Өткен жұмада кітапханаға бара жатып, Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің бойында ырғын кептеліске тап болдым. Әлгі жерде жарты сағаттай тұрып зорға шықтық. Сөйтсек Розыбакиевтің бойында тұрған мешітке жұма намазына жиылғандар көліктерін қалай болса солай қойып, жолды жауып тастапты.
Розыбакиевті қиып барып, автобус мешіттің аялдамасына тоқтады. Қарақұрым жастар көлікке лап берді. Әлгілердің екі-үшеуі менің жан-жағыма жайғасты. Политехтің студенттері екен.
– Сабақ қайда? – дедім мен.
– Мынаның ішінде, – деді соткасын көрсеткен бір студент сойған түлкідей ыржиып.
– Мешітке не үшін барасыңдар?
– Сауап жинау үшін, – деп тағы бір ыржиды.
– Сауапты не үшін жинайсыңдар?
– Жұмаққа бару үшін…
– Құранды оқыдыңдар ма?
– Жоқ…
– Неге оқымайсыңдар?
– …
– Құранда «Жұлдыздарды шайтандарды ату үшін және түнде адамдарды адастырмас үшін жараттық» деген аят бар. Ал жұлдыздардың әрқайсысы Күннен әлденеше есе үлкен, тіпті Күннен жүздеген есе үлкен жұлдыздар бар. Ондай жұлдызбен шайтандарды қалай атқылайды?
– ….
– Физиканы оқисыңдар ма?
– Иә…
Бұдан кейінгі жауаптар тіпті сорақы. Жазуға келмейді.
Өткенде ватцабыма бір мұғалімнің ата-аналарға шырылдап жатқан хабарламасы келді. Байғұс мұғалім оқушылардың жаппай ораза ұстағанын, оразаны сылтауратып сабақ оқымайтынын, кейбіреулерінің аштықтан басы айналып құлап жатқанын жанұшырып айтып жатыр.
Мынау менің осыдан бірнеше жыл бұрын жазған постым еді. Бүгін парақшама тағы салуға мәжбүрмін. Жаппай оразашылдық мына жұртты қайда апара жатыр? Бүгінгі Айсұлтан Жақыповтың постысын оқыңыздар! Ел соңғы тиынын «Ауызашар» беруге салуда. «Ифтар» береміз деп, базарда әптер-тәптері шығып жүрген ел. Құрманың келісі төрт мың, өрік-мейіз бен жаңғақтың бағасы да шырқап кетті. Айдалада араб мәз, базарда өзбек мәз. Айтпақшы, Айсұлтанның жазбасының астына «Аш адам оразашыл» деген Мәшһүр Жүсіптің сөзін жазып қойдым. Басқа не деймін?
Жылда ел пітір садақасын мешіттерге төгуде. Ол пітірлер имамдар мен молдалардың хан сарайындай зәулім коттедждеріне, өңкиген-өңкиген «Джиптеріне» айналуда. Енді бір жиырма күннен соң қанды қасап – құрбан шалу басталады. Қой малының бағасы шырқайды әрі ол 1932 жылдың ашаршылығында баудай түскен қазақтай қырылады. Мал саудасы қызған жерлер қан мен жынға бөгіп сасиды.
Уа, Мүфтият, тоқтатыңдар мына сұмдықты!
Тым болмаса балаларды оразадан арашалаңдар! Ораза ұстағандар емес, оқығандар озады!
БАЛА НАНҒА ТОЙМАЙДЫ…
ҚР Білім жене ғылым министрлігінің назарына!
Әулие Мәшһүр Жүсіп он төрт тоймас бар дейді:
Жер жұтуға тоймайды,
От отынға тоймайды.
Кісі ойға тоймайды,
Бөрі қойға тоймайды.
Құлақ естуге тоймайды.
Көз қарауға тоймайды.
Өмір жасауға тоймайды.
Бай малға тоймайды.
Ғалым ғылымға тоймайды.
Жер суға тоймайды.
Қатын ерге тоймайды…
Өлік дұғаға тоймайды.
Бала нанға тоймайды.
Тірі іске тоймайды.
Осы он төрт тоймастың бірі – баланы ойынға тоймас деуге болар еді, бірақ аш бала ойнай ала ма? Мәшһүр Жүсіп осыны меңзегендей.
Өткенде Оралхан Дәуіт бауырымыздың «ЕТТЕН АЛЫҢДАР…» деген жазбасын оқыдым. Оралхан бүй депті:
«Тараздағы мектептің жатақханасында жатып оқып жүрген балам биыл ораза тұтқан. Кеше сәресіге тұра алмай қалыпты. Қазір бұлардың тамаққа тоймайтын кездері емес пе?
Сөйтіп, соңғы қоңыраудан кейін түс қайта заттарын жинап, жатақханадан шығып Жұмекең деген ағамыздың үйіне барған ғой. Барса, олар тамақ ішіп отыр екен. «Аузым берік еді, кішкене демалып алайын» деп диванға жатып ұйықтап кетсе керек.
Содан сол үйдегі жеңгеміз айтады ғой:
– Балаң түс көріп жатыр. Ұйықтап жатып қайта-қайта «Еттен алыңдар, еттен…» деп, қолын созып, аузын сәл-пәл шайнаңдатып қояды, – деп…
Сөйтсе бұл барғанда Жұмекеңдер ет жеп отырған екен. Ал, балам түсінде құрдастарымен бірге ет жеп отырса керек.
Оразаларыңыз қабыл болсын, ағайын!».
Осы жазбаны оқып ойға қалдым. Расында балалардың қазір асқа, Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқандай нанға тоймайтын кезі емес пе? Жасы келген асқазаны ас қорытпайтын кәрі кісі яки жегенін әбжыландай асықпай қорытатын жасамыс адамдай емес, жас баланың ағзасы маздап жанып тұрған отты пеш емес пе? Маздап жанып тұрған от сәт сайын отын тілемес пе?! Ал енді осы маздап жанған отқа аз ғана уақыт отын салмай қойсаңыз, лезде сөніп, қоламтаға айналып, шала боп қалмай ма? Баланың да ағзасы осы от сияқты, тамақ ішпеген баланың әл-дәрмені тез таусылады, күш-қуаты жылдам сарқылады.
Арқадағы отыз екінің ашаршылығын көрген көнекөздер айтушы еді: аштықта алдымен балалар баудай түседі, содан кейін ер-азаматтар қырылады, ең соңында әйелдерге кезек келеді деп. Әйелдердің жаны еркектерге қарағанда берік, сірі келеді екен, оңайшылықпен үзілмейтін көрінеді.
Ал тамақ ішпеген бала жазғы аптапта қуырып соғатын аңызақ қызыл желдің өзіне шыдас бермей, ішіне ыстық түсіп, мұрттай ұшып, өліп кетеді екен.
Сол ескіден қалған тәжірибе ме, әйтеуір бала кезімізде үлкендер бізге ораза ұстатпайтын. Әрине бала болған соң, үлкендердің ораза тұтқанына қызығасың, оның үстіне ораза кезінде жайшылықта көзден бұл-бұл ұшқан түрлі тәттілердің қайдан шығатынын білмейсің, дастарқан жайнап кетеді. Күн сайын сәресі мен ауызашар дастарқанында ауыл баласы үшін ең дефицит тәттілер – құрма мен науат, мейіз бен мәмпәси, т.б. қойылады. Таң құланиектенгенше сәресіде әжеңмен бірге отырып осының бәрінің дәмін татқан қандай рақат, кейде балалық «арам» оймен ораза ұстағың кеп кетеді. Мұндайда үлкендер «тәйт!» деп тыйып тастаушы еді. Тіпті ауыл үлкендері кейбір ниет еткісі келген жастарға «ұстай алмайсыңдар, қор қыласыңдар» деп жататын. Жас жігіттердің оразаны неге қор қылатынын кейін түсіндік қой…
Ал енді қазіргімізге не жорық? Жүрген жерімізде көріп жүрміз, жаппай ауыз бекітуге көшкен әсіре науқанқұмар жұрт жас балаларына дейін ораза тұтқызып қойған. Әдетте ораза тұту оң-солын таныған, өмірдің ащы-тұщысын татқан, бойындағы күнәсі «таудан биік, тастан қатты» күнәһәр пенделердің ісі емес пе? Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балалар мен он үшке келіп әлі отау иесі болып үлгермеген жасөспірімдердің ораза ұстап, құлшылық қылатындай не басына күн туды?
Осы орайда өткенде жариялаған жазбамды қайта келтіргенді жөн көріп отырмын. Жақында бір мектепке оқушылармен кездесуге бардым. Оқушыларға қазақ тарихы мен халық өнеріне байланысты біраз әңгіме айтып, арасында Ақан сері, Біржан сал әндерінен салып беріп отырдым. Арасында оқушыларға «сауалдарың бар ма?» деп қоямын. Бәрі бір ауыздан «Жоқ!» дейді. Содан өзім сұрақ қоя бастадым. «Ақан сері, Біржан сал кім болған?» десем, бір ауыздан «білмейміз» дейді. Тіпті күні кеше ғана дүниеден өткен Ақселеу Сейдімбековтің есімін ешқашан естімепті. Бірде-бір баланың ана тілінде көркем кітап оқымағаны айдан анық көрініп тұр.
