Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлерді не мазалайды?

22.06.2023, 10:20 332

Қазір идеал сала жоқ. Әрбір салада қадау-қадау қиындық пен мәселе бар.  Кез келген бағытты алып қарасаңыз да, «айы оңынан туған» дүниені таба бермейсіз. Ол неден дейсіз ғой. Бұдан бірнеше сауал туындап кете береді. Жауап та соған сай тарамдалып тұр. Өйткені, мәселе біреу емес, екеу де емес. Санамаласаң, саусақ жетпей қалатындай. Кәсіп­керлерді қиындыққа тақап тұрған дүниенің бірі – қымбатшылық. Қазір базардағы бағаны айтса, дереу шоши жөнелеміз ғой, бірақ, оны сатылымға шығарып отырған кәсіпкер аз шығынға батты дейсіз бе? Аз болса, аз шығар, дегенмен қазір арзан дүниенің сапасы сан соқтырып кетуге бар. Соны білген соң, қымбатқа қарай қарманамыз. Бірақ, айлық табыстың мөлшері қымбат заттарды тұтынуға қалта көтертпейді. Бұдан кеп табыстың төмендігі «менмұндалайды». Айттым ғой, кез келген салада мәселе бар. Бірақ бүгін кәсіп­керлердің мәселесін тарқатып көрейік. Бүгінде кәсіп­керлерді  не  мазалап  жүр екен? Тұтынушының талғамынан шығамыз деп әупірімге салынып жүр ме? Тақырыптағыдай жалқы сұрақпен бірқатар кәсіпкерден мәселесі мен қиындығы турасында тілдесіп, пікір алдық. Бүгінгі бизнес өкілдерін  не  алаңдатып  жүргенін  оқып  көріңіз.

Ерұлан  ӨМІРСЕРІКОВ,

Қызылорда  облыстық  қоғамдық  кеңесінің  мүшесі:

«МЕМЛЕКЕТТІК  МЕНЕДЖЕР»  –  КӘСІПКЕРДІҢ  ЖЕТЕЛЕУШІСІ

Кәсіп саласындағы басты қиындық – мемлекеттік қолдаудың  тиімділігінің  аздығы. Жүйе­лі, жеңіл бағдарламалардың жетімсіздігі. Сонымен қатар өндірген өнімді өңдеудің кенжелігі.  Жекелеген шағын өндіріс цехтар бар, бірақ олар бірігіп көп көлемде өнім өндірмейді.  Өңделген өнімнің көлемі аз болғасын оның берер пайдасы да көп дей алмаймыз. Үкімет барлық мемлекеттік қолдау бағдарламаларын өңдеу саласына ұштастыру керек. Ал өнімді өңдеу саласы дамығанда ғана ішкі нарықты толық қамтып, сыртқы импорт мәселесін шеше­міз. Бұл істің барлығын үйлестіруді мемлекеттік менеджер деген маман атқара алады деп ойлаймын. Бүгінгі қалыптасқан жүйені өзгертпейтін болсақ, бізде өнімді өңдеу, өнді­ріс саласының дамуы тежеледі.   Мәселе түсінікті болуы үшін  мысал  келтірейін.

Жақында бір ауылда болдым. 20  жастағы  бір жігіт Президенттің өзі айтқан «кооперация» жүйесі­нің алғышартын істеп жатыр. Ауыл  тұрғындарынан сүт жинап, өңдеп, дайын өнім шығарып отыр. Сүт өңдеу  қондырғысын алып қойған. Өнім көбірек болу үшін шикізат керек. Шикізатты сатып алуға айналым қаражат керек. Ал оның айналымындағы бар қаражаты бір дүкеннің сол сүт өнімін сату процесіне тәуелді. Егер, сүт өткізіп тұрған адамға сатып алып тұрған  тауарының ақшасын бірден бермесе, ол ауылдан сүт жинай алмай, өндірісі тоқтайды. Кәсіпкер мен шаруаны жүйелі қолдамаса, дамудың ауылы алыс.  Жалпы айт­қанда, біз өнім өңдеу мен өндіріс сала­сын дамыту арқылы жұмыс­сыздық мәселесін де, қымбатшылық  мәселесін де қосарлана шешуге мүмкіндігіміз бар. Үкімет жұмыссыздықты жою мақсатында қаншама мемлекеттік бағдарлама жасап жатыр. Сол арқылы азаматтар кәсіп ашып, шағын жұмысын ұлғайтып келеді. Бірақ, ашылған кәсіптің жарты­сына жуығы қайта жабылып қалуда. Ондағы басты себеп не деп ой­лай­сыз? Нарық заңы өте қатал. Ықыласымызға  біліктілігіміз сәйкес  келе  бермейді.

Меніңше, шаруаның шаруасы жетілгенге дейін жетелейтін мемле­кеттік менеджер керек.   Мемлекеттік менеджер деген кім? Ол – бұған дейін қаншама жыл кәсіпкерлік саласында шыңдалып, қиындығын көріп, талай түреннен өткен адам. Ол мемлекеттен көмек алуды білетін, сол көмек аясында жұмы­сын дөңгелетіп, нарықтық экономиканы мықты меңгерген адам болуы керек. Ондай адамдарды егер мемлекеттік менед­жер етіп таға­йындап, ірілі-ұсақ­ты кәсіпке жетелеуші маман ретінде қойса, ол кәсіпкер мен шаруаның өндірісі  аяққа нық тұруына себепші болар  еді.  Жалпы, өңдеу мен өндіріс деген ауылда ашылатын болса, ол сол ауылдың жұмыссыз жастарын да азайтады, ауылдың макро, микро экономикалық әлеуетін күткен деңгейге  жеткізер еді. Қарап отырсақ, біздегі әлеуметтік мәселелердің әлі де азаймай келе жатқандығы – ауылдарға жіті көңіл бөлмей жүргенімізден. Ауылды дамытпай, қаладағы әлеуметтік мәселе шешілмейді. Қордалана береді. Сондықтан  кәсіп саласын  дамытамыз десек, көбірек ауылға көңіл бөлуіміз керек. Ауылдағы жекелеген кіші шаруашылықтардың бірігіп тірлік істеуі экономикалық тұрғыда тиімді болатындай мемлекеттік қолдау бағдарламалары қажет-ақ.

Раушан БАЗАРБАЙ,

Қызылорда қаласындағы

Q-MED жеке клиникалар желісінің директоры:

МӘМС-тің АЩЫСЫ мен ТҰЩЫСЫ: ХАЛЫҚ НЕГЕ НАРАЗЫ?

Өткен жылы өз емханамды аштым. Бұған де­йін екі емдеу орнымыз бар, халыққа  7 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмыз. Емхана ашу, жалпы медициналық орталық ашу – үлкен инвес­тиция. Емханалық қызметті көрсетуге  не түрткі болғанын айта кетейін. Біздің емдеу орындарымыз аймақтағы ең жақсы оңалту орталықтарының бірі болса да, науқастарды жіберу үшін халық тіркелімі бар емханаларға, оның ішінде мемлекеттік емханаларға  тәуелді болдық.  Оңалтуды қажет ететін нау­қастарымыз бізге жолдама алу үшін сандалып, одан бөлек жолдаманы алу үшін үлкен дау-дамаймен әрең дегенде қол жеткізетін, бізде бос орын болса да, науқастардың келуі баяу сол себептен.  Бұл науқастардың МӘМС жүйесі бойынша таңдау құқығын, мүмкіндіктерін  шектейтін. Сол үшін біздің қызметті қажет ететін  науқастарға арналған емхана ашуға шешім қабылдап, осы дүниеге қаражатты салдық. Содан кейін мен кадр мәселесіне тап болдым. Көбінесе емделушілер терапевт пен жалпы тәжірибелі дәрігерлерге сенбейтін секілді. Яғни,  тек тар бейінді мамандарды іздеп келеді. Ал оларды табу оңай емес. Мысалы, тар бейінді мамандардың бірі гастроэнтеролог маманы, немесе гепатолог  қажет делік. Қызылорда облысында ондай маман аз, тапшы. Мәселен, мен дәрігер тауып, оған жақсы жалақы алуға мүмкіндік берсем, ол бас тартады. Яғни,  «Мен сізге толық жүктемеде бара алмаймын, өйткені мен қаланың бірнеше  емханасында жұмыс істеймін» дейді. Бір жерде 0,25 жүктеме, бір жерде жарты жүктемеде. Ал кешке жеке қабылдау да өткізеді. Дәрігерлер үшін осы тиімді болып көрінеді. Өйткені, оларды бұл жағдайға әкеліп қойған дәрігердің жалақысының төмендігі және тар бейінді мамандардың тапшылығы. Осының салдарынан емханаға қажет белгілі бір маманның жоқтығы ем алушылардың 10-12 күн күтуіне, ақырында  әр жерден емхана, немесе ақылы түрде ем іздеп кетуіне алып келеді. Осыған әлбетте  халық наразы болады. Сондықтан біз барлық дәрігерді бір жерде тоғыстырып, «бір терезе» қағидасы бойынша  қызмет көрсетуді көздейміз.

Неге науқастар мемлекеттік емдеу орын­дарында сандалып жүріп емделуге шаршайды десеңіз, неліктен мемлекеттік емхана тиесілі құрал-жабдық­тармен, тиісті мамандармен қамтылуына қауқарсыз  десеңіз, оның бір себебі: жеке емдеу орындары көп, көптеген мықты мамандар өз жеке кабинеттерін ашқан, немесе тек белгілі бір бағытта қызмет етеді. Бірақ ол емдеу орнында бекітілген халық саны жоқ. Сондықтан науқастарды емхана дәрігерлері арқылы тартуға мәжбүр. Мемлекеттік  емхананың жолдама беруге  жауапты өкілі емханаларға барып келісу керек. Онсыз науқастарды тарту мүмкін емес. Мамандар емханаларды аралап, науқастарды бізге жіберуіңізге болады, бұл қызметтердің құнын әлеуметтік сақтандыру қоры өтейді, осылай екі жаққа да тиімді тәсілді пайдалансақ дейміз. Алайда дәрігерлер немесе жауапты мамандар әр науқастың емделу құнының   бес пайызын қалтасына салуын талап етеді. Мен жеке басым ондайға қарсымын, өйткені науқастың өз құқығы кімге қаралып, қандай емдеу орындарын таңдап емделсе де, оның МӘМС жүйесіндегі қаражаты науқастың артынан еріп жүру керек. Алайда бізде  жүйе  олай  емес  болып  тұр.

МӘМС жүйесі, әрине, халыққа керек, алайда жүйені өзгертуді қажет етеді. МӘМС қаражатты  жыл басында барлығына бөліп тастамай, нақты әр науқастың дәрігерге қаралу фактісі, емделу диаг­нозы бойынша кеткен шығындарды өтеу арқылы науқастың  өзі таңдаған емдеу орнына төленіп отыру қажет. Бұл орайда науқастар «Даму мед» қосымшасы арқылы өзінің емін, кеткен қаражатын көріп отырса, қосалқы емдеу шараларын  жалған жазу (приписка)  болмас  еді.

Қаражат медицина саласында аз емес, тариф­тер жалпы төмен деп шулағанымызбен, тариф­тердің барлығы төмен емес. Мысалы, консультативтік-диагностикалық қызметтер жақсы төленеді. Ал аса қажетті  жедел жәрдем, кәсіби тексеру, скрининг, тіркелген жан басына шаққандағы тарифтердің төмендігі, емхана  әрбір тағайындалған емделуші үшін 1700 теңгеден 2200 теңгеге дейін ғана алады. Олай тартсаң, былай жетпейді, былай тартсаң, олай жетпейдінің кері осында. Қалай болғанда да, емхана неғұрлым көп адамға қызмет көрсетсе, соғұрлым тиімді.  Менің емханамда қазір 20 мыңға есептелгенімен, 6 мың тіркелеген халық бар. Сапалы қызмет көрсету арқылы ем алушыларды бізден қызмет алуға шақыру жолға қойылған. Егер МӘМС жойылса, ең алдымен халықтың қорғалмаған бөлігі, жеке емханаға ақшасы жоқ адамдар зардап шегеді. Өзіңіз бағалаңыз, медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарнаның максималды мөлшері жылына 187 000 теңгені құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар небәрі 42 000 төлейді. Бұл көп емес. Жай ғана екі рет маманмен кеңесу және жеке клиникада МРТ аппаратына төленетін құнмен пара-пар. Медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы неде екенін түсіну үшін адамдарға түсіндіру, қосымша ақпарат беру қажет. МӘМС жұмысын тиімді ету үшін, қордың функцияларын мемлекеттік басқаруға беру, оны қаржы министрлігі немесе денсаулық сақтау министрлігіне қарасты комитет ету керек. Сонда рұқсат беру тізбегі қысқарып, бюрократия, штат, қаржы ресурстарының жұмсалуы мемлекеттің бақылауында болады. Қазір қорды мемлекеттік мекеме ретінде ешкім тексермейді. МӘМС қызметкерлерінің жұмысының нәтижелі болмағанына қарамастан, халықтың бұл жұйеге наразылығы бола тұра тоқсан сайынғы бонустарды алады. Қордың әкімшілік шығындары көбейіп, ал  емханалар зардап шегуде, олар халыққа көрсетілген қызметтерді қаржыландырудан сызықтық шкала бойынша қысқартылады. Мысалы, біз 6000 халыққа қыз­мет етіп келсек те, осы күнге дейін, жыл басынан бері бізге тек бастапқы емхана болып ашылғандағы келісімшартта көрсетілген 1500 халықтың ғана қаражатын төлеп отыр, қалғаны неге төленбей тұр, қызмет жасалды ғой дегенге, МӘМС-тің жауабы: жыл басында, сізге қазіргі таңда тіркеліп тұрған науқастардың  қаражаты басқа емханаларға таратылып қойылған, қайтару процесі қиын, ұзақ, кейде мүмкін де емес дейді. Сонда әр науқастың төлемі өзімен еріп жүреді деген МӘМС-тің қағидасы  қайда  деген  сұрақ  жауапсыз.

Жаңабай  БЕКИШЕВ,

«Квант»  Қызылорда  механикалық  зауыты»  ЖШС  директоры:

ҚАРЖЫ  мен  КАДР МӘСЕЛЕСІ  ШЕШІЛМЕЙ, КӘСІП  ДАМЫМАЙДЫ

«Квант» Қызылорда механикалық зауыты» ЖШС тұтынушыларға ауыл шаруашылығына, еңбекке, су беру ісіне қажетті техникаларды жасаумен айналысып келеді. Яғни темір өңдеу зауыты болғандықтан, өнім шығарумен, құрастырмалы техникаларды жасаумен айналысамыз. Бұл саладағы басты қиындық – қаржы мәселесі. Біздің мемлекетте кәсіпті, өндірісті дамытуға арналған қаншама бағдарлама бар. Бірақ, өкінішке қарай, бірде-бір бағдарлама ойдағыдай жұмыс істемей тұр. Себебі, бағдарламалар жазылғанда сапаға емес, санға жұмыс істейтіндей көрінеді. Бұл дүниені мен түсіне алмаймын. Бәлкім, ол тек көрсеткіш есебінде жазылуы мүмкін, әйтеуір тек жалпылама жасалатынын байқадым. Бағдарламадағы қадамдар нақтыланбайды. «Оған кімдер араласуы керек?  Бағдарламада қабылданған пункттер болса, оны кімдер іске асыруы керек?» деген секілді сауал бар. Одан басқа қаржы деген де дүниесі бар. Оны кімдер қай жақтан қаржыландырады?  Осы мәселелер жазылмайды ешқашан. Қандай бағдарлама болмасын, ол қаржыландырылмаса, қайдан іске асады?  Ең қарапайым мысал деп алайық. Үй салу үшін қаржы керек. Ал ақшаң болмаса, үй сала алмайсың. Сол секілді ғой. Кәсіп те осындай. Жаңадан кәсіп ашып немесе алдыңғысын кеңейтемін, жоғарылатамын, сапасын керемет қыламын десең, оның бәріне қаржы керек. Міне, қаржы мәселесі бізде шешілмей тұр.  Біз әрдайым теледидардан, министрлердің мінбердегі сөзінен, интернеттегі ресурстардан, газет-журналдардан жоғары шенділердің бизнеске миллиардтаған ақша бөліп жатқанын естіп, көріп жатырмыз ғой. Сол кәсіптің ортасында жүргеніме 30 жыл болса да, мен осы істің керемет нәтижесін көрмей келемін.  Қазір тауарлардың 98 пайызы импортпен «даладан» келеді екен.  Бізде өндіріс жоқ болғандықтан, керек-жарақ сырттан алынады. Неге өндіріс жоқ десеңіз, бізде өндіріс қайдан дамиды, егер өнім өндірумен айналысамын деген адамдарда қаржы болмаса?!.

Екінші деңгейдегі банктердің барлығы – монополист. Ол жақтағы қаржыны төмен пайызбен ала алмайсың. Олардың үстеме ақысы 15, 18, 20 пайызға дейін кетіп қалады. Олардан алған қаражатыңды келесі айдан бастап төлеу керек боласың. Ал өндіріс орнын ашуды бастап отырған адам келесі айында бірден өтей ала ма?  Оны айналымға енгізіп, пайда тауып, аяққа тұрамын дегенше айлар, жылдар кетеді. Егер алған қаражатыңды бірден өтеп отыратын болсаң, онда пайда таппайсың. Бұл кезде қайдан дамимыз? 

Қазір «Даму»  деген бағдарлама бар. Олардың барлығы соларды қорғап отыр. Сол арқылы жеке банктерден 6 пайызбен алуға болады дейді. Бұл бізге тиімді емес. Бәрібір де банктер халықтың алдында жеңілмейді. Ұпайы түгел. Бізге шетелдік банктер керек.  Не болмаса, мынадай ұсыныс айтайын.  Қазір елімізде қаншама меценат ақшасын қайда жұмсарын білмей отыр. Соларға банк ашуға рұқсат беру керек. Егер банктерден өте төмен пайызбен қаржы алуға мүмкіндік болатын болса, кәсіп тез дамушы еді. Сингапур деген мемлекет бар. Халқының саны 5 млн ғана. Сол елде 122 банк бар десем, сенесіз бе?  Олардың көпшілігі – тәуелсіз банк. Ол жақта кәсіп бастаймын дегендер бір банктен несие шықпаса, басқа банкке барып өтініш бере алады. Әйтеуір біреуі болмаса да, біреуі ақша беріп, қолдау жасайды. Әрі бір тиімдісі банктердің өздері несие алған тұтынушысы кәсібінің дамуына ықпал жасап, соған мүдделі болады. Егер ақша алған адам пайда таппаса, қаржыны қайтара алмайды ғой. Банк соны ескереді. Кәсіптің дамымай тұрғандағы бірден-бір себеп – тиімді банк жоқ. Жеке банктер де – монополистер. Ал бізге жаңа банктер керек. Кәсіптің дамуын тежеп тұрған екінші мәселе – бізде жұмыс істейтін адамдар жоқ. Еліміздің жер көлемі үлкен болса да, жұмыс істейтіндері аз. Мықты мамандарды шетелден тарту керек деп есептеймін. Араб әмірліктері сырттан маман кіргізіп отыр ғой, сол секілді бізге де еңбек қолдарды кіргізсе деймін. Өйткені, біздегілер жұмыс істеуге жоқ. Елімізде кадр мәселесі өте қиын болып тұр. Мысалы, біздің балалардың  кәсіптік-техникалық оқуына  жылына  қанша миллиардтаған  ақша  бөлініп  жатыр. Бірақ, техникалық  саланың «саңылауына» үңілсек, маманданып шыққандардың қайда кетіп жатқанын білмеймін.  Олар жоқ. Тіпті, дәнекерлеушінің өзі жоқ. Мәселен, мен «сварщик керек»  деп жарнама шығардым. Бірақ қыстың кезінде ғана бірен-саран  адам табылады. Ал қазір жоқ.

Кадрдың жетіспеушілігін қозғауда барлық сала емес, тек техникалық саланы қозғап тұрмын.  Маған токарь, дәнекерлеуші, механик, слесарь деген мамандар қажет. Бірақ олар аймақта некен-саяқ. Жоғалып бара жатыр. Осы салада қызмет етіп келе жатқандар – кілең кеңес үкіметінің көзін көрген адамдар. Өзімдегі мамандарды мысалға келтірейін. Мендегі өндіріс басшысы 75-тен асқан кісі. Оны жібере алмай отырмын. Оны алмастыратын адам жоқ. Біздің өзіміз де біразға келіп қалдық. Артымыздан осы істі меңгеріп, ары қарай ашып кетемін дейтін кадр көріп тұрған жоқпын. Тағы бір айта кететіні, колледждерде оқытылып жатқан өндіріс орнына арналған мамандар мемлекеттік стипендия негізінде білім алып отырса да, сабаққа бармайды. Оларға бұрын мықты механиктер, өндірісте жұмыс істейтін адамдар сабақ берсе, қазір кілең қыз-келіншектер береді. Бұдан бізде қалай мықты мамандар даярланып шығады? 

Қазір соңғы уақытта көптен бері айтылып жүрген бір дүние – дуалды оқыту. Оның негізіне көз тастасақ, мақсат-міндеті барлығы жақсы. Бірақ оқыған маман өзінің теориясын өндіріске жұмсап, сол жерден тәжірибе жинауы қажет. Ол ондай болмай отыр. Бір мысал айтайын, осыған қатысты. Өңірде арнаулы И.Әбдікәрімов атындағы агротехникалық оқу орны бар. Сондағылар мендегі өндірісте  15 баланы әкеліп оқыту жөнінде келісімшарт жасауға өтініш білдірді. Соның негізінде  студенттер теорияны өздерінен үйреніп, менен тәжірибеден өтуі керек болған.  Соның ішінде  2-3-еуі ғана келіп жүрді. Ол да ештеңені қатырмады. Ал бірақ соңында оқу орнында әкімдіктен, біршама өндіріс орнынан адам шақырылып, ішінде өзім де бармын, марапаттау рәсімі өткізілді. Яғни диплом табыстау кеші. Олардың келісімімен бізде әр балаға оқытушы-маман беріліп, жетекшісіне үйреткені үшін ақысын төлейтін болған. Сөйтіп есептесек, күніне 145 теңгеден ғана  төленген екен. Ал біз өндіріс орнында балаларды кемінде 1500 теңгелік түскі аспен тамақтандырдық. Мынадай шартта, арақатынаста ешқандай оқушы дайындалмайды. Бізде өндірісте ендігі мұндай тәжірибеден өткізуге құлық жоқ. Өйткені, мен оларға жағдай жасаймын, оқытамын, біраз шығынға кіремін, бірақ ойдағыдай маман болып шығып, пайда әкелмейді. Яғни маман дайындау деген тек қағаз жүзінде қалып тұр. Нақты маман дайындалып жатқан жоқ. 

Енді мемлекеттің мақсаты – кәсіптік-техникалық оқу орындарын барынша ұстап тұру. Соларға миллиардтаған ақша бөлінеді, сол ақша игеріліп отыр.  Қанша адам жұмыспен қамтылып отыр. Соларды жіберіп алмай, жабылмау үшін, шығындарды жабу үшін миллиардтаған қаржы жұмсалып отыр. Машина жасау саласындағы кадр мәселесіне шұғыл шара қолданылмайтын болса, болашақта ешқандай кадр болмайды. Артымызда ешкім қалмайды деп ойлаймын.  Оның бірінші себебі – өндіріс орындары жоқ. Өндіріс болмағаннан кейін кадр де дайындалмайды. Ең бірінші өндіріс орындарын ашу керек. Сырттан келетін тауардың барлығын өзімізде өндіретін болсақ, кадр дайындалып, мамандар мәселесі де шешіледі. Мемлекеттен қолдауды БАҚ-тан көрсек те, сапаға жұмыс істеліп жатқан жоқ. Жалпы, кәсіпкерлік саласында мәселе жетеді ғой. Бірақ ең бастысы осылар – кадр мен қаржы мәселесі.  Қалғандары да маңызды, бірақ бұлар күретамыр десек те болады. Осылар шешілетін болса, алға басып, қарыштап дамимыз. Жақсы даму байқалатын болады.

Сіз  не  дейсіз?

Мақсат  ХАЛЫҚ, экономист:

ЭКОНОМИКАНЫ ӨСІРУ  ҮШІН, МОНОПОЛИСТЕРМЕН КҮРЕСУ  КЕРЕК

Бірден айту керек кәсіпкерлік бұл экономиканың негізі, күретамыры деп айтуға болады. Былай айтқан кезде егер кәсіпкерлік болмаса онда экономика ешқашан дамымайды да, жүрмейді де. Жалпы қан айналым жүйесі тоқтап қалса, тіршілік иесінің де өмірін тоқтататыны секілді кәсіпкерліктің эконо­мика үшін маңызы зор. Сондықтан кәсіпкерлік үшін бүкіл жағдай жасалуы қажет. Әрине, ол жерде зерттеу керек ірі кәсіпкерлер бар. Яғни олар монополист болып отыр­ған болуы мүмкін. Ол өз мүддесін қорғап, көбіне бәсекені жоя­ды. Міне, ондай нарықпен күресуіміз керек. Біздің қазіргі қоғамда бұл бар. Нарық­ты моно­полистер жаулап алды, сондықтан да осындай компаниялардың болуы нарықта басқа бәсеке тудыратын компаниялардың болмауына себеп болып тұр. Соның салдарынан бізде қымбатшылық болып жатыр, кәсіпкерлік те дамымай жатыр және халық үшін де тиімді баға жоқ. Негізгі осы мәселелер макроэко­номикалык тұрғыда шешілуі керек деп есептеймін. Одан кейін қарап отырсақ, бізде импортқа тәуелділік бар. Осындай мәселені де шешуіміз керек. Біз қай сала­да бәсекелестікке  қабілеттіміз?  Қай  салада біз  тиімді арзан шығынмен жақсы  өнімдер өндіре аламыз? Міне, сол мәселе дұрыс жасалуы керек. Сол өнімдерді біз өзімізде өндіруге күш салуымыз керек, мемлекет те соған бағдар­ламалар жасап қолдау көрсету тиіс деп есептеймін. Сол салаларда монополиялық компаниялар болса немесе баға жағынан келісім жүргізетін екі-үш олигополия­лық компаниялар болса, олардың көзін жою керек. Өйт­кені нарықта баламалы түрде бір салада кемі 4-5 компания болмаса, онда ол нарық ешқашан дамымайды. Ол сырттай дамып тұрғандай көрінуі мүмкін, бірақ аз мерзімде ол үлкен экономикалық дамудың тежегіш күшіне айналады. Сол үшін осындай мәселелерге мемлекет  тарапынан  көңіл  бөлінсе,  жағдай  оңалады.

Енді қымбатшылықпен күресу қажет дейміз. Үкімет таза бағамен тікелей күресуі дұрыс емес. Бірақ ол нарықта инфрақұрылым жасақтап, мүмкіндіктер жасау арқылы бағаның  жалпы  төмен болуына ықпал ете алады. Мысалы, ауылшаруа­шылық маманда­ры шаруаларға жағдай жасаса, оларға субсидия беру­дің қажеті жоқ. Оларға жетпей тұрған тұқымдарын жеткізіп беріп, жылыжайларын тамшылатып суару­ға мүмкіндік жасап, болмаса газбен жылыту жағдайын қамтамасыз етуге көмектессе, осы секілді қарапа­йым ғана дүниелерді шешетін болса, онда көптеген тауардың бағасы, азық-түлік өнімдерінің бағасы төмен болуы­на  себеп  болар  еді. Ол жерде инфляция  да  қатты  өспейді.

Енді арадағы делдалдармен күрес жайлы айта өтейін. Делдалдар деген нарық­тық экономикада аз болуы керек. Олардың саны өте көп болып кетсе, шаруаның қойып отырған бағасы нарықтағы дүкенге жеткенге дейін 10 есе қымбаттап кетеді. Демек, осыны реттеу керек. Және де екінші мәселе аз ғана нарық­та ойыншылар болуы мүмкін.  Олигополия мен монополия – оған 2-3 компания бірігіп әрекет етуі жатады. Олар өзара бағалық келісім жасап, бағаны өсіріп жіберетіні бар. Міне, осындай жерде үкімет араласып, олармен күрессе, онда көптеген тауардың бағасы, азық-түлік өнімдері әлдеқайда арзан  болар  еді.

Пікір жинаған Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: