Браконьерлер 2023 жылдың 10 айында мемлекетке 13 млрд теңге (!) зиян келтіріпті. Мұндай қылмысқа қатысты 300 мыңнан аса құқықбұзушылық іс-әрекет анықталған, соның ішінде заңсыз аң аулау, балық аулау және табиғи ресурстарды өндіруге жататын қылмыстар бар. Алайда, қазір ешбір ресми ведомство браконьерліктен біздің табиғатымыз бен мемлекет экономикасына келтірілген нақты зиянның дәлме-дәл мөлшерін айта алмайды. Өйткені, табиғат ресурстарына бақылау жасайтын құзырлы органдар да, аңшылар да, тіпті сол браконьерлердің өздері де заңсыз қырып-жойылған аңдардың, құстар мен балықтардың тура көлемін көрсетуге ықыласты емес.
ҚОРҚАҚ ҚОРЫҚШЫ АҢДАРДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙДЫ?
Мұндай адам шошырлық жауыздықты жасырып-бүркемелеудің бірнеше себебі бар. Біріншісі – табиғат пен аң-құстарды, балықтарды қорғайтын құзырлы мекемелердің қызметкерлері өте бай, жан-жақты жабдықталған және қаруланған браконьерлермен аяусыз күресуге қорқады. Екіншісі – жоғарыдан төменге дейін жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың қанат жаюы. Қазір біз еліміздегі ешбір ресми статистикалық құрылымнан заңсыз ауланған балық, аң-құстардың саны туралы қолжетімді, дәйекті ақпарат ала алмаймыз. Бірақ әрбір аудандағы жеке аңшылық шаруашылыққа барсақ, сол өңірдегі жабайы жануарлардың қаншасын, кімдер және қашан атып алғанын бес саусағындай білетін адамдар табамыз. Өкініштісі сол, мұндай ақпаратты жергілікті аңшылардан жинап алып, бір жүйеге келтірейік деп ұсыныс жасаған бір адам таппайсыз. Әйтпесе, браконьерлікпен аяусыз күресуші ұйымдар мен жекелеген адамдар үшін ашық, шынайы ақпарат көп мәселенің шешілуіне жол ашар еді.
Мәселен, 20-30 мың гектар жерді бақылап-күзететін бір қорықшы не істей алады? Тіпті, 10 мың гектарды да толық бақылай алмайды. Яғни, оған браконьерді құрыққа түсіру деген міндет емес, кәнігі браконьерлердің жеке басы, жиналатын жері, түнейтін жері, аңға шығатын уақыты, аң аулау мерзімі, заңсыз аңшылықты астыртын ұйымдастырушылар туралы, олардың көлігі, қаруы, иттері және т.б. туралы жедел әрі дәлме-дәл ақпарат жинау міндеттелуі тиіс. Браконьерлерден қорқатын қорықшының өзі осындай ақпараттарды біліп, құзырлы мекемелерге жедел жолдаса, браконьерлерді қолға түсіру де жеңілдейді, я болмаса қылмыстың алдын алуға жол ашылады. Оларды ұстайтын құрам мүшелері дер кезінде келе алмаса, жиналған ақпаратты браконьерлердің өздеріне жіберуге болады. Бұл – оларды ұстап алумен пара-пар іс-әрекет. Өйткені, біреулер өздерінің соңына түскенін сезген браконьерлер қателік жібереді, сақтанады, сасқалақтайды. Сөйтіп, тіпті өзінің жауыздық әрекетін жасаудан бас тартып, орман мен даладан аулаққа кетеді. Бұл – браконьерлікпен күресудегі тиімді тәжірибенің бірі.
ЖАУЫЗДАР ЖАЗАЛАНСА ДА, БРАКОНЬЕРЛЕРДІҢ САНЫ АЗАЙМАЙДЫ
Браконьерлердің бір ғана мақсаты бар, ол – заңсыз жолмен іс-қимылға барып, мол табысқа кенелу. Олар экожүйеге қандай мөлшерде зиян келтіріп жатқанын сезіне де алмайды, сезінгісі де келмейді. Ал полицейлер браконьерлерді құрықтап, кәнілілер жазасын алып жатса да, олардың саны азаймай, керісінше көбейіп бара жатқанын ашық айтуда. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің табиғат қорғау полициясының аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов биыл 20 қазаннан бастап құзырлы министрлік ел аумағында ауқымды рейдтер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Браконьерлікке қатысты 61 қылмыстық факті, 2 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз аңшылық пен заңсыз балық аулаумен қатар, аңшылар арасында қарумен бір-бірін атқан оқыс оқиғалар да кездесіп жатыр. Біз барлық азаматтарды табиғат қорғау заңдарын сақтауды, табиғатқа шынайы сүйіспеншілікпен қарауға шақырамыз» деді ол.
Алайда, полицияның сөзіне құлақ асқан браконьерлер жоқтың қасы. Бұған бір дәлел, елімізде 6 қазаннан бастап киіктерді атуға рұқсат етілгені мәлім. 6 қазан – 21 қараша аралығында «Озотзоопром» инспекторлары 22 мыңға жуық киік мүйізін жинап алған. Осы кезеңде браконьерлер мен контрабандашылардан 859 киіктің мүйізі тәркіленіпті. Әрине, бұл – браконьерлер жазықсыз қырған киіктердің бір бөлігінің ғана мүйізі. Экология және табиғат ресурстары министрлігі соңғы үш жылда заңсыз киік аулауға қатысты 307 факті тіркелгенін хабарлады. Соның ішінде: 2020 жылы – 80 оқиға, 2021 жылы – 87 оқиға, 2022 жылы – 66, 2023 жылы – 74 оқиға тіркелген, 18088 киік мүйізі кәмпескеленген.
КҮЙЕККЕ ҚАРАМАЙ ҚЫРЫП ЖАТЫР
Қараша айы – киіктердің күйекке түсетін мезгілі. Бірақ біздің Үкімет пен құзырлы министрлік жазықсыз жануарларды атуды тоқтатуға пәрмен бермей отыр. Керісінше, киіктерді ату мен аулау 20 желтоқсанға дейін ұзартылған. Бұл туралы Оралда шығатын «Мой город» газеті былай деп жазды: «Киік аулау мерзімін биылғы 20 желтоқсанға дейін ұзартты. Экология және табиғат ресурстары министрінің орынбасары Нұркен Шәрбаев біздің редакцияның ресми сауалына берген жауабында осылай деді. Биологиялық негізде Орал популяциясынан 226 мың бас киік ату және аулау көзделіп отыр».
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қараша айының ортасына дейінгі кезеңде 10 мыңнан астам киік атылғанын мәлімдеді. «Бүгінгі таңда бізде соңғы ресми есептеулер бойынша 1,3 млн бас ақбөкен бар, ал халықтың айтуынша, олардың саны 2 млн-ға жуық. Биыл Батыс Қазақстан облысының аумағында алғаш рет ақбөкендердің санын реттей бастадық, бізге 20 пайызға дейін атуға рұқсат етілді. Бүгінде барлығы 15 атқыштар бригадасы жұмыс істейді» деді ол. Әкім облыста киік етін қабылдайтын 8 ет комбинаты бар екенін, ол жерде киік етінің келісі 315 теңгеден сатып алынып, әрі қарай 1200 теңгеден сататынын айтты. Расында да киік етін сатып жатқан өңірлер бар. Бір келісі 1000-1500 теңге аралығында. Тіпті, тұтас бұзылмаған етін 10 мыңға саудалап жүргендер бар.
Бірақ біз әлеуметтік желілерден көріп отырған жағдай басқаша. Оңай олжаға құнығып алған алаяқтар қырылған киіктердің етін үлкен жүк таситын көліктерге тиеп, далаға лақтырып жатыр. Тез бұзылатын жануардың еті шіріп, айналасын ластауда. Бәрін ойластырған министрлік неліктен сол етті бұзылмай тұрған кезде бөлшектейтін, сақтайтын орындарды алдын ала дайындап қоймаған? Бұл жердегі қаныпезерлікті, жауыздықты ешкім де жақтай алмасы анық.
Киіктерді атудағы негізгі мақсат – санын азайту емес, оның мүйізін жинап, қара базарға апарып сату. Бұл ойымызды Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Анаргүл Әмірова қоғамның назарына шығарып, петиция жариялады. «Киіктер бұған дейін екі үлкен трагедияны басынан кешті: жұттан аман қалды және даламызды улаған протонның жарылысынан аман қалды. Қазір олар жойылудың алдында тұр. Сол себептен оларды атпай, шаруаларға шеккен зиянының орнын толтырып беруі керек еді. Ал киіктердің санын реттеудегі негізгі мақсат – оның мүйізін алу, қара базарға апарып сатудан мол пайдаға кенелу. Бұл процесті табиғат-ана өзі реттейді. Алайда 2 млн киік бар деген цифрды қайдан алдық? Ертең табиғи апаттан киіктердің бір-ақ қырылып қалмасына кім кепілдік береді? Келешек ұрпаққа қандай жауап сөз айтамыз? Соңғы киікті өлтірген министрліктегілер ар сотының алдында қалай жауап береді?» деді ол.
ТҮЗ ТАҒЫСЫНЫҢ ТҮБІНЕ ЖЕТІП ЖҮРМЕЙІК!
Еліміздегі ғалымдар, табиғат жанашырлары, кейбір саясаттанушылар киікті күйек кезінде атуға қарсылық білдіріп, ой-пікірлерін ашық айтып жүр. Алайда, оған құлақ асатын Үкімет жоқ бізде. Батысқазақстандық қоғам белсендісі Нұрлан Рахымжанов киіктердің санын азайтамыз деген шешімді нағыз жабайылық, адамгершіліктен аттағандық деп санайды. «Біздің буын киік пен кие деген ұғымдарды санасына сіңіріп өстік. Бірақ ақбөкендердің санын бұлай ең қатал, жабайы тәсілмен реттейміз дегенді көрмеппін. Шаруалар өз дегеніне жетті, даланы қан сасытты. Басқа өркениетті елдерде мұндай мәселе қалай шешілетінін білмеймін, ал қазір бізде нағыз жабайылық орын алып отыр. Біз 21-ғасырда өмір сүреміз, сонда бұл мәселені адамгершілік, ізгілік тұрғысынан шешуге апаратын басқа жол жоқ дегенге өз басым сенбеймін» дейді ол.
Ayala ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасының президенті Батыр Сейкенов киіктерді ату процесі діттеген мақсатқа жеткізбей, сәтсіздікке ұшырайды деген болжамын айтты. «Бір ғана мысал келтірейін. Осыншама бас киіктерді атып өлтіру үшін, күн сайын шамамен 1067-1500 киікті ату керек. Ал елімізде бұл жұмыспен айналысатын бір ғана «Охотзоопром» деген мекеме бар. Ондағы 600 инспектордың осыншама киікті атып өлтіруге іс жүзінде мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, біз киік аулауға машықтанбағанбыз. Атқан киіктерді сол жерде сойып, етін бұзатын маман жоқ. Ол етті сақтайтын орын жоқ. Мысалы, бір киік 30 келі ет береді. Күн сайын 1 мыңнан аса жануарды атсақ, 32 тонна ет шығады. Тек Орал қаласындағы ет комбинаты ғана мұндай етті өңдей алады. Ал оған етті 600 шақырым жерден бұзбай, қожыратпай жеткізу – қиынның қиыны. Мұздатқыш камерада сақтамаса, ет тез бұзылады. Киіктің ішкі жарамсыз органдарын жоятын жерлер де жоқ. Әлсіз логистика, ветеринарияның мәселесі, өнімді өңдейтін кәсіпорынның жоқтығы сияқты өткір мәселелер шешілмеген. Сол себептен Үкіметтің бұл жолғы ісі шала болатынын сеземін» дейді ол.
Қазақстан экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова киіктерді ату туралы шешіммен келіспейтінін айтады. «Қазір ел аумағында киіктерді атып қырып жатыр. Бір өкініштісі, аңшылар жазықсыз киіктерді атып әр жерге лақтырып кетеді. Оларға керегі – киіктің мүйізі. Контрабанда жасайтын жағдайлар көп дегенді естіп жатырмыз. Негізі, Қазақстанда аң аулау қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасы әзірленіп, онда жыл сайын киік аулауға рұқсат етілетін мерзім белгіленген. Бұл бұйрық ауыл шаруашылығына қатысты шығарылғаны мәлім. Егер киіктер шаруаларға, я болмаса тұрғындарға түрлі жолмен зиян келтірсе атуға болады делінген. Жаппай «қолдарыңа қару алып атыңдар» деп жазылған жоқ. Сондықтан қазіргі науқанға байланысты шешіммен келіспеймін. Бұл жерде нақты бір көзқарас жоқ» дейді сарапшы. Ол киіктер санын реттеудің басқа әдістерін қолдайтынын ашық айтып жүр. «Мұндай жағдайда киіктер санын азайту тек атумен ғана шектелмейді. Мысалы, халықаралық тәжірибеде қасқырларды қолдану тәсілі бар. Сорақылықтың көкесі сол, бізде қасқырларды атуға болатын жануарлардың тізіміне қосқан. Содан шығар, еліміздегі қасқырлардың саны да азайып кеткені. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда бар-жоғы 10 мыңдай қасқыр қалған. Қасқыр азайған соң, тұяқты түз тағыларының саны көбейді. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Негізі, мұндай мәселені Табиғат-Анамыз өзі реттейді» дейді Лаура Маликова.
Төлен ТІЛЕУБАЙ
P.S. Ақбөкендердің басына орнаған зобалаң тыйылмай тұр. Бұған дейін жұттан бір, гептилден екі қырылған жазықсыз жануарлардың саны көбейіп кетті деп тағы атып жатырмыз. Миллиондаған бас мал сыйған қазақ даласына 1-2 млн киік сыймады деген бос сөз! Қоңыр аңды атқызған жауыздардың көкейін тескені, тағы бума-бума топан ақша ма? Ежелден халқымызбен бірге жасап келе жатқан түз тағысын атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Сананы ақша билеген заманда екі аяқты айуандардың жауыздығынан ақбөкендердің тұқымы тұздай құрып кетуге жақын тұр. Киік пен кие, киік пен қазақ – бір-бірінен мүлдем ажырамайтын ұғымдар. Киікті өлтіргендер үрім-бұтағымен Құдайдың қарғысына ұшырайды. Ертең бармағымызды шайнап, өкініп жүрмейікші, қазағым!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!