Мен ұл-қыз өсіріп, немере тәрбиелеген, ұзақ жылғы (44 жыл) білім мен тәрбие беру саласында еңбек еткен, пионер вожатый, мұғалім, оқу ісі орынбасары, кабинет меңгерушісі, облыстық жас натуралистер станциясының, кәсіптік-техникалық училище директоры, облыстық білім басқармасының бас маманы болған азамат ретінде өмірден түйген тәжірибемнен қысқаша ой бөлісіп, пікір-ұсынысымды жеткізгелі отырмын.
Ұрпақ тәрбиесі адам баласы жаратылғалы бері айтылып та, жазылып та келеді, адамзат жер бетінен жоғалып кеткенше осылай бола береді, тек заман ағымына қарай өзгеріп (мүмкін күрделеніп) отыруы ықтимал.
Біздің мектеп – кемеміз оқушыларды білім мұхитында жүздіруде көптеген келелі табыстарға жеткенімен, тәрбие мәселесінде кібіртіктеу басым. Мектепте көп айтылуға тиісті «тәрбие» сөзі көп айтыла да бермейді. Оқушы жастар, жалпы жастар арасындағы келеңсіздіктердің күрделенуі, яғни бабаларымыздан қалған керемет ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауы, оқушы қыздардың жүкті болуы, суицид, мектеп ішіндегі атыс, оқушылардың мектеп ішінде суық қарумен жүруі, т.б. жат қылықтардың етек алуы осы олқы істеріміздің нәтижесі деп ойлаймын. «Жауырды жаба тоқып», кемшілік тұстарымызды жасырудың (кімнен екені беймәлім) негізсіз екенін түсінетін уақыт жетті, сөзден іске көшетін уақыт өтіп бара жатыр.
Бір мысал, сыныптарда өтетін «Тәрбие сағатына» 45 минут-ақ беріледі. Өкініштісі сол, мұның аты – «Тәрбие сабағы» емес, «Тәрбие сағаты» (класный час). Және ол 6-7 сабақтарға ысырылып қойылады. Азанда сағат жетіде оянатын шәкірттің түскі сағат екідегі «Тәрбие сағатына» қандай құлқымен келетіні де белгілі. Сондықтан олар «6-сабақ – азап сабағы, 7-сабақ – мазақ сабағы» деп атап жүр. Осы санаулы минуттарда нені айтып, нені көрсетіп, неге тәрбиелеп үлгереміз? Нәтижесінде, тәрбиелік шаралар мазмұнсыз, діттеген жерден шықпай, іс-шараның мәні толық ашылмай, сүреңсіз жағдайда өтеді.
Не істеу керек? Менің ойымша, сабақ кестесіндегі кейбір пәнді (ондай пәндер бар) алып тастап, тәрбие сабағын негізгі пән (мысалы, Адамгершілік пәні) деп атап, оған кемінде аптасына 2 сағат бөліп және оның сапасына, мазмұнына қатаң қадағалау қойылғаны жөн. Ал «Адамгершілік пәнін» жаңа лауазым иесі, пединститут, университеттің тәрбие факультетін бітірген арнайы «Тәрбиеші-педагог» жүргізуі керек.
Техникалық жоғарғы оқу орындарымен біріктірілген педагогикалық жоғарғы оқу орындарын бұрынғыдай өз алдына дербес оқу орны етіп қайта құрып, пединститут, университет аясын кеңейтіп, «Тәрбие беру факультетін» ашу керек. Бұл факультетте «Мектепке дейінгі тәрбие», «Бастауыш сыныптардағы тәрбие», «Негізгі мектептегі тәрбие», «Жоғарғы сыныптардағы тәрбие», «Студент жастар тәрбиесі» және «Ата-аналар тәрбиесі» бөлімдері болуы шарт. Біз бала тәрбиесінде не нәрсеге қол жеткізе алмай жатсақ, ол – ата-аналармен жұмыстың өте-мөте кемшіндігінде. Ата-аналарға педагогикалық тәрбие мен білім беру мәселесі құпиясы ашылмаған терең тылсым болып қалып отыр.
Мектептердегі жұмыс істеп келген «Ата-аналар комитеті» жұмысы қағаз жүзінде ғана болып, өз миссиясына – діттеген жеріне қол жеткізе алмады. Ал қазір жапа-тармағай «Республикалық ата-аналар бірлестігі», «Ата-аналар академиясы», «Ата-аналар қауымдастығы», «Белсенді ата-аналар клубы», «Ынталы ата-аналар тобы – Группа активних родителей» құрылуда. Ой-идея дұрыс, бірақ «Түйе көп болса, жүк сыймайды» ғой, әрқайсысымыз әр жерден шулай бергенше бір қауымдастық па, бір бірлестікке ме бірігіп, бір Орталық ұйым құрып, Оқу-ағарту министрлігі (түптеп келгенде оқушылардың тәрбиесі мен біліміне жауап беретін біз ғой) жоғарыда аталған қауымдастық, бірлестіктермен бірігіп, сол Орталықтың жарғысын, бағдарламасын жасаса, одан арғы орындалуы тиіс жұмысты министрліктегі Тәрбие бөлімінен бөлінген арнайы маманға жүктеп, нәтиже сол маманнан талап етілсе, іс оңға басатын сыңайлы.
Әдетте, мектептегі тәрбие, отбасылық тәрбие, қоғамдық (көшедегі) тәрбие – Үштік одақ деп атасақ та, оның 60-70 пайызы отбасының үлесіне тиесілі. Осыны кейбіреулер мойындамай-ақ жүр, өкінішті.
Қазіргі «Қосымша білім беру оқу орталығы» «Қосымша білім және тәрбие беру орталығы» болып, мектептеріміз бастауыш, негізгі, орта білім және тәрбие беру мектептері болып аталуы керек. Мектептер маңдайшасына «Тәрбие, тәрбие және тәрбие» ұраны ілінуі жөн болар еді.
Қазақстан Республикасы елімізде оқу-ағартудың, білім берудің жоғары деңгейіне көтерілдік, кейбір елдердегі оқу-ағартуға жәрдем беретін жағдайға жеткен іргелі елге айналдық деуге толық негіз бар. Олай болса, министрліктің атауы «Білім және тәрбие беру министрлігі» деп, облыстардағы атауы «Білім және тәрбие беру департаменті», «Аудандық (қалалық) білім және тәрбие беру бөлімі» деп аталса, яғни білім сөзінің қасында тәрбие сөзі қатар жүру керек. Сөйтіп, тәрбие сөзін және ол сөздің маңыздылығын оқушылардың, жастардың, халықтың санасына осылай біртіндеп сіңіре беруіміз керек-ау. Ең алдымен мұғалімдеріміздің санасына тәрбиелеп оқытуды осылайша сіңіре бергеніміз жөн.
Білім және тәрбие министрлігі (Оқу-ағарту министрлігі) «Жастарды тәрбиелеудің Республикалық орталығының» ашылып, «Қазақстан Республикасы Жастар одағын» құруға, арнайы жастар тәрбиесіне арналған «Қазақстан жастары» газетін, «Жастар дауысы», «Ел ертеңі», т.б. ашуға мұрындық болса, кәнеки.
Бүгінгі күні мектептегі тәрбие жұмысын, жалпы жастар тәрбиесін жаңа уақыт үдерісіне қарай жаңаша қөзқарас, жаңаша бағыт күтіп тұр. «Ештен де кеш жақсы» деген ғой, уақыт оздырмай іске кіріскен абзал.
Біз – оқу-тәрбие мекемелері, қоғам, ел-жұрт Әділетті Қазақстанның адал азаматын тәрбиелеудің жаңа жолын қалайда табуға тиіспіз. Мүмкін, мектеп пен мешіттің бірігіп тәрбиелеу мүмкіндігін оң пайдаланудың әдіс-тәсілін тапсақ, жеңіл жүрісті жастар санының азайып, иманды да ибалы ұл-қыздардың көбеюіне септігі тиер ме еді?!
Қысқасы, «кемел тәрбие берілмей, келісті ұрпақ өспейді», бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Оразбай ҚОСАНОВ
ҚР білім беру ісінің үздігі,
ардагер-ұстаз,
Қызылорда қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!