Кәсіптік білім беру ісі қазір ақсай қойған жоқ. Бірақ кәсіптік мамандықты игеруге талпынатын жастар азайып келеді. Өйткені заман ағымына сай көпшілігі интернет арқылы табыс табудың жүйелі жолына түскен. СММ, таргетолог, инстамаркетолог, сату маманы сынды жаңа заманның мамандықтары қазіргі уақыттың нағыз сұранысқа ие, ТОП-мамандықтарына айналған. Ал слесарь, дәнекерлеуші, электр монтаждаушы және өзге де мамандар тапшылығы бар. Оны кәсіпорын басшылары да растап отыр. Мамандардың басым көпшілігі – о бастан келе жатқан адамдар. Жастар жоқтың қасы. «Жұмыс керек еді» деп келген жас мамандарды көрмедік дейді. Ал кәсіптік білім беретін оқу орындары маман даярлауда бізден қателік кетіп жатқан жоқ, жастар шешімді өздері қабылдайды деп ақталады.
КӘСІПТІК БІЛІМ АЛҒАНДАР КӨП
Қай салада қандай қызмет атқарамын десе, ол – әркімнің өз шешімі. Адамның қалауына шектеу жасауға ешкімнің хақысы жоқ. Дегенмен, маман тапшылығын жоюға талпыныс керек-ақ. Ауыл-аймақта тұратын жұмыссыз жастарға кәсіптік білім беріп, екі қолына бір күрек тауып беруге билік тарапынан азды-көпті жұмыстар істеліп жатыр. Мәселен, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жыл сайын жұмысшы кадрларды даярлау және қайта даярлау курстары ұйымдастырылып жүр. 2019 жылы қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 10 өндірістік оқу орны арқылы 845 адам оқытылған. Оның ішінде гуманитарлық сала бойынша, «Тәрбиешінің көмекшісі» мамандығына – 40, сервистік және қызмет көрсету саласы бойынша, «Аспаз», «Тігінші», «Тігіп-пішуші», «Кестеші», «Сатушы», «Малшы», «Шаштараз», «Визажист», «Маникюр-педикюр» шебері мамандықтары бойынша 712 адам білімдерін жетілдірген. Техникалық сала бойынша «Автомобиль жөндеу жөніндегі слесарь», «Жалюзи құрастырушы», «Электр жабдықтарына қызмет көрсетуші», «Электрогазбен дәнекерлеуші» мамандықтарын бас-аяғы 100-ге тарта адам оқыған. Білімдерін жетілдірген 803 адам болса, оның тек 158-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. 340 адам грант алып, өздерін жұмыспен қамтыған. Оқуды бітіріп, жұмыс жалғастырып жатқандар 70 пайызды ғана құрап отыр. Былтыр қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 659 адам жолдама алған. Оның ішінде «Тігінші», «Тігуші» және «Кондитер» мамандықтары оқытылған. Оқуды аяқтаған 527 адамның 70 пайыздан астамы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Ал биыл жыл басынан бері қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға бас-аяғы 35 адам жіберіліп, «Сырлаушы», «Қазандық операторы», «Слесарь сантехник» мамандықтарын оқып шыққан.
МЫҚТЫ КАДРЛАР ДАЙЫНДАЛЫП ШЫҒАДЫ
Аймағымызда үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда, өнеркәсіптік, аграрлық, құрылыс салаларына білікті кәсіби мамандарды даярлайтын бірден-бір оқу орны – М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі. Бәсекелестікке барынша қабілетті әрі мықты кадр дайындау осы оқу орнының үлесінде. Іргетасы сонау 1955 жылы қаланған білім ордасы бүгінде 20-дан астам үлкен өнеркәсіптік мекемелермен келісімшарттар жасасып, әлеуметтік әріптестік орнатылған. Қазір мұнда 12 мамандық, 24 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Атап айтқанда, «Электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер», «Электромонтер», «Автомобиль жөндеуші слесарь», «Автомобиль кранының машинисі», «Бульдозер машинисі», «Техник механик», «Ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторист машинисі», «Химиялық талдау зертханашысы» «Қазан және шаң даярлайтын цехтар жабдығын жөндеуі бойынша слесарь», «Қазандық жабдықтары жөніндегі аралаушы машинист», «Электрогаз дәнекерлеуші» мамандықтары бар.
– Қазіргі таңда көптеген ірі өндіріс ошақтары колледжге қажетті жұмысшы маман кадрларды дайындауға тапсырыс беруші болып отыр. Олардың арасында «Мелиоратор» ЖШС, «DOSSTROY-COMPANY» ЖШС, «Вест-авто» ЖШС, «Қызылорда жолдары» ЖШС, «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Монтажспецстрой» ЖШС, «Торғай-Петролеум» ЖШС, «ҚазГермұнай» БК ЖШС, «КАМ», «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК, «Нұрторгстрой» ЖШС, «Мұраптехсервис» ЖШС, «ҚЭТТК» АҚ, «Каис Сервис» ЖШС, «Энергосервис» ЕЖШС, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және тағы да ірі кәсіпорындар бар. Оқу орны мемлекеттік тапсырыстарды орындайды, бітірушілерінің 70%-ы жұмысқа орналасады, қалғаны көбінесе әскер қатарына шақырылады және жоғарғы оқу орнына түседі, – деді М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі директорының орынбасары И.Сыздықов.
МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРЖЫ БӨЛІП ОҚЫТҚАН МАМАНДАР ҚАЙДА?
Кәсіптік бағдар жасап, қосымша курс оқытатын мемлекеттік мекемелер де, кәсіптік білім беретін оқу орындарының мәліметтеріне сенсек, білім алғандардың барлығы далада қалып жатқан жоқ. 70-тен жоғары пайыз жұмыс істейтін болып шығады. Ал кәсіпорындарға келсек, «маман керек» деп дабыл қағады. Қаладағы «Квант» механикалық зауытының директоры Жаңабай Бекішовпен мамандар тапшылығы туралы пікірлесіп, ортақ ойды сарапқа салған едік.
– Біздің зауыт – қызмет көрсету және өндіріс орны. Техникалық бұйымдар шығарамыз. Бізде 30-дан аса маман жұмыс істейді. Бір жағы металдарды өңдеу болса, екінші жағынан техникалық газдарды өндіреміз. Токарь, слесарь мамандары жетіспейді. 30 жылдан бері бізде мамандар даярланбаған. Қазір кәсіпорында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі – кеңес кезіндегі зауыттарда тәжірибе жинақтаған мамандар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырауда көп адам қысқарып, күнкөріс қамы үшін базарға кетуге мәжбүр болды. Орташа айлық жалақы – 120000-130000 теңге көлемінде. Менің ойымша, кәсіби мамандарды дайындауды кәсіпорындардың өздеріне беру керек. Кадрды даярлағанда тек теориялық ғана емес, тәжірибе жүзінде де дайындау керек. Мәселен, токарь болам деген адам сол мамандықты бірден игеріп кете алмайды. Ол сіз ойлағандай оңай шаруа емес, сол мамандықтың шебері болу үшін кемінде 5-6 жыл керек. Дәнекерлеуші де дәл осындай, – деді Ж.Бекішов.
Оның айтуынша, өзі басқарып отырған кәсіпорынға кәсіптік білімі бар, оқу орнын бітірген маманның бірде-бірі жұмыс іздеп келмеген.
– Мемлекеттік қазынадан кәсіптік мамандар даярлауға миллиардтаған ақша бөлінеді, бірақ, неге екені белгісіз, маман тапшылығы сезіледі. Мысалы, менің кәсіпорнымда өндіріс басшысы болып 1947 жылғы кісі жұмыс істейді. Ол кісі кетейін десе, орнын ауыстыратын маман жоқ. Техникалық мамандарды табу бізге өте қиын. Менің естуімше, біз айтып отырған курстарды балалар тек үйіне уақытша нәпақа болу үшін оқитын көрінеді. Бөлінетін азғантай шәкіртақыны пайда көреді, бірақ бітірген соң ол салада жұмыс істемейді, – дейді ол сөзін толықтыра келе.
Жастардың ой-санасына ілесу мүмкін емес. Олар қоғам мен нарықтың талабына сай үнемі үздіксіз өсіп, дамып отырады. Кәсіпорындағы станоктың жанында тікесінен тік тұрып тәулігіне сегіз сағат жұмыс істегеннен 1-2 сағат уақытын интернетке жұмсап, өзі ойлағандай қаржы табу әлдеқайда қолайлы. Өйткені заманның талабы солай. Ал кәсіпорында жастардың емес, керісінше кеңес кезінен келе жатқан егде жастағы мамандардың жүруінің негізгі себебі осында. Кейінгі буын өкілдерін ауырдың үстімен жүреді деп жарға жыға беруден де аулақпыз. Сананы тұрмыс билеген заманда мүмкіндіктерді мүлт жібергісі келмейтін жастарды кінәлай да алмаймыз.
Ә.БОЗАНОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!