Кез келген өркениетті елдегі БАҚ (мемлекеттік, жекеменшік болсын) – сол мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, ақпараттық, мәдени дамуының көрсеткіші. Соның ішінде газет-журналға жазылу, оқу – дамыған елдердің бәріне тән үрдіс. Қазір әлем елдерінің көпшілігінде (соның ішінде батыс елдерінде) баспа газет-журналдардың таралымының күрт азайып, амалсыздан цифрлық нұсқаға ауысып жатқанын көріп отырмыз. Алайда Еуропа елдері мен АҚШ-та баспасөздің таралымы шынында да қысқарып жатса, Азия елдерінде керісінше өсіп келеді. Өйткені Азия құрлығында жер шарындағы ең таралымы көп баспа газеттердің төрттен үші басылады. Қытай, Жапония, Үндістан сияқты елдердің халқы әлемдегі ең көп газет-журнал оқитын топқа кіреді. Жапондықтардың 60 пайызға жуығы күнделікті баспа өнімдерін оқып, оны негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Финдердің 77 пайызы газет-журналдарды жаздырып алып, оқиды.
Қазақстандағы жағдай Азия елдеріндегі ахуалға ұқсас. Біздің елімізде бұрыннан газет-журнал оқу мәдениеті қалыптасқан, кәсіби деңгейде мерзімді басылым шығару ісін мемлекет өз қамқорлығына алған, мерзімді басылымдарды тарату жүйесі де дұрыс жолға қойылған. Десек те, бұл саладағы қазіргі ахуал аса жағымды емес. Баспа ісі, газет-журналдарға деген сұраныс, шығару мен таратуда, жаздыруда көптеген түйткілді мәселелер бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде мынадай бір шағын статистиканы келтірейік. Қазақстандықтардың 13 пайызы газет-журналдарды оқиды, шамамен 43 пайызы сирек оқиды, ал 23 пайызы мүлдем оқымайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген сауалнамаға қатысушылардың 12,6 пайызы белгілі бір басылымның әр нөмірін дүңгіршектен сатып алатынын, 19 пайызы жазылып оқитынын айтқан. Газет-журналдар танымалдығы жөнінен интернет пен теледидардан кейінгі үшінші орында тұр. Зерттеуден белгілі болғанындай, еліміздегі әйелдер ерлерге қарағанда газеттерді көбірек (қатынасы 1,6 есе) оқиды екен. Олардың көпшілігі – 50-60 жас аралығындағы адамдар.
Еліміздегі жеке бөлшек сауда желілеріндегі баспа өнімдерін тарату нүктелерінің санының қысқаруы баспа өнімдерінің таралымына, дамуына кері ықпалын тигізуде. Кеңес өкіметі заманында барлық қалаларда «Союзпечатьтың» дүңгіршектері тұратын. Мерзімді басылымдардың кез келгенін сол жерден сатып алуға болушы еді. Белгілі медиаменеджер, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бұл «Кеңес өкіметінің мерзімді басылымдарға деген ерекше қамқорлығы» қазір жоқ екенін айтады. «Сол себептен, қазір қағазға басылған газетті іздеп жүріп, сатып алатындар некен-саяқ. Газеттерді халыққа қызмет көрсету орталықтары, әуе компаниялары там-тұмдап таратады. Тікелей бөлшек саудадағы сатылымнан түсетін табыс та мардымсыз. БАҚ басшылары бұл нарыққа жаңа реформа қажеттігіне әбден көз жеткізді. Ол реформаны мемлекет жүргізбейінше, іс оңға баспайды» дейді ол.
Қазақстандағы баспа БАҚ-тың болашағына қатысты тұшымды ой-пікірлер, ұсыныстар БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде айтылып жүр. Бұл жерде бір ескеретін жайт, қандай дағдарыс болса да мемлекет «мемлекеттік тапсырыс» арқылы БАҚ-тардың белгілі бір бөлігіне қаржылай қолдау көрсетеді. Ал ондай қолдаудан тыс қалғандар дағдарыс кезінде онлайн-нұсқасын дамытуға күш-жігерін салды. Ақпарат өндіру мен таратудың жаңа формаларын тәжірибеде қолданып көрді. Олар әсіресе, сараптамалық контенттің, сенімді ақпараттың әрі құнды, әрі оқылымды болатынына көз жеткізді. Яғни, олар енді екі жолдың бірі ретінде трансформацияны таңдады деген сөз. Сапалы талдамалы контенті бар баспа нұсқа мен заманауи коммуникациялық құралдардың көмегімен әлеуметтік желілерге шығу жаңа заман талабы екенін түсінді.
Қазақстанда жазылым бойынша 170 республикалық және 543 аймақтық газет таратылады. Соның ішінде жазылымның жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі – 44 пайызды, аймақтық басылымдардың үлесі 54 пайызды құрайды. Таралымның 2 пайызы – халықаралық мерзімді басылымдардың үлесінде. «Қазпошта» арқылы қазақстандықтар еліміздегі, Ресейдегі, Беларусьтағы және Украинадағы 3 мыңнан астам газет пен журналға жазыла алады.
Қазақстандағы оқырмандар ең көп жазылып, оқитын газеттердің «бестігіне»: «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Полиция KZ», «Қазақстан теміржолшысы» және «Ұйғыр Авази» газеттері кіреді деп хабарлады «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі. 2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша еліміздегі газеттер мен журналдардың «Қазпошта» арқылы жазылымының жалпы көлемі 55,6 млн дананы құраған. Жазылымның 71 пайызы – ауылдарға тиесілі. Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарды (жалпы таралымның 58 пайызы) жаздырып алады. Аймақтық көшбасшы газеттер қатарына «Жетісу», «Ақтөбе», «Оңтүстік Қазақстан», «Aq Jol», «Орталық Қазақстан» кіреді. Жазылу бойынша еліміздің өңірлері арасында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Жамбыл облыстары басқа аймақтардан алда тұр.
«Қазпоштаның» «Пошталық қызмет» филиалының директоры Нұржан Жабаев 2021 жылға газет-журналдарға жазылу бойынша мынадай болжам жасайды: «2020 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар 90,3 млн дана газет жаздырып алды. 5 сәуірде биылғы жартыжылдыққа мерзімді басылымдарға жазылу басталды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сандар 25-30 пайызға өседі, бірақ ол өткен жылдардың көрсеткішінен аспайды. Электрондық басылымдарға көшу – әлемдік үрдіс екенін жақсы түсінеміз, біздің статистикамыз да осыны растайды».
Құқықтық медиа-орталықтың директоры Диана Окремова жазылымның өсуін мәжбүрлі жаздыру дәстүрінің жалғасып жатқанымен түсіндіреді. Ол қазір үлкен ауқымда жазылуды қамтамасыз ету мүмкін еместігін, адамдардың ақпарат алу көздерінің өте көптігін алға тартып, мемлекеттік басылымдарға жүргізген көпжылдық зерттеуінің нәтижесінде жазылуды мәжбүрлі түрде ұйымдастыратынын айтады. Бұрынғы полиция қызметкері, елордалық Арман Ташмағамбетов жоғарыдағы пікірді растап: «Полиция қызметкерлерін 4 мамандандырылған мерзімді басылымның біріне жазылуға мәжбүрлейді. «Полиция KZ» газетіне жазылғаныңды растайтын түбіртекті кадр бөліміне тапсырған соң ғана еңбек демалысына жібереді. Егер жазылмасаң, қысым көрсетеді» дейді. «Дат» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи жазылу науқанын адамдарды қорлау деп түсінеді. Кейбір басылымдар жергілікті әкімдіктердің жазылушыларға мәжбүрлеуі нәтижесінде үлкен таралымға ие болады, бірақ бұл сол газеттердің көп оқылатынын білдірмейді. «Полиция KZ» газеті – еліміздегі 100 мыңға жуық полицей мен ішкі әскерлердің арқасында «өмір сүретін» газет. «Қазақстан теміржолшысы» да теміржолшыларды «үгіттеп» жаздырудың арқасында шығады. «Ұйғыр Авази» газеті еліміздегі ең саны көп диаспораның ұлттық газеті, ұйғырлардың одан басқа ақпарат алатын көзі жоқ» дейді Е.Бапи.
Қазақстанда баспа БАҚ-тың барлығының жағдайы бірдей еместігі анық. Мемлекеттік газет-журналдардың бәріне бюджеттен қаражат бөлінеді. Ал мемлекеттік емес газет-журналдардың жағдайы онша мәз емес. Сол себептен, мемлекет отандық БАҚ-ты мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарап, қалыптасқан ахуалды өзгертуге ықпал етуі керек.
Бұл жерде шетелдік тәжірибеге назар аударған жөн. Еуропа елдерінде пошта тарифтері өте жоғары, алайда олар жазылушыға арналған басылымның құнын көтермейді. Өйткені мемлекет пошта тарифтерін төмендетуге көмектеседі. Экономикалық ынтымақтастық және дамуы ұйымы елдерінде баспа БАҚ-та мемлекеттік қолдаудың ең көп таралған түрі – тікелей және жанама субсидиялау шаралары болып табылады.
Екіншіден, баспа БАҚ-ғы контент сапасын жақсарту үшін мемлекеттік тапсырыс жүйесін өзгертетін кез келді. Яғни, газет-журналдарға жаңалық тарату тәсілінен бас тартып, тек сараптама, журналистік зерттеу сияқты формалар бойынша ғана тапсырыс беру керек. Баспа БАҚ заманауи жаңа форматтарға көшуі үшін редакцияларға мультимедиялық форматты дамытуға талап қойылса, іс оңға басады.
Үшіншіден, ақпарат саласында медиахолдингтер құру арқылы бюджет ақшасын үнемдеу мәселесін тездетіп шешетін мезгіл жетті.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, академик, ұлттық баспасөз зерттеушісі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры:
– Ақпарат таратушыға қазіргі қоғам мұқтаж емес, оқырманға шала сауатты тілмен жазылған «өтті», «кетті», «болды», «болмады» дегеннің керегі жоқ. Оқырманға жантайып жатып, бұрын білмеген, естімеген немесе ести алмай және көре алмай жүрген танымдық, өнегелік мазмұндағы мәтіндер керек. Және таратылатын аймағы қандай, оқырманы кім, оған не керек? Соны біле отырып, аузын тұшындыратын, тұздығы татитын ақпарат керек. Мен айтар едім, тіпті бес жүз оқушысы бар газет нағыз газет, егер осынша оқырман газетіңді күтіп, сағынып отырса?!. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал!». Ақпарат та – тауар, оны жеткізу жолдары сол тауардың бағасына қосымша құн қосатын шығындар. Алдымен, Сіздің шығарып отырған газетіңізді тауар дейтін болсақ, сол тауарыңызды өткізе білу тауар иесіне байланысты. Ал енді тауар деген не? Оны өткізу жолы да, пайда табу әдісі де сол тауардың атында тұр. Тауар дегеніміз – шетелден келген сөз емес. «Тауар» емес, біз бұзып айтып жүрміз, орысша товар деген сөз ғой деп жүрміз. Жоқ, бұл кәдімгі «тәуір» деген сөз. Яғни, жасаған, ұсынатын нәрсеңіз, іс-әрекетіңіз, көрсететін қызметіңіз тәуір болса, өтеді. Тәуір болмаса, өтпейді, оған сұраныс болмайды. Демек, қағаз газеттеріміз сұранысқа лайық болмаса, яғни тауарлық сапасы болмаса, «барынан жоғы жақсы». Ал сапа көрсеткіші дегеніміз – қоғамның талғамы, мұқтажы, сұранысы. Міне, журналистика дегеніміз – осы.
Асыл САҒЫМБЕКОВ, «Казахстанская правда» газетінің Алматы бюросының басшысы:
– Интернет дәуірінде баспа БАҚ бұрынғы позициясынан айрылуда. Мұны мойындауға тиіспіз. Біріншіден, бұл интернеттің жылдам ақпарат таратуына байланысты. Адамдар газеттің келгенін күтпей, жаңалықтарды интернеттен оқитын болды. Бірақ газет оқу – мәдениет, ондай мәдениетті берік ұстанатын адамдар көп. Өкінішке қарай, Қазақстанда қазіргі кезде халықтың 50 пайызы теледидар көреді, 25 пайызы интернеттегі ақпараттарды оқиды, 15 пайызы радио тыңдайды, ал бар-жоғы 3 пайызы баспа БАҚ-тардан ақпарат алады. Әрине, мұны жай ғана нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Меніңше, баспа БАҚ-та жұмыс істейтін мамандар оқырман санын көбейту үшін әртүрлі әрекеттер жасауы тиіс.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы-әнші:
– Қазақстанда газеттер түбегейлі құрып кетпейді деп ойлаймын. Өйткені олар мемлекеттік идеологияның рупоры іспетті, тәуелсіздік жағдайында мемлекет идеологиясын жүргізуде газеттерге сүйенеді. Газет – елдің шекарасы, туы, әнұраны, елтаңбасы сияқты символдық мәнге ие. Мемлекет болған соң, оның баспа газет-журналдары болуы тиіс. Қазақстандағы ақпараттық нарықты мысалға алатын болсақ, қағаз газеттердің сапалық тұрғыдан мазмұны өзгермейді. Бұл мәселе мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты. Егер ол автократиялық мемлекет болса, толықтай сол идеологияға қызмет етеді. Демократиялық мемлекет болса, сапалық тұрғыдан өзгеріп, түлейді. Ол халыққа қызмет ететін, халықтың үнін, мұңын айтатын газетке айналады. Жалпы алғанда, елімізде газеттер мемлекеттік және оппозициялық деп бөлінбейтін уақыт келеді. Оппозициялық басылымдарды алдағы уақытта әлеуметтік желілерден оқимыз. Енді қазіргі мемлекеттік газет-журналдарға қатысты пікірімді айтайын. Біздің ресми газеттер әлі күнге дейін қарапайым шындықты айтуға қорқады. Содан шығар, газеттегі ақпараттар – кеңестік дәуірдегі ақпараттар сияқты қырналып, жонылып, әдіптеліп, редакторлардың қатаң сүзгісінен өтіп, шығады. Себебі қай газеттің редакторы болсын, әлі билікке жалтақтайды. Осы себептен көп газет оқылмайды. Бұл мәселеге келгенде біздің БАҚ басшылары, мамандары ойлануы керек. Бұл қалпымен кете беретін болса, құрдымға құлаймыз. Газеттер ақпарат жеткізудің формасын өзгерткенде ғана дамиды. Мысалы, «Азаттық радиосының» озық тәжірибесін үлгі етуге болады. Бұл БАҚ ақпаратты заманауи үлгімен, оқырманға өте ыңғайлы формамен береді. Қазақстандық ешбір БАҚ бұл радионың деңгейіне жеткен жоқ.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!