Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұртөре Жүсіп: «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылардың міндеттемелерді орындамауы оның тиімділігін төмендетеді

04.12.2025, 15:50 54

HALYQLINE.KZ

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың кейбірі өз міндеттемелерін орындамайды. Соның салдарынан бағдарламаның нақты тиімділігі төмендеп, бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалуда. Бұл мәселені сенатор Нұртөре Жүсіп өз депутаттық сауалында көтерді.

Парламентші атап өткендей, жастарды ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларына тарту үшін құрылған бағдарлама жылдар бойы түлектерге көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге арналған жеңілдетілген несиелер ұсынып келеді. Бағдарлама іске асырылған кезеңде 114 мыңнан астам маман қолдау алған, ал 52 мыңға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешкен. Алайда бағдарлама ауқымды болғанымен, маңызды проблема сақталып отыр: қатысушылардың бір бөлігі ауылдық жерде үш жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемелерін орындамайды. Соңғы үш жылдың өзінде 166 адам келісімшарт талаптарын бұзған, ал бюджет несиелерінің қайтарылмауы 784 млн теңгеден асып түскен.

«Мемлекет қаражат бөліп келеді, бірақ ауылдық жердегі кадр тапшылығын шешуде бағдарлама тиімді болды ма деген сұрақ бар. Бүгінде халықтың 37%-ы, яғни 4 млнға жуық адам ауылда тұрады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2025-2027 жылдары аралығында кадр қажеттілігі 3043 адамды құрайды. 114 мың маман көтерме ақы алғанымен, тек 52 мыңы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ауылда мамандардың қаншасы сонда тұрақтап қалды, нақты көрсеткіштер ашық емес. Ақшаны алады, қалтаға салады. Уақыт өтеді, ауылдан кетеді. Жәрдемақылар маманды тартуға көмектеседі, бірақ тұрақты қалуға жеткілікті мотивация бермейді», — деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ, сенатор бағдарлама қатысушыларының өмір сүру жағдайына – жалақы деңгейіне, әлеуметтік инфрақұрылым қолжетімділігіне кешенді талдау жүргізілмегенін айтты. Ауылдарда әлі де сапалы қызметтер мен тұрғын үй тапшы, сондықтан жас мамандар міндетті мерзім біткен соң кетіп қалады. Бұған қоса бюрократия, өңірлердегі әртүрлі тәжірибе және облыстардың бағдарламаға қатысуының біркелкі еместігі қиындық туғызуда. Осыған байланысты сенатор бағдарламаға көрсетілген проблемаларды ескере отырып өзгерістер енгізуді сұрады.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: