Көктем келіп, күн жылынып, қар еріген сайын өзен-көлдер арнасынан асып, су тасқыны қаупі туындайды. Әсіресе, биылғы қыстың қар мөлшері, күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның көп түсуі Қазақстанның бірнеше өңірінде төтенше жағдай туындау ықтималдығын арттырып отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің мәлімдеуінше, 2025 жылы су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары тұр. Сонымен қатар, орташа деңгейдегі қауіп Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан өңірлерінде байқалады. Ал судың тапшылығы мәселесі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе және Атырау облыстарында күшейе түсуі мүмкін.
СЫРДАРИЯ БАСТЫ ҚАУІП КӨЗІ МЕ?
Қызылорда облысында су тасқыны қаупі жыл сайын өзекті мәселе болып келеді. Бұл өңірдің негізгі су көзі – Сырдария өзені, көктем мезгілінде қарғын судың артуымен тасу қаупін тудырады. Қазірдің өзінде жергілікті төтенше жағдайлар қызметі мен су шаруашылығы мекемелері өзен деңгейін жіті бақылап, алдын алу шараларын қолға алуда.
Гидролог мамандардың мәліметінше, Қызылорда облысы аумағындағы Сырдария өзенінің бойында 10 су бекеті орналасқан. Қазіргі уақытта өзендегі мұздың жағдайы тұрақты. 15 ақпан күні Шиелі ауданына қарасты «Керікелмес» су бекетінде мұздың қозғалғаны байқалып, бүгінгі таңда мұз Қызылорда қаласына қарай ағыспен жылжып, «Тасбөгет» су бекетінен 30 шақырым жоғары жерде орналасқанын айтады.
– «Тасбөгет» су бекетінде мұздың қалыңдығы 25-27 сантиметр аралығында, ал «Қазалы» су бекетінде 35 сантиметрге жеткен. Су деңгейі әзірге тұрақты, дегенмен мұз кептелісі болмаған кезде ғана жағдай қалыпты болып қала бермек. Сырдария өзенінің табиғи иірімдерінде мұздың жиналу қаупі бар, бұл өз кезегінде су деңгейінің көтерілуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай болса, тұрғындарға 2-3 күн бұрын дабылды ескерту жасалады.
Гидрологиялық болжамға сәйкес, Қызылорда қаласы маңындағы «Тасбөгет» су бекетінде мұздың жүруі 22-28 ақпан аралығында, ал «Қазалы» су бекетінде 7-13 наурыз аралығында өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ су деңгейі, су ағымы, мұздың күйі мен температурасына қатысты гидрологиялық ақпараттар күн сайын тиісті мекемелерге жеткізіліп отырады. 1 желтоқсан мен 1 сәуір аралығында жауапты органдарға арнайы гидрологиялық бюллетеньдер жолданады, – дейді «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының 1-санаттағы инженер-гидролог маманы Раушан Бейсетаева.
СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Мұз қату мен сең жүру кезеңінде су деңгейінің күрт көтерілуі тұрғындар мен инфрақұрылым үшін үлкен қауіп тудыратыны сөзсіз. Осыған орай, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Алдын алу басқармасының басшысы Бейбітхан Спановтың айтуынша, департамент тарапынан қажетті шаралар қабылданып, су шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, өзеннің жағдайы күнделікті бақылауға алынып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылған.
– Қазіргі таңда біз су деңгейіне мониторинг жүргізіп, қауіптің алдын алу үшін барлық күшімізді жұмылдырудамыз. «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдарының мамандарымен бірге Сырдария өзенінің арнасындағы 10 су бекетінен ақпарат алып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – дейді ТЖ Алдын алу басқармасының басшысы.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінің арнасындағы 10 су бекетінен ақпарат алу мақсатында «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдарының мамандарымен бірлесіп, су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыстардың аясында облыс аумағында су тасқынына қауіп төнген 29 елді мекен анықталды, мұнда 70 мыңнан астам тұрғын және 14 мыңға жуық тұрғын үй бар. Сонымен қатар, осы елді мекендерде құлақтандыру дабыл сигналдары орнатылып, тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтады.
– Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында әуеден бақылау жұмыстары да қолға алынды. Өткен кезеңде 6 рет әуеден қарау жүргізіліп, тұрғындарға қауіп туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, БАҚ арқылы, соның ішінде 23 мақала жарияланып, радиода 67 рет, телеарнада 11 рет сұхбат пен хабарлама таратылды. Сонымен бірге, 14 жергілікті және республикалық сұхбаттар берілді, лэд-экрандарда – 30, әлеуметтік желілерде 147 материал жарық көрді.
Ықтимал су тасқыны кезеңінде тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында облыста 61 эвакуациялық жинақтау және 71 эвакуациялық қабылдау пункті дайындықта тұр. Төтенше жағдайлар департаменті күштер мен құралдар құрамында 123 адамдық жеке құрам, 25 бірлік техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа және 2 тікұшақ сақадай сай. Сонымен қатар, қысқы кезеңде 22 уақытша орналастыру пункті мен 13 жылыту пункті жұмыс істеуде.
2025 жылдың 6-7 ақпанында елімізде өткен «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Қазалы ауданында облыстық штабтың ұйымдастыруымен практикалық іс-шаралар өткізілді. Бұл шараға азаматтық қорғау қызметтерінен 441 адам мен 127 бірлік техника қатысты. Жалпы, оқу-жаттығуға облыс бойынша 1933 адам мен 535 техника жұмылдырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 152 ақпараттық хабар таратылды.
Қазіргі уақытта «Қызылорда» су торабының жоғарғы жағында, 5 шақырым қашықтықта сең жүруде, мұздың қалыңдығы 15-35 сантиметр аралығында, – дейді Бейбітхан Оразайұлы.
КҮННІҢ КҮРТ ЖЫЛЫНУЫ КҮТІЛУДЕ
«Қазгидромедтің» Қызылорда облысына алдағы наурыз айына арналған күн райы болжамына сүйенсек, айдағы орташа ауа температурасы +2,4+9,3°С болады деп күтілуде, бұл норма шамасынан 2°С жоғары болмақ. Сонымен қатар, жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде норма шамасында, Арал ауданында нормадан жоғары болады деп күтілуде.
Жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) бірінші онкүндіктің аяғында, жаңбыр бірінші онкүндіктің басында, екінші онкүндіктің аяғында және жиі үшінші онкүндікте күтіледі. Тұман, көктайғақ бірінші онкүндіктің аяғында болуы ықтимал. Жел 15-20 м/с бір ай ішінде жиі күтіледі, шаңды дауыл екінші және үшінші онкүндіктің басында болуы ықтимал дейді мамандар.
– Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде -5-10°С аяздан 0-5°С аязға, күндіз +6+11°С жылыдан +11+16°С жылыға дейін жоғарылайды деп күтілуде. Одан кейін ауа температурасы түнде -8-13°С аязға, күндіз -2+3°С, Шиелі, Жаңақорған аудандарында +7°С жылыға төмендейді. Онкүндіктің соңғы күндерінде ауа температурасы қайта көтерілсе, екінші онкүндікте ауа температурасы түнде +5+10°С жылыға, күндіз +15+20°С жылыға дейін әрі қарай жоғарылайды. Кейін ауа температурасының түнде -4+1°С-тан +5+10°С-қа, күндіз +10+15°С жылыдан +15+20°С жылыға дейін ауытқуы байқалады.
Ал, үшінші онкүндіктің ауа температурасы түнде -4+1°С-тан +5+10°С-қа, күндіз +10+15°С жылыдан +15+20°С жылыға дейін ауытқуы байқалады.
Содан кейін ауа температурасының түнде -4+1°С-қа дейін, күндіз +10+15°С-қа дейін төмендеуі болжануда, – дейді метеоболжау бөлімінің басшысы Айкерім Жөкелова.
Қорытындылай келе, биылғы көктемде су тасқынына қарсы күрес шаралары Қызылорда облысында жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқадық. Жергілікті билік, су шаруашылығы мекемелері және төтенше жағдайлар қызметі өзендердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, алдын алу жұмыстарына белсенді атсалысуда. Мамандардың пікіріне сүйенсек, мұздың жағдайы мен су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізіліп, қауіп туралы тұрғындар уақытылы хабардар етілуде. Бұған қоса, әуеден бақылау, эвакуациялық жоспарлар және ақпараттық кампаниялар арқылы қауіпті кезеңге дайындық күшейтілген.
Дегенмен, көктемгі күн райының өзгерістеріне байланысты су тасқынының қаупі сақталады. Әсіресе, мұз кептелісі мен су деңгейінің көтерілуі мүмкіндігі тұрғындарға қауіп төндіріп, дер кезінде алдын алу шараларын талап етеді. Осы тұрғыда облыс пен елдің барлық тиісті органдары әзірлік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерін аямай жұмыс істеуде. Сырдария өзенінің бойында су тасқынының алдын алу жұмыстары тиімді жүзеге асырылып, қауіптің деңгейі тұрақты бақылауда тұр.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!