Көңіл күйімнің түсіп кеткенін көріп, мектеп директоры: «Оқушылар ораза ұстайды, қарындары ашып, шаршап отыр, содан жауап бере алмай отыр», – деді.
Өлгенім-ай, сол жерде.
Арада екі-үш күн өткен соң, Ғылым академиясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған «Дәстүр мен дін мәселелері» атты дөңгелек үстелге шақырылдым. Жақсы басқосу болды. Шешендер ұлттық құндылықтарды қастерлеу жөнінде құнды пікірлер айтты. Кезек маған да келді. Мен пікірлерімді көбінесе студенттерге бағыштай сөйледім. Арғы-бергі замандағы дін атаулының таралу тарихына үңіле келіп, қазақтың 19-20-ғасырлардағы Қоқан хандығы заманындағы сарт молдалары мен орыс отаршылдығы кезеңінде Ресей тарапынан қазақ даласына тыңшылыққа жіберіліп, халықты ақ патшаға бағынуға үндеумен айналысқан татардың указной молдаларынан көрген қиянатына тоқталып, жастарды қазіргі замандағы ар жағында Англияның барлау қызметі мен Американың ЦРУ-ы тұрған арабтың радикалды діни ағымдарынан сақ болуға шақырдым. Сонан соң ораза жөніндегі ойларыммен бөлістім, жоғарыда жазған Мәшһүр Жүсіптің «Бала нанға тоймайды» сөзінің мән-мағынасын тарқата түсіндіре келіп, жасөспірім қыз-бозбалаларды ораза ұстағанша білім алуға, білім арқылы ұлттық құндылықтарды қастерлеуге, құрметтеуге, елге, жерге қызмет етуге үндедім. Сөз соңында сауалдары болса қоюларын сұрадым. Ешкім үндемеді. Сезіп тұрмын студенттер мүлде басқа әлемге еніп кеткендей, айналасына жапақ-жапақ қарайды. Байқаймын екі ауыз сөздің басын қосып сұрақ қою олар үшін кәдімгідей күшке түскен түрі бар. Ақыры бір жас жігіт батылы жетіп орнынан көтеріліп, сауал қойған болды. Сауал деуден көрі пікір деген дұрысырақ болар. Әлгі студент шатып-бұтып ораза төңірегінде біраз быдықтады. Ұққаным: ораза ұстағанын мақтаныш еткісі келеді, бірақ сөзінде не жүйе, не қисын жоқ. Кітап оқып, ой сабақтап дағдыланбағаны көрініп тұр.
Сөзін аяқтаған студентті группаластары қол соғып, қолдап та қойды. Өз кезегімде мен оған бірнеше, бірақ өте қарапайым сұрақтар қойдым. Біреуіне жауап бере алмады. Әсіресе, Ғабит Мүсіреповты, Ілияс Есенберлинді ешқашан естімегені ұят болды. «Ұлпан» мен «Көшпенділерден» тіпті хабары жоқ екен. Бірақ Алматыда атағы дардай оқу орнының студенті!
… Дөңгелек үстелден көңілсіз қайттым. Қай қылығымыздан жаздық деп ойладым жолда келе жатып. Тәуелсіздікті ел болашағы – жастарымызды арабтың діни экспансиясы мен батыстың тобырлық мәдениетінің азғындық жолына құрбандыққа шалу үшін алдық па, деген күпірлік ойға шейін қамалады санамды. Қай-қайдағы есіме түсті. Қайбір жылы Қарағандыда болған оқиға оралды есіме. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы былай. Бір молдасымақ бір топ жасөспірімді уағыз айтып, намазға жығады. Сөздің қысқасы, әлгі молда жас мүриттеріне қақаған аязда далаға отырғызып қойып, тастай сумен дәрет алдырады екен. Молданың айтуынша, күн неғұрлым аяз, су неғұрлым тастай болған сайын Алланың құлдары сауапқа кенеле бермек. Осылайша бір қыс зулап өте шығады. Бір күні бір ата-ана баласының дәретке бара алмай қиналып жүргенін байқап, дәрігерге апарады. Сөйтсе, астынан өткен қысқы аязды суық пен тастай су дегеніне жетіпті, зәрлі суық сүйегіне дейін өтіп кеткен мүрит жасөспірім өзінің мүгедек болып қалғанын кеш біліпті…
Таяуда бір мұғаліммен әңгімелесіп, ораза жайында сұрадым. «Не істерімізді білмейміз, – деп қынжылады мұғалима. – Оқушылар сабаққа дайындалмай келеді, ораза ұстайтынын міндет қылады, оларға бірдеңе дейін десең, ата-аналары «балам ораза ұстап жүр, басын қатырмаңдар» деп арсылдап өзіңмен ұрысады. Ал мектептерде ораза ұстау жылдан-жылға «мода» болып келеді, ораза ұстамаған бала діншіл тұрғыластарының қысымына ұшырамау үшін еріксіз ауыз бекітеді», – дейді. Мұғалиманың сөзі мені еріксіз қайран қалдырды. Иә, мектептерге «зонаның», яғни түрменің, қылмыс әлемінің жүйесі ене бастаған. Тіпті абақтыларға мектептерден «греб» жинайтын топтар бар көрінеді. Бұл енді сұмдық қой!
Көзі қарақты, әсіредіншілдіктен аулақ, діни санадан азат мұғалімдердің пікіріне сүйенсек, кейбір оқушылар оразаны сабақ оқымау, мойнына бір жауапкершілікті алмау, бір жауапкершілікті жүктейін десең, «мен оразамын» деп жеңіл құтылу үшін ұстайтын көрінеді. Осылайша жас ұрпақты өтірікке үйретіп жатқан көрінеміз. Ал керек болса!
Қысқасы, жағдай осылай. Қазақ қоғамы осылайша бірте-бірте ортағасырлық діни түнекке батып барамыз. Егер осы қарқынмен кете берсек, қара жамылған Ауғанстан мен араб әлемінің діни мемлекеттерін куып жетпесімізге кім кепіл? Құдай бетін аулақ қылсын!
Олай демейін десең, Қадір түні қарсаңында БАҚ, телеарна мен радио біткеннің жарыса діни уағыздар айтып, жақтары бір тынбай сұңқылдап жатқанын көргенде, өзіңді бір сәт Сауд Арабиясында жүргендей сезіне жаздайсың. Ал мемлекет өзі атап өтуге заңды пәрмен берген 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жөнінде жаңалықтардан бірде-екілі жұпыны сюжеттер өткені болмаса, басқа бір ауыз сөз жоқ.
Ол ол ма, осының алдында аз күн бұрын Алматы түбіндегі ауылдардың бірінен табылған 37-жылы атылған 168 зиялымыздың сүйегін үн-түнсіз апарып, бір шұңқырға көме салыпты. Бұл – мемлекет ерекше идеологиялық маңызы беріп жүзеге асыратын ардақты іс еді. Тіпті ғылым мен технология дамыған мына заманда кейін арнайы сараптама жасау үшін әрбір сүйектен ДНК анализдері алынып, әскери салтанатпен зеңбіректерден дүркін-дүркін залп беріліп, құран қатым түсіріліп, ақ жуып, аруланып жер қойнына тапсырылуы керек еді. Амал қанша, сталиндік жендеттер түбіне жеткен 168 арыстың сүйегін саудыратып, бір шұңқырға төге салыпты. Ал бұл мәселе туралы Президент додасына түсіп жатқан кандидаттардың бір ауыз жақ ашпауы – таққа үміткерлердің алаш құндылықтарынан айдай алыс екенін аңғартады.
… Дегенмен мемлекет болып, қоғам болып бір қайрат қылатын кез келді. Тым болмаса, кеш қалмай тұрғанда балаларды діни ағымдардың ықпалынан қорғайық, мектептердің діни күштердің аран аузына жұтылып кетпеуі үшін араша түсейік. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерді 16 жасқа дейін еңбекке тартуға болмайды деген тәп-тәуір заңымыз бар ғой, сол заңның негізінде мектеп оқушылары мен студенттерге діни құлшылықтар жасауға тыйым салатын заңдар қабылдайық. Жас өскіндерімізді тәннің де, жанның да (рухани) нанына тойдырып өсірудің қамын қылайық. Әйтпесе үлкен-кішіміз құлшылық, құлшылық деп жанталасып жүргенімізде жас ұрпақтың жат ағымдардың құлы боп кеткенін сезбей қалатын түріміз бар. Бұл дегеніміз – ұрпақтан айырылу, ұрпақтан айырылу – Тәуелсіздіктен айырылу деген сөз.
Нанға тоймай өскендердің қандай жемқор болатынын сіз бен біз отыз жыл бойы армансыз көріп келе жатқан жоқпыз ба…
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
өнертанушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!