«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 565 шақырым көлік дәлізі ІІ санаттық жолға жатқызылып, соның салдарынан 2017-2022 жылдары осы екі арада 243 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 162 адам қаза тапқан.
Автожүргізушілер жоғарыда аталған екі аралықтағы күре жолдың енсіздігін, жылдамдығы баяу көлікті басып озу аса қауіпті екенін айтып келеді.
– Бұл трассада алдыңдағы көлікті басып озу өте қауіпті. Жүк көліктерінің бірнешеуі қатар жүріп келе жатса, тіпті қиындай түседі. Себебі, оның алдына шығу үшін қарсы бетке өтуің керек. Жол апатына көбіне осындай жүк көліктері себеп болады. Бұл жеңіл көліктерден мүлде қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Кейде көресіні солардан көреміз. Оған қоса трассаның бойында төрт түлік малдың тұруы, оны кесіп өтуі секілді әркеттер де апаттық оқиғаға өз әсерін тигізеді, – дейді Жандос Ибраев.
Үкімет үйі талай адамды жер жастандырған тасжолды кеңейту мәселесіне атүсті қарап келеді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың уәжі осындай тұжырым жасауымызға себеп болып отыр.
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтың дабыл қағып, маңызды жолдың жай-күйін шешпекке қойылған сауалына көңіл көншітпейтін жауап келді. Роман Скляр жайбарақаттық танытып, автожолды I санатты жолға айналдыру, яғни кеңейту жұмысы 2030 жылға шейін созылатынын жеткізді.
– Бүгінгі күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының «Ақтөбе – Қызылорда» учаскесін 4 жолақты қозғалысы бар, I техникалық санатқа кезең-кезеңімен көшіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Іске асыру мерзімі – 2023-2030 жылдар. Мәселен, I кезеңді іске асыру шеңберінде (2023-2025 жж.) ұзындығы 262 шақырымдық «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау жоспарлануда, оған 42,4 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде 2023 жылы –2 млрд теңге, 2024 жылы – 30 млрд теңге, 2025 жылы 10,4 млрд теңге ақшалай қаражат көзделген. 94 шақырымдық жоба-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама 2023 жылдың маусым айының соңына дейін аяқталады. Оның қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурстық рәсімдер жүргізілетін болады. Автожолдың қалған 162 шақырымы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, ол биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады. II кезеңді іске асыру шеңберінде (2025-2030 жж.) «Қызылорда – Ұлғайсын» автожолын (4 жолақ) реконструкциялау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Жалпы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының «Ақтөбе – Қызылорда» учаскесін реконструкциялау Үкіметтің тұрақты бақылауында, – дейді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Әрбір істі жобалап іске асыру әрекеті куантарлық жайт. Дегенмен, бұл жолдың мүмкіндігі әуелден біліне бастағанда-ақ жіберген кем-кетікті дер кезінде түзеуге болар еді. Алайда, оны осы күнге дейін назардан тыс қалдырып келді. Бұл аздай, бюджеттен қарастырылып отырған 42,4 млрд теңгенің биыл 2 млрд теңгесі ғана бөлінеді екен. Үкімет күре жолды 2030 жылға дейін кеңейтеміз деп жүргенде биылғы жылдың алғашқы 3 айында 5 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 12 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапты. Сонда, «Жаңа Қазақстанның» еститін Үкіметі бейбіт заманда 2030 жылға дейін қанша адамның өмірі үзілетінін ойламай, «өлсең, өміре қап» деп отыр ма?
Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!