Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көшедегі иттерді атуға болмайды», ал бұқара бұған қарсы…

23.06.2022, 11:00 1143

Өзгерісті қалайтын мемлекеттің де өзгермейтін заңдары бар. Ол ұлттық менталитетке, туралыққа, қоғам пайдасына негізделсе мейлі ғой, соңғы кезде үй жануарларының пайдасына негізделген заң жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Экология, геология    және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойылды.  Заңға сәйкес көшеде кездескен бұралқы итті атуыңызға болмайды. Атсаңыз, айыппұл арқалап, заң шеңберінде жауапқа тартыласыз. Тіпті, елестетпеген шара түрін қолданып, жануарларға зәбір көрсеткені үшін қылмыстық кодекс бойынша іс қозғалуы мүмкін. Қабылданған жаңа заңның адамдар үшін қандай зияны бар деп отырған боларсыз, заң жайында бастадық, енді мәселесін тарқатып көрейік.

ӘҢГІМЕНІҢ   ӘЛҚИССАСЫ  МЫНАДАН   БАСТАЛДЫ…

Қолға үйретілген жануарлардың арасында адамға жақыны да, жақсысы да ит екені мәлім. «Ит – жеті қазынаның бірі» деп, «қазына» қорына қосып алған едік. Алайда сол иттен зардап шегіп, ауруға ұшырап, таланудың соңы өлімге әкелген жағдайлар да жетерлік. Көше кезген бұралқы ит үй иесінен жылулық көрмей, дала кезіп кетеді. Мәселе бір тараптан болмайтыны белгілі, өзіміз дала кездірткен жануар жайының осы деңгейге жеткеніне куә болып отырмыз. 1 сәуірде Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауылында қабаған ит екі бүлдіршінге шабуыл жасап, салдарынан 3 жастағы бала азулы жануардан өлім құшты. Бұл – біреуі, мұндай жан түршіктіретін оқиғалар интернет желісінде «менмұндалап» тұр.

ЖАҢА  ЗАҢНАМА  НЕ  ДЕЙДІ?

Айтпақшы, жаңа заңнаманың әзірленуіне еліміздегі корей, орыс, т.б. өзге ұлт өкілдері түрткі болған деседі. Сонымен қоса жануарларға көмек көрсетіп, қамқорлық қылатын еріктілердің «талап-тілегі» де үкіметке жолданып, қарастыра келе жануарлардың адам қолынан аяусыз зардап шегіп, әлеуметтік желіге салған видеоларын көріп, тиісті орындарға шағымын жеткізіп, адам мен жануар арасындағы мәдениеттің жоғары сатыда тұруы керек екенін баса айтқан. Министрлік өкілдері қоғамда қаңғыбас иттер мен мысықтарға еш көңіл бөлінбей өлтіріліп жатқанын ескеріп, бұл заңмен атқарылуы керек деген тоқтамға келіпті. Жұртшылық осы пікірде. Оны облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов те қоштады.

Қызылорда облысының ветеринария басқармасының парақшасында:

«Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» деген сөздер «жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру» сөздерімен ауыстырылды. Сол себепті қазіргі кезде облыста қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау  және  жою  жұмыстары  тоқтатылды.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес  алдағы уақытта аулау қызметі облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымы, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар арасында ұйымдастырылатын болады», – деп 12 мамыр күні жазылған.

Демек, аймақта соңғы айларда қаңғыбас иттердің саны көбейіп, тұрғындарға шабуыл жасау қаупі артты деген сөз. Десе де «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2021 жылы 30 желтоқсанда қабылданып, биылғы 2 наурызда күшіне енген.  Бұған дейін аймақта 2020 жылы 21623, 2021 жылы 24820 қаңғыбас ит-мысық ауланып, жойылған. 2022 жылы заң күшіне енгенше 1300 қауіпті үй жануарының жайы шешілген.

ЗАҢНАН   АТТАСАҢЫЗ…

Егер сіз бөтен қаңғыбастық сипаттағы итке зақым келтіріп немесе қару пайдалану арқылы атсаңыз, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 316-баптың (жануарларға қатыгездікпен қарау)  1-тармағында  «Жануарларға оның мертігуіне алып келген қатыгездікпен қарау – 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген. 

ЖАНУАРЛАРҒА   ЖАСАЛҒАН  ЖАҒДАЙ

Бірақ заңға сәйкес иттерді атпай, қолдап ұстап, оларға арналған жаңа панажайларға орналастыру керек. Қызылорда облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов жаңа заң шеңберінде атқарылатын жұмыстар үшін бюджеттік сыныптама мен қаражат қолдауы ұзақ уақыт алатынын айтып, әзірге толық шешілмейтінін жеткізді.

– Қаңғыбас ит-мысықтардың саны көбейіп, ауру тарату деңгейі өсуде. Сол үшін заңға сәйкес бұралқы иттер мен жабайы мысықтарды уақытша ұстау панажайлары салынып, ол өз қызметін бастаймын дегенше бір жылдан аса уақыт кетері сөзсіз. Облысқа қажетті нысанның құрылысына шамамен 1 млрд теңге қаражат жұмсалуы ықтимал. Үкіметтен әзірге бөлінген қаржы мөлшері  54-56 млн аралығында. Бұл сомаға ешқандай жұмыс атқара алмаймыз. Өйткені жаңа заңдағы жұмыстарды атқару үшін бұл жеткіліксіз. Ағымдағы жылдың аяғына дейін бюджеттік сыныптама жасалса, соның өзі аяқталған іс болар еді, – деді Ә.Шәкіратұлы.

Мұндай шығын қайда жұмсалмақ дейсіз ғой, тарқатып өтейік. Көшеден ұсталған азутістілерді арнайы көліктер арқылы панажайға әкеліп, тазалық жұмысын жүргізеді, иесіз иттің иесі табылғанша ол сол жайда 5 күн бойы тамақтанып, ветеринариялық қызметтің «ханзадасына» айналады. Жағдайы жасалған жануардың бұдан бөлек еміне, «буаз» болса «босанбауына» әрекет етеді. Бір күнде бірнеше иттің осындай «қызметтерді» қабылдауына кеткен миллиондаған қаражат құр шығын дерсің. Ауызы жабылмай ұлып, үрудің үдесінен шыққан иттің әрекетіне тұрғындар шағым жасамайды деу қиын, сол үшін қала сыртынан жер учаскесі алынып, тұрғындарға зиян келтірмейтін орында болуы керек. Амал жоқ, заң қабылданды, қаржы қаралуы ғана қалды. Бір аптаның өзінде қаншама ит пен оларға қызмет көрсетушілерге кететін ақы мөлшерінің өзі «көзді шығарып», көңілді түсіреді.

ҚОҒАМ  БҮЙ  ДЕЙДІ

«Бала кезден бері «Ит – адамның досы» деген ұстанымда жүрдік қой. Ол өткен шақтың еншісінде қалған дүниелер. Себебі қазір ит адамның досы емес, жауына айналып бара жатыр. Бала-шағамыз көшеге шыққан сәттен бастап  уайым жетегінде жүреміз. Адамнан бұрын қабаған иттер талап тастамаса екен деймін. Бейуақытта бұралқы иттердің бір тобын көріп, «мыналарды жоятын немесе тәртіпке келтіретін үкімет не тындырып отыр осы?» дейміз де қоямыз. Ал жануарларға қатысты қабылданған соңғы заңмен мүлде келіспеймін. Оларға жағдай жасағанша иесіз мақұлықтың көзін құртып, санын азайтуды құптар едім. Көшені кезген иттен не күтіп отырғандарын қайдам?», –  деді қала тұрғыны  Әліби Рақметұлы.

Бұл мәселені екіжақты қарау керек. Десе де ит пен заң жайында пікір білдірген адамдардың барлығы дерлік заңды құптамады. Дауасы, көше кезген иттерді атып, санын азайту қажет дейді тұрғындар.

– Жақында ғана ит қауып ала жаздады. Әсіресе кешкілік уақытта жабық көшелермен жүруге қорқақтаймын. Қалада қаңғыбас иттердің көптігінен жалғыз жүру қауіпті болып, тыныштығымызды қашыруда. Заң қабылданғанына көп болмады, сол сәттен бастап, кезбе күшіктердің көбейгенін барлығымыз көріп жүрміз, – деді студент Нұрмұхаммед.

Оның айтуынша, түнгі уақытта құтырған иттердің ауруы күшейіп, беймезгілде жүрген адамды «жұлып жейтін» көрінеді.

Бір ғана үй жануарының ашулы әрекеті дәл осындай жағдайға жеткізетіні ауыр, әрине. Жаңа заң қаулысын жасағандардың бұндай оқиғаны бастан өткермегені ме, әлде жануарларға деген «жақсылығы» ма, кім білсін, әйтеуір «үлде мен бүлдеге» орап жатыр…

Қала қарбаласқан орын ғой, адамдардың иттерде уақыты жоқ та болар. Сол себепті ауыл-аудандағы ағайыннан ит аулаушылар мен қабаған жануарлардың қазіргі жайын сұрадық. Және жаңа заң туралы да орамды ой білдірді. 

– Қазақ қасына құмай тазысын ертіп аңға да, алаңға да шыққан. Құмай деуімнің себебі, бұрынғы кезде халықтың барлығы дерлік асыл тұқымды  үй жануарларын жанына серік еткен. Мал бақса да өзімен бірге ерте жүріп, қолғабыс қылған. Сондықтан ол кезде иттің адамды тістеп алуы, тістеген жағдайда құтыршақ ауруына шалдығуы сирек болған деседі. Сол кездерде итті бөтенсіп қуып, оны көше кездіртіп жібермеген соң, ол достығын жасайды, күшіктеген уақытта иті жоқ үйлерге асырауға беріп, үй күзетуге де пайдаланған. Міне, бүгінге дейін жануардың жақсылығын көріп келдік, олардың бізбен дос болуына өзіміз жағдай жасадық. Қазір қалада да, ауыл төңірегінде де бұралқы иттер өріп жүруіне көз үйренген. Оларды ешкім керек қылмайды. Алдына ауқат бармаған ит адамдарға шауып, қауып алады, адамдар ауру жұқтырып, бүлдіршіндер болса сол сәтте өлім құшады. Осы жағдайдың алдын алуға әлі де уақыт бар. Үй іргесінде шынжырлы тұрған иттің ешкімге зияны да тимейді ғой, әркім өз «дүниесіне» ие болса, бұлай жалғаспас еді. Егер азуы қанға малынған иттердің саны артса, атып, азайтқан дұрыс деп естептеймін. Қабылданған жаңа заңның қандай пайда беретінін түсіне алмасам да, оның да бір жақсы нәтиже көрсетеріне сенімдімін, –  деді аймаққа қарасты ауыл тұрғыны Сәрсен Қазым.

Иә, заңды былай қойғанда пайдасынан зияны басым қабаған иттердің ел бюджетіне де біраз салмақ салатынын ұғындық. Оларға құртатын қаражатты ит аузынан аман қалған адамдардың еміне, болмаса басқа да жерлерге жұмсауы қажет секілді. Құтырған «қаңғыбастардың» қазіргі жұмысы жұртшылықтың мазасын алу болып тұр.

МӘСЕЛЕ   МӘЖІЛІСТЕ  ТАЛҚЫЛАНЫПТЫ

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгеннен кейін соңғы үш жарым айда бірнеше бала өліп, ауыр жарақат алды. Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындар да, жергілікті атқарушы органдар да, иттер мәселесіне орай қабылданған заңды жүзеге асыру тетігінің жоқтығына қатысты шағымдар түсті. Біз заң күшіне енбей тұрып дабыл қаға бастадық, жүзеге асыру механизмдері мен қаржыландыру болмаған жағдайда проблемалардың туындайтыны бәріне белгілі, – деді кезекті мәжіліс отырысында депутат Сергей Симонов.

Депутаттың сөзінше, қабылданған заң аясында қарастырылатын қаржы өз уақытында игерілуі керек, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермеуді меңзейтін секілді.

ҚҰТЫРҒАН  ИТ  ҚАУЫП  АЛСА…

Иттен төнетін қауіптің жайын жақсы түсінген шығарсыз, ал зардап шегіп, азу тіс аяқты яки өзге жерлерді жарақаттаса, қайтпек керек? Дәрігер кеңесін ден қойып оқыңыз.

Құтырған иттердің көпшілігі иесіз қалғаннан, екпе алмағаннан осы ауруға шалдығады екен. Ондай дертті арқалаған ит адамды тістеген кезде адам бойында әлсіреу, құтыру белгілері болады. Тісі тиген орын қатты ауырсынып, күйіп тұрады. Ешқандай дәрі көмектеспейді. Температура шектен тыс көтеріліп, денсаулықтың соңғы ауыру деңгейін бастан өткеруіңіз ықтимал. Құтыршақтық ауруының вирусы денеге толық тараған сәтте оған ешқандай екпе көмектеспейді, керісінше ешкімді тыңдамай, жиһаздарды қиратып, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіреді. Соңы өліммен аяқталатын дерттің шипасы әлі күнге дейін медицинада табылмаған.  Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеп, иттерден сақтанғаныңыз дұрыс екенін алға тартады медицина мамандары. Әрбір құтырған иттің құны адам өліміне тірелген болса, адам құны маңызды екенін тырнақша ішінде айта өткен жөн.

ТҮЙІН. Маңызды жұмыстар көппен ақылдасу арқылы істелсе, оң нәтижеге жететініміз сөзсіз. Қоғамның пікірін талдай келе төмендегідей қорытынды ойға келдік. Біз маңызды істерді маңызсыз орынға қойып жатырмыз. Ол оқиғаларды елемей, шешу жолында пайдасыз әрекеттерді қарастыруға саяды. Заң өз шеңберінде жұмысын атқарып нәтиже берсе дұрыс, ал пайда әкелмесе қайта қаралып өзгерту қажет. Қабаған иттердің адамдарға шабуыл жасауы үлкен мәселенің ұшын көрсетті. Бұл біздегі заң шығарушы органның адамнан бұрын аңдардың мәртебесін алға қойғанынан сыр беріп тұр. Қоғам сол сана жетегінде жүргенін қаламасақ, «ойға қонымды, адам пайдасына көзделген әділ заң жасалғаны пайда бермек» деген тұжырымға тоқталдық. Қалғаны уақыт еншісінде…

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: