Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басшылардың көзі түспей жүрген «АПАТТЫ ҮЙ»

25.01.2024, 12:40 657

Апатты жағдайдағы үйлер мен ондағы ашынған халықтың жан­айқайы – еліміздегі өзектілігін әлі күнге дейін жоймаған мәселе. Біршама уақыттан бері жөндеу көрмеген, кеңес үкіметінен бері келе жатқан көпқабатты үйлер тұрғындарының айтар назы бар. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың тың мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылғы статистика бойынша еліміздегі апатты жағдайдағы үйлердің саны 3700-ді құрайды. Оның 51-і – Қызылорда қаласында. Дегенмен, бұл тізімге енбеген, бірақ халі  мүшкіл, құлаудың қақ алдында тұрған үйлер қаншама. Соның бірі – Ә.Бөкейханұлы көшесінде орналасқан 41-үй. Мұндағы тұрғындардың қабырғасы қақыраған, құбырлары тесіліп, терезелері сынған, подъезі  сұрықсыз  баспанада  өмір сүріп келе жат­қанына біраз жылдың жүзі болды. Өздері жиылып, жоқтан бар жасап  күнелту­ге  мәжбүр.

Бұл мәселені ең алғашқы болып көтеріп, фейсбукқа «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімін белгілеп пост жариялаған Серік Ерімбетов есімді блогер. Пост біршама қызылордалықтың таңданысын тудырды. Пікірде Азиза есімді пайдаланушы шамамен жиырма жыл бұрын осы үйде балконның құлап, екі адамның мерт болғанын айтады. Атышулы көп­қабатты үйдің жағдайымен етене танысып, тұрғындармен тілдесіп, жай-жапсарын анықтау мақсатында аталған мекенжайға бардық. Үй «Автовокзал» жанында, яғни қала­ның қақ ортасында орналасқан. Үйдің сыртынан-ақ тұрғындардың қандай жағдайда тұрып жатқанын білу қиын емес. Алғашында үш пәтердің есігін қағып, пікірін білгіміз келгенде тартыншақтап, «жағдайымыз жақсы, ешқандай ұсыныс жоқ» деп бетімізді қайтарды. Тек үшінші подъездегі Роза есімді тұрғын ғана сұрағымызға  жөнді  жауап  берді.

– Менің мұнда өмір сүріп жатқаныма 20 жыл уақыт болды. Көшіп келгелі бергі үйдің халі осындай. Әкімдік ешқандай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбеді. 5 жыл бұрын жүргізгісі келді. Дегенмен, бәрі ақыр соңында аяқсыз қалды. Терезе лас, оны өзіміз жудық. Негізінде біз шамамен 10 жыл бұрын толық жаңғыртудан өткізгіміз келген. Тұрғындар болып 95 пайыз дауыс жинадық. Қолдарды жинап, модернизацияға өтініш бергенімізбен, жауап ала алмадық. Осыдан 15 жылдай бұрын бөлімнен арнайы мамандар келіп, таза емес үйлерге ең болмағанда ескертпе жасап, сескендіріп қоятын. Қазір біз тіпті тасталған үй секілдіміз, ешкімнің шаруасы жоқ. Бір жыл бұрын тағы қол жинап, модернизацияға өтініш бергіміз келді. Бердік те. 2-3 айдан кейін мамандар келіп, «егер мо­дернизация жасағыла­рыңыз келсе, 17 мың теңгеден, 17 жыл бойы ақша төлейсіздер» деді. Содан соң бүкіл үй тұрғындары бұл ұсыныстан бас тартты. 17 жыл бойы кім 17 мың теңге төлегісі келеді? Біз нақты есепті сұрадық, неліктен осыншама ақша деп. Бірақ олар бұл жолы тағы да бетімізді қайтарды, – деді үй тұрғыны.

Сонымен қатар, ауызсу мәселесін және шатырдан су ағатынын алға тартты. Кәріз жүйесінің иісіне шыдаудың өзі мүмкін емес. Қабыр­ға сызаттары өте көп, су аққаннан сарғайып кеткенін де байқадық. Кейінірек көпқабатты үйдің үшінші қабатында тұратын мүмкіндігі шектеулі жұбайлардың үйіне бардық. Демікпе ауруымен ауыратын Шара Бисенбаева мен екінші топтағы мүгедек Евгений Васильев судың дұрыс ақпайтынын айтады. Күніне біршама рет сантехник маманды шақыруға тура келеді екен.

– Терезенің айналасынан су ағады, үй салқын. Жалпы үйімізде жарық­тар көп. Сылап, әурелеп қойдық. Іргетасы кіріп кетті. Мен де, күйе­уім де – мүгедек. Су болмай қалған жағдайда су тасу қиынға соғады. Мен «Ақ жол» партиясына барып, көмек сұрағанмын. Базынамызды қағазға жазып алып, «әкімдікке жібереміз, басқа көмектесе алмаймыз, қаражат жеткіліксіз» деді. Өтініш оларға да жеткен екен, «тұрғындар болып бірігіп, он мың теңгеден жинаңдар. Содан соң, үйдің сүрілуге немесе модернизацияға жіберу керек­тігін анықтап, нақты шешім қабылдаймыз» деді. Бірақ, ақша жинау мәселесі қиындық тудырып тұр. Көбі – зейнеткер, тұрмысы төмен адамдар, – деді Шара Бисенбаева.

Әлихан Бөкейханұлы көшесі 41-үй тұрғындарының жағдайы осындай. Жоғарыда атап өткендей, тұрғындардың көпшілігі – зейнет жасындағы және тұрмысы төмен адамдар. Үй иелері құзырлы орындардан мардымды көмек күтеді. Жаңа үй берілген жағдайда сол аудан­ның жанынан болса дейді. Кезекке тұрғанның өзінде біршама жыл күтіп қаламыз, ол уақытта бұл үйге не боларын кім білсін деген де уәж айтты. Осылайша, апатты болып  саналмаған апатты жағ­дайдағы үйдің тұрғындарымен сөйле­сіп, пікір  алыстық. Халықтың үні   ескерусіз  қалмаса  екен  дейміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ,

Суреттерді  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: