Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

28.07.2022, 11:50 759

Көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылына бір айға жуық уақыт қалды. Осы сәттен-ақ ата-ананың  ойлап,  бас  қатыратыны  – бала-­шағасын қуантып, мектепке жаңа құ­рал-жабдықтар мен мұнтаздай етіп киім алып беру. Иә, қыркүйек айы осы мектепке баратын оқушылармен қызық емес пе? Әр баланың жүзінен қуаныш, оқуға деген сағыныш, жаңа мұғаліммен танысуға асыққан оқушылардың болмысы ойымызға түрлі естеліктер  алып  келеді.

Оқу жылы жақындағаннан-ақ базарда мектепке дайындық басталып кетеді. Бала­ларын қолынан жетектеген қарапайым халық­тың баратын жері тек базар екені анық. Қалтасындағы қаражаты жеткенше ата-аналар базардың әр орнына барып саудаласуда. Өйткені қымбатшылық қалта қағып, жұрттың көзін ақша байлап барады. Біз де базар бағасын  бағамдап  көрдік.

Жалпы, бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Оқу жылына ерте қамданатын базар сатушылары таңертеңімен сауда орындарын ашып қояды. Себебі ат арылтып, алыс ауыл-аймақтардан ерте келетін жандардың барын біледі. Қазіргі таңда базарлар жаңарып, сөрелері сан түрлі мектеп формаларына толған, іздегеніңді табасың. Оның үстіне сауда нүктерлерінің саны артқан деуге болады. Қалтаңыздағы қаражатқа қарай көсіліп, таңдап ала бересіз. Қыз бен ер балаға арналған мектеп формалары бірдей ақшаға шағады десек те болады. Өйткені қыздарға  арналған  ақ  жейденің  бағасы  ең арзаны  5500 теңгеден басталады. Оның өзінде саудагермен жақсылап саудаласуды білген жөн. Ал белдемшенің орташа бағасы 5000 теңгеден сатылымда тұр. Ер баланың костюм-шалбары 10 мың теңгеден бастап, әрі қарай шамаңызға қарай барлық бағада табылады. Спорт киімдерінің де бағасы шарықтап кеткен, сапасынан жаңылыспай таңдап алсаңыз болғаны. Жыл сайын мектеп формаларына өзгерістер еніп, жаңа форма үлгілері шығуда. Оның дизайны мен түсін таңдайтын мектеп басшылығы барлық оқушыларына киюге міндеттейді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың шама-шарқы бұндай өзгерістерге жете бермейді. Бұл мәселе билік басындағылардың қаперіне кіріп жатыр ма? Жыл сайын өзгертілетін мектеп формаларын тігетін тігін шеберханалары қызметкерлерінің де ашуын осы түйткіл туғызуда.

– Жылда мектеп формаларын тапсырыс арқылы және сатылымға қоюға тігетінбіз. Биыл мектеп формасын тігіп жатқан жоқпыз. Былтыр 6500 форма тіктік, одан 1500 қалды. Қазір  сатылымда  сол  формалар  бар.    Бағасы – 10 мың теңгеден. Қазір әр мектеп өз форма үлгілерін шығарып жатқандықтан біздің бұрынғы үлгідегі мектеп формасына сұраныс жоқ. Біздің ашуымызды да тудыратын осы мәселе. Ұсыныс айтатын болсақ, бірегей мектеп үлгісі болса, сол бұрынғы жабық көк түсті. Сол кезде баға да түседі. Қазір жаңа үлгідегі әр форма 28 мың теңгеден тігіледі. Бұл бағаны ешкімнің қалтасы көтермейді. Ескі форманы сақтап қалған жөн, өзгертудің қажеті жоқ еді. Осы кезде форманың да бағасы тұрақталып, халықтың қалтасына ауыртпалық түспес еді, – деді «Dalatex» тігін шеберханасының қызметкері.

Сонымен қатар, биыл мата түрлері аз және бағасы күрт  өсіп жатқандықтан тапсырыс берілген мектеп формалары уақытында дайын болмайтын көрінеді. Себебі жаңа үлгідегі мектеп формаларына тапсырыс көп екен.

Сондай-ақ, базарда сөмкелердің бағасы аспандап тұр, базар сыртындағы сауда нүктелердің өзінде 5000 теңгеден саудалануда. Аяқкиімнің құнына да айтарға сөз таппайсыз, ақшаңыз жетсе ең әдемісін, сапалысын  алғанға  не  жетсін.  Базарда 5-6 мың теңгеден басталатын балаларға арналған аяқкиімдердің түр-түрін кезіктіресіз. Ал жаңа форманы алуға қаражаты жетпеген жандар базардан киінетіні айқын. Сонда бір үйдің бір баласына кемі 20500 теңге жұмсалады екен. Бұған тек оқу-құралдарын қоспағанның өзінде. Енді оқуға керек жабдықтардың бағасын бақылап көрейік.

Қаламыздың орталығында орналасқан базардың іші де, сырты да көздің жауын алатын, балалардың барлығын қызықтыратын оқу құралдарына толып тұр. Жалпы, базар тауарлары Қытай, Бішкек, Түркия, Ресейден әкелінген деп сатылатынын білеміз. Бізде сапасы артқан, ең мықтысы деп Түркиядан келгенін таңдайтынымыз тағы бар. Межелінде саудагердің  алдамай  сатып  тұрғанына  кім кепіл. Кәміл сендіріп, мақтап сатқан затына қызығып, балаға ұнаған соң аламыз да кетеміз. Базар сөрелерінде оқуға керек дәптерден бастап керек заттың бәрін таба аласыздар. Тек ең тиімді, көтерме бағада сататын жерден алсаңыз болғаны. Оқу құралдарын базардан басқа сауда орындары да сатады.

– Мен балаларыма керек оқу-құралдарын көтерме сауда орындарынан аламын. Төрт балам қатар мектепке баратын болғандықтан арзанынан әрі сапалысынан таңдаймын. Және төрт балаға алғандықтан саудагермен де саудаласып, бағасын түсіріп алу ыңғайлы. Сондай-ақ, көтерме сауда дүкендерінде тауарлардың сапасы жақсы әрі сан  түрін табуға болады. Қазір дәптерлерде өзгешелік бар, түрлі-түсті болып шығуда. Балалардың түсті айыруына көмектеседі. Біз түрлі-түсті дәптерлерді 30-35 теңгеден алдық. Қарандаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, ұштағыш бағаларында биыл өзгеріс байқалмайды. Барлығын былтырғы бағада қайта сатып алдым. Ақ парақты қорабымен 3000 теңгеге алдық. Басқа да керек заттарды өз бағасынан  түсіріп  сатып  алғанның  өзінде  35 мың  теңгеге  жуық  қаражат  жұмсадым. Әлі кітаптары мен қосымша дәптерлерін сатып  әперу  керек, – дейді  Карима  есімді қала  тұрғыны.

Иә, бір балаға мектеп киімі мен құрал-жабдықтарға кемінде 45-50 мың теңгедей қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Бұл қаражатты қалтасы көтермейтін отбасылар да бар. Көпбалалы жандардың балалары бір форманы кезек-кезек немесе былтырғысын киіп күн көреді. Әрине, жылына жаңа формаға қаражат қайдан табылсын. Қазір киімдермен қатар азық-түлік өнімдерімізді үнемдейтін заманға жеттік емес пе?

Облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылар аз емес. Жаңа оқу жылында көмек қолын созып, оқуға керек заттарын алып, тарататын жаны жомарт жандарымыз да бар. Бірақ, ол адамдар мен мемлекеттен бөлінетін керек құралдар ата-ананың қалтасынан қаржы шығармай қоймайды. Сондықтан бала-шаға қамы үшін деп ата-аналар аптап ыстықта тынбай жұмыс істейді. Дегенмен тапқан ақшасы мына шарықтаған бағаны бағындырсын ба? Әйтеуір, базарда бәрі қымбат.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: