Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мүгедектерді не мазалайды?

22.04.2021, 11:30 562

Тағдыр тәлкегімен мүмкіндігі шектелген қызыл­ордалықтар апатты күйдегі баспананы паналауға мәжбүр. Қалаға іргелес Қарауылтөбедегі Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтынан қалған қос қабатты үйлерде олар «шықпа, жаным, шықпамен» ғана отыр. Қауіптің қыл көпіріндегі кембағал жандар қалалық мүгедектер қоғамының қабыл­дауына  базынасын  арқалай  келіпті.

– Қыстан қалтырап шығасың, жазда жағымсыз иіс қолқаны қабады. Газ, су, кәріз жүйесі жоқ. Әсіресе, қинайтыны – әжетхана мәселесі, – дейді тұрғындар.

Пәтер жағалап жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар мен осындай бала бағып отырған ата-ана­лар Тасбөгетте де табылады. «Үйі жоқтың күйі жоқ». Тағдыр тауқыметін тартқаны аздай, баспана бабы жасалмаған адамда қайдан жағдай болсын?! Азын-аулақ жәрдемақыны дәрі-дәрмекке жұмсай ма әлде пәтерге төлей ме? Қазір қалада ай сайынғы пәтер ақысы 30 мың теңгеден кем емес. Науқас бала мен оны күтіп-баққан адам үшін берілетін әлеуметтік төлем 80 мен 100 мың теңге шамасында. Одан үзіп-жырып үй мен дәрі-дәрмекке төлесе, қалғанына қай жыртығын жамамақ? Мүгедек бала үшін күніге 2 жөргек тегін үлестіріледі. Ауру қысқанда дәретін ұстай алмайтын дімкәс балаға бұл  не  болады?

Әлеуметтік көмекке келгенде жарымкөңіл жандардың өкпесі қара қазандай. Әсіресе, «Nur Otan» партиясы мен ауыл әкімдіктеріне қатты ренжулі. Өйткені ондағылардың даукес, ізденуден шаршамайтындар мен таныстарына ғана бүйрегі бұрып тұратынға ұқсайды. Коронавирус пандемиясына байланысты елде төтенше жағдай жарияланған кез­дегі 50 мың теңгеден қағылған І топ мүгедектері әкімдік өздерін тізімге алмағанына сенімді. Олардың сөзінше, азық-түлік түріндегі көмек те бұрыннан  алып  үйренгендерге  ғана  ұсынылып  келеді.

«Ұлы дала заңы» заңгерлік орталығының басшысы Н.Байменов көмекті бөліске салу мәселесі заңда шегеленбегенін жеткізді. Өйткені азық-түлік тарату партияның да, әкімдіктің де міндетінде жоқ. Олардың кәсіпкерлерден көмек сұрайтыны түсінікті. Өйт­кені тұрмысы төмен отбасылардың жан бағып отырғанын көрсету керек. Сонда мемлекеттің өзі қайыр сұрап, ел бағып отыр ма? Болмаса неге кәсіпкерлер беретінін мешіттер арқылы таратып, сауап жинамайды? Жоқ, «Nur Otan» немесе әкімдіктер елге жақсы атты болып көрінгісі келеді. Оның үстіне, еріктілер деп елдің қолтығына су бүркіп, тегін күшті пайдаланудың парқын ұқты.

Келесі өзекті мәселе – мүгедектік топқа шығарудың шырғалаңы. Қызылөзек ауылының тұрғыны өзінің денсаулық жағдайы ІІІ топқа мүлдем сәйкес келмейтінін, жеңіл жұмысты да жасауға шамасы жоғын, тек үйден кіріп-шығып жүргенін алға тартты.

– Бірақ, осы жағдайымды ескерместен мені  ІІІ топқа қосты. Өйткені оларға пара берген жоқпын. Зейнетақым дәрі-дәрмегіме жетпейді. Тіпті, күту­шінің  көмегінсіз  болмай  кетті, – дейді ол.

Ол сияқты талай адамның жаны жабырқаулы қазір. Мүгедектік топқа шығаруды дәрігерлердің неге сонша қиындатып жіберетіні түсініксіз. Қол немесе аяқтың ампутациялануына байланысты адамды неге бірден өмірлік мүгедектікке жібермей, бес-алты жыл комиссиядан өткізіп тұрады деген де сауал жиі қойылады. Биліктегілер сонда кесілген мүше кесірткенің құйрығындай қайта өсіп шығады деп ойлай ма екен?! Бұл сұрақты қоюшыларға «заң солай» дегеннен басқа жауабымыз болмай тұр, әттең!

Кейбір тағдырластар мемлекеттік «Кедергісіз орта» бағдарламасынан пайда жоқ деп есептейді. Ауылдарды айтпағанның өзінде қаладағы жолдар қоларбадағы мүгедектер үшін өте қолайсыз. Авто­бусқа міну зымыранға мінгенмен бірдей арман. Қоғамдық көлік жолақысында ІІ және ІІІ топ мүгедек­тері үшін жеңілдік мүлдем қарастырылмаған. ІІ топ мүгедегіне – 50 пайыз, ІІІ топ мүгедегіне 30 пайыз жеңілдік жасалса деген тілекті пысқыр­ған біреуі жоқ. Өйткен күнде жеке кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түседі. Ал жергілікті бюджеттен субсидияға қаржы жоқ көрінеді. Сонда 7-8 мың ғана адамның мәселесін шешуге шамалары келмей ме? Оның үстіне, арбадағы адамдар автобусқа күнде мінбейді. Соларға жасалған жеңілдіктен кәсіпкерлерге түсетін қаржы ортаймайды.

Шипажайға бару жайы да шатасқан жіп секілді шешіліп болар емес. Жолдама І топтағы мүгедектерге беріледі, бірақ көмекшілеріне емес. Ондайда көмекшінің айлығы қиылады. Сондықтан тиісті ем алу үшін шипажайға баруға көптеген мүгедек құлықсыз. Әсіресе, мүгедек балалардың ата-аналарына  қиын.

Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша облыс­тық мәслихат депутаты Н.Ибраев бірнеше мәселені  назарға  алды:

1. Қоғамдық жұмысқа тартылғандардың көбі ауыл әкімдігінің тапсырмасымен тазалық шараларына жегілуде. Бұл олардың белгілі бір салаға маман­дануына тек кесірін тигізеді. Сондықтан мұнда­ғы мақсат ол адамды белгілі бір мекемеге маман етіп дайындау болуы және жіті бақылау жасалуы керек. Тіпті, базардағы сауда жасаушылардың қасына қосса да болады. Мектеп пен өзге мекемелерге құжат түптеуге, тасуға, толтыруға қойса да құп. Әйтеуір, бір саланың маманы не кәсіп иесі болып шығуы керек. Мамандығы бойынша болса, тіпті жақсы. Мүгеде­ктердің арасында дипломы барлар қаншама?!

2. Мүгедек баланы емге апаратын ата-аналар әр жерден ақша сұрап сандалып жүр. Себебі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы үлкен емханаларға квотаны алып, ақыр соңында жолпұл таппай тықыршиды. Одан бөлек, бала он күн емделсе, күтушісінің сонша мерзімге жететін тамағы, жататын орны болуы тиіс. Есептей беріңіз. Қос мегаполистегі емханаларға жақын жатын орындардың біркүндік құны – 10 мың теңге. Сондықтан мұны мемлекеттік қызметкерлерге іссапар үшін қаржы бөлгендей қолға алып, емхананың қасынан баласын емдеуге келген ата-ана­лар үшін арнайы жататын орын дайындау керек. Болмаса, біз баланың денсаулығын да жөнді реттей алмаймыз, көмек сұраған аналардың көз жасын да тоқтата алмаймыз.

3. Бүгінде экологиялық жағдай салдарынан көптеген бала дімкәс болып дүниеге келіп жатыр. Соның ішінде көздің көмескілігі, тіпті мүлдем көрмей қалу жағдайы көбейіп барады. Ал облыста бұл бағытта бірде-бір маман, орталық жоқ. Сондықтан балаларға арнап көз емдеу бөлімін ашу керек.

4. Кеселінің кесірінен тынышсыз балалар бар. Мұндай баланы бағып-қағу оңай емес. Олар қатты шыңғырады, айғайлайды, тағы басқа. Олар үшін көпқабатты үй жайсыз, сондықтан арнайы жер үй салынуы қажет.

5. Мүгедек балаларды алып қалатын арнайы орта­лық ашу керек. Ол орталық заман талабына сай жабдықталған, толық мамандандырылған болуы шарт. Себебі науқас баламен жұмыс істеу оңай емес. Бүгінде осы бағытта жұмыс істеп тұрған мекемелерге мүгедек балалардың ата-аналары сенімсіздікпен қарайды. Сол күдіктері тексеріліп, ондай олқылық жібермеуіміз  керек.

6. Мүгедек баланы бағатын ата-аналар және І топ мүгедектері үшін қашықтықтан жасалатын жұмыс­тарды қалыптастыру шарт. Бұл бірақ есеп үшін жасал­мау керек. Сонымен қатар мүгедектерге ыңғайлы шағын өндіріс орындарының  жобасын жасау, арбадағы мамандарды дайындайтын оқу орындарын ашу керек. Жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс күші бола алады. Өйт­кені олар  жігерлі, өмірге  құштар.

– Мәселен, неге арбадағылар отырып жұмыс істейтін үлкен тігін цехын ашпасқа немесе кондитер, жылыжай шаруасымен айналыспасқа деген ой келеді. Бірақ ондағы технология мен техника мүгедектерге бейімделген болуы ләзім. «Сау адамдардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай жүргенде…» деп сөгушілер табылады. Бірақ біз болашаққа көз тас­тайықшы. Бұлар менің назарымда болады, – деді депутат.

Мүмкіндігі  шектеулі  жандарға кедергі келтіре­тін заңнамаларға  өзгерту  енгізу қажеттілігі де туындап отыр. Қоғамдық  қабылдауға  келген  жандардың  ортақ мәселелері топтастырылып, тиісті сала басшыларының  қаперіне  ұсынылады.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: