Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көпір қашан жөнделіп бітеді?

10.09.2020, 11:10 1216

Обалына не керек, Жаңақорған ауданына 361 күн әкім болған Сұлтан Мақашов сөзден гөрі іске бейім жігіт екен. Әсіресе құрылыс жұмыстарына жетік секілді. Ауылдардағы әлеумет­тік нысандарды және де жолдардың жөнделуіне баса назар аударып, біразын­ жүзеге асырды. Бір шеттегі Көктөбе ауылына тірелетін жолдың жұмысы ұзаққа созылса да, қазір жұртшылықтың әжетіне жарап тұр. Тек, Келінтөбенің бергі жағы мен Қаратөбенің арасындағы 7-8 шақырымның аяқталмай қалғаны болмаса.

Шерхан Мұртаза айтпақшы «Бір кем дүние» дегендей, бітпей қалған тағы бір құрылыс бар. Ол – Әбдіғаппар ауылына кіреберіс маңдағы көпір.  Осы көпір арқылы Әбді­ғаппар, Машбек, Қыркеңсе, Өзгент, Қожакент, Түгіскен, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе, Қаш­қан­көл, Қал­ғансыр ауылдарына аудан орталығы жағынан баратын көліктер өтіп келген-ді. Түгіскеннен асқан соң Бесарық арқылы Түркістанға да жол осыдан шығады. Нақты уақытта жолау­ш­ылар бұзылған көпірді айна­лып­ өтетін бір шақырым шамасындағы шаңы шыққан шоқалақ жолмен қатынауға мәжбүр. Ал биылғы жылғы мамыр айының соңына қарай жөн­делуге  жабылған көпір құрылысының мына  түрімен қашан бітері жұрт­шылыққа  белгісіз.

Еске сала өтсек, расында аталмыш көпір 2015 жылы қауіпті деп жабыл­ған  болатын. (Бұл туралы аудандық газетте  фото айыптау жарияланғанын оқырмандар біледі). Кейін жұрт шулаған соң, көпірдің бір ернеуін ашып, тек жеңіл көліктер өтетіндей амалдастырған-ды. Қазіргі халі мына суреттегідей. Өз қамынан бұрын елдің жағдайын ойлайтын басшы болса, бұл жұмысқа қозғау салуы тиіс. Әлде көпірдің жөнделуі «баяғы жартас – бір жартастың» кебін кешіп тұра берер ме екен?!

Нұрмахан  ЕЛТАЙ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: