Суреттегі құрылғыны көшеден сіз де көрген боларсыз. «Police SOS» жазуымен тұрған құрылғы қоғамға қызмет етеді. Егер абайсызда көшеде бұзақыларға тап болсаңыз немесе сондай оқиғаларға кезіксеңіз, онда құрылғының түймешесін басып, полиция шақыра аласыз. Бұл дүниені жұртшылық жарнамалардан емес, сондағы құрылғыда жазылған жазудан-ақ түсініп алған. Дегенмен, ел арасында «осы құрылғының қандай пайдасы бар?», «бос шығын», «оның пайдасы тигенін көрмеппін, не істей алады өзі?» деген сынды пікір бар. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсуге қарыштап қадам жасап жатыр. Цифрлану дәуірі адамзаттың ісін жеңілдетіп, кейбір кадрлардың орнын қысқартуда. Ол – қуанарлық дүние. Дегенмен, аса бір пайдасы жоқ дүниелерді орнатуға, жасауға дағдыланып бара жатқан секілдіміз. Бұл – біздің ғана емес, көптің ойы.
Жалпы, биылғы жылдың 10 мамырынан бастап Қызылорда қаласында 15 дана «дабыл батырмалары» орнатылып, жұмыс атқаруда. Қала орталығынан бөлек басқа аудандарда бұл құрылғылар орнатылмаған. Облыстық полиция департаменті берген мәлімет – осы. Құрылғының орнатылудағы мақсатын сұрап едік, бүй деп пікір білдірді департамент басшылығы. «Мысалы, белгісіз біреу сіздің ұялы телефоныңызды және т.б. заттарды тартып алып кетсе, болмаса байланыс құралын жоғалтып алған жағдайда осы дабыл батырмалары арқылы көмекке полиция қызметкерлерін шақырта алады».
«Дабыл батырмаларының» орнатылғанына жарты жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде осы арқылы 8 хабарлама түскен. Оның барлығына қызмет көрсетіліпті. Батырма арқылы ұрлық, бұзақылық, қоғамдық орында мас азаматтың жатқаны, отбасылық жанжал және т.б. хабарламалар тіркелген екен. Жарты жыл уақытта 8 хабарлама түссе, шамамен 1 жылда 16 рет өз қызметін атқарды дейік. Бір жылда 16 рет ғана пайдаға асқан құрылғы үшін миллиондаған шығын жұмсалуда. Бұл жерде мемлекеттің қазынасына салмақ салынады. Қазір «мемлекеттік сатып алу саудасы» жақсы болған. Екінің бірі порталдағы көрсетілген сомадан екі-үш есе арзан затты апарып беріп, үстінен қаншама пайда көріп отыр. Аксиома. Дәлелдеуді қажет етпейді. Неліктен бұлай дейді десеңіз, құжат жүзінде барлығы дәлелденсе де, іс жүзінде нағыз сыбайластық жасалады. Оны қойшы, жоғарыдағы тақырыпқа оралайық.
Жақында кешкі серуен кезінде шаһар орталығындағы арбат бойында «дабыл батырмасының» қасынан өтіп бара жатқанда, «Қазекең де қу ғой, жемқорлықты қалай жасауды біледі, қаншама миллионның орнына осы бір құрылғыны орнатып қойыпты» деген әңгімені құлағым шалды. Тілшінің тірлігі бұқарамен бүкпесіз байланыс орнатып, пікірін саралау болған соң, жақындап барып, пікір беруін сұрадым.
– Осы күнге дейін бұл құрылғыны 3-4 жерден көрдім. Әр өткен сайын бақылап тұрамын, осының қызметіне жүгініп, пайдаланып көрейік дейтіндерді көрмейсің. Көшеде болған қылмысты полицияға жеткізу үшін «дабыл батырмасы» міндетті түрде қажет деп ойламаймын. Керек адам телефонын пайдаланады, телефоны болмай қалса, басқа біреуге айтып қоңырау шалатын еді. Мұны халықтың қамы үшін емес, «малын» жегеннен істеп отыр деп ойлаймын. Әйтпесе, үкімет те ақымақ емес қой, пайдасынан гөрі шығыны шашетектен затқа сонша ақша құртпас еді, – деді қала тұрғыны А.Зинабдин.
Жұртшылықтан көшедегі құрылғының неліктен тұрғанын сұрап көрдік.
– Көшеде машина қағып кетсе, «дабылды» басу керек шығар, негізі телефонмен де хабарласуға болады. Мұның басқа ешқандай пайдасы жоқ секілді. Жалпы, өзім қолданбаппын, – деді Ақтілек Айтбай.
Ал «осы туралы айтылған жарнама көрдіңіз бе?» деп едік, «дабыл батырмасын» тек көшеде көргенін айтты. Жарнамалардан байқамапты. Негізінен мұндай жаңа қондырғылар орнатылғанда халыққа түсіндірме жұмысын жүргізу қажет. Десе де, облыстық полиция департаменті түсіндірме жұмысының қарқынды жүргізілгенін айтты.
– Аталған құрылғылар бойынша жұртшылыққа жергілікті теледидардан және әлеуметтік желілері (Instagram, Facebook) арқылы толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Полиция қызметкерлеріне бұл құрылғылардың көмегімен қылмыстардың ізі суытпай ашуға көп көмегін тигізеді. Қала тұрғындары және қонақтары дабыл батырмалары арқылы өзінің немесе өзгенің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жағдайда немесе басқа да оқиғаларға кездескен жағдайда аталған құрылғыларды қолдана алады, – деді облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ш.Амитов.
Расына келгенде, сапаға емес, санға, пайдаға емес, есепке жұмыс істеп жатқандаймыз. Қылмыстық істердің алдын алып, құрықтауға қанша қаржы бөлінгенімен, статистиканың азайып жатқаны шамалы. Тағы да айтамыз, қылмыс тек қала орталығында болмайды. Егер, мекеменің мақсаты қылмысты азайту болса, аудандарға да орнату қажет. Көп нәрсені түсінуе осының өзі жеткілікті. Айтпақшы, көшеде қылмыс бола қалса, «дабыл түймесін» басыңыз. Кеткен қыруар қаржының өтелуіне аз да болсын үлесіңізді қосқан жөн.
Е.ҚАЛИ.
Суреттер ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!