Жастардың басым бөлігі «білсем, көрсем, үйренсем» дейді. Осы ниеттің арқасында бүгінгі күні бәсекеге қабілетті буынның саны артып, білімге ден қойғанның арқасында ғылым саласы дамып келеді. Дегенмен, әлі күнге дейін өзара «алыс-беріске» тоқтам болмаған соң, білім саласында да дау-жанжал аз емес. «Білімді ұрпақ – ел болашағы» деп билік басындағылар мінбердің төрінде сөйлегенде алдына жан салмайды. Алайда мұның бәрі іске келгенде құр сөз, жаттанды дүние екен. Өйткені «ғылымның даңғыл жолында өзімнің биігімді көрсетемін, еліміздің үздік оқу орнында білім алып, елімнің дамуына үлес қосамын» деген жасөспірімнің арманын қандай да бір жүйе ойыншыққа айналдырды. Иә, еліміздің бірнеше облысында «Назарбаев зияткерлік мектебінің» грант бөлінісіне ата-аналар мен қоғам белсенділері наразылығын айтуда. Олардың айтуынша, қазақ тілінде сөйлегені үшін қазақ жерінде білім ала алмай отыр. Қайтпек керек? Сұрақ көп, жауап жалқы.
Көптің көкейіндегі сан сауалға әлі күнге дейін мардымды жауап берген жан табылмады. Жасырғандары бар ма? Әлде қателіктің қай жерден кеткенін зерттеуде ме немесе ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтатын сәтті бағамдап отыр ма? Бәлкім, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық болуы да ғажап емес. Ендеше, мәселенің неден басталғанын жіпке тізейік. Қазақстан мемлекетінде «НИШ» білім ордасының түлегі болсаңыз, сізді жарқын болашақ күтетіні сөзсіз. Бұны көріп те, естіп те жүрміз. Кіл «НИШ» қырандары кемі үш тілді біледі, ғылым саласында да өзін көрсеткен, бәрі мемлекеттік грантпен еліміздің үздік университеттерінде яки шетелдік жоғары оқу орындарында білім алады. Мұның бәрі әрине, оңайлықпен келмейді. Дей тұрғанымен, осындай жетістікке жетудің басты кілті осында деп қазақстандықтар көбі ойлайды. Оның үстіне «НИШ» және қарапайым мектептер деп бұрын мемлекеттің бөліп-жаруы да бар еді. Сол себепті бұл мектепке түскісі келетіндер жетерлік. Биыл да жылдағыдай тест нәтижесі бойынша зияткерлік мектепке оқуға қабылдады. Бірақ грант бөлінісіндегі расизмге көбінің көңілі толмады. Жалпы, НЗМ-ға тегін оқу үшін «Өркен» деген грант бөлінеді. Осы жылы бірнеше облыста қазақ пен орыс тобына теңдей грант қарастырылыпты. Бұны қазақ тілін кемсіту дейді ата-аналар. Сөзімізді математика пәнінің мұғалімі сабақтайды.
– Мемлекеттің «Өркен» деген грантының шешімі шықты. Жетінші сынып оқушылары соған емтихан тапсырған болатын. Біздің наразылыққа шыққан себебіміз, қазақ тобына бөлінетін гранттар санын азайтып тастаған. Ал орыс тобына бөлінген грантты керісінше көбейтіп жіберген. Бұған қоса, орыс тобындағы балалардың балы әлдеқайда төмен болып тұр. Қазақ тобындағы балалардың балы жоғары болса да грантқа өтпей қалды. Біз бұны әділетсіздік деп санаймыз, – дейді Дарқан Ардақұлы.
Иә, жөн сөз. Қазақ тілінде тапсырушылардың саны көп. Сондықтан бәсеке де жоғары. Ал, орыс тілінде тапсырушылар аз болған соң, грантқа түсу ықтималдылығы өседі. Міне, тестке қатысушылардың санына қарап, грантты бөлгенде шу шықпас па еді? Өйткені ата-аналар бәрін жүйелі талдап, айтар аргументтерін жинақтаған. Мәселен, Алматыдағы мектепке қазақ тобына шамамен 1483 оқушы, орыс тобына 695 оқушы тапсырыпты. Екі топқа да бірдей жүзден грант бөлінген. Қазақ тобында бір орынға 15 бала, ал орыс тобында 7 бала таласқа түседі екен. Қазақ тобында бәсеке екі есе көп, ал гранттар саны тең. Мәселе осында жатыр. Сондай-ақ 140-орында тұрған қазақ тобы баласының балы 100-орында тұрған орыс тобының оқушысының балымен бірдей. Яғни, біз 40 оқушының еңбегін бағаламақ түгілі, мазақ қылдық деген пікірде ата-аналар. Олар Алматы қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» жиналып, директормен сөйлеспекші болған. Алайда мектеп басшысы Гүлмира Бақытбекқызы «шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерде отырады» дегеннің керін келтіріп, табалдырықтан аттатпаған.
– «Өркен» грантын республикалық комиссия мен ведомство басшысы шешеді. Мектеп тек оқушыларды қабылдайды. Сол себепті шағымды мектепке емес, жауапты мамандарға айтқан жөн. Дегенмен олар естіді, білді деп ойлаймын. Алдағы уақытта оңтайлы шешімін шығара жатар. Бірақ Алматы бойынша 6-сыныпты 33420 оқушы аяқтаған. Оның 15536-сы қазақ тілінде, 17884-і орыс тілінде. Осы статистикаға сүйене отырып, грантты бөлді деп ойлаймын, – деді ол.
Расында да, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының орталық аппараты да жауап берген хаттамасында жоғарыда көрсетілген статистика бойынша сөйледі.
– Ұлттық білім базасындағы деректерге сәйкес, Алматы қаласында 6-сыныпта 33420 бала оқиды. Оның 15536-сы қазақша, 17884-і орыс тобында білім алады. Пайыздық айырмашылығы 1/1 құрайды. Сондықтан да гранттар теңдей бөлінді. Байқауға 2178 үміткер қатысты. Оның 1483-і қазақ, 695-і орыстілді оқушы екенімен келісеміз. Алайда шектік деңгейден қазақтілді 638 оқушы, яғни 43 пайызы, ал орыстілді 421 бала, яғни 61 пайызы өте алды, – делінген жауап берген хатта. Қысқасы, грант толығымын үйлестірілгенін, тегін оқуға қосымша орын жоқ екенін мәлімдеді.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деген қазақта игі сөз бар. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері таңғы 6-дан кітаптан басын алмай дайындалған Шыңғыс Маратұлы есімді «Өркен» грантының үміткері 112-орында болып, мақсатына жете алмай қалды. Бала жүрек елжіреп, өзінен аз алған, бірақ орыстілді болған соң түсіп кеткендерге өкпелі. Дәл осындай өскесін дәрігер боламын деген Нұрмұхаммед Аманхан есімді үміткер 111-орынды қанағат тұтты. Ол да қазақ тілінде тест тапсырып түсе алмағанына ренжулі. Министрліктен қазақтілді балаларды екі есе көп қабылдауын өтінді. Өз елінде әділетсіздікке ұшыраған қазақ баласы болашақта өз елінің патриоты болады дегенге сену қиын.
Барлық салада әділетсіздік әшкере болып, жемқорлықтың иісі шығып тұратын болды. Елге айтылғаны бар, айтылмай кабинеттің ішінде қалып қойғандары да қаншама. «Сыбырлағанды да Құдай естімей ме?» дегендей, көз көрмегенмен, Құдай көріп тұрған іс-әрекеттердің түбі ащы әлемге ақиқаты шығары даусыз. Білім саласындағы бұл олқылыққа кім себепкер болғаны беймәлім. Бірақ мына мәселе түсінікті болды. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ-орыс тілі екендігі. Өйткені екі тілді тең дәрежеде ұстау осыны меңзейді.
Алматы, Өскемен, Ақтау және өзге аймақтарда да НЗМ-ға қатысты дау қызып тұр. Біздің Қызылорда қаласындағы НЗМ жайында өткенде бітіруші түлектері қоштасу кешін мейрамханада өткізді деп әлеуметтік желіге тарағаны болмаса, гранттық конкурсқа қатысты тұрғындардың уәжі жоқ сыңайлы. Десе де осы білім ордасына барған едік. Қызылорда облысы бойынша іріктеу конкурсына құжат тапсырған үміткерлердің саны – 1354, соның ішінде қазақ тіліндегі сыныпқа тапсырғандар – 1122, ал орыс тіліндегі сыныптарға – 232. Қатысушылардың 20,5 пайызын аудан оқушылары құрапты.
– Тестілеудің бірінші күнінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді меңгеру қабілеттілігін анықтау бойынша тест өткізілді. Үміткерлердің «Математика», «Сандық сипаттамалар» және «Жаратылыстану» бөлімдері бойынша білімдері тексерілді.
Тестілеудің екінші күнінде үміткерлер тілдік тест тапсырды. Бұл емтихан үміткерлердің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі білімдерін анықтауға бағытталған. Өткізілген кешенді тестілеу нәтижелері бойынша «Математика» бөлімі бойынша 35% (140 балл) және одан жоғары балл жинаған, «Сандық сипаттамалар» бөлімі бойынша 40% (120 балл) және одан жоғары балл жинаған үміткерлер «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия қарауына жіберілді, – деді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина.
Республикалық комиссия отырысының нәтижесінде Қызылордада 120 үміткер «Өркен» білім беру грантының иегері атанған. Олардың 96-сы қазақ сыныбына, 24-і орыс сыныбына бөлініпті. Сыр еліндегі нәтиже осылай.
Қоғам белсендісі Дарқан Ардақұлымен байланысқа шығып, ата-аналардың қазіргі іс-әрекеті жайында білдік. БАҚ өкілдерімен елдің назарын аударса да әлі күнге дейін ешқандай іс-шара қолданылмаған екен. Ата-аналар бірігіп, ведомство басшысына хат жолдаса, «біздің құзырымызда емес» деп жауап қайтарыпты. ҚР Оқу-ағарту министрлігі «былықты» былай түсіндірді.
– Біз көпшіліктің жағдайды түсінбейтінін және Назарбаев зияткерлік мектептері министрлікке бағынысты деп санайтынын көріп отырмыз. Осы орайда «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ-ның толық дербестігін қамтамасыз ететін арнайы заң бар екенін еске салғымыз келеді. Яғни, НЗМ мектептері Оқу-ағарту министрлігіне бағынбайды. Сәйкесінше, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, Қамқоршылық кеңесі шешеді. Түсіндіретін бір ғана мәселе бар. Дәлірек айтқанда, министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы, алайда оның сыныптарға қабылдау, сыныптарды жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ. Сондықтан төраға қызметі қайта қаралады. Негізгі шешімдерді қабылдайтын адамдар конкурс комиссиясына төрағалық етуі керек, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас сарапшысы Ерлан Маяемиров.
Табанын жерге тигізбей мақтаған министрден қайыр жоқ екенін білген халық мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жолдаған. «Шешінген судан тайынбас», енді шегінерге жол жоқ деп, ата-аналар прокуратураға да жүгінбек.
Оқуға түсе алмай қалған баланың мөлтілдеген көз жасын көрген дүйім жұрттың жүрегі шыдамады. Қоғам сілкініп, әлеуметтік желіде бәрі жарыса жазды. Білім саласындағы кемшін кеткен тұстар жалпақ жұртқа жария болды. Ашу-ыза кернеген, эмоциялық сөздер бір қазанда қайнап жатты. Бірақ әлі күнге дейін мәселе бір жағына шықпағаны өкінішті. Мәселе шешілмеген күйі қалуы да мүмкін. Біз «жастар – болашағымыз» дейміз. Демек, болашағымызды балталап жатқан да өзіміз ғой. Бұлай жалғаса берсе, ертең тас қараңғы зобалаң кезді басымыздан өткереміз. Себебі қазақтан қорлық көрген қазақ қазаққа еңбек етпейді. Ал жанарынан жас төгіліп, «оқығым келеді» деп тұрған баланың көкірегінен итеру – бұл білімді ұрпақтың болашағына жасалған қиянаттың нағыз өзі.
ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов инстаграм әлеуметтік желісінде бала құқығы деп айдар тағып, бірнеше пост шығаруда. Сонда бұл жағдайда баланың құқығы тапталған жоқ па? Бұл балалар әділетсіздіктің әсерінен психологиялық күйзеліске ұшырамасына кім кепіл? Біздің елімізде білімге бөлінген қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін емес. Тек қарапайым халыққа жетпей, желкесі қиылып жатыр. Есті сөз айтылғанымен естір құлақ болмаған соң, «Жаңа Қазақстанда» әзірге өзгерістер басталмайды, керісінше жарамыз үлкейе береді… Дегенмен мемлекет басшысы білім саласындағы өткір мәселеге ішінара болса да араласып, түйінін тарқатады деген үмітімізді балалар үшін үзбеуге тура келеді. Енді әліптің артын бағу ғана қалды.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!