Несиені несіне алып отырмыз? Кейде осы сауал сананы сан-саққа жүгіртеді. «Таныс адамнан қарызға ақша алып жаманатты болғанша, мемлекетке қарыз болайын» деген бір ғана ой. Әрі мына заманда кім кімге қарызға ақша бере қойсын немесе кімде ондай қаржы бар дейсің!? Осылайша, банк есігін ашамыз. Қаржылық сауаттың жоғынан ақша жинамай осы жағдайға жеткен қара басыңыз тағы тау мен тасқа соғылады. Банктің тілін халық түсінген бе? Жо-жоқ, банк әлімсақтан бар болса да солай. Білім жетпейді. Сосын…
Бұған дейін де жазғанбыз. Қанды қанмен жуып отырмыз, яғни несиені несиемен… Осы біз несиені немен жауып отырмыз? Несие қазақты несібесінен айырып отырған жоқ па?
Көпшілік «кредитті» саналы түрде алады деп ойлаймын. Демек, біле тұра осы қадамға барады. Оның зиянын, белгілі бір пайыз үстемесімен қосып қайтаратынын да нақты білмесе де, жақсы біледі. Ақша керек болған соң амал да жоқ, басқа таңдау да жоқ. Ал, осы несиені «кешірілсін» деп билікке талап қою қаншалықты дұрыс? Әдеттегідей ел пікірі екіге жарылды.
«Демократиялық партия» құрғысы келетін журналист, саясаткер Жанболат Мамай бастаған топ өздерінің айтуынша, жүз мың адамның арызын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына апарып тапсырды. Биліктен халықтың несиесін кешіруді талап еткен белсенділер Ақордаға бармақ болғаны туралы видео «Азаттық радиосынан» көрсетілді. Бірақ, бейнежазбадан арнайы жасақ олардың жолын бөгеп, өткізбегені анық байқалады. Ал, елімізге белгілі экономистің сөзінше, үкімет белсенділердің талабын орындайтындай жағдайда емес. Түйін қаржылық жағдай оңып тұрған жоқ дегенге саяды.
Міне, осыған байланысты желіде жазбалардың қарасы қалың, тап осы мәселені қаузамағандардың саны аз. Әдеттегіше қазақ үшін ашық алаңға саналған фейсбукте бір-бірімен қырықпышақ боп қырқысып, сөз таластырғандардан көз сүрінеді.
«Жанболатта нелерің бар-ей? Орындалу-орындалмауы, қисынды-қисынсызы 10-15-ші проблема ғой. Айта алған ерді айтсаңдаршы… Сіздерді қайдам, ал мен өз айналамнан кредиті жоқ адам әлі кездестірген жоқпын. …Ал сіздер несие кешірілсін деген адамға… Кешірілсін дегенге кешіре қоятын өкімет жоқ. Жанболат «несие кешірілсін» десе, сіз «үстеме пайызы азайтылсын» деңіз… Дей алмасаңыз үндемеңіз…» депті шымкенттік желі қолданушысы, ұстаз Өмір Шыныбекұлы.
Белсендінің пікірін талдамаймыз. Қанша адам болса, сонша пікір болуы заңдылық. Әрі қарама-қайшы ойдың да жазылуы орынды. Ал, саясаттанушы Самат Нұртаза былай деп жазады.
«Несиені кешіргенше, мүлде несие бергенді тоқтатса жақсы болар еді. Әр адам өз табысымен өмір сүру керек. Аз ба аз, көп пе көп. Сонда уақыт өте, барлығы өз орнына келеді. Әйтпесе, бізде несиені несиемен жауып, несиемен үйленіп, несиемен жаназа шығарғандар ешқашан тоқтамайды. Өз басым, несие беруді тоқтату керек деп есептеймін. Халық жаман үйреніп алды. Қылт етсе, несие алады. Ал қайтарғанда, билікті жамандайды.
Өз басымда 3 несием бар. Маған оны ешкім мәжбүрлеп алдырған жоқ. Өзім алдым, өзім жабамын. Несиені кешіруге қарсымын».
Әлгінде айтқанымыздай, бұл пікірмен оқырман ретінде келісуге не келіспеуге толық құқығыңыз бар. Әлеуметтік желідегілер жаза береді дей көрмеңіз. Арасында нысанаға дөп тигені де, маңайлағаны да, тіпті жуықтамағаны да бар. Тек өзіңізге қажеттісін ғана алу да – мықтылық. Иә, дәл қазіргі заманда осылай болып тұр.
«Несие – нарықтық экономиканың ажырамас қаржылық құралы. Оған тыйым салу – утопия. Оған тыйым салмай, «несиелік мәдениетті» қалыптастыру керек» деп бірі жазса, енді бірі «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар? Билік несие алуға мәжбүрлеп отыр. Халыққа жағдай жасай алмауда» деген сарындағы жазба қалдырған.
Қоғам белсендісі, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжанның «Abai.kz» сайтында жарияланған жазбасына назар аударсақ, несие мәселесіндегі жаңа бір түйткіл түр көрсетеді. Ол Жанболат Мамайды осы жағдайға байланысты қолдайтынын айтады.
«…Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда алдағы 6 ай ішінде өзінің несиелік міндеттемелерін орындай алмайтындар саны 900 мыңнан 2,8 миллион адамға (!) өседі. Осыған байланысты әлі күнге заңдастырылмаған жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау институты өте маңызды болып отыр» дейді ол.
Демек, коронакризис жағдайы кредит жайын ушықтырып, жауаптыларды жағадан алып отыр.
«Сонымен бірге тағы бір мәселе бар. Ол – жаппай масштабтағы банк алаяқтығы, яғни жасырын екі еселенген пайыздар мәселесі. Егер банк кредиттері бойынша пайыздарды адал жолмен қайта есептеп шықса, халық банктерге емес, керісінше банктер халыққа қарыз болып қалады! Иә, дәл солай!» деп жазады Мұхтар Тайжан.
«Несиесі жоқтар несие алғандар үшін жапа шегуі керек пе?» деп жазған журналист Жолымбет Мәкіштің де пікірі ерекше екен.
«…Қаншама адамның кредитін кешіре салса, Қазақстан банкрот болып қалатын шығар. Мемлекет мұндай ақымақтыққа бара алмайды. Кредиттің арғы жағында тағы бір үлкен мәселе тұр. Ол – пайдалы қазбадан үлес алу мәселесі. Егер біз кредитті кешірсек, бәрінің кредитін кешіреміз: Қазақстанға кеше келгендердің де, бұрыннан тұрып келе жатқандардікін де. Ертең заман түзеліп қазба байлығынан үлес алу мәселесі қозғалатын болса, онда кеше ғана келіп, азаматтық алып алған ұлты басқа (елге еңбегі сіңбеген) қаншама адам ол ақшаға ортақтасып кетеді… Ал ол – қазақтың ақшасы. Қазақстан қазір кредитті кешіре салатындай жағдайда емес. Мемлекет қалт-құлт етіп әрең тұр» деп тағы бір мәселенің ұшын көрсетіп кетіпті.
Бұл бүгін бітетін мәселе емес. Қалай десек те, әркім өз деңгейіндегі әңгімені айтады. Мұның бәрін билік оқып отыра алмас, бірақ көкейге қонымды кейбір ұсыныстармен санасуы тиіс. Солай көпшілікке ыңғайлы жаңа механизмін іске қосуды қолға алғаны жөн. Әйтпесе, бала-шағасының несібесін несие төлеуге жұмсайтындардың қатары азаймақ емес.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!