізін­ші ғасырдағы орыс тілінің жағдайынан көш ілгері. Сондықтан «қазақ тілі ғылым тілі бола алмайд­ы» деген  ұстаным – сауатсыздарға  ар­нал­ған  «мифтердің»  бірі.

8. Орыстілді мектептер сапалы білім береді. Қоғамда қолдаушылары көп, Кеңес кезінен келе жатқан тағы бір тұжырым – «орыстілді мектептер­ жақсы білім береді, ал қазақтілді мектептердің сапасы нашар» деген ертегі. Айта кету керек, бұл ертегіні, көбінесе, балаларын орыстілді мектепке­ берген қандастарымыз қайталаудан жалық­пайды. Кейбіреулері қуыстана қайталайды, енді біреулері өзеуреп, осы идеяның соңында өлуге дайын адамдай беріле қайталайды. Әрине, қай тілдегі мектепке баласын береді, ол – ата-ананың­ таңдауы, бірақ қазақ тіліндегі мектептерді ешқанд­ай дәлелсіз жамандау бәріміздің намысымызға тиетіні анық.

Біз – унитарлы мемлекетпіз. Сондықтан оқу бағдарламалары екі тілде де бірдей. Оқулықтар сол бағдарламаларға сай жазылады. Демек олар да бірдей. Кей жағдайда қазақ бөлімдеріне де, орыс бөлімдеріне де бір адам сабақ береді. Қысқасы, барлығы бірдей болса, орыстілді мектептер­ неліктен сапалы білім береді деген заңды сұрақ туады. Меніңше, бұл сұрақтың бір ғана жауабы бар – «орыстілді адамдар ерекше ақылды, Құдай оларды артық етіп жаратқан да, қазақтілді азаматтарды екінші сорт етіп жаратқан». Бұл – өзде­ріңіз жақсы білетін фашизмнің идеологиясы. Өз басым, орыстілді мектептерді қазақтілді мектептермен салыстырып, орыстілді мектепті артық деп есептейтін жандарды фашистік идеологияны­ жақтаушылар деп білемін. Әрине, қай тілдегі мектептің оқушылары олимпиадаларда жеңіске жетті, қаншасы алтын медаль алды деп, деректер­ді  салыстыруға да болады, бірақ ол ойын балала­рының «менің әкем күшті» дегені сияқты әсер қалдырады. Меніңше, мектептің атын жақсы ұстаз және сондай жақсы ұстаздарды жинаған дирек­тор шығарады. Оның қай тілде оқытуы ешқанд­ай әсер етпейді. Алайда қазақтілді мектептердің бір артықшылығы бар екенін ешкім жоққа шығармайды деп ойлаймын. Орыстілді мектепті бітірген жастардың басым көпшілігі – бір тілді (орыстілді) болып шығады екен, ал қазақ тілді мектепті бітірген жастардың барлығы – қос тілді меңгерген азамат болады. Айырмашылығы осы  ғана.

9. Барлық қазақтілділер орыс тілін біледі. Орыстілді қауымның тағы бір адасуы, тағы бір Құдайдай сенетін «ертегісі». Бұл да «қостілді­лік­тің» жалғасы. Біріншіден, білу бар да, сол білген тіліңді қолдану бар. Алдында айтып кеттім, қандай тілде сөйлеу – сенің таңдау құқығың. Әр адам өзіне оңай, өзінің қажет деп тапқан тілінде сөй­лейді. Сондықтан, «орыс тілін білесің ғой, онда неге орыс тілінде сөйлемейсің» деген талап – ең ақымақ талаптың бірі. Ең қызығы, осы ақымақ ұстаным сот жүйесіне де жетіпті. «Дүкендердегі тауардың атаулары неліктен тек орыс тілінде, заң бойынша екі тілде болуы керек» деп сотқа дейін барған азаматтарға сот төрағасының «Сен орысша­ біледі екенсің ғой» деген уәжін естіп, жағамды­  ұстадым…

Екіншіден, соңғы деректерге қарағанда Қазақстанда орыс тілін білмейтіндер жиырма пайызға жетіп қалыпты (Грузияда орыс тілін мүлдем  білмейтіндер – 80 пайыз,  Тәжікстанда – 67, Өзбекстанда – 60, Қырғызстанда 50 пайыз болады). Сондықтан «қазақтілділердің барлығы орыс тілін біледі» деген стеротиптен арылатын кез келді. Енді орыстілделердің, мемлекеттің тілін білмейтін қызметкерлердің, қызмет көрсету­ саласының өкілдерінің алдында орыс тілін түртпейтін жаңағы жиырма пайыз отандас­тарымен қарым-қатынасқа түсу мәселесі  тұр.

10. Тіл мәселесін саяси, ұлтаралық мәселеге айналдырмау қажеттігі. Орыстілді аудиторияда қазақ тілі мәселесін сөз ете бастасаң, «ал орыс тілі ше?», «орыс тілі неліктен..?» деп басталатын сұрақтар қойыла бастайды. Ал бірде менің «әлеуметт­ік  лингвистиканың  заңы  бойынша, кез келген адам, егер ол туғаннан топас болмаса, басқа­ тілді үш жылдың ішінде меңгеріп ала алады.­ Ал біздің орыстілді азаматтарымыз отыз жылда да меңгере алмай жүр. Сонда оларды кім дейміз?» деген сөзімнен кейін бір қызыл көз келін­шек «Сізді сотқа беремін. Сіз орыстарды топас­ дедіңіз!» деп айғай көтергісі келгені есімде. «Менің әр сөзім жазылып отыр, мен орыстарды деген жоқпын, орыстілділерді дедім» деп, «түр­меден» аман қалдым… Қысқасы, орыстілді аудитория  «орыс тілі» деген сөзді «орыс ұлты» деп қабылдайды. Бұл да – жылдар бойы қалып­тасқан­ стеротиптердің бірі. Сондықтан болар, кездесулер­ге келген, әсіресе, қызыл орыс ұйымдарының өкілдері тіл мәселесін ұлттық, ұлт­аралық  мәсе­лег­е  бұруға  барлық  күш-жігерлерін  салады.

Демек, дөңгелек үстелдер мен кездесулердегі ерекше көңіл бөліп, жан-жақты түсіндіретін бір мәселе – лингвистикалық мәселені саяси мәселеге айналдырмау мәселесі. Сондықтан да кезде­сулерде біздер тек қана «орыстілділер», «қазақ­тілділер» деген сөздерді қолданамыз. («Орыстіл­ділер» дегенде оның ішіне миллиондаған қазақтар кіреді де, «қазақтілділер» деген ұғымға мыңдаған басқа ұлт өкілдері енеді). Өкінішке қарай, 90-жылдарда тіл мәселесін саяси, оның ішінде, ұлтаралық мәселеге айналдыру кең орын алды. Сол кезеңдегі психологияның зардаптары әлі күнге дейін сақталып келеді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде, қуанышымызға орай, дөңгелек үстелдер мен кездесулерде тіл мәселесі­не байланысты ұлтаралық мәселе қозғалмады. Бұл да қоғамның оянып келе жатқанының көрсеткіші деп білуіміз керек.

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры»  қозғалысының  төрағасы.

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: