Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ойыншық таңдау «ойыншық» емес

13.02.2025, 11:20 76

Балалық шағым ауылда өтті. Таңның атысынан, кештің батысына дейін асыр салып, ойынның неше түрін ойнайтынбыз. Асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, айта берсең, ауыз талып, санамаласаң, саусағың шаршайды. Туған жердің топырағы ыстық  қой,  шіркін.

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаса керек-­ті. Сол жас күнімде өзім қатарлы балалармен ойнаған ойындарды осы күні түсіңде көресің. Қазір кейде жол түсіп елге бара қалсаң, көшеде ойнап жүрген жан баласын көрмейсің ғой, жарықтық. Бәрі үйде теледидар мен телефонға таңулы. Заман өзгерді. Уақыт өтті дейін десең, адамның бәрінің басынан өткеретіні сол бір балалық деп аталатын бақыт аялдамасы ортақ  дүние  емес пе?

Бүгінде ауылда да, қалада да бала­лардың бас ауруына айналған ұялы телефон. Оның ұрпақ санасына теріс әсері тиіп жатқанын ғалым­дар дабыл қағып айтып жатса да, құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Яки болмаса әр үйде ойыншықтың қаншама түрі толып жатыр, есіктен төрге  дейін  шашылған.

Осы ойыншықпен ойнаған бала мен далада доп теуіп, асыр салып ойнаған баланың айырмашылығы жер мен көктей. Біріншісі, әлжуаз, жүйкесі жұқарған. Екіншісі, шымыр денелі, ширақ жүрісті. Ал, осыған қарап болашақтарын бағамдай беріңіз. Қазір жаһандану дәуірі, сәт сайын жаңалық ашылуда. Ойыншықтардың да сан мыңдаған түрі сатылым сөрелеріне шығуда. Оның бала денсаулығына тигізер зияны бар ма, сана-­сезімін арттырар пайдасы қандай? Мән беріп жатқан жанды көрмейсің, естімейсің. Ойыншық – балалар ойынына арналып жасалған зат. Оны пайдалану баланың ой-өрісін кеңейтуге, онда бейнеленген заттар мен өмір құбылыстарына деген ықыласын тәрбиелеуге, дербестігін дамытуға көмектесуі тиіс. Негізінен ойыншықтармен ойналатын өзара ойындарда балалардың достық қарым-қатынастары, өз іс-әрекеттерін үйлестіру  қабілеті  қалыптасуы  хақ.

Ойыншықтың балалар өмірінде үлкен рөл атқаратынын алдымен ересек адамдар ескеруі тиіс. Ата-ана ойыншық таңдағанда бірінші баланың жасын ескергені ләзім. Мәселен, істік немесе тым қатты және қырлы не болмаса өте ұсақ ойыншықтарды төрт жасқа толмаған бүлдіршіндерге бермеген абзал. Одан үлкен жасөспірімдерге есептелетін немесе құрастырылатын ойыншық алып берген дұрыс сыңайлы. Ол да өз кезегінде баланың ойлау қабілетіне оң әсер етеді деп ойлаймын. Дегенмен, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген ойыншықтар шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қалай десек те, отандық ойыншықтарда батырлар бейнесі суреттеліп, даналық сөздер жазылып жатса, қандай жарасымды?! Алайда таза ауада серуендеп, бір мезгіл әже ертегісін тыңдап өскен жеткіншектер жаман болмайтыны тағы бар.

– Елімізде балалар ойыншық­тарының сапасы мен қауіпсіздігі кедендік одақтың 008/2011 «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Дәл осы құжат балалар ойыншық­тарының сапасы мен қауіпсіздігін қама­тамасыз ететін бірқатар талап­ты белгілейді, өйткені ойыншық оны қолданған кезде баланың денсаулы­ғы мен өміріне қауіп төндірмейтіндей  болып жасалуы қажет. Ойыншықты таңдау кезінде ең алдымен қаптамасына назар аудару керек. Онда ойыншықтың атауы, ойыншық жасалған мемлекет, өндірушінің атауы мен оның орналасқан жері, ойыншық арнал­ған баланың жасы, техникалық регламентке сәйкестігі, тұтыну қасиет­тері туралы ақпарат, өндірілген күні, сақтау мерзімі мен шарттары көрсетіледі. Яғни, ойыншықтың қаптамасындағы жазулар өнім туралы толық ақпарат беруі тиіс. Сонымен қатар ойыншық­тардың қорғаныс жабындысы ылғалды өңдеу­ге, сілекей мен терінің әсеріне тұрақты болуы міндетті. Бұдан кейін ойыншықтың иісіне жете мән беру керек, бұл арқылы оның сапасын жанама түрде байқауға болады. Ойын­шықтарды өткір, жағымсыз, бөтен иісі және боял­ған бетінің беріктігін тексеру керек, ұстағаннан кейін қолда қалып қойған бояуда оның сапасының күмәнді екендігін білдіреді. Ойын­шықтың жиектері, өткір ұштары, қатты бөлшектері, бұрыштары, бекіткіштері балаға зақым келтіру қаупін тудыр­мауы керек. Ойыншықтардың үшкір бұрыштары  мен  қисық шеттерін, бояуы немесе лак заттардың түскенін көрсеңіз, ондай ойыншықтарды алмағаныңыз жөн. Сауда орында­рын­да сатылатын ойыншықтардың сәйкестік сертификаты, яғни олардың сапасы мен қауіп­сіздігін  растайтын құжаты болуы шарт. Сәйкестік сертификат­тары   бүкіл  кеден одағында жарамды болып табылады. Есіңізде болсын, тұтынушы тауардың қауіп­сіздігін растайтын құжатты (сәйкес­тік сер­тифи­катын) талап етуге құқылы, – дейді облыстық санита­риялық-эпидемиологиялық бақылау депар­таменті басшысының міндетін  атқарушы  Ерлан Ұзақбаев.

Балаға ойыншық таңдау ұқыптылықты талап етеді. Бүгінде түрлі ойыншық көп. Оларды өндіретін кәсіпорындар ойыншықтың сапасына мән бере бермейді. Балама қандай ойыншық таңдағаным дұрыс деген сауал көп ата-ананы ойлан­дыра бермейді. Көбісі өз талғамдарына сай таңдау жасайды. Алайда ойыншықты абайлап алған абзалырақ. Тағы бір атап өтерлігі,  қандай да бір ойыншық алсаңыз да кездейсоқ базардан емес, арнайы сауда орындарынан алыңыз. Бастысы, қаптамасына қарап жас тобына қарай жасалғанына назар аударыңыз. Сондай-ақ, сапасына баса мән берген жөн. Бұл – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сіздің жауапкершілігіңіз. Қысқасы, ойыншық таңдау  «ойыншық»  емес.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: