Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүкендерде садақа жәшігіндегі ақша кімге тиесілі?

31.03.2022, 11:40 1344

Қазақ – жетімін де, жесірін де жылатпаған халық. Алақан жайып, көмек сұраған адамға қолындағысының бәрін беруге дайын екені туралы бүкіл ел біледі. Соңғы кездері «көп түкірсе, көл болады» дегенді ұстанып, садақа беріп, біршама қолдауды халық бір-біріне көрсетіп жүр. Қаншама билік басындағыларға шен тағып, мадақ сөз айтып, «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ» басшының алтын басын жоқ жерден алтын табаққа салудың қажеті жоқ. Өйткені қарапайым халық отбасының аузынан жырып, тағдыр тауқыметін көрген жанға қоғам белсенділеріне жинап беру арқылы қолдау көрсетіп жүр. Дегенмен жүрегіміз елжіреп, жомарттығымыз бен аңғал көңілімізді садақаның атын жамылып, белгілі бір топтар мен ұйымдар жеке мүддесіне пайдаланып жүрген жоқ па деген ой келеді. Бұрынғы уақытта алаяқтық атымен жоқ болса керек. Сондықтан мұқтаж адам да тек ынсаппен алушы еді. Қазір жеңіл ақшаға жерік болған дәуірде алаяқтық дегенді сүттің бетіндегі қалқыған қаймағы десек болады. Әлемді жақсарту үшін берген садақамыз әлемді жоқ қылуға бағытталып жатқан жоқ па?

Неге бұлай дедік? Садақа беруді сынап, тырнақ астынан кір іздегіміз келмейді. Дұрыс, бар болса берсін. Бірақ ақпараттық технология дамыған заманда сақтық болуы керек. Жер шары­мызда соғыс атаулысы жиілеп кетті. Әсіресе террористік бағытта… Сондықтан бұл тақырыпта сөз қозғауымызға негіз бар. Мәселен, көршілес Ресей мемлекетінде Сирия мемлекетінің балаларына деп жиналған қаражатты дес­трук­тивті ағымдағы іске қолдауға жұмсаған. Бейресми ақпарат бойынша көпәйелді Исмаил Ахмеднабиев есімді ислам дінінің уағызшысы Абу Умар Саситлинский ретінде танымал болған «мошенник» қайырымдылықтан алынған қаражатты адам баласына қастандық жасайтын топтың қалтасына түсірген. Яғни «Мухаджирун» деген қор құрып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді алып бе­реміз деп ант су ішкен. Деген­мен өтірікке толы қабыр­ғаны құрғанмен, бір күні сол қабырғасы  жарықшақ түсіп қирап, ақыры шындық әшкере болғасын Африка құрлығына қашуға мәжбүр болды. Міне, шын көңілмен берген садақамыз белгіленген нүктеге жетемін дегенше бағыты мен мақсаты ауысып кетті. Бұл жүйе біздің елдегі саясатқа дөп келеді. Мемлекет басшысы тарапынан елдің игілігіне берілген қаражат діттеген жерге жетем дегенше құзғындардың тұмсығына ілініп, талан-тараж­ға түседі. Саситлинскийдің көшірмелері біздің елде де бар. Өңірімізде бір жігіт нау­қас баланың суретін садақа жәшігіне жабыстырып, жұрттан жылу жинаған. Құзырлы органдардың тексеру жұмыстарының нәтижесінде күдікті құрықталды. Солай пайда іздеген пәлеге ұрынып, ақиқат мына жауыз әлемге сіңді.

Адам баласы күнделікті тамақ ішпесе, өмір сүре алмайды. Ғалымдардың пі­кірінше, кемі 8-10 күнге дейін екен. Одан әрі шыдас бермесі анық. Сондықтан үй маңындағы дүкенге бірнеше мәрте барамыз. Ал, сол дүкендердің барлығында дерлік садақа жәшігі бар. Егер дене мүшенің бір жері сырқырап ауырса немесе аса бір қаупі болмаса да жара­қаттанып қалса, жаныңды қоярға жер таппайсың. Сол себепті жәшік сыртындағы қауіпті дертке шалдыққан баланы көрсең, тас жүрегің жібіп, қолындағы тиын һәм сауда­гердің қайтарған ақшасын жәшікке шын көңілмен көбі салып жібереді. Жақсы ниетпен бергесін қайда кеткеніне мән бермейсің. Дүкен­дерді аралап зерттеу жүргізу барысында саудагерлер де өтініш айтып келгесін, қою­ға рұқсат беретінін жасырмады. «Өздері келіп, өздері алып кетеді» деді. Бірақ қазір садақа жәшіктеріне тиын-тебен берушілер аза­йып кеткенін де айта кетті. Қайырымдылықты төресі санайтын ұрпақ болғасын шама-шарқымыз келгенше қолдау көрсетеміз. Біз де садақа беруден де жалтаратын болсақ, мейірімділіктің тамшысы да тұла бойымыз­да қалмайтыны сөзсіз. Бұл тақырып төңірегінде дін қыз­меткері  не  дейді?

– Садақа жәшіктері біраз адамның көңіліне күмән ұялатады.  Көптеген қайырымды­лық қоры бар. Бірақ «ішкі кухнясы» жайында іштен тон піше алмаймыз. Сол себепті арнайы мониторинг жұмыстары жиі өткізілуі қажет. Біздің тараптан зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп тұрамыз. Кейде еш жерде бекітілмеген ұйымдардың аты жазылып тұрады. Тіпті ата-бабамыздың тектері, әулие кісілердің, молдалардың есімдері де жазылып тұрады. Түбі барлығымыздың түп тамыры­мыз бір ғой. Сондық­тан халық жаны ашып, жомарттықпен садақа береді. Алайда соңы алаяқтыққа апарып жатады. Барлығымыз тақырға отырып қалмас үшін құзырлы органдармен етене бірігіп тексеріп тұру керек, – деді республикалық ақпараттық түсіндірме топтың мүшесі, дінтанушы ғалым Бақтияр Оспанов.

Жоғарыда  атап өткен бас­ты кейіпкерлердің қисық іс-әрекетінен садақа беру де қиындап кетті. Егер арам пиғылды адамдар, «жұрттың баласы» секілді арқа еті арша, борбай еті борша болып адал нанын тапса, садақаға күмән тумас  еді. Десе де жүрегі жылы жандар жылуын садақа жәшіксіз-ақ электронды төлем арқылы тікелей мұқтаж жанның шоты­на аударып жүр. Садақа – мұсылманның сауапты ісі. Сауапты ісімізге де «құрттар» микробын дарытыпты. Әрбір басқан қадамы­мыздың таңбасы ба­сылмай тұрып, ойланып әрекетке көшу қажет. Бұл дәуірдің  талабы  болып  тұр…

Азамат АБИМОЛДА.

Суретті  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: